БАСЫ ЖАРЫЛҒАН ОЯЗ, СІБІРГЕ АЙДАЛҒАН ӘКЕ: БАЛА АХМЕТТІҢ ТАҒДЫРЫ

Уақыты: 07.02.2022
Оқылды: 2273
Бөлім: ТҮПСАНА

Ахмет Байтұрсынұлының балалық шағы патшалы Ресейдің ұр да жық жандайшаптары әбден күшіне еніп, отарлау дәуірі қызып тұрған үрейлі заманмен тұспа-тұс келді. Қазақ даласын тұтастай шеңгеліне қысқан өктем билік бас көтергеннің бәрін баудай қиып түсіріп, қарсы сөз айтқандарды негізсіз жаламен Сібірге айдатып жатты. Хат танып, шеттің тілін білу жағы кемшін түскенімен қазақтар дәстүр-салтына берік, отбасылық құндылықтарды бұлжытпай орындайтын, бала тәрбиесіне баса мән беретін, ұлдарын өр рухты етіп, өжеттікке, шыншылдыққа баулитын, қыздарын биязылыққа үндеп, үлкеннің алдын кес-кестетпей, кесте тіктіріп, нәзіктікке үйрететін текті халық еді. Бала Ахмет Байтұрсын мен Ақтастай, Ерғазыдай асқар тау әкелерінің, Шошақтай текті атасының тағылымын алып, болашақ өміріне бойтұмар жасады. Бала шағынан ізденімпаз Ахмет сауат ашудан бөлек ауыл жұмыстарына, мал бағып, үй шаруасына көмектесуге де епті болып өсті. Бұлшықеттері ойнақшыған, шымыр денелі бозбаланың талай күреске түсіп, қарсыластарын жер қаптырғаны жайлы ауызекі әңгімелер бар. Зерек перзент Күнші анасының ақ сүтін ақтап, Алаш жұртының аймаңдай ұлына айналды.

Ұлылардың өмірге келуінде, тағдыр соқпағында ұқсастық өте көп. Әсіресе, замана лебі ортақ ХІХ ғасырдың перзенттерін, Алаш арыстарын, кейінгі қаламгерлердің балдәурен шағын салыстыра зерттеуде үндестікті жиі байқаймыз. Абайдың жүрегін Қодар-Қамқа оқиғасы қалай жараласа, Ахметтің де бала көңілінде өшпестей болып қалған бір қайғылы жайт бар. Шәкәрімді қайғыға батырған Құдайберді әкесінің өлімі, Міржақып Дулатұлының, Мұхтар Әуезовтің, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаевтың жастық шағындағы қайғы мен ауыртпалықтар, сан түрлі сын-сынақ Ахметтің де өмірін айналып өткен жоқ.

Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам,
– деп анасына өлең жазып, Семей абақтысынан сәлем жолдаған Ахметтің Торғай даласындағы балалық шағы шынында қайғылы. Өз қолымен жазған өмірбаянында мұндай сынақтар айтылмағанымен Ахметтің ататегі, бала кезіндегі ортасы, алған білімі ғалымдар тарапынан бір ізге түсіп, зерттеліп қойды. Тіпті, ірілі-ұсақты көркем шығармалар, монографиялар, мақалалар жазылып, кинотоптама да түсірілді. Мәселен, жерлесі Серік Тұрғынбекұлының «Ахмет – Іңкәр» поэмасы Торғай өңіріндегі текті әулет – Шошақ атадан тараған ұрпақтар жайлы өрбиді. Онда болашақ реформатордың бала кезінде балуан болғаны, Іңкәр есімді қызға сезімін білдіргені турасында айтылады.

Ахмет Байтұрсынұлының: «Бітпеген жүрегімде бар бір жарам», – деп жазуында терең қайғы, өшпес сызат, патша билігіне деген ыза-кек жатыр. Шошақ әулеті отаршыл патша билігінің назарына ертеден ілікті. Байтұрсынның арғы атасы Үмбетей елге белгілі батыр, шешен, танымал тұлға болған. Қазақ-жоңғар соғысында ерен ерлік жасап, Қостанай, Торғай даласындағы қалың қазаққа төрелік еткен. Үмбетейден тараған Аралбай да, одан туған Таңбай да өжеттігімен, әділдігімен, ешкімге бас имейтін өр мінезімен танылған. Бұл қасиет Таңбайдың ұрпағы Шошаққа дарыған. Шошақтан туған Байтұрсын да аталары сияқты алпамса денелі, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, қайсар жан болыпты. Дәулетті, алдына мыңғырған мал салған үлкен әулетті отаршыл билік өз мақсатына пайдалануды көздеп, үнемі бақылауда ұстаған сияқты. Өйткені, билік өкілдері Шошақ, Ақтас, Байтұрсын, Ерғазы секілді кемшілікті бетке айтатын батырлардан сескенген.

Белгілі зерттеуші, ҚазҰУ-дың доценті Райхан Имаханбет Ахмет туралы мақаласында: «Үлкен әулет Үмбетейден тараған Шошақтың ортаншы баласы Байтұрсын Жыланшық өзенінің Ақкөлге құятын сағасын өр бойы жайлап, бәйбішесі Күншімен бірге, туыс-ағайындарының ортасында беделді де қоңыражай күн кешеді. «Алыптан алып туады» дегендей, Байтұрсын қол бастаған бабалары: Аманжол, Шақшақ, Жәнібек, Үмбетейлерге ұқсап, бірбет әрі батыр болған деседі торғайлықтар. Ел ішінде Байтұрсын өзін өзгеге басындыра қоймайтын қасиетімен дараланған. Ол сайын далада атадан балаға мирас болған Үмбетейлердің атақонысына «жаз – жайлауда, күз – қыстауда» бас-көз болып, қорғаншылық еткен. Байтұрсынның бойынан жұртты өзіне тәнті ететін ерекше басқару қабілетін байқаған орыс оязы оны сардар етіп сайлайды. Міне, осындай ержүрек Байтұрсынның отбасында бала Ахмет кең дала төсінде күн мен желге қақталып, ағалары Қали, Кәкіш және өзінен кіші інісі Мәшен, қарындасы Зиләш бауырларымен бірге өседі. Жастық шағы балығы бал татыған Ақкөлде өтеді», – деп жазды.

Орыс оязы былайғы жұртқа қамқор көрінгенсіп, Байтұрсынды сардар етіп тағайындауында да адам білмес қитұрқылықтар жатуы мүмкін. Оязда (уезд бастығы) өз мақсатына пайдалану пиғылы жатпаса, сайлау кезіндегі дау-дамайда барлығын бейбіт жолмен шешер еді. Байтұрсын Шошақұлы Торғай өңірінде өткен кезекті сайлаудың әділетсіздігіне төзбей, дауыс санын әдейі бұрмалаған ояздың оғаш қылығын бетіне басып, қол жұмсауға дейін барады. Мінезді Байтұрсын Яковлев есімді кәрі ояздың басын жарады. Әрине, ояз қарап қалсын ба? Құзыретін асыра пайдаланып, билік өкіліне қол көтердің, патшаға қарсы шықтың деген айыппен ағайынды Ақтас-Байтұрсын екеуін Сібірге айдатады. Бұл ауыр көрініс 13 жастағы Ахметтің жүрегін қатты жаралайды.

Аталған деректер Ахметтің өз ғұмырдерегінен бөлек, Міржақып пен Мұхтар жазған мақалаларда да кезігеді. Кейінгі зерттеулерде ояздың басын жару оқиғасына Ақтас пен Байтұрсыннан басқа тағы бір інісі Ерғазының да қатысы болғандығы айтылып жүр. Ерғазы ағаларын босату туралы өтінішпен құзырлы мекемелердің талай рет есігін тоздырған көрінеді. Бірақ оның өтініші қанағаттандырылмай, ауылға қайтып бара жатқан жолда қастандықпен өлтірілгені туралы айтылады. Ерғазыны жары ұзақ жылдар жоқтаған деседі. Ахмет кейінгі «23 жоқтау» атты кітабына кіші әкесі Ерғазының жары жоқтаған өлең жолдарын енгізген.

Ақтас Сібірге айдалғанда ауыр жағдайға шыдай алмаған бәйбішесі Үбіжан да еріп кете барған. Ол баласын абысыны Күншіге қалдырып, тәуекелге бел буған. Не көрсем де қосағыммен біргемін деген адал бәйбіше мұз құрсанған терістікте қиындыққа шыдас бермей, көз жұмған. Ал Күнші айдауға кетіп, қудаланған ерлердің ұрпағына дұрыс тәрбие беруді алдына мақсат етіп қояды. Ғалым Райхан Имаханбет Ахметтің анасы жайлы да толымды мәлімет ұсынған. «Күнші – Қостанайдың Аманқарағай деген елді мекеніндегі Сүгір руының ауқатты отбасынан шыққан Құлыбек  Шеруұлының қызы. Көзкөргендердің айтуынша, Күнші ақылды, байсалды, мінезді, қолы жомарт жан екен. Күншінің бойында шеберлігімен қатар сөзге жүйрік ақындық қасиеті болғандығы, қыстың ұзақ күндерінде әулет балаларына аңыз-ертегілер мен қызықты жұмбақтар айтып, кейде ән де салатын, мінезінің ерекше екендігі айтылады», – дейді доцент.

Байтұрсын Сібірге айдалғанда Ахмет білім жинаудың қамына кіріскен. Өз бетінше қара танып, жиі-жиі үлкендермен сапарға шығатын. Әсіресе, кіші әкесі Ерғазының көп көмегі тиді. Ол әулетте Ахметтің алғырлығын ерте таныды десек те болады. Ахметті ең алғаш Торғайдағы екі сыныпты орыс-қазақ мектебіне жетектеп апарған да сол. Кейіннен Орынбордағы төрт жылдық мектепте білімін жалғастырады. Қазіргі межемен, әрине, бұл аздық етеді. Бірақ сол дәуірде бұл мектептердің өзі университетпен пара-пар болатын. Ахмет Ыбырай Алтынсарин негізін қалап кеткен білім ошақтарының шарапатын көрді. Ары қарайғы білімді өз бетінше жинаған ол Ыбырай жолымен мұғалімдік қызметке кіреді. Ақтөбеде, Қостанайда, Қарқаралыда ағартушылықпен айналысады. Дәл осы тұста Ахметтің қайраткерлік қыры ашыла бастайды. Әкесінің айдауда жүруі, отаршыл жүйеге деген іштей қалыптасқан қарсылық Ахметтің өмір арнасын басқа бағытқа қарай бұрды. Ол ұлт, оқу, өзге елдермен теңесу, мемлекетшілдік мәселелерін ойлап, халықтың сауатын ашуға жол салды.

Өкінішке қарай, Ахмет қызметтік жолда жүріп туған жеріне жиі келе алмаған сияқты. Оны біз ақынның өмірбаянынан, кейінгі ғалымдар зерттеуінен білеміз. Ахметтің әкесі айдаудан келгеннен соң көп уақыт өтпей дүниеден қайтқан. Ал анасы 1919 жылы өмірден өткен. Біз жоғарыда бір шумағын мысалға келтірген «Анама хат» өлеңі әкесі қайтыс болған уақытта, яғни, 1909 жылы жазылған. Бұл уақытта Ахмет патша нөкерлерінің көзіне түсіп, Семей түрмесіне жабылған уақыт еді.

Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң?!
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жаннатқа да тарам-тарам,
– деп жазды А.Байтұрсынұлы.

Өлең өте қайғылы. Әкесі туралы тікелей сөз айтылмаса да, Ахметтің мұң-шерін, қайғысын аңғару қиын емес. Қалай долбарласақ та, Ахметтің әке қабіріне топырақ сала алмағаны, анасының аңырап қалғаны, өзінің айдауға түскені өмірін күрт өзгерткені анық. Қайғыға батып, морт сынып, жата бермей, жігерленіп, күш жинап, ұлт үшін күрес жолына қайта кіріскені білінеді. Араға он жыл салып анасынан айырылады. Бұл уақытта Ахмет Алаш қозғалысының белді мүшесіне айналып, мемлекет қайраткері ретінде исі қазаққа танылған еді. Болған іске болаттай беріктік танытқан реформатор жазмыштан озмыш жоқ екеніне мойынсұнып, қазақтың жоғын түгендеу жолында ұлы істер атқарады.

Ана жүрегі қашанда тілекші. Бір өлеңмен ана бейнесі толық ашылып тұр. Сағыныштан сарғайған ана ұлының қайда жүрсе де аман болғанын қалайды. Сыртынан дұға тілейді. Күні-түні ана жүрегі Ахмет деп соғады. Қапаста отырса да Ахмет анасының  сағынышын сезеді. Қиналады. Іздейді. Бірақ барарға жол жоқ. Замана сондай тар. Екеуінің де бар сүйенері – Хақ Тағала. Аман-есен қауыштыруын тілейді. Араларын мыңдаған шақырым бөліп жатса да бір-біріне жақын. Қайтсін, ел үшін туған ердің алда атқарар шаруасы шаш етектен. Замана ағымы бір сәтке де босаңсуға мұрсат бермейді. Әне, барамын, міне, барамын талай сәлемдеме айтқан. Бірақ дөңгеленген дүние иіріп әкетеді. Тағы да ақталуға тура келеді.

Ахмет ауыл-аймақтың жағдайын білуге ұмтылады. Бәрін оқуға шақырады. Білім жинап, қазақ мемлекетінің іргесін бекітуге күш салады. Әттең, оқығандар санаулы. Қалың қазақ ұйқыда. Бұлай ұйықтап жата берсе, барымыздан айырылып, елсіз, жерсіз қалуымыз әбден мүмкін. Бабадан қалған аманатты сары- майдай сақтап, болашаққа дін аман табыстауымыз керек. Ахмет маңына қазақ оқығандарын топтастыруды ойлады. Газет шығару ісін жандандырып, қазақ тілінің терминологиясын ғылыми тұрғыда біріздендіруге ұмтылды. Он үшінде жүрегінде қалған жараны осылай емдемекке бекінді. Қара күшпен, қарумен ешқандай жеңіске жетпейтінін түсінді. Біліммен мыңды жығуға шешім қабылдады.

Тайпалған талай жорға, талай тұлпар
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Солардан жаным, тәнім ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне?! –
дейді Ахаң анасына сыр ақтарған сөзінің соңында. Уайымға берілмеуді, өлімнің өзі бұйрықсыз келмейтінін айтып, сабырға шақырады. Он үшіндегі қайғылы оқиғаны ұмытып, оның кегін қайтармай, көрге кірмейтіндей сыңай танытады. Бұл өлеңді өз-өзін жігерлендіруге әрі жұбатуға арналған рух жыры десек те қателеспейміз.

Ахаң туған жерін соңғы тынысы қалғанша жадынан шығарған жоқ. Сарытүбек, Аққұм, айдынды Ақкөл Ахаңның балалық шағы өткен ыстық өлке. Бұл өңірде ата-бабалары жерленген. Бәрінің тарихи ізі сайрап жатыр. Кейін Ахаң бұл өлкені әнге де қосты. Сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның ұлт қайраткеріне айналуына осы өңірдің ақсақалдары көп ықпал еткені сөзсіз. Өйткені, бұл маңның тұрғындары Ахаңды да, Ахаңның әкелері Ақтас пен Байтұрсынды да төбелеріне көтеріп, сый-құрмет көрсетті. Қос арыс абақтыдан аман-есен оралғанда қонақ қылмаған шаңырақ қалмапты деседі. Байтұрсыннан туған Ахмет те ата жолын қуып, Алаш жұртының арқатұтар тұлғасы болды.

Тағы да ғалым сөзіне жүгінсек: «Шежірелі қарт Торғайдан шыққан текті ұлдардың ХХ ғасырдағы заманынан оза шапқан дарабозы да Ахмет еді! Оның уызынан жаратылысы өзгеше болғаны соншалық, ол ел ішіндегі болмысы бөлек, көнекөз қариялардың көзайымына айналды. Оны ақындықтың ауылына баулыған, қазақтың құдіретті екі шекті қара домбырасына үйреткен, ел ішіндегі ертеден келе жатқан қиссаларды зейініне құйған, сөз баққан қазақтың нақылдарына, мақал-мәтелдеріне, әдет-ғұрыптарына тәнті еткен арқалы Арқа жерінің данагөй ақсақалдары екені де даусыз», – дейді ахметтанушы Р.Имаханбет. Біз де ғалым түйінінен асып аксиома соға алмаймыз.

Бұл уақытта Ахмет Байтұрсынұлы үшін ұлы күрес енді басталған еді. Оның алдында бүкіл халықтың сауатын ашудан бөлек, тіл, әдебиеттану ғылымын дамыту, қазақ әліпбиін құрастыру секілді таудай-таудай міндеттер тұрды. Ахаң сол замандағы қазақ оқығандарына шамшырақ болды. Өзіне лайықты шәкірттер тәрбиелей білді. ХХ ғасырдың басында зиялылар Ахаңды ұстаз санады. Оның жанқиярлық еңбегін өздеріне үлгі тұтты. Расында да, өткен ғасырдың басындағы Әлихан, Ахмет, Міржақыптар жарқыраған үш жұлдыз, ұлтқа жол көрсеткен бір-бір темірқазық еді. Отаршыл жүйе қазақ даласының әр түкпірінде дүниеге келген Алаш ұлдарының екпінін тоқтата алмады.

Абай, Ыбырай, Шоқаннан басталған ұлы қозғалыс Ахаңдармен жалғасып, қазақ халқының рухын ояту жолында үлкен жетекші күшке айналды. Ақыры патшалы Ресейдің дәурені аяқталып, ел ішінде азаматтық соғыс жүрді. Кеңес билігі жалауын желбіретті. Замана ауысып, ел басына қиын-қыстау сәт туғанда да Ахаң бастаған зиялы топ дұрыс бағыт ұстанды. Оқу, білім алу, халықтың санасын ояту, әділдік орнату, дербес демократиялы елдің іргесін қалау – Ахаң ұстанған негізгі саяси бағыттың бірі болып қала берді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР