РЕСМИ АҚПАРАТ ПЕН ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙДЫҢ АРАСЫ АЛШАҚТАП КЕТТІ - ЕРДЕН ҚАЖЫБЕК

Уақыты: 20.02.2022
Оқылды: 1402
Бөлім: ТҮПСАНА

Қоғамды дүр сілкіндірген еліміздегі соңғы жағдайлар әлі де көз алдымызда. Бүкіл әлем назары бізге ауды, әсіресе, КСРО-дан шыққан іргелес, тағдырлас көршілеріміздің элитасы терең ойға шомуда. Өйткені біздің жүйелеріміз, басты құндылықтарымыз бір-біріне егіздей ұқсас. Бұрынғы «кеңес шинелінен» шыққан менталитет, санамыздан толық арылмаған «құқықтық нигилизм», жалпақ тілмен айтсақ, мысқалдап, там-тұмдап шығып жатқан «құлдық сана»  сарқыншақтары замана ағымына үйлесе алмаған кейбір мемлекеттерге тұсау болуда.

Қағаз бетіндегі, теледидар мен ғаламтор кеңістігіндегі ресми ақпарат пен шынайы жағдайдың арасы алшақтағаны соншалық, бұқара халықтың пікірі, ел аузындағы «мен «Хабарда» өмір сүргім келеді» деген анекдоттағыдай, билік пен қоғамның ұстанымы мен мақсат-мүдделерінің бір-бірінен ажырап кеткенінің айқын бұлтартпас айғағына айналғаны қашан?!

Бір жағынан, «дабыра қошеметшіл» бағдарламалар, екінші жақтан, күнделікті сұрқия кедейлік тіршілік. Енді бірде «көсемсіген ұрандаулар» мен әсіремадақтар, оның үстіне, парақорлық пен жемқорлықтың салтанат құруы.

Әділін айту керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тізгінін қолына ұстаған сәттен бастап халықтың көкейіндегі ойлар ашық айтыла бастады. Митинг жасауға мүмкіндік туғызды, сот пен әкімдер сайлануы қажет деді, саяси реформаны кезек күттірмей бастау маңызды деп жар салды. Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының негізгі мазмұны «бізге түбегейлі өзгеріс керек» деген сөзбен басталған талдаулары, басты тезистері сыни көзқарасқа негізделген. Атап айтсақ:

«Бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек”;

“Ұлттық экономикамыз әлсіз”;

“Банктер ауылға арнап ақша салмайды”;

“Мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр”;

“Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып отыр”;

“Балалар оқуын тастап кетіп жатыр”;

“237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді”;

“Формалды есептерден гөрі сауалнамадан халықтың көңіл-күйі анық аңғарылады”;

«Заңды да, қоғамды да, адамдардың сана-сезімін де өзгерту» қажет;

“Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуге тиіс”.

Бүгін халық «Қаңтар қасіреті» деп атаған ауыр оқиғадан кейін Президент жоғарыда келтірілген сөзін батыл орындауға, іске айналдыра бастағанына куәміз: Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кете бастады. «Түбегейлі өзгеріс басталды ма?» деген сауалға жауапты уақыт көрсетеді. Алайда, мәселенің біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде жатқанына және келеңсіз салдардың біз күткеннен әлдеқайда ауыр екеніне ешкімнің күмәні жоқ.

Ата заңымызға сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті қауіпсіздікті сақтаудың кепілі болып табылады. Ең алдымен, барша азаматтардың қауіпсіздігі мен елдің тұтастығын ойлауымыз маңызды. Біз бәріміз Президенттің  бірнеше күн бойы халықты тыныштық сақтауға шақырғанына куә болдық. Сол кезде он мыңдаған отандастарымыз Президенттен анархия мен тәртіпсіздікті тоқтату үшін шұғыл шараларды  қолдануды сұрады.

Жасырмаймын, тәртіп орнатуды ресми түрде отандық БАҚ беттерінде талап еткендердің қатарында мен де болдым.

Президент Қаңтар оқиғаларының кезінде аса қиын, бірақ дұрыс шешім қабылдап, өзінің нағыз көшбасшы екенін көрсетті. Оның қабылдаған шешімдері мен әрекеттері халқына, еліміздің әрбір азаматына түсінікті. Ал содырлар мен анархистердің әрекеттерін түсіну мүмкін емес. Неге бейбіт ереуілшілер олардың арандатуына еріп кетті? Егер қарулы көтерісшілер мемлекетті басып алғанда не болар еді? Басқасын былай қойғанда, олар бейбіт тұрғындарға, әскерилерге, әйелдер мен балаларға, қарттарға оқ ататын еді. Олармен бейбіт келісім жасау, оларға неге бұлай істедің деп сұрақ қою мүмкін емес. Лаңкестер жеңіске жеткенде не болатынын көз алдымызға елестету оңай. Ондайға, әлбетте, жол беруге болмайды. Біз осы оқиғалардан сабақ алуға тиіспіз. Қазақстанның тұтастығын көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Рас, өзгеріс керек. Бірақ жеңіл-желпі, «косметикалық» бояма өзгеріс емес. Ел Президентінің өз сөзімен айтсақ: «Бізге түбегейлі өзгеріс керек». Өзгеріс демекші, бір мысал келтіре кетейін. Өткен аптада Түркияда іссапарда болдым. Басқосу мастер-класс түрінде ұйымдастырылды. Баяндамашылар – Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстаннан бір адамнан – үш-ақ профессор. Әр баяндаманың регламенті бір сағаттан кем болмауы керек. Сөзден кейін бір сағат сұрақ-жауапқа беріледі. Одан кейін әр баяндама екі-үш сағат талқыланып, пікір айтылды, тұжырым жасалды. Нағыз «ми шабуылы», шығармашылықты белсендіру, ой қозғау дегеніңіздің тап өзі.

Жиын екі күнге созылды. Қатысушылары – ғылыми мекемелердің жетекшілері, университеттер мен мемлекеттік органдардың басшылары.

Әңгіме ғылым жөнінде өрбіді. Тақырыбым Қазақстандағы ғылымды басқару және дамыту тетіктері мен жолдары жөнінде болды. Әрине, «бұрын бізде ғылымға жалпы ішкі өнімнің 0,13 пайызы бөлінген, қазір он есеге көбейтіп жатырмыз» деп, ағынан жарылып, қолдан келгенше ел абыройын жоғарылатуға тырыстық. Дей тұрғанмен көптеген сауалдарға тұшымды жауап қайтара алмағанымызды мойындауға мәжбүрміз. Сұрақтардың дені мына бағытта болды:

«Басқа елдерде мемлекеттің ғылымды басқаратын басты тетігі болып саналатын ғылым академиясының Қазақстанда қоғамдық бірлестікке айналдырылуының себебі неде?»

«Басқа елдер академиялық ғылыми жүйені бүкіл ғылым салаларын үйлестіру мен ұйымдастыру үшін тиімді пайдаланса, неге сіздерде, керісінше, академиялық мәртебе инженерлік, педагогикалық, ауыл шаруашылық, жаратылыстану, әлеуметтік, медициналық, әскери ғылымдар, мемлекеттік басқару секілді салалар бойынша арнайы ашылған бірсыдырғы мемлекеттік және мемлекеттік емес академияларға үлестірілді?»

«Ғалымдардың өздері ғылымды басқару ісіне белсене қатыса алмаса, қарапайым шенеуніктер мемлекеттік ғылымды тұтас және жеке-жеке бағыттары бойынша жоспарлау, бақылау, зерттеу, сараптауды қалайша іске асырады?»

Жиында: «Қазіргі кезде қаржылық, материалдық құндылықтарға баса назар аударылуда. Ол түсінікті де. Алайда, біздің пікірімізше, соңғы жылдардағы Қазақстанның ең көп жоғалтқаны, ең ауыр шығыны – ғылымды әлсіреткені және ғылыми академиялық жүйені жоя жаздағаны деп есептейміз. Өйткені дамыған ғылымсыз мәдениетті өркендету, экономика мен қаржылық жүйені, ауыл шаруашылығын дамыту, саяси тұрақтылық мәселесін шешу – бос әурешілік» – деген пікір айтылды. Осы орайда бір аса қызығарлық жайтпен бөліссем деймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстан халқына» атты қорды құру тапсырмасы сияқты бастамалар көптеген елдерде бұрыннан бар және жұмысын жемісті атқаруда.

Мысалы, Түркия Республикасының негізін салушы, ұлт көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің өсиеті бойынша оның бүкіл мүлкі мен байлығынан, атап айтсақ, ірі банктер, зауыт-фабрикалар, қонақүйлері мен басқа көптеген бизнес нысандарынан түскен табыстың бәрі – туған халқының тілі мен әдебиетін, өнер-мәдениеті мен тарихын зерттеуге, дәріптеу мен дамытуға жұмсалатыны белгілі. Қандай ғажап факт десеңізші! Біздің түрік әріптестеріміздің тұрақты және шексіз мемлекеттік емес, жекеменшік қаржылық қайнар көзі әрдайым қызмет етуге даяр және ашық тұрғаны адал көңілден қызығарлық және қабылдауға тұрарлық игі іс деп санаймыз.

Осындай модельдің ел игілігі үшін жұмыс істеуінің тағы бір жарқын нақты дәлелін де келтірейін. Бізді шақырған Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих ұйымы Анкара орталығында көпқабатты ғимараты болғанына қарамастан биыл жыл аяғында арнайы салынып жатқан кең кеңсеге көшеді екен. Сол жаңа жеріне тың тұжырымдамамен, соны көзқараспен, жұмыстарын таза академиялық жүйеге толық сәйкестендіріп және тіпті, ұйымдарының атын «академия» деп атап көшкілері келеді екен. Осы мақсатқа жету үшін бұдан кейін Қытай, Малайзия, Корея және Жапониядан кезек-кезек бір-бір ғалымнан шақыру көзделіпті. Содан соң Еуропа мен Американың танымал ғалымдары тыңдалады. Жаңа ғимарат жұлдыз пішінінде болады екен. Тек жұмыс кабинеттерінің көлемі жүз мың шаршы метрден астам. Төрт қабаты жер астында (архив, қойма және т.б.), төрт қабаты жер үстінде болады. Үлкен кітапхана, кең, толық жабдықталған кеңселер де жетерлік.

Ой сорабын жинақтасақ, неге бізде салмақтың бәрін мемлекетке үйіп-төгу әдетке айналған? Мемлекеттік емес көздерден қаржыландыру үшін Қазақстанның әлеуеті басқа елдерден аспаса, кем түспейтіні бесенеден белгілі. Ол үшін күні бүгінге дейін «жалған құндылығымыз» болған «малымыз» емес, дуалы ауызына уәлі сөз қонақтаған халқымызда «Жаным – арымның садағасы» деген кредо басымдыққа ие болу шарт.

Басқасын былай қойғанда, қоғамдық, гуманитарлық ғылымдарымыз, тіліміз бен әдебиетіміз, әніміз бен күйіміз, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрлеріміз, яғни рухани құндылықтарымыз ұдайы мемлекеттің ерекше қамқорлығында болуы міндетті.

Тіл – осының бәрінің тірегі, негізі, бастауы.

Тілсіз адам жоқ. Толыққанды адам бола алмай маман болуға ұмтылғандар – маман емес, айтпаса, сөздің атасы өледі: олар маман емес, надан болып шығады! Өйткені, тілі жоқ, түйсігі мұқалған экономист, технократ, кеденші, инженер, бизнесменнен елге пайда тиюі екіталай.

Дәу де болса «жақсылығы өз басынан артылмаған» біреу бола алса болар, бүгінгі талғам таразы тұрғысынан – табысты кәсіпкер, ауқатты адам шығар ондайлардан. Ал қазақтың ұғымы бойынша, шынтуайтына келсек, Бұқар жырау айтқандай: «пенде ішіндегі ең сорлысы, ең бишарасы, ең жаманы солар». Ана тілін бойына сіңірген азамат елге пайда келтіре алса ғана, халқына адал қызмет ете алса ғана өзін бақытты сезінеді. Міне, тілдің киесі мен құдыреті осында!

Сондықтан тіл майданы – тек тілші филологтардың, жазушылар мен әдебиетшілердің күресі емес. Керек болса, тілімізді дамыту мәселесі – еліміздің басты ұлттық қауіпсіздік, экономикалық, идеологиялық, саяси талабы, міндеті, алғышарты. Президент сөзімен жалғастырайық: «Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек».

Қасым-Жомарт Кемелұлының пайымдары нақты әрі анық:  «Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды… Сондықтан, зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырамын». Мемлекет басшысы халық көкейіндегі өзекті мәселелердің басым көпшілігіне тұшымды жауап беріп, көкейкесті, кешенді, ауқымды мәселелерге назар аударуда. Қолға алып жатқан нақты, қомақты, батыл істеріне ел болып қолдау көрсету – азаматтық парызымыз. Өйткені сын сағатта тізе қосып әрекет ету – бәрімізге серт!

Ерден ҚАЖЫБЕК,

ҚР Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің академик-хатшысы