ДӘРКЕМБАЙДЫҢ ЕСІМІН ӨШІРМЕЙТІН ЖАС ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҮЙІРМЕСІ ҚАЖЕТ

Уақыты: 04.03.2022
Оқылды: 1300
Бөлім: ТҮПСАНА

Құлжа күре жолының бойында Ақши деген ауыл бар. Алматыдан 70 шақырым қашықта орналасқан. Еңбекшіқазақ ауданына қарасты бұл елді мекен өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Өйткені, онда қазақтың біртуар перзенті, атақты ұста, суретші-этнодизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәркембай ШОҚПАРҰЛЫНЫҢ кіндік қаны тамған. Бүгінде ұстаның артында қалған асыл мұрасы жәдігерлерге айналып, тарихтан сыр шертіп тұр. Ақшидегі қолөнер мұражайына барғанда ұстаның ұлтқа қызмет еткен ерен еңбегіне тәнті боласыз.

Мұражай ашу ісін Дәркембай аға көзі тірісінде қолға алыпты. Сол үшін Алматыдағы үйін сатып, туған ауылына көшіп барған. Ұлы мақсаттар жолында күндіз-түні еңбек етіп, аянбай тер төгеді. Бірақ тағдырдың жазуына не шара?! Бастаған жұмысының нәтижесін көру ол кісінің маңдайына жазылмапты. Дәркембай ұста 2006 жылы ауыр науқастан мәңгілікке көз жұмады.

Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Дәулет Шоқпаров әке аманатын аяқсыз қалдырған жоқ. 2010 жылы 22 шілдеде мұражай жұртшылыққа есігін айқара ашты. Міне, содан бері бұл рухани орын қазақтың қолөнерін ұрпаққа паш етіп келеді.

– Әкем қайтыс болғаннан кейін қырық күндік асына сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов келді. Біздің үйге көңіл айтып кіріп шығатынынан күні бұрын хабардар едім. Сондықтан әкемнің жасаған бұйымдарын бір бөлмеге жинастырып, реттеп қойдым. Серік Әбікенұлы олардың әрқайсысына зер сала қарады. Сол кезде әкімге музей ашу туралы ойымды бүкпесіз айттым. Қолдау көрсетуін сұрадым, – дейді Дәулет Дәркембайұлы өткен күндерді еске алып.

Әкім сөзінде тұрды. Жыл соңында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» Заңы және облыс тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында Серік Үмбетовтің 2006 жылдың 29 желтоқсанындағы №322 қаулысы шығып, «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі» құрылады. 2010 жылы музей салтанатты түрде келушілерге есігін айқара ашады.

Бүгінде музей қорында 2437 экспонат бар. Ағаштан, теріден, темірден жасалған неше алуан бұйымдар кеше мен бүгінді жалғастырып тұр. Жәдігерлер сонысымен құнды, сонысымен қымбат.

Музей алты көрме залынан тұрады. Біріншісі – «Дәркембай Шоқпарұлының өмірі мен қызметі» деп аталады. Келушілер аталған залда ұстаның өмірбаянымен фотодеректер арқылы жан-жақты танысады.

Әкесі Шоқпар өз заманында Жетісу өңіріне белгілі қолөнер шебері болған. Дәркембай он үш жасқа толғанда асқар тауы қайтыс болады. Ары қарай Шоқпардың інісі Ахметтің қолында өсіп, ержетеді. Ол кісі де ұсталықтың қыр-сырын бір кісідей меңгерген екен. Екі әкенің тәлімін алған Дәркембай атакәсіпті жалғастыруды өмірлік ұстанымына айналдырады. Бүкіл саналы ғұмырын ұсталық жолға арнағаны сондықтан болса керек.

Музей ішінде ағаштан ойып жасалған Ахмет әкесінің мүсінін көресіз. Сонымен қатар, Дәркембай Шоқпарұлының студент кезіндегі «Мешін» атты алғашқы туындысы да көрген жанды сүйіндіреді. Бұл туралы ұстаның мынадай естелігі бар:

«Әдеттегідей үйге от жағу үшін тамыздық дайындауға қораға кірдім. Қолыма түскен томарды шабуға кірістім. Кенет балтам әлденеге тигендей болды. Томарды шауып әрмен қарай қойдым. Дайындаған тамыздығыммен бірге әлгі томарды үйге алып кірдім. Шам жарығымен томарға мән беріп қарасам, бағана балтам тиген тұсы мешіннің бет-әлпетіне келіп тұрғандай. Қашауымды ала сала мешіннің пішінін келтіріп ойып шықтым», – деп жазған екен. Иә, тұңғыштың аты – тұңғыш. Дәркембай аға осынау алғашқы жұмысын баласы Дәулетке көздің қарашығындай сақтауды аманаттапты.

«Үй жиһаздары мен ыдыс-аяқ» деп аталатын залда қазақтың тұрмыс-тіршілігінде  қолданған заттарына кезігесіз. Көшпенділер өмірінде тері өңдеу маңызды орын алған. Себебі, халықтың негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығы болғаны бесенеден белгілі. Сондықтан төрт түліктің етін де, сүтін де, терісін де, жүнін де, мүйізін де, тіпті малдың тезегіне дейін ата-бабаларымыз күнделікті өмірде қажетіне жаратқан.

Музей ішін аралаған кезде теріден жасалған торсық көзіңізге оттай басылады. Дәл осы көне ыдысты қайта қалыпқа келтіру үшін Дәркембай аға талай жылын сарп етіпті. Кеңес заманында бұл ыдысты жасайтын шеберлер сиреген. Тіпті жоқтың қасы деуге болады. Өйткені торсық қолданыстан мүлдем шығып қалған. Егер Дәркембай  ұста соған мән беріп, ықылас танытпағанда торсық жасау ісі біржолата ұмыт болар ма еді деп те ойлайсың.

Ұста ел аралап жүріп, торсық жасайтын шеберлерді іздеп табады. Бірақ олар қартайған. Қолдарынан қуат кеткен. Міне, сол көнекөз қарттардың айтуы бойынша Дәркембай Шоқпарұлы торсықтың технологиясын қайта жаңғыртады.

– Торсық – күтімді көп қажет ететін ыдыс. Оның артықшылығына келетін болсақ, біріншіден ол экологиялық таза өнім. Торсыққа құйылған сусын өзінің қасиетін біраз күн жоғалтпай ұстап тұрады. Екіншіден, бұл ыдыс алып жүруге өте ыңғайлы. Жеңіл әрі жұмсақ. Жерге құлап түссе де былқ етпейді. Ал оның жасалу технологиясы біраз уақытты алады. Ең алдымен жаңадан сойылған семіз малдың терісін баппен тұздайды. Одан кейін жидітуге көшеді. Яғни, тұздалған теріні біраз күн суға салып қояды. Сол кезде теріден жүннің ыдырау процесі жүреді. Ары қарай дегдітеді. Белгілі бір уақыт аралығында теріні кептіреді. Содан кейін кесіп, пішіп, форма беріп, жан-жағын тігеді. Сыртын өрнектейді, бояйды. Дайын болған торсықтың іші-сыртын жылқының майымен сылайды. Зиянды микроағзалардан залалсыздандыру үшін қарағайдың бүрімен, тобылғымен немесе аршамен асықпай ыстайды. Бауын тағып, қақпағын кигізген соң торсық дайын болады. Негізінен, қазақ шеберлері жасаған торсық екі түрге бөлінеді. Біріншісі – мүйізді торсық, екіншісі – жанторсық. Мүйізді торсық қымыз құюға арналған. Оның ішіндегі сусын таусылса да, екі мүйізінің қуысында бір-екі қасық қымыз қалып қояды. Міне, сол қымыздың қалдығы келесі құйылған саумалға ашытқы болып отырған. Ал жанторсық көбінесе мал баққанда, жорыққа шыққанда қанжығаға байлап жүретін ыдыс болған. Қазіргі таңда еліміздегі қолөнер шеберлері торсықты әкемнің әдісі бойынша жасап жүр, – дейді музей директоры Дәулет Дәркембайұлы.

«Халық саз аспаптары», «Зергерлік бұйымдар» дейтін зал да өткен тарихты баяндап тұрғандай әсерге бөлейді. Дәркембай Шоқпарұлының көне саз аспаптарын қайтадан өңдеп шыққан еңбегі өзінше бір төбе. Ұлттық құндылықтарға ерекше құрмет танытып, рухани мұрамыздың жаңғыруына мұрындық болған ұлт жанашыры, сол кездегі Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков Ықылас атындағы халық аспаптар музейін ашуды қолға алады. Халқымыздың көне аспаптарын қайта өңдеу ісін Дәркембай Шоқпарұлына тапсырады. Ұста өзіне артылған зор міндетті ыждағаттылықпен атқарып шығады. Соның нәтижесінде аты бар да, заты жоқ, ұмыт боп кеткен көне музыкалық аспаптарға жан бітеді. Олар ұлттың үні болып «Сазген», «Алтынай» ансамбльдерінде орындалғанда қазақтың рухы оянады. Бұл – Дәркембай ағаның инемен құдық қазғандай жанкешті еңбегінің бір парасы. Шебердің қолынан шыққан 20-дан астам музыкалық аспаптар бүгінде Ықылас атындағы мұражайда сақтаулы тұр. Музей қабырғаларында ілулі тұрған ұстаның жұмыс үстіндегі фотосуреттері сол бір шақтарды баяндайды.

Бұдан бөлек, бұл жерде тарихтан сыр шертетін жәдігерлер жетіп артылады. Күміспен қапталған әшекейлерге зер салғанда көп жайларды аңғарасыз. Ондағы ою-өрнектердің әрқайсысында сол заманның таңбалары бейнеленген. Әртүрлі әдіспен өрілген қамшыларды көріп сүйсінесіз. Саятшылыққа арналған қақпандар да осында тұр. Сонымен қатар, музейде Дәркембай ағаның баспасөз беттеріне шыққан мақалалары, кітаптары топтастырылған. Ол кісі өзі туралы материалдарды тірі кезінде ұқыптап жинаған екен. Сол альбомдарды парақтап отырғанда ұстаның күнделіктеріне көзіңіз түседі. Онда міндетті түрде аты-жөнін араб қарпімен жазуды жөн көріпті.

Әрине, шағын мақалада жәдігерлердің бәріне жеке-жеке тоқталу мүмкін емес. Біз тек солардың бір бөлігін ғана сөз еттік. Осынау халық қазынасын музейге барып, оны көзбен көріп, қолмен ұстап, алған әсеріңді жүрегіңе тоқып қайтқанға не жетсін?!

Айтпақшы, музейдің қасында шағын шеберхана бар. Онда Шоқпаровтар әулетінің көне жәдігері – төс тұр. Шоқпардан қалған төсті Ахмет – Дәркембайға тарту етіп, ақ батасын берген екен. Дәулет Дәркембайұлы, Мәди Тілепбергенов, Ринат Мүлікбаев, Жанболат Нұрданбектер үшін шеберхана олардың екінші үйіндей. Осында келіп ағаштан ою ойып, тері илеп, темірден түйін түймесе көңілдері көншімейді.

Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің көшпелі көрмесі ел ішін, тіпті шетелдерді талай рет аралады. Мұндай шаралардан музей қызметкерлері ешқашан қалыс қалмауға тырысады. Өйткені, қазақтың өнерін дәріптеу – Дәркембай ұстаздың аманаты.

– Музей жұмысымен шетелдерге шығып, ұлттық қолөнерімізді хал-қадірімізше дәріптеп жүрміз. Осындай сапарларда көп нәрсені көңілге түйіп қайтасың. Мәселен, Иранда болған кезде ондағы биліктің қолөнерге деген қолдауын көріп қайран қалдық. Біріккен Араб Әмірліктері де атакәсіпке ерекше ден қояды екен. Біздің ендігі мақсатымыз музей ауласынан қолөнер орталығын ашу. Осында еліміздің түкпір-түкпірінен өнерге бейімі бар балалар тәлім алса, атакәсіптің одан сайын өркендеуіне кең жол ашылатын еді. Бірақ бұл ойымыз қазірше тек қиял ғана. Ұсынысымызды қолдайтын жан табылатын шығар деген үміттеміз. Әрине, құры қарап отыруға тағы болмайды. Қазір жер-жерде мемлекеттің қаржыландыруымен тегін үйірмелер жұмысын бастап жатыр ғой. Біз де сондай үйірме ашуды жоспарлап отырмыз. Ең болмаса сол арқылы жастарды қолөнерге ерте бастан баулысақ, – дейді Дәулет Шоқпаров.

«Жинаған талай жылғы коллекциям,
Тыңдаған қарттарымнан өлмес күй, ән.
Көненің көзіндей бұл мұрағаттан,
Дер едім келер ұрпақ көрмес зиян».

Бұл - Дәркембай ұстаның өлең шумағы. Хас шебердің өнер деп соққан жүрегі ұрпаққа өнеге.

Түсінген жанға Дәулет Дәркембайұлының қолөнер орталығын ашсақ деген идеясының астарында үлкен мән жатыр. Егер ол жүзеге асса, ұлттық идеологияның бір қызметін атқаратын еді. Дәркембай ағаның арманы да сол еді ғой.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы