ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ "ҮЛКЕН ТЕРРОР". ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН ЕЛ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙДІ

Уақыты: 06.03.2022
Оқылды: 2289
Бөлім: ТҮПСАНА

1937 жыл халқымыздың санасына тарихтың ең қасіретті беттерінің бірі ретінде шегеленіп жазылып қойылған еді. Бұл жылы мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілген жаппай террор өзінің шырқау шыңына шықты. Тура 85 жыл бұрын, яғни, 1937 жылдың 23 ақпан-5 наурыз аралығында өткен пленумда И.Сталин "Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілер мен басқа да екіжүзділерді жою шаралары туралы" баяндама жасап, репрессияны тіптен күшейтті.

Осы ретте Сталин өзі атап көрсеткен «зиянкестердің принципсіз және идеясыз бандыларын, бірқатар барлау органдарына жалданып жұмыс жасаушы диверсанттар, тыңшылар, кісі өлтірушілерге» айналған троцкийшілерді кеңес елінің басты жауы деп жариялап, болашақ күрестің қандай ұранмен жүргізілетінін ашып айтты. Бұл іс жүзінде НКВД органдары алдына «халық жауларымен» күресті қалай жүргізу керек екенін білдірген нақты нұсқау еді.

Пленумның барысында және ол аяқталғаннан кейін бүкіл ел көлемінде сенімсіз саналған кісілерді жаппай қамауға алу үдерісі лап ете түсті. Бұл қайғылы тағдыр пленумға қатысушылардың өздерін де айналып кете қойған жоқ. Сол партиялық жиында 72 адам сөйлеген еді. Солардың 52-сі дереу құлып астына қамалып, ату жазасын алды, тағы 2 адам өз-өздеріне қол жұмсап, өмірмен қоштасты. Ал бұлардың бәрі де пленумда Сталиннің пікірін қолдап, «халық жауларын» жоюға қол көтерген болатын.

Сот органы ретіндегі «үштіктер» ОГПУ-дің 1929 жылғы 29 қазандағы циркулярымен құрылған болатын. Оларға істерді тергеуге және сот отырыс­тарына дейін алдын ала қарау тапсырылды. Ал 1937 жылдың 5 шілдесінен бастап, бұл топ өзі өлім жазасын тағайындай беретін құқыққа ие болды. «Үштіктің» құрамына НКВД-ның облыстық немесе өлкелік басшылары, облыстық немесе өлкелік прокурорлар, өлкелік немесе облыстық партия комитеттерінің хатшылары кірді. «Үштіктің» дербес құрамын ОК Саяси бюросы бекітті. Бюро отырыстарында қамауға алынып, атылатын «халық жауларының» нақты цифрлары бекітіліп тұрды.

КСРО Ішкі істер халық комиссары Н.Ежов 1937 жылғы 30 шілдеде өзінің БКП(б) ОК Саяси бюросының қаулысын жергілікті жерлерде қалай жүзеге асыру керектігі жөніндегі №00447 санды әйгілі шұғыл бұйрығын берді. Онда «антикеңестік элементтерді» репрессияға ұшырату тәртібі, мерзімі, ауқымы белгіленді.

Қуғын-сүргінге түскендердің бәрі алған жазалары бойынша екі түрлі дәрежеге жатқызылды. Олардың бірінші дәрежедегілерін «үштік» атуға жіберсе, екінші дәрежедегілерін 8 жылдан 10 жылға дейін лагерьлерге айдады.

Бұл бұйрық бойынша репрессиялық шара 1937 жылдың тамыз айынан желтоқсан айына дейін жүріп, ҚазКСР-де 2500 адам бірінші категория бойынша (ату жазасы), 5000 адам екінші категория бойынша (лагерьге қамау) соттау жоспарланды. Көрсеткішке келер болсақ, жоспар мынадай болды:

1.Солтүстік Қазақстан облысы - 650, 300, 950;

2.Оңтүстік Қазақстан облысы - 350, 600, 950;

3.Батыс Қазақстан облысы - 100, 200, 300;

4.Қостанай облысы - 150, 450, 600. Бұдан бөлек, тағы үш облыс көрсетілді. Ал Алматы облысында жоспар 200, 800, 1000 адам болған.

Қазақстан БКП(б) ОК бірінші хатшысының бос орнына келген армян Левон Мирзоян жоғарыда көрсетілген лимитті көбейту жөнінде Сталиннің атына 3 қазанда, 14 қарашада, 1 және 14 желтоқсанда шифровка жазған. Бұл хатында Мирзоян: "Бірінші категория бойынша ату жазасына 2500 адам кесілді, бірақ Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы шығушылар әлі де көп, сондықтан, Қазақстан үшін лимитті көбейтуіңізді сұраймын", - деген. Осындай хаттардан кейін 4 айда аяқталу керек болған репрессия 11 айға созылып, Қазақстанда 25000 астам адам ату жазасына кесіліп, 103 мыңнан астамы әр түрлі түзеу лагерлеріне жіберілді.

Большевик көсемдерін мұндай қуғын-сүргінге жетелеген не нәрсе? Тарихшылар қазір мұның бірнеше нақты себебі бар екенін айтып отыр. Біріншіден, тұрғындардың бірқатар бөлігін мемлекет үшін тегін жұмыс күшіне айналдыру қажеттігі туды. Өйткені, елде атқарылуға тиісті жұмыстар өте көп еді де, олар үшін төленетін ақша жеткіліксіз болды. Екіншіден, бір адамның жеке билігін күшейте түсу үшін осындай қатыгез қадам жасалды. Жаңа идеология үшін жаппай табынатын адамдар керек-тін. Үшіншіден, тоталитарлық қоғамның қанаушылық қарымы мен ауқымын кеңейту бағыты назарда ұсталды.

Қалай дегенде де, бұл кезең бір мемлекеттің өз азаматтарын қырып-жоюға арналған, оны ең алдыңғы қатарлы өкілдерінен айыруға бағытталған кең ауқымды қанды қасап болды.

Мейіржан МҰСАБАЕВ,

«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі

Талғар ауданы

Алматы облысы