СҮЙІНБАЙ МУЗЕЙІ ТАРИХИ БҰЙЫМДАР ІЗДЕЙДІ, ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕР ҚАБЫЛДАЙДЫ

Уақыты: 12.03.2022
Оқылды: 1875
Бөлім: ТҮПСАНА

Мұражай – рухани байлығымызды молайтып, дәстүр мен салтымызды жаңғыртып, ұлттық құндылығымызды байытып, келешекке жеткізетін қастерлі орын. Кез келген елге сапарлағанда ең алдымен сол елдің тарихымен танысу үшін мұражайларын аралайтынымыз анық. Жыл сайын елімізге келетін шетелдік қонақтар мен туристер алдымен мұражайларға бас сұғып, қызықты ақпараттармен танысатынын көріп жүрміз.

Осы ретте ғылыми-зерттеу жұмысын дұрыс жолға қойып, тұрғындарға музей құндылықтарын жан-жақтылы көрсетіп жүрген Сүйінбай Аронұлының әдеби-ескерткіш музейінің орны ерекше екенін айтқым келеді. Бұл көп салалы мекеме болғандықтан онда кешенді зерттеу жұмыстары жан-жақты жүргізіледі. Әрине, музейдің ғылыми зерттеу, экспозициялық, көпшілік насихат жұмысының негізгі нысаны – құнды жәдігерлер. Ғылыми зерттеу және жинастыру жұмыстарының нәтижесінде бүгінде музей қорына көптеген құнды жәдігер топтастырылды.

Музей қорына ата-бабамыздан мұра болып қалған, халқымыздың өткен тарихын түсіндіретін қол өнер бұйымдары, салт-дәстүрі мен ғұрып-әдетін көрсететін экспонаттар қабылданады. Бүгінде музей қоры кемелденген деңгейге жеткенімен әлі де толықтанбаған тұстары көп. Сондықтан музей құнды, тарихи жәдігерлерді іздестіруде. Осыған орай, әрбір ұлтжанды азамат аялап сақтап отырған құнды жәдігерлері болса, бізге өткізуін сұраймыз.

Әрине, жәдігердің ұзақ әрі бүлінбей сақталатын орны музей десек, біздің ұжымда ол жұмыстың ғылыми негізі қалыптасқан. Сондықтан, бабаларыңыздың асыл мұрасын бізге сеніп тапсырсаңыздар, оны елдің қазынасына айналдыруға қашанда дайынбыз.

Аяжан СӘДУАҚАСОВА,

Сүйінбай Аронұлы әдеби-ескерткіш музейінің меңгерушісі

Жамбыл ауданы

Алматы облысы