АКАДЕМИК ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ ТУРАЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 22.03.2022
Оқылды: 1799
Бөлім: ТҮПСАНА

Халқымызда: «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан», – деген тәмсіл бар. Иә, уақытпен бірге қоғамның да, адамның да өзгеріп, жаңарып отыруы заңдылық. Өткен ғасырдың соңында қазағымыз тәуелсіздігін жария етіп, әлемдік қауымдастықтың толыққанды бір мүшесі ретінде өз тіршілігін бастаса, араға уақыт салып дамудың жаңа даңғылына шығып отыр. Қаңтардағы дүрбелең қоғам ағзасындағы соқтаның аузын жарып, өзгеше өмір сүруге бағыттап кеткендей. Биыл дәстүрлі Жаңа жылымызды осындай екіұдай жағдайда қарсы алып отырғанымыз шындық.

жүрекке түскен жараны емдеу ұлы мәртебелі уақыттың еншісінде. Міне, тағы да қазақтың «Ақ бұлағы бал татып, ақ шабағы май татыған» ұшы-қиырсыз ұлы даласы бусана бастады. Табиғаттың қыр-сырын жақсы білген бабаларымыз: «Күз – дәнімен сәнді, қыс – қарымен сәнді, көктем – әрімен сәнді, жаз – барымен сәнді», – деген екен. Аспан-Жер арасындағы ұлы жаратылыстың жан иесін жадыратар жаршысы әз Наурыз елімізге аяқ басқанын сүйіншілеп хабарласақ та артық бола қоймас. Барша қазақстандықтарды осынау Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, бейбітшілік пен береке, ырыс пен бақ тілейміз!

Есте жоқ ерте замандарда, діни ұғымдар мен мемлекеттік шегаралар адамзат баласын жік-жікке, топ пен тапқа бөлмей тұрған кездері тіршілік иелері табиғатпен етене араласып, Жер-ана және Аспан-Тәңірімен үндесе, үйлесе өмір сүргені ақиқат. Бүгіні мен болашағы осы екі құдіретті күштің қайырым-мейіріне байланысты екенін қапысыз ұққан олар Жер мен Көктің құбылыстарына құлақ түріп, тылсым құпияларына үңілуді үйренген көрінеді. Осылайша, қытымыр қыстан кейін даланы жапқан қалың қардың көбесі сөгіліп, дүр-дүние дүрмекке бөленіп, табиғат пен жан-жануарларға жан бітетін кезеңді – жаңа өмірдің бастауы, жыл басы деп қабылдаған.

Наурыз мейрамы – қатал қыстан аман шығып, тіршіліктің жаңа бір кезеңіне аяқ басатын жан жадыратар жаңа күн ғана емес, бұл алғы күнге деген үміт, болашаққа бағдар, асқар асуларды бағындырар арман бастауы десе де болады. Себебі, дәл осы күндері адамдар бір-бірімен қауышып, өкпе-реніштері болса кешіріп, үй іші мен ауласын қоқыстан тазартып, киімдерін жаңалап, көшеттер отырғызып, игілікті істерді бастайтын болған. Бұл мерекенің ажырамас бөлшегі – наурызкөже дастарқанның негізгі асы ретінде тартылған. Себебі, мал төлдеп, аққа ауызы жеткен жұрт қамба мен қаптың түбінде қалған тағамдарды қазанға тоғытып, тойып ішетін ас дайындауды дәстүрге айналдырған.

Өзінің сан ғасырлық ғұмырында түздің тағысындай тірлік кешіп, табиғатпен етене өскен дала перзенттері өмірдің нәрі – ас-суға да аса мән бергені анық. Жылдың төрт мезгілінде желдің өті, жаудың шетінде жүріп, ұлтарақтай жері үшін ұрыс салған бабаларымыз қандай тағаммен қоректену керек екенін жақсы білген-ау деп ойлаймын. Ат үстінде күн кешіп, ауыздықпен су ішкен сол заманда жылқы малын қадір тұтып, мінсе – көлік, кисе – киім, ішсе – сусын, жесе – ас еткен олар: «Қойдың еті – ертеңгі күн батқанша, сиыр еті – таң ағарып атқанша, жылқы еті – төсек салып жатқанша», – деп басымдықты жылқы малынан дайындалатын тағамдарға берген екен.

Уақыт бәріне де өзгеріс әкеледі. Өмір сүру дәстүрінің жаңа арнаға түсуіне байланысты күнделікті ішетін асымызға да жаңа уақыт бедерінен қараған дұрыс. Бүгінде үнемі мал өнімдеріне басымдық бере бермей, көкөніспен, жеміс-жидектермен, бақша өнімдерімен қоректенудің пайдасы зор. Көпшілігіміз жұмысты отырып істейтін болғандықтан, дене шынықтыруды әдетке айналдыру маңызды. Түптеп келгенде, салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану ғұмыр-жасымызды ұзартып, бақуатты өмір сүруімізге кепілдік беретінін ұмытпайық.

Бұған дейін де сан сынақтан, аранын ашқан ажалдан аман өтіп, еркіндікті еншілеген халқымыз бейбіт әрі еркін өмір сүруге құқылы. Ендеше, жаңа өмір бастауында тұрған Наурыз мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң, ақ мол болғай!

Төрегелді ШАРМАНОВ,

Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик