БИЫЛ ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ТУҒАНЫНА - 355 ЖЫЛ! ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР

Уақыты: 12.05.2022
Оқылды: 17383
Бөлім: ТҮПСАНА

Шешендік сөздер – қоғамдағы тарихи-әлеуметтік жағдайларға, көшпелі өмір салтын ұстанған елдің тұрмыс-тіршілігіне, құқығына байланысты терең ой, бейнелі, шебер тілмен баяндалған халық шығармасы. Мағынасы терең, тілі көркем, терең тұжырымды, логикалық ойға құрылады. Шешендік сөздердің тарихына көз жүгіртсек, Майқы би, Бәйдібек би, Жиренше шешен, Асан Қайғы сынды кемеңгер билерден бастау алып, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді ұлы тұлғалармен, отаршылдық кезеңіндегі Абайға дейінгі парасатты билермен жалғасын табады.

Тіліміздің құңдылығы мен байлығын көрсетіп, ғасырлар бойы жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан Қаз дауысты Қазыбек бидің шешендік сөздеріне тоқталып өтсем. Биыл - Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл. Өткен ғасырларда өшпес із қалдырған Қазыбек би туралы оқыған жері, алған білімі туралы нақты деректер жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін әз-Тәуке Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би әз-Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, ӘбілмәмбетАбылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.

Бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, шапқыншылық үдей түскен кезеңге тап келді.Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп, алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: “Дат, тақсыр!” - деп жұлқынып алға шығады да:

“Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – депті.

Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: “Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын”, – деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен.Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан.

Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының 17-18 ғасырда өмір сүрген үш биінің бірі, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазыбек би 1667 жылы Сырдария өзенінің  бойында туған. Орта жүздің арғын тайпасы, оның ішінде қаракесек руынан шыққан.Табиғатынан зерек, алғыр бала білімді ортада кемелденген.Естігенін, көргенін зердесіне тоқып, шешендік қабілеті де ерте ашылған. Сол арқылы айналасындағыларды еріксіз елең еткізген. 17 ғасырдың 80-жылдары Қазыбектің есімі кеңінен тарай бастады. Уақыт өте келе, Қазыбек би қазақ хандығының өміріне, ішкі-сыртқы саясатын анықтауға, қоғамның бейбіт дамуын қамтамасыз етуге зор ықпал етті. Тәуке хан тұсында "Жеті жарғыны" түзуге атсалысты. Төле би, Әйтеке би үшеуі "Жеті жарғыны" жазып, сол арқылы ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамай, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі секілді мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді. Қаз дауысты Қазыбек бидің шешендік сөздері әлі күнге дейін мәнін жоғалтпаған.

Қазыбек би 1764 жылы 97 жасында Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында дүние салды. Ұлының ұлылығын тереңнен түсінген замандастары оны киелі жер – Түркістандағы Қожа Ахет Ясауи кесенесіне жерледі. «Артына жаман жұраттан жақсы сөз қалдырған артық» дегендей, қазақ қоғамында би-шешендердің орны ерекше. Олардың түйінді сөздеріне хан, сұлтандар да жығылған. Қара қылды қақ жарып, әділ билік айтқан билердің игі істері, бойындағы қасиеттері  жылдар бойымен ғасырларға айналып, құңды мұра болды. Қазақ тілі - бай тіл, көп оқу арқылы көп білеміз. Жазылған шығарманың барлығы тілдің көмегімен жетеді. Құндылықтарымызды қастерлей отырып тереңдету, оған сүйіспеншілікті қалыптастыру - отаншылдық пен қазақстандық патриотизмді оятады. Қорыта келгенде, шешендік сөздердің  әдебиет әлемінен алар орны бөлек.

С.СЕЙІТҚОЖАЕВА,

Сарыөзек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан