АҚСУ АУДАНЫНДА БАРЛЫБЕК СЫРТТАНОВҚА ЕСКЕРТКІШ-БЮСТ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 19.05.2022
Оқылды: 3022
Бөлім: ТҮПСАНА

Шүкір, кешегі кеңестік кезеңде аттарын атауға тыйым салынған Алаш ардақтыларын тарихтың тоңынан аршып алып, халқымен қайта қауыштырып жатырмыз. Солардың қатарында Жетісудың төл перзенті, қазақтың тұңғыш Конституциясын жазған  Барлыбек Сырттановтың есімі ерекше аталады.

Ұлы тұлғаның туғанына 156 жыл, оның «Қазақ елінің уставы» деп аталатын тұңғыш қазақ Конституциясының жазылуына 111 жыл толу қарсаңында Ақсу ауданына қарасты Арасан ауылындағы Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектепте ескерткіш-бюстінің ашылу салтанаты болып өтті. Ұрпағы ұлықтаған Барлыбектің өмірі мен атқарған қызметі жайлы жиын барысында жан-жақты айтылған еді.

Жетісу облысы Қапал уезіне қарасты Арасан болысында 1866 жылы дүниеге келген Барлыбекке тағдыры халқына қызмет етуді жазған екен. Әкесі Сырттан ауқатты, ел арасында аса беделді адам болғаны анық. Ол балаларының ішінде зеректігімен ерекшеленген Тұрлыбек пен Барлыбектің мұсылманша, орысша білім алуына ықпал етіп, алдымен Қапалдағы мектепте сауаттарын аштырып, кейіннен Верный (бүгінгі Алматы) қаласындағы ер балалар гимназиясында оқытады.

Барлыбектің оқуға деген ынтасын бағалаған гимназия директоры оның Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетінде білімін жалғастыруына қол ұшын берген екен. Өзіне етене жақын қазақ және орыс тілдерімен қатар еуропа елдерінің, араб, парсы, түрік тілдерін меңгерген ол осында оқып жүрген М.Сералин, Б.Қаратаев, А.Теміров, Б.Құлманов секілді қазақ жастарымен бірігіп, «Жерлестер» ұйымын құруға атсалысады. Патшалық Ресейдің бұратана халықтарға жасап отырған әділетсіздігіне деген наразылық, қазақ халқын бодандықтан алып шығып, тәуелсіз мемлекет жасауға деген арманы осы кезден қалыптасқаны анық.

Оқуын бітіргеннен кейін Ташкент қаласындағы Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында, кейіннен Жетісу әскери губернаторының іс жүргізу меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1903-1907 жылдары Ресей мен Қытай шекарасының межесін бекіту жұмыстарына белсене араласып, қазіргі қазақ жерінің аумағын қалыптастыруға қосқан үлесі де айтуға тұрарлық еңбек.

Барлыбек сол кездегі орыс қарашекпендерінің Жетісу өңіріне қоныс аударуы кезінде  жергілікті халықтың мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытып, патша ұлықтарының әділетті шешім қабылдауына ықпал етіп отырғаны тарихтан белгілі. Ол сонымен қатар «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси ахуалына қатысты мақалалар жазып, жалпықазақ құрылтайын шақыруға үндеген. 1910-1913 жылдар аралығында Барлыбек Сырттанов өз тарапынан құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің отарынан шығаруды көздеген Жарғы әзірлегені де тарихтан белгілі. Ал 1911 жылы досы әрі әріптесі Әлихан Бөкейхановтың ұсынысы бойынша бүгінгі демократия талаптарына жауап беретін, Еуропалық үлгідегі конституцияны (Қазақ елінің уставы) жазып шығады. «Алаш» партиясын құру, соның негізінде Алаш мемлекетін қалыптастыру идеясы да осы кездері дүниеге келген болатын. Өкінішке қарай, сызды қала Петерборда оқып жүргенде ағзасына жабысқан ауру  арманы асқақ азаматтың өмірін бар-жоғы 48 жасында қиып жібереді.

Алаш ардақтысы Барлыбек Сырттановқа қойылған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған мектеп директоры Ілияс Мұқашев ізгілікті шараны жүзеге асыруға қол ұшын беріп, демеушілік жасаған жұртшылыққа алғысын білдірсе, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов, «Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, Ақсу ауданының Құрметті азаматы Боранхан Жүнісов жиналған жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, еліміздегі саяси-әлуметтік жағдай мен алдағы болатын референдум туралы ойларын ортаға салды.

Салтанатты шарадан кейін ауыл тұрғындары мен қонақтар мектеп оқушылары әзірлеген концертті тамашалап, ауыл хатымханасында Барлыбектің рухына бағышталған құранға қатысып, дәмнен ауыз тиді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Ақсу ауданы

Алматы облысы