ЖАРКЕНТТЕ ЖЕЛТОҚСАНШЫ ЕРБОЛ МЕН ЛӘЗЗАТҚА ЕСКЕРТКІШ ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

Уақыты: 27.05.2022
Оқылды: 3419
Бөлім: ТҮПСАНА

Желтоқсан көтерілісінің құрбандары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаев - жазиралы Жаркент өңірінің түлектері. Екі боздаққа Жаркенттегі Мәдениет үйінің алдында қоладан бейнелері құйылған ескерткіш қойылды. Айта кетейік, Жаркент қаласында және оған жақын ауылдарда Ләззат пен Ербол атындағы көшелер бар. Көше тұрғындары жыл сайын тәуелсіздік қарсаңында іс-шара өткізіп, боздақтардың батырлығын дәріптеп, оларды еске алады.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарихи, саяси мәнін одан кейінгі жылдардағы қоғамдық өзгерістер аша түсті. Ал оның қаһармандары бүкіл қазақ халқының мақтанышына айналды. Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған жаркенттік өрендер сол кездегі Алматы энергетика институтының екінші курс студенті Ербол Сыпатаев пен П.Чайковский атындағы музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова ата-бабамыздың даңқты ерлік дәстүрін жаңғыртты. Осыған орай жазиралы Жаркент өңірінде еске алуға арналған ауқымды шаралар өтті.

Жаркенттік қос боздақ рухына бағыштап ас беру, басқа да қоғамдық-саяси іс-шаралар жасаудың бастамашысы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеев болса, оны алматылық қоғам белсенділері Амантай Көдеков пен Болатжан Қожахметов қолдады. Істің алға басуына Жаркент қаласында тұратын Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, журналист Роза Ыстай, Жауынгерлік даңқ мұражайының меңгерушісі, тарихшы, Желтоқсан көтерілісінің ардагері Қали Ыбрайымжанов, республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық қозғалысының Панфилов аудандық филиалының төрағасы Мәулет Сымағұлов, кәсіпкер Сейітнұр Жексенбаев, қоғам белсендісі Ұлан Болатбеков тағы басқа да азаматар атсалысты. Боздақтардың рухына бағышталған шараға қомақты қаржылай қолдау жасаған Екібастұз қаласындағы тері илеу зауытының қожайыны Нұрман Нүптекеев (400 мың теңге), Алматыдағы құрылыс компаниясының жетекшісі Жалғас Алтынбеков (300 мың теңге), жаркенттік кәсіпкер Мұрат Әубәкіров (100 мың теңге) тағы басқа жомарт жандарға ел алғысы ерекше.

Шара жан-жақтан жиналған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ардагерлер мен «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық қозғалысының жетекшілері мен жергілікті белсенділердің Еңбекші ауылындағы Ербол Сыпатаев пен Ақжазық ауылындағы Ләззат Асанованың бейітінің басына барып, құрбандар рухына құран бағыштауынан басталды. Бұдан кейін құрметті қонақтар мен жергілікті тұрғындар Жаркенттегі аудандық Мәдениет үйі алдындағы Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асановаға қойылған қоладан жасалған ескерткіш алдына жиналып, «Желтоқсан желі ызғарлы» деген тақырыпта өткен іс-шараға қатысты. Жиын алдында аудан әкімі Марат Сағымбек, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Жиында алдымен аудан әкімі Марат Сағымбек сөз сөйлеп, ерлік пен елдіктің өнегесі өркен жайған өңірдің тарихи тұлғаларына тоқталды. Шараның жас ұрпақ тәрбиесі мен Жаңа Қазақстан мемлекетінің өрісті өркен жаюына ықпалы зорын атап өтті. Бұл жиында жалынды сөз айтып, тарих, ел тәуелсіздігі, тағылым рәуішіндегі орамды ойларымен баршаны ұйытқан тағы бір тұлға облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын, жазушы, облыстың Құрметті азаматы Әміре Әрін болды. Жүйелі сөзін ежелгі Күлтегіннен бастап, Шыңғысханның ұлы тарихи мақсаттарымен шыңдаған ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен биылғы Қаңтар қақтығысына тоқталып, қазақ елінде елдік пен ерлік рухы жоғары екенін айтты. Жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Исламғали Үркімбайұлының Ербол мен Ләззатқа арнап жазған «Намыс» атты толғауын жас өнерпаз Мағжан Болысбаев оқығанда жиналған көпшілік көздеріне жас алып, толқи тыңдады.

Осы күні Жаркент қаласындағы аудандық № 1 спорт мектебінің жарыс залында аудан әкімінің қолдауымен, республикалық патриоттық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі мен Панфилов аудандық бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын еске алуға арналған өңірдің спорт ардагерлері арасында волейболдан жарыс өтті. Жарысқа ауданның ауылдық округтері мен Жаркент қаласынан жалпы тоғыз команда қатысты.

Жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қанат Досмайылов, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, республикалық патриоттық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық қозғалысы өкілдері Гүлбахрам Жүніс пен Нұрлыбек Қуанбаев сөз сөйледі.

Тартысты жарыс нәтижесінде Жаркент қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы бірінші орынды, Бірлік ауылдық округінің волейболшылары екінші, Қоңырөлең ауылы үшінші орынды иеленді. Қоңырөлең ауылынан қатысқан Жұмағали Мәліков пен Жаркент қаласы командасының волейболшысы Ерболсын Есенов үздік ойыншы атанып, марапатталды.

Шара соңынан Желтоқсан көтерілісінің құрбандары Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың рухына бағышталып құран оқылып, жамағатқа ас берілді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы