ҚҰПИЯҒА ТОЛЫ ҚОРА ШАТҚАЛЫ. СЫР БҮККЕН БҰРҚАНБҰЛАҚ. ТЫЛСЫМЫ КӨП ӘУЛИЕ ТАС

Уақыты: 25.08.2022
Оқылды: 1605
Бөлім: ТҮПСАНА

Қора шатқалы – табиғатты сүйетіндер, экстремалдар, өлкетанушылар, натуралистер, альпинистер үшін табылмайтын таңғажайып жер. Демалуға келген қонақтар Будда артефактін, Бұрқанбұлақ сарқырамасын, Әулие тасты, таңғажайып жайылымды көріп, таза табиғатта тыныстап қайтады. Осы арада керемет бір тыныштық, әсемдік пен үйлесімділік орнаған. Таулар алысқа қол созып, алып ағаштар тізіліп, даланың көк шалғыны жайқалып тұр. Мыңжылдық, тіпті одан да арыдағы табиғат сырын тамырынан жұлынып, сұлап жатқан қарт қарағайлардан ұғынасыз. Жалама жартасқа жаңғырыққан дыбыстар мен сарқырап аққан өзен гүрілінен құлағың тұнады. Бірақ осы әсемдіктің парқына жете алдық па?

Жол азабы

Жалпы, қазақстандық туризмнің ортақ дерті – жол азабы. Бұрқанбұлақ сарқырамасы Талдықорған қаласынан 100, Текелі қаласынан 55 шақырым жердегі Жоңғар Алатауының аса бір шұрайлы жері Қора өзенінің шатқалына орналасқан. Алайда, оған жету үшін күтпеген қиындықты бастан өткеретініңіз анық. Негізінде, Бұрқанбұлақ сарқырамасына баратын екі жол бар. Текелі қаласы арқылы өтетін күре жолмен жүрсеңіз бойына тарих белгісін жинаған алып қара тасты көресіз. Таста бейнеленген дүниелер Будда дініне қатысты деп пайымдауға әбден болады. Археологтердің там-тұмдап болса да жазып қалдырған деректерінде тастағы таңба орта ғасырдан қалған жәдігер деп есептеледі. Үлкен тастың жылтыр, өзенге қараған бетінде ескіден қалған сызбалардың ізі әлі де көзге көрініп тұр. Тастың биік төбесінде су қағы тұратындай қазан шұңқыр бар. Онда үнемі су толып тұрады. Алайда, бұл бағыттың жолы жер көшкіні салдарынан бүлініп, жүруге келмей қалған.

Екінші бағыт – Қапал айналып, Қызылжар асуы арқылы баратын кедір-бұдыры көп жол. Тек жол талғамайтын көлік болмаса, асудан асу мүмкін емес. Бұрындары Көксу өзенінен өтетін көпір болмаған кезде, малшылар малды жайлауға осы асу арқылы айдаған. Жуырда өлкетанушылар мен географтар және тарихи-мәдени мұраны қорғаушылар бұл асуда 300 жыл бұрын қазақ-жоңғар арасындағы Қызылжар шайқасы болғанын анықтап, белгі қойды. Қора шатқалынан өрлей келген жауды 100 сарбаз осы жерден бір жеті өткізбей ұстап тұрыпты. Асудың жолы қорғаныстық шайқас жүргізуге қолайлы екені көрініп тұр. Бірақ бүгінгі бейбіт күнде ары-бері өткен жүргіншінің діңкесін құртатын да – осы жер. Асудан асқанша Қызылжар шайқасындағы сарбаздардан бетер титықтап боласың. Жол дегені болмаса, көлікке тым қауіпті. Сондықтан жүргіншілер сайға дейін жаяу жүруі керек. Егер жол жөнделіп, көлік жүруге қолайлы болса, Қора шатқалына сапарлайтындардың саны артып, тұмса табиғат туризм төріне айналар еді.

Таңғажайып табиғат

Қора шатқалында талай ғалымдар мен оқымыстылар зерттеу жұмысын жүргізген. Орыстың белгілі биологі В. Шитников 1908 жылы осы жерден әлемнің еш жерінде кездеспейтін бақа балықты (тритонды) тапқан. Бұл балықтың емдік қасиеті ерекше. Оның кептірілген ұнтағы сыныққа мың да бір ем. Биологтің «Жетісудың жануарлар дүниесі» атты еңбегінде мұнда құстардың 465-470, сүт қоректілердің 115-120 түрі бар екені айтылған. Айнала сан түрлі шөпке толы, көбісі – дәрілік шөптер. Мен шайшөп, адыраспан, изен, көкпек, таңқурай, бүлдірген, таужуасы, қалақай сияқты 30-ға тарта шөпті біледі екенмін.

Қора шатқалының күнгей бетіндегі жалама жартастарды тұтас бір галерея дерсің. Қаз-қатар тізілген қарағайлы алқап пен көкорай шалғынға аунап, таза ауамен тыныс алып, сарайың ашылады. Қыстағы қар көшкіні сай тағанына түсіп, қалың мұздық қалыптастырған. Қаратал өзені мұздықтың астынан ағып шығып жатыр. Жергілікті жұрт оны «Мұз көпір» деп атайды екен. Мұз көпір шатқалдың әр тұсынан кездеседі. Тау салқын болғандықтан сірескен мұз жаз бойы ерімейді.

Әулие тас

Әулие тас туралы аңыз көп. Соның бірінде, еш алаңсыз тірлік кешкен адамдар бір күні алапат жер сілкінісінен әбігерге түседі. Қатты сілкіністен үлкен тастар домалай бастайды. Сол уақытта үлкен жартас жолындағының бәрін жайпай төмен қарай жылжиды. Сайда тігулі тұрған  киіз үйде әйел толғатып жатады. Домалаған тас үйге соғылуға санаулы уақыт қалғанда әйел босанып, баланың шыр еткен дауысы естіледі. Сол кезде жартас киіз үйге тіреліп барып, тоқтап қалады. Содан бері «Әулие тас» атанады.  

«Әулие тасқа қос алақаныңды тигізіп тұрып тілек етсең, дұғаң қабыл болады»  дейтін сенім бар. «Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болсын» деп тіледік.

Сібірдегі Томск университетінің профессоры, географ, ботаник, этнограф Василий Сапожников 1903 жылы Қапалдан атпен шығып, Қора өзенінің жағалауын аралап, көрген-білгенін хатқа түсіріпті: «Өзен бойын 5 сағат бойы жағалап жүргенімізде алып тасқа кездестік. Қалың қарағайдың ішіне орналасқан. Мұны жергілікті қырғыздар (қазақтар) «Әулие тас» дейді екен. Таспен қатарлас өскен ағашқа түрлі түсті шүберектер байлапты. Осыдан жоғары өрлегенде алдыңыздан ғажайып сарқырама көрінеді». Сол Сапожников «Жетісу очерктерінде» сарқыраманың Бұрқанбұлақ деп аталатынын жазған.

Көз жасынан жаралған

Бұрқанбұлақ – адам аяғы баспайтын құз басынан құлай ағып жатқан жұмбақ құбылыс.

Аңызға жүгінсек, Бұрқан – анасының жалғыз ұлы екен. Алайда, ол тәкаппар әрі бірбеткей Қора сұлуға ғашық болады. Анасы олардың үйленуіне рұқсат етпей, тас қамал соғып, ұлын қамап тастайды. Бұрқанның ғашығын сағынғандағы көз жасы бұлақ болып ағады. Қамалдан асып төгілген суы Қора сұлудың өзеніне қосылады. Міне, содан бері екеуі тел ағысқа айналып, телегей-теңіз өзен болыпты. Баласынан айырылып қалған ананың көз жасы да әлі тыйылмапты. Бұрқанбұлақ сарқырамасымен қатарлас жылай ағатын кішкентай жылға осы «Ананың көз жасы», – дейді аңызды бізге жеткізгендер.

Бұлақтың жанына келсең, күркірген дауысы жүрегіңді тербейді. Суы тастай, мөлдір. Судың құлап түсіп жатқан жеріндегі тереңдік 1-2 метрге дейін барады. Су астындағы әр түсті тастар анық көрінеді. Шашыраған су жаңбыр тәріздес, ыстық ауа мен судың шашырап қосылған тұсы ерекше сезім сыйлайды. Суды кешіп, сарқыраманың астына бару қауіпті. Судың күшімен мұжылып жатқан жақпар тастың ұшқындары ұшып түсіп жатыр. Денеңе тисе, шымыр еткізеді. Сарқырама астына барсаң, одан да үлкені болуы мүмкін. Судың сарыны, шуылы бүкіл денеңді билеп, бойыңа жан тыныштығын орнатады.

Шынында да мұндай ауа, су, жер, көрікті де әсем жайлау ешбір жерде жоқ. Оны тек көрген адам ғана шынайы сезіне алады. Дегенмен, сол табиғаттың тамаша тартуы ел кәдесіне жарамай тұрғаны ғана қынжылтады.

Демалыс орны

«Ертеде Бұрқанбұлақ сарқырамасы маңындағы шалғынды алқапта қазақ үйлері өзіндік жарасыммен бой түзеп тұратын», – дейді жергілікті орманшылар. Бүгін осы көркем жерге «Таубұлақ» демалыс орны орналасыпты.

Аталмыш лагерь Талдықорған қаласындағы неміс үйінің балаларына арналып ашылған. Жаңа техникамен жабдықталған ток шығару құрылғысы, су тартатын насостар орнатылған. Бір мезетте 80 адамды тамақтандыра алатын асханада демалушыларға төрт уақыт тамақ жасалады. Шағын дәріхана, онда тау шөбінен бірнеше түрлі сусын дайындалады. Жаздық моншалар 24 сағат жылы сумен қамтамасыз етілетін электрлі жабдықтармен жабдықталған. Қыстық монша да бар. Бірақ ақылы, сағатына – 5 мың теңге. Тау басындағы нысан болғандықтан бағасына қарамай жуынып шығатындардың қарасы көп.

Бұл жерде демалғыңыз келсе, төрт не бес күнге бару керек. Шуға толы дүниеден алыстап, демалыстың рахатына бөленіп қайтасыз.

Әттеген-ай...

Ата-бабаларымыз осы жер үшін күресті ғой. Өкінішке қарай, бүгінде Қора шатқалына баратын туристердің дені – өзге ұлт өкілдері. Эвересті бағындырған Мақсұт Жұманов сияқты мықты жігіттеріміз бар. Алайда Жоңғар Алатауының мұздығына шығып жүргендердің тізімінде қаракөздеріміздің есімі көрінбеді. Есесіне, біздің азаматтар Анталияға барғыш. «Неге өз жеріміздің қадірін асырып, бағын ашпаймыз?!» деген сұрақ қана көкіректе қалады. «Таубұлақ» демалыс орнынан аттанарда: «Басқа елдің жігіттері үй салып, ірге жайып жатқан жерге біздің қалталы азаматтардың көзі неге түспейді?» - дейтін ойға да ерік бердік. Десе де ата-бабаларымыз қандай ұлан-ғайыр даланы мұраға қалдырып кеткенін түсініп, осы өлкенің перзенті болғаным үшін өзімді бақытты сезіндім.

 

Қажет АНДАС

Ескелді ауданы,

Жетісу облысы