ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНА КОРЕЯДАН БІР ТОП ДЕЛЕГАТ КЕЛДІ. МОНУМЕНТТІҢ АШЫЛУЫ

Уақыты: 12.08.2022
Оқылды: 2884
Бөлім: ТҮПСАНА

Биылғы жыл көптеген мерейтойлармен ерекшеленеді. Сонын бірі Корея мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік жобалар саласында байланыс орнатылды, ғылым мен өнер саласында көптеген іс-шаралар өтті.

Жыл басында Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға мемлекеттік сапары болғаны естен кете қойған жоқ. Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы бүгінгі таңда Қазақстан мен Корея Республикасы сенімді стратегиялық әріптестер екенін атап өткен еді. Осы орайда Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Бас консулы Пак Нечхон Жетісу облысына келді. Қаратал ауданына арнайы келген делегацияны қараталдықтар жылы қабылдады.

Оңтүстік Кореядан келген қадірменді қонақтар ең бірінші Үштөбе қаласындағы А.Пушкин атындағы мектепке бас сұқты. Мұнда Корей мемлекетінің дәрігерлері қараталдықтарға тегін ем жүргізеді. Денсаулық саласының арнайы мамандары 5 дәрігер (хирург, травматолг, ортапед, нейрохирург, невролог) мен 80-ге жуық ерікті үш күн бойы қызмет көрсетті. Кореядан келген денсаулық саласының мамандарына қаралушылардың саны өте көп. Олар арнайы медициналық аппаратқа түсіріп, науқастарға ем-дом жасады. Осындай екі ел арасындағы денсаулық саласы бойынша ынтымақтастықты көріп, бас консул Пак Нечхон дәрігерлерге алғысын білдірді.

Мұнан кейін Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков, Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Керімбек және Бас консул Пак Нечхон әкімдікте корей этносаралық бірлестік өкілдерімен және Қаратал ауданының тұрғындарымен жүздесті. Салтанатты жиынды жүргізіп отырған Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Керімбек ең бірінші сөзді Бас консулға берді.

Өз кезегінде Пак Нечхон: «Мен өз атымнан және Корей мемлекетінің атынан Қазақстан халқына рахмет айтамын. Біз Қазақстан Республикасын, оның ішінде, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласын қасиетті де киелі аймақ деп есептейміз. Біздің алтын бесігіміз деп санаймыз. Өйткені, қиын-қыстау кезеңде туған жерінен Қазақстанға жер аударылған біздің отандастарымызды қорғап, олардың өркендеп-өсуіне көмегін тигізді. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас одан ары нығая береді», – деп атап өтті.

Бас консулдың сөзінен кейін жиын диалогқа көшті. Жиынға келгендер екі мемлекеттің арасындағы достық қарым-қатынас жайлы өз ойлары мен ыстық лебіздерін жеткізді. Жиын соңында Болат Бақбергенұлы Жетісу жерінің тарихынан сыр шертетін кітапты Бас консул Пак Нечхонға табыс етті. Сондай-ақ, фестиваль аясында корей этносының қолданбалы өнер көрмесі, Қаратал ауданының табиғаты мен фаунасының көрмесі, корей асханасының шеберлік сыныбы, ұлттық ойындар, гала-концерт қойылып, қуаныш еселене түсті. Бұдан кейін делегация мүшелері Оңтүстік Корея жұртшылығы атынан қазақ халқына алғыс білдіру үшін «Достық» монументі мен мемориалының ашылу рәсіміне қатысты.

Монументтің лентасын салтанатты түрде Бас консул Пак Нечхон, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Керімбек және Кореядан келген лауазымды тұлғалар, Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков қиып, құттықтау сөз арнады. Салтанатты жиында мектеп оқушылары арасында «Достық» тақырыбында өткізілген байқаудың жеңімпаздарын марапаттап, қасиетті Бастөбе жеріне тағзым жасалды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Қаратал ауданы,

Жетісу облысы