ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА 100 БАТЫР ЖЕРЛЕНГЕН ТАРИХИ ОРЫНҒА ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Уақыты: 27.08.2022
Оқылды: 1842
Бөлім: ТҮПСАНА

Бір ғасырға ұласқан қазақ-жоңғар соғысында талай ерлік істер мен батырлықтың өлшемі болған үлкенді-кішілі шайқастар өткені мәлім. Бірақ кейінгі ғасырлардағы қоғамдық, саяси, әлеуметтік, тағы да басқа жағдайларға байланысты соның көбі ұмытылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін сол ұмытылған тарих мемлекеттің қолдауы және жергілікті жердегі тарихшы, өлкетанушылардың тынымсыз еңбегінің арқасында қайта оралды. Соның бірі 1640 жылы қазақ-жоңғар арасындағы «Орбұлақ шайқасы» болса, оның жалғасы болған «Қызылжар шайқасы да» қайта жаңғырды.

Бұрым

Бала шағымызда ата-әжелеріміздің тізесіне сүйеніп жатып, ол кісілер айтқан аңызға құлағымызды түретінбіз. Соның бірі былай өрілетін: осыдан 300 жылдың алдында қазақ ауылдарына тосыннан шапқыншылық жасаған жоңғарлар жолындағысының бәрін жайпап, қалың елдің көз жасы көл болып ағады. Осы тұста Құдайназар батыр ел ішінен іріктеп 100 сарбазды жинап, ел қауіпсіз жерге көшкенше қорған бола тұруды ойластырады. Әкесімен бірге ел қорғау жорығына 17 жасар қызы Гүлайым да аттанады. Олар жауды Қызылжар деген асуда тосып отырады. Қызылжар – ортасында арқырап өзен ағып жатқан, екі беткейі жалама жартаспен қоршалған тар шатқалда орналасқан асу. Еңістен келген жау төбеге шығатын басқа жол таппай осы мойнақтан аспақ болады. Жүз батыр жан алысып-жан берісіп шайқас жасайды.

Үш күндік жанталас шайқас барысында 100 сарбаз саны көп, күші басым жау жағынан тегіс құрбан болады. Шайқас бітіп, шамалы уақыт өткен соң жауынгерлерін іздеген ел азаматтары мүрдесі өртелген жүз батырдың шашылып жатқан сүйектеріне тап болады. Тек қол бастап жүрген Құдайназар батырдың күрек қасқа тісі мен қызы Гүлайымның өртелмей қалған бұрымынан танып, олардың сүйегін жинап, Құдайназар батыр мен қызы Гүлайымды бір жерге, басқаларын бір жерге арулап көміп, жүз батыр жерленген жерді «Жүз оба», батырдың қызы жерленген жерді «Қыз бейіті» деп атап аттанады. Содан бері үш жүз жыл бойы осы қоныстан қиыр жайлап кеткен ел ұрпақтарына осы шайқастың болғанын айтып, құлағына қ9юмен болды. Жылдар өтуімен қатар басқаларының аты ұмытылып, тек Құдайназар мен қызы Гүлайымның аты Қызылжар шайқасымен қатар аталып жүрді. Сол аңыз міне, бүгін ақиқатқа айналып, өз бағасын алуға мүмкіндік туды.

Жүз оба

Жетісулық өлкетанушылар мен Құдайназар батырдың ұрпақтары осы бір тарихи оқиғаның орнын анықтау үшін бірқатар ізденіс жасады. Жалпы еліміздің әр өңірінде 24 «Қызылжар» деп аталатын жер атауы кездеседі. Өлкетанушылар оның бәрін сараптап, жергілікті тұрғындардан деректер жинап, аңыз-әңгімелер негізінде аталған шайқастың орнын Ақсу ауданына қарасты Қапал шатқалында болған деп тұрақтандырды. Әрине, аңыз болып жеткен ақиқатты анықтау үшін сол өңірдегі жергілікті тұрғындар пікірі де салмақты. Ауыздан-ауызға айтылып жеткен аңыз-әңгімелер, тарихшылар мен шежірешілердің жазбасына және ақын-жазушылардың өлең-жырларына да қарауға тура келді. Сол қатарда өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Досбер Саурықұлының «Есенгелді би» дастанын атауға болады.

Ең қызығы, Қызылжар шайқасы болған асуда тұрып, осы дастанды оқысаңыз, өлеңде өрнектелген жер өзі сөйлеп кетеді. Осындай дәлелдер мен дәйектерді назарға алған Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы және жетісулық өлкетанушылар, Қызылжар шайқасының батыры Құдайназар Тәңірбердіұлының ұрпақтарынан құралған экспедиция 22 маусым күні Ақсу ауданы, Қапал ауылына қарасты жергілікті жұрт «Жүз оба», «Қыз бейіті» атап кеткен тарихи орын мен Қызылжар шайқасы болған асуға  сапар шекті. Көпшілік батыр мен оның қызы және 100 сарбаз жерленген қорым мен шайқас болған асуға белгі қойып, тарихты қайта жаңғыртты.

Түптен келгенде, Қызылжар шайқасы – XVIІ ғасырдың соңы мен XVIIІ ғасырдың басында орын алған ел қорғау жолындағы ұлы шайқастардың заңды жалғасы саналады. Қазірге дейін шайқаста қайтыс болған жүз сарбаздың екеуінің аты мәлім. Ал қалған 98 батыр сол кездері осы шайқас болған өңірді мекендеген төрт төлегетайдың, жалайыр, албан, суан, дулат руларының азаматтары деген болжам бар. Бұл ақиқатты анықтау алдағы уақыттың еншісінде.

Расында, ел қорғау жайлы сөз болса, көп жағдайда «Егеулі найза қолға алып, еңку, еңку жер шалған» ерлердің ісін ұлықтап, ерлігін әспеттеп, даңқын асырып келеміз.  Осы тұста: «Қазақ қыздарының ұлтымыздың тарихына қосқан үлесі неге насихатталмайды?» деген сұрақ туындайды. Ендеше сол батырлар мен ақындарды туған, ақылымен ел билеген және айбатымен жауды қуған аналар мен апаларымыздың есімін келешек ұрпақтың есінде қалдыруға неге құлшынбаймыз? Тарих пен шежіре деректерін парақтап көрсек, сонау  Сақ ханшайымы Тұмар ханымнан, бүгінгі Әлия мен Мәншүкке дейін қазақтың талай батыр қызы ел қорғаудың ерен үлгісін қалдырды. Бүгінде сол қатарға өзінің өлетінін біле тұрып елін, әкесін қорғау үшін басын бәйгеге тіккен Гүлайым Құдайназарқызының ерлігі ескерілмей жатқаны өкінішті-ақ.

Конференция

«Игі істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Жетісу өңіріндегі тарихшлар, өлкетанушылар, облыстық ақсақалдар және аналар кеңесінің мүшелері Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өткен «Қызылжар шайқасы: Құдайназар бастаған 100 сарбаздың тарихи рөлі» атты конференцияда бас қосып, тарихтың жаңа бетін ашты. Шара аясында бірнеше баяндама оқылып, көптеген азаматтың ұсыныс, өтініші тыңдалды.

Соңында конференцияға қатысушылар Қызылжар шайқасы қазақ батырларының ел қорғау жолында тізе қоса ұрыс жүргізген ерлік шайқасы деп танып, Қызылжар асуы мен Құдайназар батыр мен қызы Гүлайым және қазақтың жүз сарбазы жерленген, жергілікті тұрғындар «Жүз оба» мен «Қыз бейіті» деп атап келген қорымды Қазақстанның жергілікті маңызы бар қасиетті нысандары тізіміне енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, шайқаста мерт болған 98 батырдың тұлғасын анықтау, Талдықорған – Қапал жолы бойындағы Шынбұлақ арқылы Қызылжар шайқасы болған жерге баратын бұрылысқа жол белгісін қою, Қызылжар шайқасы болған асуды Жетісу облысының туристік картасына енгізу, М.Тынышпаев атындағы облыстық музейден Қызылжар шайқасының тарихы жинақталған шағын бұрыш және Талдықорған мемлекеттік архивінен Қызылжар шайқасына қатысты деректерді жинақтайтын арнайы орын ашу, тарихи орынды абаттандыру, Гүлайым Құдайназарқызының есімі мен ерлігін мектеп оқулықтарына енгізу, Жетісу өңіріндегі әлі де өз бағасын алмаған ел қорғау жолындағы шайқастарды анықтап, оны тарих керуеніне қосу мақсатында «Қызылжар шайқасы» жетісулық өлкетанушылардың қоғамдық бірлестігін құруға қатысты өтініштер айтылды. Конфененцияға қатысқан мекеме өкілдері бұл ұсыныстарды қолдайтынын білдірді.

Қажет АНДАС

Жетісу облысы