"АЛТЫН АДАМНЫҢ" БАССҮЙЕГІ ҚАЙДА? АРХЕОЛОГТЫҢ АҚЫРҒЫ АМАНАТЫ

Уақыты: 06.09.2022
Оқылды: 1518
Бөлім: ТҮПСАНА

«Шежіремді ұрлапты...

Зулапты күн.

Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын.

Алтын адам шынымен қазақ болса,

Білген екен құнының қымбаттығын!..»

Есік қаласына жол түскенде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың осы бір өлең шумақтары ойға оралады. Асыл жырды жүрегіңе тоқыған сайын бабалар рухымен сырласасың. Сол кезде құлағыңа тұлпарлардың дүбірі естіледі. Көз алдыңа ел тыныштығын қорғау жолындағы кескілескен шайқастар елестейді. Томиристің ерлігі еске түседі. Ұлы даламызда өркениет салтанат құрғанын, арғы тегіміздің тамыры тереңге кеткенін жан жүрегіңмен сезінесің. Бұл, әрине, қиял емес. Нағыз шындық. Оған дәлел – Есік қорғанынан табылған «Алтын адам».

Кездейсоқ сәттілік

Бүкіл әлемді таңғалдырған оқиға 1970 жылы болған. Есік қорымы оған дейін де біраз ғалымдардың нысанасына айналған. Мәселен, 1939 жылы шығыстанушы Александр Бернштамның жетекшілігімен қорғандарға қазба жұмыстары жүргізіледі. Ғалым өзінің еңбегінде обалардың бәрі дерлік тонауға ұшырағанын жазады. Сондықтан бұл жерді зерттеудің қажеті шамалы деген қорытындыға келген.

Ары қарайғы ізденістер де нәтижесіз аяқталып отырған. Сөйтіп қорғандарға деген көзқарас, ынта-ықылас бірте-бірте сейіле түседі. Егер 1963 жылы Есікте сел жүрмегенде, кім біледі, «Алтын адам» осы күнге дейін жер астында жұмбақ күйінде қалып қояр ма еді деп ойлайсың. Селдің қатты болғаны сонша, өзеннің жағасында орналасқан автобазаны шайып кетеді. Жергілікті билік қайтадан жаңа ғимарат салуды жоспарлайды. Жер телімі бөлінеді. Бірақ ол аумақта ескі қорғандар болған екен. Сондықтан құрылыс жүргізу үшін алдымен ғылыми институттың рұқсатын алуы керек. Бұл міндет археолог Кемел Ақышевтың тобына жүктеледі. 1969 жылы басталған қазба жұмыстары 1970 жылдың көктеміне дейін созылады.

Нәтижесінде, жер астынан «Алтын адам» жарқ ете қалған. Мүрдені қазып, ондағы жәдігерді ең алғаш көзімен көрген, алтын бұйымдарын түгендеген жас маман Бекмұханбет Нұрмұханбетов еді.

Басынан аяғына дейін алтынмен апталған қаңқа сүйектің табылғаны дүниежүзін дүр сілкіндірді. Баспасөздер жағымды жаңалықты жарыса жазды. Осылайша Бекмұханбет «Алтын адамды» ашқан алғашқы археолог ретінде танылды.

Міне, осы оқиғадан кейін тарихты қайта түгендеуге жол ашылады. Кешенді зерттеулер нәтижесінде көптеген құнды дүниелер жарыққа шықты. «Алтын адамға» қатысты деректердің жиналуына Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың сіңірген еңбегі зор. «Есік» мемлекеттік қорық-музейінің бой көтеруіне де мұрындық болған осы кісі.

«Алтынын алып, адамын ұмыттық...»

Тарихтың жаңа парақтарын ашуға саналы ғұмырын арнаған Бекмұханбет Нұрмұханбетовты халық «Бекен ата» деп кеткен. Осы мақаланың авторы кезінде археологтің көзін көрді. Журналист ретінде сұхбаттасты. Сондағы Бекен атаның ой-толғамдары көкірегімізде әлі күнге дейін сайрап тұр.

«Алтын адамды» зерттеуге сол кездегі саясаттың кедергі болғанын археолог ашына айтып еді. Тағы бір рет сөздерін ой елегінен өткізіп көрейікші. «Есіктен сирек кездесетін құнды жәдігердің табылғаны жергілікті мамандар тұрмақ, мәскеулік ғалымдарды да елең еткізді. Десе де, жоғарғы жақ «Алтын адам» табылған жерде қазақтың ата-бабасы өмір сүрді дейтін қорытынды жасауға асықпады. Тіпті, оны айналып өтіп, жалпылама сипаттауға тырысты» деген еді.

Осылайша кейбір ғалымсымақтар ежелгі өркениетті қазақтарға қимаған. «Алтын адамның» әшекейлерін, ондағы таңбаларды парсы елінен арнайы алдыртқан деген қорытынды шығаруға тырысқан. Бірақ көп ұзамай бұл қасаң көзқарасқа нүкте қойылды. Өйткені сол маңнан алтын құятын қалыптар табылды. Сақтардың мемлекеті болғанын айғақтайтын жәдігерлер жер бетіне бірте-бірте шығып жатты.

Алайда сол кездегі қоғам оған әділетті баға беруге асыға қойған жоқ. Ғылыми-зерттеу жұмыстарға барынша кедергі келтіруге тырысты. Осыған қатысты Бекен атаның айтқандары тағы бар: «Кезінде мен де ғалым болуды армандадым. Дайындығым да жеткілікті еді. Бірақ... Барлық мәселе осы біраққа келіп тіреледі. Егер сол шақта тарих ғылымына ден қойсаң қазақы пайымға, ұлттық көзқарасқа жоламау керек. Оны орындамасаң, өз обалың өзіңе. Мәселен, «Алтын адам» біздің өлкеден табылды. Бірақ сен оны «біздікі емес, бұл өлкеде ақсүйектер, ханзадалар болған жоқ» деп ат тоныңды ала қашуың керек. Киімдерін, әшекейлерін өзге елдің шеберлері жасады деп монография жазуың қажет. Осы секілді сенің мұратыңа сәйкес келмейтін толып жатқан құйтырқылық алдыңды кес-кестейді. Менің арым да, жаным да мұндай ұстанымдарды қабылдай алмады. Сол себепті жаман ғалым болғанша, жақсы археолог қалпымда қалайын деген берік шешімге келдім» деуінде үлкен сыр жатыр.

Айтпақшы, «Алтын адам» табылған алғашқы жылдары оның жарқыраған киімін әлемдік көрмелерге шығарып, біраз масаттандық. Ал, қаңқа сүйегінің қайда жатқанында ешкімнің шаруасы болмаған секілді. Алақайлап жүріп «Алтын адамның» басынан айырылып қалдық. Әлі күнге дейін одан хабар-ошар жоқ. Соның кесірінен сақ ханзадасына қатысты деректерге ғалымдар күні бүгінге дейін толыққанды зерттеу жүргізе алмай әлек. Қалған сүйектерінен де көз жазып қалар ма едік, егер Есіктегі қорық-музейі ашылмағанда?! Бекен атаның: «Алтын адамның» алтынын алдық, ал ішіндегі адамын ұмытып кеттік» деп күйінгені сондықтан.

Рухы мықты халық жеңімпаз

2011 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Есік» мемлекеттік қорық-музейі құрылды. Ол кезде Бекен атаның көзі тірі болатын. Мұражай директоры, тарих ғылымының кандидаты Гүлмира Мұхтарованың жетекшілігімен «сақ ханзадасының» сүйегін іздестіру жұмыстары қолға алынады.

– «Алтын адамның» сүйегі туралы әңгіме музей ашылған күннен басталды. Өйткені мұнда келушілердің дені «Сүйегі қайда?» деген сұрақты жиі қоя бастады. Өкінішке қарай, оның жауабын сол кезде ешкім тап басып айта алмады. Осыдан кейін бәріміз ойлана бастадық, – дейді Гүлмира Райылқызы.

Әрине, музей қызметкерлері сүйектің қайда екенін ең алдымен сол оқиғаға куә болған Бекен атадан сұрайды. Археолог оны Ә.Марғұлан атындағы ғылыми институтқа тапсырғанын айтады. Музей қызметкерлері дереу ат басын сол жаққа бұрады. Бірақ ешқандай нәтиже шықпайды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, іздеуді ары қарай жалғастырады. Шаң басқан архивтерді қопарады. Кірмеген есіктері қалмайды. Осындай табандылықтың арқасында сүйек Алматыдағы сот-медициналық сараптамалық институтынан табылады. Сүйек сақталған шағын қорапшаның сыртында «1970 г. Курган Иссык», ал ішіндегі қағазда «Сохранить до 1978 года. Сдал Н.Шаяхметов» деп жазылған екен. Бір өкініштісі, қаңқа сүйектің құрамы толық емес. Бас сүйегі жоқ болып шығады.

Отандық және шетелдік ғалымдар сүйектің «Алтын адамға» тән екенін, б.з.д V-IV өмір сүргенін анықтайды. Ары қарай қарай індетіп, ДНК құрамын тексеруге қаңқа сүйек жарамай қалған. Әбден мүжіліп, тозығы жеткен. Музей қызметкерлерінің келешекте жаңа технологиялар пайда болып, бүлінген сүйекті қайта зерттеуге мүмкіндік туар деген үміттері де жоқ емес. Ал бас сүйекті іздестіру жұмыстары әлі тоқтаған жоқ. Ол табылса «Алтын адамға» қатысты құпия толыққанды ашылар еді.

Қазіргі таңда «Есік» қорық-музейі ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Аумағы 443,5 гектар жерді алып жатыр. Оған Есік қорғанындағы обалар, Рахат және Өрікті, ортағасырлық Талғар қалашықтары сынды археологиялық ескерткіштер кіреді. Халықаралық байланыстар жыл өткен сайын жандана түсуде. Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей ғалымдарымен бірлескен қазба жұмыстары – соның дәлелі. Музейде 3000-нан астам жәдігерлер жинақталған. «Алтын адамның» ыдыс-аяқтары да осында. Енді сол жәдігерлердің қатарына Бекен атаның кабинеті де қосылды. Жұмыс үстелі, киген киімі, жол сөмкесі, ғылыми-танымдық мақалалары, бәрі-бәрі өткен күндерді көзге елестетеді.

Археологтың айтып кеткен аманаты да есімізде. Ол кісі «Болашақта бұл маңнан сақтардың өмір тіршілігін көзге елестететін музейлендірілген кешен бой көтерсе» деген арманын алға тартқан еді. «Алтын адамның» атамекеніне жан-жақтан туристер ағылып, қазақтың жерін әлемге паш етіп жатса қандай ғанибет! Өйткені бұл жәдігер сол құрметке лайық. Елдігіміздің символы!

Бекен атаның аманаты ойдағыдай орындалса одан ұтпасақ, ешқашан ұтылмаймыз. Қайта рухани иммунитетімізді күшейтеміз. Ал, рухы мықты халық – қашан да жеңімпаз.  

Болат МӘЖИТ

Есік қаласы,

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы