АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ НЕМЕРЕСІ ҚАЗҰУ-ҒА ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР СЫЙҒА ТАРТТЫ

Уақыты: 08.09.2022
Оқылды: 2111
Бөлім: ТҮПСАНА

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасында республикалық форум өткізілуде. Ұлт көсемінің туған күніне арнайы "дөңгелек үстелдер", кафедра профессорларының дәрістері, әдеби жыр кештері ұйымдастырылуда.

Атап айтатын болсақ, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Салқынбай «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін: Ақымет Байтұрсынұлы зерттеулерінің өміршеңдігі», ф.ғ.д., профессор А.Жақсылықов «Роль языка: история мировой цивилизации», ф.ғ.д., профессор О.Жұбай «Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темірқазық болар ұстанымның иесі» атты көшбасшылық дәрістер оқыды. Сонымен қатар, "А.Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы" деген тақырыпта "Қазақ филологиясы", "Қолданбалы қазақ тіл білімі" мамандығының 1-курс магистранттары арасында диспут болса, Ж.Абитжанованың ұйымдастыруымен «Қазақ руханиятының көсемі» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Шара шеңберінде «А.Байтұрсынұлы және тіл тағылымы» атты республикалық форумы өтіп, форум жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де болды.

Бүгін Ахмет атамыздың немересі Айман Қабиденқызымен кездесу болып өтті. Айман әже – Ахмет атаның қызы Шолпаннан туған жиен немересі. Айман әже Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан апайдың күйсандығын университет мұражайына салтанатты түрде табыстады.

Әрине, қазақ тіл білімінің негізін салушы, қоғам қайраткері, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мәдениет қайраткерінің жәдігері – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мұражайынан орын алуы студент жастар үшін құнды да бағалы, рухани байлыққа толы мәңгілік мұра болып қалары сөзсіз.

Айнұр АҚКӨЗОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы, PhD докторы