ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВҚА АРНАЛҒАН КӨШПЕЛІ КӨРМЕ ТАЛДЫҚОРҒАНҒА КЕЛДІ

Уақыты: 24.09.2022
Оқылды: 2085
Бөлім: ТҮПСАНА

Ол - қазақ халқының жүрегінен орын алған теңдессіз тұлға. Қилы заманды бастан өткерген ақжүрек елінің сан жылғы тартқан азабы мен мехнатын әділ билік салтанат құрған заманға жеткізіп, қырық жыл парасатты басшылық еткен кезеңінде елін езгіден алшақтатып, жұртының кіл асылын солақай саясаттың ызғарынан аман сақтап қала білді.

Шатқаяқтаған шаруашылық салаларын өркендетіп, рухани-мәдени өмірде де елеулі істерімен ұлы елдің уығын тік ұстады. Осылайша, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев алты Алаш баласының ақ таңына күндей себезгі сәуле тартып, артына өнеге шашты.

Осынау тұғырлы тұлғаның туғанына 110 жыл толуына орай ел көлемінде түрлі игілікті шара өрнек тауып жатыр. Күні кеше апайтөс қазақ сахарасының шаңдағын саф тұяғымен сазбалшықша илеп, шаңын аспанға атқан тұлпарлардың бәйгесі өтсе, бүгінде рухани шаралар мен әдеби-сазды кештер жалғасын табуда. Осынау ғибратты дүниенің өз кезегіндегі бір жалғасы Талдықорған қаласындағы М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде айшықталды.

Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен өткен рухани шарада Алматы қаласында орналасқан Қонаев музейіндегі Димаш атаның жәдігерлері көрермен назарына ұсынылды. «Дәуір данасы» атты көшпелі көрменің ашылу салтанатына Дінмұхамед Қонаевтың жақындары, жеке дәрігері, зерттеушілер мен музей қызметкерлері қатысты.

Шара барысында Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін артқарушы Жанар Салханова сөз алып, игілікті шараның мән-мазмұнына тоқталып өтті. Сонымен қатар, ол ұлы тұлғаның ұрпағы Диар Асқарұлы, Қонаев музейінің жетекшісі Елена Иванқызы бастаған көшпелі көрменің қадірменді қонақтарының иығына шапан жауып, құрметін көрсетті.

Өз кезегінде Елена Иванқызы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, қонаевтанушы, зерттеуші Қанипа Есдәулетовалар сөз алып, заманның заңғар тұлғасы жайлы тебірене естелік тарқатты.

«Дәуір данасы» көшпелі көрмеге Дінмұхамед Ахметұлының киген киімдері мен қызмет бабымен түскен фотосуреттері, тұтынған жеке заттары қойылды. Жетісулық көрермен назарына ұсынылған осынау 43 экспонат парасат иесінің өзін көргендей көңілге қуаныш ұялатты. Көзілдірігі, ыдыстары мен жазуға арналған заттарының өзі ұлт мақтанышына деген құрметті еселеп, ішкі жан әлемімізге жылулық сыйлағандай күйге түсірді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы