ШОҚАННЫҢ ҚҰНДЫ ЗАТТАРЫ САҚТАЛҒАН МУЗЕЙДЕ МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 28.11.2022
Оқылды: 1860
Бөлім: ТҮПСАНА

Еуропа жұртшылығына Қытайға қарайтын Қашқария мемлекетін таныстыруға елеулі үлес қосқан этнограф ғалым Шоқан Уәлихановтың өлшеусіз еңбегі аса құнды. Ұзақ жыл бойы әлемдік картаға енбеген өлкенің тауы мен тасын, өзені мен көлін, оған барар жолдар мен шығар соқпақтарды қағаз бетіне түсіріп, жергілікті халықтың дүниетанымын танытатын жыр-дастандар мен ертегілер жазып алған ғалымның аты-жөні адамзат руханиятында ерекше аталатыны сондықтан. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, біз бүгін аққан жұлдыздай қысқа ғұмыр кешкен Шоқан Шыңғысұлының мол мұрасын қаншалықты бағалап жүрміз?

Биылғы күзде Жетісу облысына ресми сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шоқан Уәлихановтың өмір жолы мен өлшеусіз еңбегін насихаттау арқылы отандық туризмнің кең тыныс алуына мүмкіндік беруге болатынын атап өткен еді. Содан бері Кербұлақ ауданының Шанханай ауылдық округінде орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейінде қарбалас тіршілік басталып, мұражай жанындағы ғылыми-мәдени орталықты жөндеу жұмыстары қолға алынуда. 90-шы жылдардың тоқырауында қараусыз қалған ғимарат әбден тозып, қираудың алдында тұрды. Оған дейін Уәлиханов еңбегін зерделеуге келген ғалымдардың орналасуына мүмкіндік беретін қонақүй, конференция залы, асханасы жұмыс істеген нысанға қайтадан көңіл бөліне бастағанына ауыл тұрғындары дән риза.

Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінің жетекшісі Марал Рахатованың айтуынша, музей Астана, Алматы, Талдықорған қалаларының тұрғындарына кеңінен таныс. Оған себеп – ірі қалаларда көшпелі көрме ұйымдастырудың ыңғайлылығы.

– Мысалы, Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи этнология институтында көрме өткіземіз. Институттың мамандары мен зерттеушілері бізге арнайы келеді. Мына іргеміздегі ғылыми орталық ашылса келген қонақтар қона жатып, ғылыми жұмыспен айналысар еді. Ғылыми конференция, «дөңгелек үстел» отырысы сынды түрлі шара өткізіледі, – деген музей директоры аса өзекті мәселе бар екенін жасырмады. – Қазақстанның киелі орындарының тізіміне енген музей 1985 жылы салынған. Сыртқы көрінісі ашылған кітап сияқты жасалып, ішкі жағы киіз үй іспетті әрленген музейде Шоқан Уәлихановтың құжаттары, өзі таққан парша белбеуі, өзге де құнды бұйымдары сақталған. Музейге маман жетіспейді. Шалғай ауылдағы музейге жұмыс істеуге сырттан келетіндерді қызықтыра алмайсыз. Президент тапсырмасынан соң жастар ойланып, ауылымызға келер.

Ол үшін ауыл жастарын музей ісіне қызықтырып, жоғары оқуға жіберуді қолға алу керектігін алға тартқан журналистердің ұсынысына Шанханай ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Дуанаев келер жылдан бастап мемориалды музейге күрделі жөндеу жұмыстары жасалатынын, соған байланысты қажетті мамандар алдыру мәселесі қолға алынатынын жеткізді.

Келешекте Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейі цифрлық технологиямен жабдықталып, жұртшылыққа қызмет көрсетеді. Өйткені, музейге жылына 2 500 адам келіп, Шоқан мұрасымен танысады. Оған қызығушылардың саны болашақта арта түсері анық.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы