Тарихи бетбұрыс

Уақыты: 29.11.2017
Оқылды: 1195
Бөлім: ТҮПСАНА

Бұл күнде латын әліпбиі Еуропа, Азия, Африка және Америка құрлықтарының көптеген мемлекеттерінің жазу жүйесіне негіз болып отыр. Бұл жазу жүйесі, сонымен қатар, әрі құрлық, әрі мемлекет болып табылатын Австралияның, сондай-ақ, әлем мұхиттарындағы Жаңа Зеландия, Индонезия, Филиппин, Исландия секілді аралдағы мемлекеттердің де жазу үлгісіне айналып кеткен. Біздің елімізде латын әліпбиіне қайта оралу туралы қоғамдық көзқарас 1994 жылы көтерілді. Содан бермен қарай, бұл көкейкесті бастама ондаған «дөңгелек үстел» мен ғылыми конференцияларға арқау болды және бұл мәселені жан-жақты талқылау барысында түйінделген пікірлер мен ұсыныстар әрдайым ақпарат құралдарында жарияланып отырды.

Олардың басым көпшілігі латын таңбасына көшу бастамасына қолдау білдірді. Демек, осы уақытқа дейін тілге тиек болып келген көкейкесті мәселенің пісуі әбден жетті және ең бастысы, біздің қоғам латын графикасына деген заманауи бетбұрысқа ешбір асығыссыз әрі тиянақты дайындалды. Нәтижесінде, илеуі әбден қанған қоғамдық пікірді ескере отырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің латын графикасына өтуі туралы нақты пайымын 2012 жылы «Қазақстан – 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға тартқан болатын. Енді міне, араға бес жыл салып, Елбасы 2017 жылғы Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруының басталғанын жариялады және тек жариялап қана қоймай, сол Жолдауды іске асырудың нақты тетіктерін өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мен Бурабайда «Хабар» агенттігіне берген сұхбатында түбегейлі айқындап, мемлекеттік тіліміздің латын графикасына кезең-кезеңмен өту жолдарын біржолата түйіндеп берді. Сондықтан, Елбасының бұл тиянақты ұстанымы күллі халқымыздың көкейінен шығып, қоғам тарапынан жаппай қолдау тапты. Сосын мемлекеттік тіліміздің латын графикасына көшуі туралы Президент бастамасы халық қалаулылары мен белгілі саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, тіл мамандары, қоғамдық ұйым мүшелері және жаңа әліпбидің жобасын әзірлеген мамандар тобының қатысуымен өткен «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда да жан-жақты қолдау тапты. 
Дәл осы тұста жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында қазақ тілінің латын графикасына өтуін еліміздің рухани даму жолындағы тарихи бетбұрыс екеніне ғана назар аударып қоймай, Елбасының ағылшын тіліне де ерекше мән бергенін атап өтудің жөні бар. Себебі, латын графикасының ағылшын тіліндегі нұсқасының орфоэпиялық ресурстары мен мүмкіндіктері өте мол, сондықтан да ол ресурстар мен мүмкіндіктерді бүгінгі күн тәртібінде тұрған қазақ-латын нұсқасын қалыптастыруда жете пайдалану қажет. Бұл пікірді мен қазақ және ағылшын тілінің кәсіби маманы ғана емес, сол тілдерде соңғы 50 жыл бойы оқып, жазып, тыңдап, сондай-ақ, дәріс оқып жүрен ұстаз ғана емес, сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарыма күнделікті пайдаланып жүрген, сондай-ақ, қазақ және ағылшын тілдерінің грамматикалық, фонетикалық, орфографиялық заңдылықтары мен орфоэпиялық мүмкіндіктерін білетін және оларды сараптап, салыстыра алатын лингвист ғалым ретінде айтып отырмын. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, Елбасының қазақ тілінің латын графикасын қалыптастыруда диакритикалық белгілерден аулақ болуды ескертуі өте орынды. Өйткені, латын графикасын өз жазу жүйелеріне іргетас етіп отырған роман тобындағы француз, испан, португал тілдері мен герман тобына кіретін батыс және шығыс герман және скандинавия тілдерінде, сондай-ақ, кейбір славян тілдерінде латын таңбаларының асты-үстіне қойылатын диакритикалық белгілер шаш-етектен, ал ағылшын графикасында олар жоқтың қасы. Тіпті, ағылшын тілді «Word» форматындағы компьютердің пернетақтасында диакритикалық белгілер жапсырылған таңбалар атымен жоқ, яғни, әріптер тап-таза орналасқан. Үшіншіден, осы тұста басын ашып алатын және бір түйткіл бар. Ол ағылшын тілінің «Word» форматты компьютер пернетақталарындағы апострофқа (’) қатысты. Себебі, апострофты диакритикалық белгі деуге мүлде болмайды, өйткені ол – ағылшын тіліндегі тәуелдік жалғауының немесе кейбір сөздердің қысқарып қалатын әріптерінің орнына қолданылатын, сондай-ақ, пернетақта бетінде қолжетімді жерде жеке орналасқан толыққанды таңба. Сондықтан да бұл таңбаны (’) 1928 жылы қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов өзі ұсынған қазақ-латын әліпбиінің нұсқасында жуан дауысты [а], [о], [ұ] дыбыстарының жіңішке сыңарлары ретінде, яғни, Аа, Оо, Ұұ әріптерінің [ә], [ө], [ү] болып дыбысталуын қамтамасыз ететін ең ыңғайлы тетік ретінде қолданған болатын. Сонда «Әлім», «әзәзіл», «өндіріс», «өлке», «үнемшіл», «үндестік» деген сөздердің латын графикасындағы сипаты «A’lim», «a’za’zil», «o’ndiris», «u’nems’il», «u’ndestik» болып таңбаланар еді. Төртіншіден, латын графикасының британдық нұсқасы 2500 жылдық тарихы бар латын әліпбиінің ең жетілдірілген үлгісі екенін естен шығармаған жөн және осы үлгіге негізделген заманауи компьютерлердің тұтынушыларға пернетақта аумағымен ғана шектелуге толық мүмкіндік беретінін ескерген абзал.
Бұл тұрғыдан келгенде латын әліпбиінің ағылшын графикасындағы нұсқасы Президент назар аударып отырған ұстанымға толық сәйкес келеді. Бесіншіден, латын графикасында бар болғаны 26 әріп бар және олардың алтауы дауысты дыбыстардың, ал қалған 20-сы дауыссыз дыбыстардың таңбалары. Солай бола тұрғанмен, бүгінгі таңда, әлемнің жүздеген тілінен енген кірме сөздерді қоса есептегенде 1,5 миллион сөздік қоры бар жаһандағы ең бай тіл саналатын ағылшын тілінде 44 дыбыс бар. Өйткені латын әліпбиінің ағылшынша нұсқасындағы әріптер сөз ішінде тұрған орнына қарай, түрліше дыбысталады. Кейде жекелеген дауыссыз дыбыстарды таңбалау үшін екі әріптен тұратын диграф немесе үш әріптен тұратын триграф қолданылады. Сондықтан да, ағылшын графикасының орфоэпиялық ресурстарын шегіне жеткізе пайдалана білсек, олар қазақ тілінің төл дыбыстарын ғана емес, осы уақытқа дейін әлем өркениетінен қазақ тіліне еніп, сөздіктерімізде тіркелген немесе болашақта тіркелетін терминдер мен неологизмдердің құрамындағы дыбыстарды да бұлжытпай, дәл таңбалауға қауқарлы. Алтыншыдан, бүгінгі жаһандану заманында ағылшын тілі БҰҰ ресми тілдерінің бірі ғана емес, бірегейі, өйткені аталмыш алпауыт халықаралық ұйымның ең негізгі жұмыс тілі де осы ағылшын тілі. Жетіншіден, латын графикасына негізделген ағылшын тілі озық ғылым мен білімнің, заманауи инновациялар мен заманауи технологиялардың, халықаралық көлік пен логистиканың, халықаралық банктер мен қаржы жүйелерінің, халықаралық заңдар мен конвенциялар жүйесінің, миллиондаған халықаралық терминдердің, сондай-ақ мемлекет лидерлері қатынасатын әртүрлі халықаралық саммиттердің және ең бастысы ғаламтор мен ақпараттық коммуникация технологияларына негізделген миллиардтаған тұтынушылардың сұраныстарын санаулы секундтарда қанағаттандыратын «Google», «Yahoo» cекілді заманауи іздеу жүйелерінің де, сонымен қатар, бүгінгі таңдағы олимп басында тұрған цифрлы технологияның да іргетасы. Сегізіншіден, латын графикасына көшу – бүгінгі таңда біздерде қолданыста жүрген үш деңгейлі, сондықтан да жыпырлаған таңбаларымен жанарды шаршатпайтын бір деңгейлі таза пернетақтаға көшудің ең төте жолы.

Демек, Елбасының қай тұрғыдан болмасын, асығыстыққа жол бермей, қазақ-латын әліпбиін күллі қоғамның талқысына салғаны бекер емес. Ендеше, еліміздің Рухани жаңғыруының алтын арқауы – тіліміздің табиғи болмысын сақтап қалуға бағытталған және көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан өркениет көшінен еліміздің қалып қоймауын көздейтін тағдыршешті бастамаға белсенді атсалысқан абзал.
Әділ АХМЕТОВ,
Ресей және Қазақстан Халықаралық
жоғары мектеп ғылым академияларының академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор.