Мағжан Жұмабаев фельдшер болғанын білесіз бе?

Уақыты: 06.06.2023
Оқылды: 1007
Бөлім: ТҮПСАНА

«Сұм өмір абақты ғой саналыға...» деп жырлаған қазақ поэзиясындағы қайталанбас ақынның бірі, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың медицина қызметкері болғанын көпшілік біле бермейді, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Өзімізде бұл ақпаратты алғаш естігенде таңданып қалғанымыз рас. Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың осынау жолға қалай түскенін толығырақ білу үшін медицина ғылымдарының докторы, профессор Әлихан Досахановты сұхбатқа тарттық.

El.kz: Соңғы жылдары Алаш қайраткерлері туралы көптеген зерттеулер жасап жүргеніңізді білеміз. Мағжан Жұмабаевтың фельдшер болғанын да естіп қалдық...

Әлихан Досаханов: Иә, Мағжан Жұмабаев біздің ең сүйікі ақынымыз ғой. Мұхтар Әуезов «Бірінші Абайды сүйемін, екінші кереметтей өзінің орны бар, жарқыраған Мағжанды сүйемін» деген. Біз де солай. Абайдан кейін, осы Мағжан ұлы ақын. Оны Валерий Брюсовтың өзі қазақтың Пушкині деп атаған.  

Бірнеше жылдан бері Алашорда қозғалысына қатысқан дәрігерлер мен алғашқы фельдшерлердің өмірі мен қызметі туралы кітап жазып жүрмін. Тәуелсіздіктің арқасында 14 жыл бұрғынғы НКВД, УГПД-ның және СПЕЦ архивтерін қарауға мүмкіндік туды. Мұрағатты ақтарып отырып қатты әсер алдым. 8 қап дело алып келді. Олардың барлығында Алашордашылар. Мен Алматада қараған 11 дәрігердің ісі бар екен. Сотталғандар ісі. Ал мынау неге көп десем? Сөйтсем Алашордашылар мен алғашқы дәрігерлер тығыз қатынаста болған екен.

Солардың ішінен Мағжан Жұмабаевтың ісін алып қарадым. «Анкета арестованного» деген бар екен. Сондағы профессия деген жерін Мағжан өз қолымен толтырған. Бірінші писатель, екінші медицинский фельдшер депті. 

El.kz: Сол фельдшерлікке қалай келгенін тарқатып айтып берсеңіз? 

Әлихан Досаханов:  1930 жылы Мағжан Жұмабаев сотталып, лагерьге түсті. Оның қасында Ленинградтық Фирсов деген профессор, академик бірге отырған. Екеуі әңгімелесіп, бір-бірімен танысып болған соң, Фирсов айтады: «Мағжан сен енді, если Всевышний позволить біздер осы лагерьден шығамыз. Содан кейін қандай қызмет істейсің? Сенің мамандығың жазушы. Сен байларды жазасың, хандарды жазасың, бұрынғы ескілікті аңсайсың. Ол саған жұмыс болады ма? Сен одан нан таба алмайсың. Екінші, сен учительсикий семинарияны бітіргенсің. Саған мұғалім болуға тағы болмайды. Ол идеологиялық жұмыс. Сондықтан қандай формация болсын, капитализм болсын, әр уақытта дәрігерлер мен фельдшерлерге қажеттілік бар. Сондықтан сен мына Ленинградта медицинский фельдшерлікті оқы. Мен саған көмектесейін»,-дейді. Осыдан кейін Мағжан сол жерде оқыған. Оған жұбайы Злиха Ленинградта тұрып Мағжан отырған лагерьге оқулықтарды алып келіп отырған. Солай 18 рет барады. Жақсы оқып, 1936-шы жылдың басында лагерьден шығады. Ленинградқа барып емтихандарды жоғары бағамен тапсырып, фельдшер деген диплом алады. 

Сондай дәрігерлердің ішінен 23 адам атылып кетті. Олардың істерін қарап отырсам «Приговор вышей меры наказаний» деп жазған. ВМН деп жазады. Сосын атылады. Содан кейін Москвадан КГБ арнайы анықтама береді. Анықтаманы қарасам Мағжан 1938 жылы 18 наурызда атылды деп жазылған. Алматының сыртында бір жерге лақтырып, көміп тастаған. Осы ақпараттарды естіп-біліп, жыладым. Себебі, не баласы жоқ, не моласы жоқ. Қандай ұлы ақынымыз. Біздің мақтанышымыз. Сұмырай, жендеттер. Сталиннің  тоталитарлық режиміне деген кек, ызада шек жоқ. 

El.kz: Жаңа сөз арасында сондай дәрігерлердің 23-і атылып кетті дедіңіз. Олардың арасында Алаш зиялыларынан тағы біреу-міреу болды ма?

Әлихан Досаханов:  Иә, болды. Мәселен, Міржақып Дулатов. Біздің «Оян қазақты» жазған кәдімгі ұлы жазушымыз. «Қазақ» газетін Ахмет Байтұрсыновпен бірге шығарушы. Ол да фельдшер болған. Міржақып 1935 жылы октябьрдің 5-інде лагерьде, Сосновец стансасында отырып дүние салды. Сол Міржақып Дулатовтың да ісін алып қарағанда, ерекше сезімді бастан өткердім. Жанның ашуы. Күю. Жылау. Екінші жағынан – мақтаныш. Халел Досмұхамедов айтқан ғой «Бізде ертеректе бірнеше адам әлемді таң қалдырды. Әледмі таң қалдырған адамдардың ішінде біздің қазақ пен қырғыздар да болды деген. Біздің Мағжан, Міржақыптар солардың бірі». Міржақып қайтыс болған кезде, қысында бірге болған Мырзағазы Есболов өзі құран шығарып жерлеген сол жерге. Сол Мырзағазы да фельдшер болған. Ол да көрнекті Алаш қайраткері. Алаш орданың армиясы құрылған кезде сол әскери кеңестің басшысы болған.

Алғашқы фельдшерлер өте ғажайып адамдар болатын. Қандай қасиеттері бар еді. Ең бірінші, оларда сезім болды. Олар отансүйгіш болды. Олар елі үшін жанын беруге даяр болған. Және сол жолда атылып кетті де. Қазақтың мүддесін қроғаймын деп құрбан болды. 

Сосын, олар білім мен ғылымға жаны жақын болды. Міржақып айтады ғой «Білмдінің жүрген жері жарық» деп. Өздері жақсы білім алған. Университетке түспей тұрып Реалдық училище деген болған. Соны бітірген. Бітірген соң 3-4 тіл біліп шығатын. Олар кемінде 4, көбі 8 тіл білген. Мысалы, мен Санжар Асфендияровтың ісін қараған кезде де ерекше сезімде болдым. Ол кісінің паспорты, әскери билеті, өз қолымен жазылған автобиографиясын, барлығын көрдім. Сол білімдерінің арқасында неше түрлі жұмыстарды атқара алды. Одан бөлек Бейсенғали Абдрахманов деген фельдшер болды. Ол 1930-жылдардың басында нарком здравоохранения болды. Халел менен Санжар екеуі Алматыдағы қазіргі Абай атындағы пед университетті ашқан. Және бірінші Қазақ Ұлттық Медициналық университетті ашқан. Бірінші ректоры болды. Өздері жазып, оқулықтар шығарған. Аудармалар жасаған. 

Мен де еңбек жолымды «медицинский брат», фельдшер болып бастағанмын.  1967 жылы. Әріптес болып шықтым мінекей.

El.kz: Алаш зиялыларын сізбен бірге зерттеп жүрген тағы кімдер бар?

Әлихан Досаханов:  НКВД-нің архивтерінде жұмыс істеген Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелдиев, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы және тағы басқа 10 шақты ғалым зеріттеді. Дина Аманжолова деген қарындасымыз өте белсенді қызмет істеп жүр. Сонымен қатар «информационно аналитический» центрде, ішкі істер министрлігінде жұмыс істейтін Айгүл Шаяхметова, Дарья Алиева деген қарындастарымызға мыңда бір ризашылғымды білдіремін. Көптеген материялдарды қарап, танысуға мүмкіндік туғызды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Фото: alash24.kz