Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы

Уақыты: 30.07.2016
Оқылды: 2241
Бөлім: ТҮПСАНА

Еміс-еміс естігеніміз: «Бір ақынның өлеңі баспасөз бетінде жарық көруі деген – зор бақыт. Онда сен шынымен де дарындысың, жалындысың. Ал кітап шығару деген            жең ұшынан жалғасатын жұмыс емес. Әр сөзің сыншылардың сауытын тесіп, жүрегінен өтсе ғана төл жинақтың иесі атанушы едік», – деген сарындағы ертегілер. Ертегі емей не? Бүгінгі шайыры шалқып, жазушысы жыпырлап жүрген заманда... Тіпті туындысын әдеби сын, електен өткізбей төтеден кітап жазып, шығарып жатқан тұста бұл кешегілердің, алдыңғы толқын ағалардың ертегісіндей көрінеді. Осы тақырыпты қаузай бастағанда қабағыңды түйесің де аянышты көзбен қарайсың. «Е, бақытсыз қаламгер, бейнеті қалың бейбақпын десеңші», – деген ой көмейіңе кептеледі де  кері қайтады. Алайда, олар жазған туынды өміршең. Жас толқынның шығармасы таңғы шықтың тағдырына ұқсас келеді. Неге? Шешімі қиын есеп, жауабы ауыр сұрақ деп осыны айтуға болар, бәлкім.

Сол ертегіні езіп жүрген қаламгер қауымның туындысын оқығанда, қиялың қаулап, басың ауырлап, өмірді өзгеше жағынан танисың. Жігерді жанисың, бір сөзбен айтқанда, рухани байисың. Ғаламат туындыларды тудырған деп айту артық болар, бірақ қазақтың арғы-бергі тарихын, басынан кешкенін, жақсы-жаман тірлігі мен мінезін суреттеп берді. Тасқа басты. Бұл арада, жазушыларды емес, ақжарма жыр­дың иесі болып өткен,  бір сөзі хал­қының ұранына айналған ақындар жайлы айтып отырмыз. Кешегі жыраулық поэзия өкілдерінен тартсақ та, Абайдан қозғасақ та, жыр – қазақтың жаны екенін ұғынамыз. Хәкімнің:  «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы», – де­ген сөзін қағида еткен кейбір жас қа­ламгерлер жайлы әңгіме қозғау қиын мә­селе. Басты дауға қалдырып, тынық күнде жау көбейтер тірлік десек те болады. Бірақ, сөздің парқын пайымдаған, тентегін тезге салып, оған көнбесе, сөзбен сыбап тура жол­ға түсірген елдің кейбір жас қалам­гер­лері құбыласынан айнымаса да, баба­лар­дың ғұмырнамасына көз салмайтындай.

«Ақын өтсе өмірден – жылағаным», – деп жырлаған еді мұзарт таудың мұзбалағы Мұқағали. Иә, ақиық ақын айтқандай, шайыр өтсе шарайна жер шайқалғандай күйге түсіп жоқтайтынымыз бар. Кешегі Тұманбай мен Қадыр, Фариза мен Есенқұл өмірден зырғып аққанда расымен де қапа бол­дық. Өмірдің өтпелі екенін білеміз. Алай­­да, қара өлеңнің қабырғасын қалаған, қара ошағын маздатқан өр тұлғалы өрт жандардың кеткені, халықтың ерке перзен­тінен айырылғаны қиын-ақ. Сондықтан да, Мұқаң айтқандай, ақынның бақилыққа бет түзеуі қабырғаны қайыстырады. Ал олар­дың бүгінгі бөлтіріктері баспасөз бетінен жарқ етіп шыққанын көргенде «заманды қалай жырлайды екен, заңғар тұлғалармен иық тірестірер дарыны бар ма» деген ойдан бұрын, жыры жақсы бір ақын келді деп қуанамыз. Сөйтеміз де, оларға Мағжан мен Қасым, Төлеген мен Мұқаңдар арқалауға жүрексінген «ақын» деген жүкті арта сала­мыз. Өйткені, дарқандығы даладай халық: «Кешегілер айта алмаған ақиқатты айтып, бү­гінгі күнді жыр арқылы тарихта қал­ды­рар ақындар осылар-ау», – деп үміт­тенеді. Сол сенімнің артылғанын түсіне ме, әлде, түсінгісі келмегендей күй таныта ма, кім білсін? Ақынмын деп астамси қарап, аспан әлемінен жарқ етіп түскен сәуледей сезініп жүрген жандар бой көрсетуде. Түрін түс­теп, атын әйгілеп керегі жоқ. Аламанға қо­сылған тың жүйрікті бәйгетөбе басынан барлап үйреніп қалған халық өзі ажыратып алары күмәнсіз.

Иә, үздігін үкілеуді үйреншікті әдетіне аналдырған елдің перзенттері, әдебиетші қауымның ықыласына бөленіп үлгерген жас шайырлары да жетерлік. Олардың жы­ры шынымен де жақсы-ақ. Оқырманға ой саларлықтай шымыр шумақ, тапқыр теңеу, әдемі ұйқасты өлеңдері ел жүрегіне жетіп те үлгерген. Бұған қарап қуанамыз. Темір­хан мен Әмірхан, Маралтай, Жарастардың немесе Қалқаман мен Ерландардың буы­ны­мен шектелмей, жаңа буын, жаңа леп кел­гені іш жылытар дүние. Бұған алақан ұрып шаттанудың қажеті қанша, әдебиет әлемінде қалыптасқан заңдылық қой дейтіндер де табылар. Бірақ, жыр жолындағы ғасырлық сарынның үзіліп қалмауы үшін жұмыс жасайтын жаңа буынның мойнына артылар жүк те, сенім де зілді болып келеді. Міне, сол үддеден шығып жүрген жастардың қа­тарында: Мерген Тоқсанбай, Ардақ Тошын­бай, Нұрболат Жолдасбек сынды азаматтар бар.  

Бұл ақындардың есімі елге танылып келе жатқанымен де, төрт аяғын тең басып тайпалған тұлпардай жырлардың иесі деп айтуға келмес. «Толқынды толқын қуады» сынды бір ойдан желі үзіп кете алмай, шығыршықты шыркөбелек айналғандай күйдегі туындыларына көз жібергенде көңілің қайтып, шығармашылығымен толық танысудан бас тартқандай боласың. Алайда, өз заманымның шығармаларынан мақұрым қалмау мақсатында, амал жоқ, өзіңді-өзің қамшылап, қинап, өлеңіне амалсыздан тел­мі­ресің. Кейде, жырларынан кешегі қа­лам­герлер жазып кеткен тапқыр теңеу­лерді байқап қалғанда  «жастар неге тыңнан түрен салмайды» деген ойға қалатынымыз да жасырын емес. Жалпы айтқанда, поэзияның балауса өкілдері жайлы қозғайтын әңгіме жеткілікті.

Мұхтар Әуезовтің «Сын – шын болсын, шын – сын болсын» деп айтқан ғибратты сөзі еріксіз еске түседі. Бабалардың айтқа­нын әңгіме арасында тұздықтап отыратын әдетіміз бойынша осы бір тәмсілден қиыс кетпей, Мерген Тоқсанбайдың толғақты жырларына шүйлігіп көрелік. Адам біреуді сыбап алам десе сылтау, сынаймын десе сы­нық табылады екен-ау деген ойдан аулақ бол­ған жөн. Осы бір ойды оқырман наза­рына салып, кешегі поэзия мен бүгінгі ақын­дардың жырларындағы алшақтық неден бастау алғанына мән берсек...

Негізінде, Мерген Тоқсанбай тақырып таңдау, оны өзіндік иірімімен шегіне жеткізе толғауға жетік. Алайда, Хақты таныған ке­шегілердің шамырқануын шамдану, теп­сінуін тіксіну деп ұққандай, кіршіксіз поэ­зияға былапыт сөзді қоса өретін қыры таңдандырды. Бұл ойымен ол мінезді поэ­зияның иісі атанғысы келді ме?.. Жұмбақ. Мер­ген ақын жуырда елді дүрліктірген «жер» тағдырына шайыр ретінде үн қосып, «Қаһар» атты жыр жазған болатын. Ол өлеңін:

Атаңның басы бірлік пен татулық саған!

Мүлгісе,  мейлі,  мүлгісін мақұлық санаң, – деп шамданумен  бастапты. Ал бұл жер­дегі «Атаңның басы» шамырқануды көрсе­тетін сөз деп айтудың, ақындық ойын ел алдында арашалап алудың өзі қиын-ақ. Бұл жырын Махамбеттің: «Хан емессің, қасқыр­сың, қас албасты басқырсың», – деп Жәң­гірге айтқанына немесе Баймағамбет сұл­тан­ға қаратып «Ханым, ханым дегенге, кө­тере берме бұтыңды, көптіре берме ұртың­ды», – деген шартпа-шұрт шақта шұбата төккен өлеңіне жақын деп айта аламыз ба? Жоқ, олай баға беру әдебиет деген айдынға тас атумен тең. Сондықтан да, Мерген қан­ша мінезді ақын болса да, оның жыр жолда­рындағы «Атаңның басы» деген сөз, Махам­беттің «албасты» және «бұтыңды» деген теңеулерінен әлдеқайда тұрпайы көрініп, құлаққа түрпідей тиеді.

Сонымен қатар, Мергеннің «Келе жа­тыр» атты өлеңіндегі бір тармаққа келгенде көз сүрініп, көңіл күпті болады. Анығырақ айтқанда:

Ілігісер адам таппай келеді,

Боқтайтын бір... шешеден, – деп жыр­лайды. Мейлі, ақын не ғалым, өмірден түңілген данышпанды жазып отырсаң да кіршіксіз поэзияның өне бойын күйелештеп, нас сөзді тұмар қып тағудың керегі қанша? Жоқ, әлде Абайдың «Адам бір боқ көтерген, боқтың қабы»  дегеніндегі нәжісті теңеуге қолданғанына қарап, хәкім айта алмаған дүниені айтып, мысал етпеген сөздерді өлең өлкесіне әкелгісі келгені ме? Бұл да жұмбақ. Осы бір жыр жолдарын қайтара, қайыра оқып шыққан соң түпсіз тереңіне тартқан дария-ойдың құшағына сүңгідік. Сүңгідік те, Мұқағалидың «Құрып кетсін көре алмас пәтшағарлар», – деген сұлу тармағындағы «пәтшағар» атты ауыр сөздің аса бір шебер­лікпен қаланғанына таңдана түстік. Күпілі жырға шекпен жапқан шайырдың қазақ сөзінің кіл маржанын теріп, жаратуға келмес ауыр дүниелерді мінсіз өре білгендігі, еріксіз бас идіргендей... Бәлкім, Мерген бабалар көшіне ілесуді арман етіп, солар сынды сөз саптаймын деген оймен, «ананы ауыздан ұрғызып», «атаны өрім қамшымен қасқа бастан салғандай» теңеуді өміршең өлеңмен бірге өргісі келген болар. Алайда, тезге түзелмегенді сөзбен түзейтін текті жұрттың мөлдір өнеріне сұрқай сөзді алып келіп, жаңалық ашқандай болудың қажеті ша­малы...

Әңгіменің әлқиссасында айтылған ал­дың­ғы толқынның ертегісінің тағы бір нұс­қасы мынау: «Біз кітапты көп оқушы едік. Дүкенге баспаның иісі бұрқыраған жинақ келді дегенде, кітап аламын деп кезекте тұрған қараның соңы келесі көшеге жалғаса барушы еді. Пай-пай, неткен кітапқұмар жандар десеңші?! Ол кездің ақындары һәм ойшылдары бүгінгідей мың сан топ, жүз­деген қағанаттан тұрмақ емес. Олар аз бол­ғанымен де қазақтың бір-бір тау тұлғасы еді. Ал бүгінгілер не, жел тұрғызған төбедей басына қара білетін қаймана шығып кете барады. Бұл абыроймен ақын атанғанша, жазуды қойғаны дұрыс-ақ», – деп пәлсапа соғып, ертегісінің соңын ызғармен аяқтай­ды. Елдің аузынан ауызға жұқпай таралған бұл ертегінің және бірінде олар біздің за­манды көре алмайтындай кескін байқат­қан. Әлеуметтік желінің дамыған кезінде үйде жазып ақын атанып жүрген қатарлас­та­рым­ды сонысымен де тістеп-тартып, тарпып-теуіп жүретіндей. Оған өзі туған ғасырды, сымсыз сөйлесетін зағип заманын кінә­ла­сын, – деп іштей менде өзімше кіжінемін. Сөйтсек, алдыңғы толқынның бір білгені бар екен.

Бүгінгі таңда әдебиет әлемінде де, әлеу­меттік желіде де біршама бой көрсетіп қал­ған жастың бірі  – Ардақ Тошынбай. Бұл ақынның да қаламынан туған туындылар­дың саны біршамаға жеткенімен де, кемшін түсіп жатқан жерлері мен бір қайнауы ішін­де қалған, шабытсыздықтан шала туған шаранадай күй кешіп тұрған өлеңдері бай­қалады. Тіпті, бір өлеңіндегі қатар тұрған қос шумақ біріне-бірі қайшы келіп, өлеңінің мәнісін қашырып тұратындай. Оған дәлел «Бүгін, міне, апа кетті өмірден» атты жыры.

Ардақтың бұл шығармасында:

Әрбір секунд, әрбір минут қымбат-ақ,

Өмір бізді Алла жолында сынамақ, – деген тармақ бар. Бұл ақынның поэзияға пейілсіз келгендігін аңдататындай астарсыз, арзан өлең деп білемін. Мәселенің мәнісі ұйқастың шымыр құралмағанында тұрған жоқ. Өмір сыйлаған Алланы тағдыр жарат­қандай қылып өрнектегенінде. Әсілі бізді жоқтан бар еткен Жаратқан, ал ол бізді «өмір жолында» сынайды емес пе? Ал Ар­дақ­тай қазақтың қара домалақ баласын, қара өлеңге жаны ғашық ақынын, Өмір жаратып, Алла жолында сынайды-мыс. Бұл санаға сыймайтын, қайталап айтып, тарқатып бе­руге де болмайтын өлең сөздері деп түсі­не­мін. Абай салған сара жолда жүрген жан­дардың поэзиясындағы «ғаріптің таяғын­дай қалтыраған» сөздердің жүргеніне қарның ашады. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», – деп данышпанымыз айтпаса, М. Әуезов қалаған «сын мен шынның» бұрқасынын тұрғызар едік-ау деп күрсінесің.

Он сегіз мың ғаламды бір кемшіліксіз жаратқан, адамды бәрінен ардақты еткен Ал­ланы танымау, қатты айтсақ: нағыз на­дан­дық болар еді. Бұл жолда жыраулық поэзия өкілдері де, Абай, Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрімдер, кешегі Мұқағали сынды маңдайалды шайырларымыз Тәңірді танып, Пайғамбарын тілге тиек, жырына дәйек етіп кеткен. Өмір берген Алла сондықтан да оларды алты Алаштың айбынды тұлғасы етіп, биікке көтеріп қойғандай. Ал бүгінгі жастардың Жаратушы жайлы толғанған өлеңдері жаға ұстатпаса да, түңілдіреді. Сол қатарға Нұрболат Жолдасбек есімді жас ақынды жатқызуға болады. Ол:

Қысқа өмірді қалғыған қоратын кім?

Құс Тәңірдің алтындап қанатын күн, – деп жырлайды «Хұтб» атты туындысында. Нұрболаттың «Құс Тәңір» сөзін абстракты десек те, оқырман санасымен түйсінсек те қи­сынға келмейді. Ал шариғи қалыпқа сал­сақ, лағынеттің құлағына сыбырлаға­нынан жазғандай адам аздырар теңеу. Өйткені, Алланы құс секілді көкте жүр десек те, басқалай алып келсек те ақылға сыймайды. Діннен сауаты бар адам, Жаратушыға мекен беріп, сипаттамаса керек-ті. Бұл бір.

Ал өмірден озған жолдасына арнап жазған «Өгей» атты туындысында:

Міне, енді пойыздың ішіндемін,

Түсінбедім төмендеп кішіргенін.

Ана отырған пайғамбар пішінде кім, – дейді Нұрболат күрсіну мен түршігу, әспет­теу мен әсірелеуге бой алдырып. Ықылым заманнан бері дінсіз ғұмыр кешпеген қай­мана қазақтың төрінде ілінген сурет не ата­сы, не болмаса заманымыздың заңғар тұл­ғалары екені даусыз. Осы жерде Пайғам­бар­дың суретін төрге қаққан жан бар ма екен деген сауал туындайды. Ал пайғамбар­лық­тың пішіні деп теңейтіндей, олар адам сұл­басында болмағаны ма? Біле білсек, олар да адам, тек иманы жағынан Жаратқанның ризашылығына бөленген әрі адамзатқа жол бастаушы болып келген жандар. Сол себепті де Нұрболат ақын «пайғамбар пішін» атты теңеуімен поэзия әлемінде жаңалық ашқан болып саналмасы анық.

Жалпы қазақ поэзиясының балауса өкі­лі­нің бойынан жаңашылдыққа деген ұм­ты­лысты, астарлы сөз құрауды жиі бай­қай­мыз. Алдаспанның екі жүзі болатындай, бұл қасиеттің де жақсы мен жаман жағы бар. Біріншіден, шабыт үстінде астарлап жазға­нын қарапайым оқырман түсіне ме? Ол үшін шайырмен бір өлеңнің тағдыры жөнінде кеңінен сұхбаттасу керек-ті. Екіншіден, Мұхтар Шаханов айтқан «Поэзияда әлем­дегі айтылмаған ой айтылуы керек», – деген сөз, бас шұлғып келісетін сөз бе? Неше мың­жылдықтан бері адаммен бірге жасасып келе жатқан поэзия әлемінде айтылмаған ой, қозғалмаған тақырып бар ма? Олай болса ондай тың дүниені астарлы теңеусіз-ақ халқына паш етсе жеткілікті болар еді. Осы жағынан келгенде бүгінгі жас ақындардың сөз саптау мен өлең құрауына қарап таң­данбасқа шара жоқ. Жақсы екен деп таң­дан­сақ игі ғой, өзге ғаламшардан ғасырымызды жыр­лауға келгендей сезінгендігіне, Махам­бет­тің «менін» менмендікке айналдырған­дай болғанына қынжыла бас шайқайсың.

Поэзия жайлы емес, жалпы поэзия әле­мінде жүрген жастар жайлы айтар сөз бен дақ­пырт елдің арасында кең етек алған. Олар жастар не сандырақтап жүр демесе де, «бүгінгі өлеңді түсінбейтін болып барамыз. Аспанауи әлемнен түскен бе, жоқ біз сөздің парқын түсінуден қалып барамыз ба», – деген ойларын талай қуыс құлақ шалып қалған. Ақын болып алшаңдай басып жүр­ген­дегі, мұң жастанып, түн баласы кірпік қақпай қағазға телміріп, ақыл сауғандағы алған абыройымыз бен жеткен жетістігіміз осы болса, жоғарыда аталған Мерген ақын айтқандай, «атаңның» дегің келеді...

Тылсым әлемнен телміре қарап, түсінуге келмейтін ойларды орағытып өлең құрай­тын ақындардың саны да, жауыннан кейін қаптайтын саңырауқұлақша нөпір. Жуырда «Көктемгі идиллия» атты алғашқы жинағы шыққан Айбол Исламғалиев осы айтқан­дарымызға дәлел болатындай. Ол бір өлеңін­де:

Жылайды құлшылық:

бала­ғын түрмеген күмбездің басында,

Мен болсам қартайған құмдардың

                      қолымен сипадым жүзімді.

Қаралы аспанға қонбаған сөздердің

                                         қанаты, расында,

қастерлі жолдардың көзінде үзілді, – деп жырлайды. Сондай-ақ тағы да:

О, Ұлығым,

Қайтар енді жанымды,

Ақ гүлдерге орап бер де шашылған...

Соның үшін көктен жеткен әр үнді

Көбелектің жүрегіне жасырғам, – деп өлең өріпті. Осы бір екі шумақтан өз басым түк түсіне алмадым. Мүмкін, оқырмандар айтқандай, біздің түсіну, түйсіну қабіле­тіміз шайырлардың шабыт үстіндегі ойы­мен астаса алмайтын шығар. Алайда, Қа­дыр ақынның қадіріне жетіп, Тұманбай жыр­­ларын тұмар қылып таққан жандардың өресі еңкіш тартып барады дегенге сене ал­маймыз. Сондықтан да, ақындар санды­рақ­тап барады деген жөн.

Бүлік саламын деген адамға ілікке бір­деңенің табылатыны анық. Алдыңғы тол­қын­ның ертегісіне сүйенсек, жаһандану дәуірінде өмір есігін ашқан жандар жаһан­намға барғандай күңіреніп, әлиф әріпін таяқ деп білместен діни терминдерді жы­рына арқау етіп, тұздықтап, аспаннан  адам тіршілігін бақылап жүрген сыңай таны­та­тын­дығы қызық-ақ. Көпірген езу, көп сөй­леп кеткенін білмес. Айта берсек, Алтай мен Алатаудың арасындағы ақынмын деп жүрген кейбір жастардың жырларындағы «құ­діреттің» түсініксіз болғаны қын­жыл­тады.

«Поэзия махаббаттан басталып, пара­сат­тылықпен аяқталмақ» деген тәмсілді қалам ұстаған жанның бәрі біледі. Ал­ғаш­қы баспалдағы саналатын махаббат жө­нін­де де талай дүниенің басын шалуға болады. Мысалы, Мұқағали «Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған», – десе, Тұ­маға «Сенің көзің қара да емес, көк те емес», – деп ғажайып сыршылдықпен сұ­луын суреттеген. Бұл жыр жолдары Абай­дан бастау алған. Нақтырақ айтсақ, хәкім­нің «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, ала­сы аз қара көз нұр жайнайды» деп бас­та­латын жырынан. Ал бүгінгі кей ақындар бұл сүрлеуден де сүрініп кетіп жатқаны белгілі. Сезімі суынып, қоштасатын шақта жазған кешегілердің жөні бір бөлек те, бүгінгілердің сүйгенінен жырақтағандағы жыларман болған жырлары тіпті басқа. Бір сөз­бен айтанда, Мәжнүннің сандыра­ғын­дай. Егер олар шын мәнінде шетелдің арынды да дарынды ақындарына қарап бой түзесе, олардың шығармашылығымен таныс болса, Пабло Неруданы бір қайырған болар. Ол өмір мен өлімді ғана емес, қоштасудың кермек дәмін бір адамдай татқан ақын. Сондай бір жырында:

      Ол өзен, болмас шет мұнда,

      Өзгеріп тұрар тек мұнда

                      жағалаулар мен еріндер, – деп махаббаттың бәрі баянды болмай­ты­нын, кездесер орын мен сүйісер еріннің өзгеретінін, бұл сезімнің өзінше бір заңды­лы­ғы екенін көрсетіп кеткендей. Ал біздің еліктегіш кей жастарымыз осы тұсын емес, қиялға мініп қыр асқандығын бойына дарытқандай. Бұл айбынды қазақ елінің азаматтарына, ақындарына жат қылық...

...Өмірдің өзі өлең. Көкірек көзінен өтер дүние жетерлік. Ал біз сүрген қоғамда жырға айналуға сұранып тұрған күрделі мәселелер баршылық. Жалпы айтқанда, біз­дің ғасыр да тарихта қаларлықтай оқи­ғалармен бедерленуі тиіс. Осы жағы­нан келгенде болашақтың алдында «қиялилар­дың ғасыры» атанып жүрмесек жарар еді.

Өлеңді өмірім деп білген бабалардың лайлатпаған мөлдір жырларымен иық ті­рес­тіретін туындылар әлі келер өмірге. Таң­ғы шықтай таза поэзиямыздың тағдыры сол таң шығындай келте болмас. Алайда, ға­сырлармен астасқан, жылдармен жал­ғас­қан әдебиетіміздің бүгінгі күні түсініксіз бо­лып оқылмай қалса, қасірет деген сол бо­лар. Жырында дәуірлік қасірет пен намыс­ты оятып, жігерді жанитын, өмірдің өзгеше қырын, жалғандығы мен баянсыздығын, бейопа екендігін көрсетер «сөз патшасы – өлеңді» өмірдің таспасындай танытқан кешегілердің жалғасына жарты ауыз сөз осы-ақ. Хәкім Абайша айтқанда, өз сөзім өзімдікі. Сөзге тоқтаған халықтың ұрпағы екені рас болса, бұл ойым бір керегіне жарап қалар.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ