ӨНЕРЛІ ҰСТАЗ

Уақыты: 02.08.2016
Оқылды: 3030
Бөлім: ТҮПСАНА

Шиен орта мектебінің ұжымы заман талабына сай білім беру жолында нәтижелі қызмет етіп келеді. Алтын ұядан жыл сайын білімді де өнерлі қарлығаштар асқақ арманмен түлеп ұшады. Мұнда өз ісінің шебері саналатын тәжірибелі педагогтің бірі – музыка пәнінің мұғалімі Роза Қауменова.

Ол осында жеті жылдан бері музыкадан сабақ береді. Оның жетекшілігімен мектептің «Жас ұлан» ұйымы жұмыс істейді. Жуырда талантты шәкірттері Айдана Садыр­баева мен Ақерке Садырқан «Екі жұлдыз» байқау­ына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі деген осы ғой. Өзі де ауыл, аудан сахнасында әуелете ән салатын Роза бұл күнде жаңаша жұмыс жоспарын құрып, шығармашылық ізденіске шындап ден қойған. Соның бір айғағы, мектепте 10-сынып оқушыларының қатысуымен «Ақылды мысық» қуыршақ қойылымын ұсынып, көрерменді ерекше әсерге бөлеуі.

Ізденімпаз ұстаз «Балауса» би тобы және дарынды оқушылармен жұмыс жүргізеді. Олар бүгінде аудандық, облыстық өнер байқауларында жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Алдыңғы толқын аға-әпкелерінен үлгі-өнеге алып, «Ұстаз бақыты шәкіртімен» деген қанатты қағиданы берік ұстанған Роза Сайлаубайқызы өз мамандығының биік белесіне ұмтылуда. Өнерлі ұстазға біз де дарынды шәкірттерің көп болсын демекпіз.

 

Шиен ауылы,

Жамбыл ауданы.