Тәрбиеге жауапты ата-ана ма, ұстаз ба?

Уақыты: 06.08.2016
Оқылды: 2366
Бөлім: ТҮПСАНА

Бала – адамның бауыр еті. Сондықтан халықтық ортада ата-ананың, бүкіл елдің бақытын балаға, саналы ұрпаққа теңеген. Қазақ халқында баланың дүниеге келуі мен өсуіне байланысты тәлім-тәрбие берудің жүйелі мектебі қалыптасқан. Бойына бала біткен келіншек болмысында теріс мінезі болса өзін іштей тәрбиелеп, тек жақсылық жасап, жақсы ой ойлап жүруге тырысқан. Осы тұрғыда құрсағында баласы бар ана немен шұғылданса, бала соған бейім келеді. Дана халқымыз ұлтымыздың болашағы балалар мәселесіне үлкен мән беріп, зор жауапкершілікпен қараған. Бір даналықта: Нәрестелі болған екі жас көнекөз қарияға баланы тәрбиелеу үшін ақыл сұрағалы келген екен. Сонда қария: «Балаларың өмірге келгелі қанша күн болды? – деп сұрайды. Екеуі баласын қырқынан шығарып келіп отырғанын айтады. Қария басын шайқап: «Тәрбие беру үшін 9 ай, 49 күнге кешігіп қалған екенсіңдер», – деген екен.

 

Халқымызда «Баланы жеті жасқа дейін патшаңдай күт, он төрт жасқа дейін құлша жұмса, он бестен асқан соң досыңдай сырлас», – деген қағида бар. Бала жеті жасқа келгенше емін-еркін өсіп, ойын ашық айтатын алғыр болып  қа­лып­тасады, жеті­ге толып белі қата бастаған баланы әр іске ара­лас­тырып, еңбекке үйретсе, ол іскер және еңбекқор болады. Он төрттен асқан баламен ер­кін сөйлессе, оның ертеңгі үлкен өміріне жол сілтеп, маза­лап жүрген мәселені шешуіне мүмкіндік туады. Сол арқылы ұл ертеңгі абыройлы әке, елді қорғайтын жауынгер, ұлттың намысын жоғары қоятын ер-азамат болуға тәрбиеленеді.

Негізінен саналық та, дана­лық та адам бойына отба­сы­ның тәлімі, ата-ананың көр­сет­кен үлгісі арқылы дариды. Ал баласы тәрбиелі, үлгілі болса ата-ананың абыройы асқақ. Осыған орай «Балаң жақсы болса мақтанып жүресің, балаң жаман болса жасқанып жүре­сің», – деген сөз орамы қалып­тасқан. «Адам ұрпа­ғымен мың жасайды» деген сөз тегін ай­тыл­маған. Өйткені бала – отба­сының негізгі діңгегі, дәне­кері. Адамға нағыз бақытты – тәр­бие­лі ұрпағы ғана сыйлай ала­ды. Жас кезінен бала жауап­кершілікке тәрбиеленсе, мек­теп­­тегі міндеттерін оңды орын­­дайды.

Қазіргі кезеңде қазақ халқ­ы­ның өмірінде бұрын-соңды бол­­маған оқуға, еңбекке, қо­ғам­дық өмірге ықыласы жоқ балалар саны күннен-күнге артуда. Есе­сіне олар халқы­мыз­ға жат жа­ғым­сыз қылық­тар­ға еліктеуде. Бұл мәсе­лені тудыратын себеп­тер­дің бірі – отбасы тәрбиесін­дегі ата-ана­ның жауапкершілік сезімінің жоқтығы. Екінші себеп – отба­сын­­дағы маскүнемдік, ұрыс-керіс, ажырасу. Бала тәрбие­сін­де ата-ананың мінез-құлқы шешуші рөл ат­қарады. Үшінші себеп – отба­сында ұл балаға үнемі жеткі­ліксіз көңіл аудары­лып, ата-ана оның жан дүние­сіне, қалауына жете үңіле біл­мейтіндігі. Даңқты батыр Бауыр­жан Момышұлы бала тәр­биесі жөнінде былай депті: «Мен үш нәрседен қорқамын. Біріншісі, өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, немересіне ер­тегі айтып бере алмаған әжеден, үшіншісі, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан. Бала тәр­бие­сіне отбасы жауапты. Се­бебі, мектеп қабырғасына әр­түрлі тәрбие алған балалар ке­леді. Жауапкершілігі мол, тәр­тіпке үй­рен­ген бала сабақтарда ұстаз­дың тапсырмаларын бұл­жыт­пай орындайды, үй тап­сыр­масын тың­ғылықты жасап келеді. Оқу­шылардың ата-ана­сы, ол мектеп­тен келгенде қан­дай баға алға­нын, не нәр­сені үйренгенін сұраса, алған баға­сына риза ма білгісі келсе, бала өзінің бағасына сыни тұрғыдан қарап, өзі жіберген олқылық­тарын мойындап, жі­бер­ген қателіктерді жойып отырса, ал ата-ана оны кінәламай, жәр­дем­­дессе, шамаларына қарай сонда оқудың нәтижесі оңды бо­лар. Ал ата-ана баласының не оқып, не істегенінен бейхабар болса, ол өз баласына көмек көрсете алмайды»

Оқу мен тәрбие егіз. Мұға­лім оқы­­ғысы келмейтін баланы да оқы­­та білуге тиісті. Сабаққа дайын­­­далмай келген, мұғалім бер­ген тапсырманы орында­ма­ған бала осындай жайды әдетке айналды­рады. Мұндай оқушы­лар сабақ­тар­да тәртіп бұзып, ерігіп, сынып­тас­тарының маза­сын алып, мұғалімге сабақты қа­жетті деңгейде түсін­діруге ке­дергі жасайды немесе оқуға қызығушылығы жоқ болған­дықтан әртүрлі сылтауды ойлап тауып, сабаққа қатыспайды.

Осындай мәселелер туын­да­мау үшін бастауыш сыныпта оқу­­шы­лар сабаққа үнемі қаты­сып, тап­сырмаларды орындап орта буынға оң дағдылармен ке­луге тиісті.  Әр оқушы мұға­лім­нің наза­ры­нан тыс қалмауы ке­рек. Ал орта буындағы әрбір на­шар тәртіптегі, үлгерімдегі оқу­шыларға сабақ сайын тапсырма беріп, оның орын­далуын қада­ға­лап, еңбектенуге дағдылан­дыр­ған дұрыс. Сонда ғана бұл мә­селе шешіле бастайды.

Балаға ата-ана мен мұға­лім­нің қоятын талабы бірдей бол­ғаны жөн. Егер тәрбиеде қа­ра­ма-қай­шы­лықтар орын алса, ол оңды нәтиже бермейді.

Отбасында да, мектепте де тәрбие ұлттық салт-дәстүрге,  ха­лықтық педагогикаға негіз­делуге тиіс. «Жас жеткін­шек­те­ріңізді көр­сетіңіз, мен сіздердің бола­шақ­та­рыңызды айтып бе­ре­мін», – деген шығыстың ғұла­масы әл-Фараби. Адамның құді­реті санасында, сондықтан да әр­бір адам саналы өмір сүріп, ғұ­мырын ұрпақ тәрбие­сіне ар­на­са, ол алға қойған мақ­са­тына да, байлыққа да, бақытқа да қол жеткізе алады. Егеменді ел­іміз­дің көсегесін көгертетін, қазақ ғылымын дамытып, дүниежү­зі­лік аренаға көтере білетін терең бі­лімді жігіттер мен қыздарды тәр­­биелеу – күн тәртібіндегі бірінші мәселе.

Баланың жігерін жасытатын үкімді баға беру. («Сен дұрыс сөйлей алмайсың» деген сияқты ке­сімді ұғымдардың әсері жа­ман). Осыдан кейін баланың тауы шағы­лып, талабы қайтып қалатыны анық. Сондықтан бас­тауыш сынып­тағы балаларды үнемі көтермелей жетелеп тәр­биелеудің мәні зор.

Бастауыш сыныпқа келген бала нашар оқыса, тәртібі жа­ман бол­са да істеген әрекет­те­ріне те­ріс те зілді баға бермеуі­міз керек. Оның жекебасының намысына тиетін сөздерді ай­тып, жан дүние­сін жара­ла­мауы­мыз қажет. Мұндай әре­кеттер баланың өміршең тал­пы­нысына нұқсан келтіріп, ар­ман­дары мен сенімдерін жоғалтуға әкеліп тірейді.

Тағы бір атап айтарлық жайт, жет­кіншекті басқа бір баламен са­лыстыра бағалаудағы жі­бері­ле­тін әділетсіздік. Мұн­дай әрекеттер ар­қы­лы бала қыз­ғанушылық, өзім­шіл­дікті қалай сіңі­ріп алғанын байқа­май қа­лады.

Сонымен бала түсініскен ор­та­да тәрбиеленсе оның төзімді де жігерлі психикасы қалып­тасады. Ол өзінің әр қадамына баға бе­ріп, жауапкершілігі арта­ды. От­басында, мектепте, өз дос­та­ры­ның арасында алған тәр­биенің арқасында ол кез келген жағ­дай­ға бейімделіп, білімін өз қа­жет­тілігіне, игілігіне пайда­ланып, шығармашыл, өз-өзіне сенім­ді тұлға бола алады, жасқаншақ­тықтан айырыла алады.

Бүгінгі  баланың психикасы өзгеше, олар тоталитарлық жүйе­ден нарықтық жүйеге өту про­цес­­тері кезінде дүниеге келген­дер­дің ұрпағы. Сондықтан олар­дың психо­логиясы да өзгеше. Сондықтан баланы жаңа көз­қа­распен тәр­биелеу үшін, үлкендер жағы жас­тардың психологиясын түсінуі керек. Егер олар өзін-өзі баланың ыңғайына қарай өзгерте алмаса, ары қарай тәрбиелеу қиындай түседі. Күш көрсету ар­қылы тәлім жүргізуге бол­майды. Бұл баланың келешегіне балта шабумен тең. Үлкендердің қатал­дығы мен қаты­гез­дігі арқылы ба­ланы жөндеймін деу де ақылға сыймайды. Тек қана мейірім мен сүйіспеншілік, төзімділік нәтиже береді. Жеткен жетістіктер әді­летті бағаланғанымен тым асыра мадақтаудың да орын алмауын қадағалау керек. Артық айтқан мақтау сөз жақсылық әкелмейді.

Тәрбие туралы пікірім дә­лел­ді болсын деген мақсатта «Ба­ланы кім босаңсуға жібереді жә­не оны қайтаратын кім?» де­ген сұрақ бойынша әр буында оқи­тын оқу­шылар және мұға­лім­дер­ден сауал­нама алдым. Олардың жауаптары төмендегідей: орта буын­дағы оқу­шылар өздерін кінә­л­айды, жоғары буындағылар өздерімен қоса ата-аналарын және ұстаздарын да жауапты санайды. Олардың пікірі: «Ата-аналар мен ұстаздар бас­тауыш сыныптарда біздің ойын баласы екенімізді көп ескермеді, бізбен күн сайын қара терге түсіп тың­ғы­лықты үй тапсырмаларын орын­дауға жәрдемдеспеді, сон­дықтан біз ойнап кетіп, жауап­кершілікке тәрбиеленбегенбіз», – дейді. Ал ұстаздар бала тәрбие­сіндегі олқылық ата-аналардың жауапкершілігінің төмендігінен орын алады деген пікірді алға тартуда. Осыдан шығар қоры­тынды ата-аналар бала алдын­дағы жауап­кершілігін жете сезі­ніп, отбасы тәрбиесінде жібері­ліп жатқан кем­шілікті ұстаздар қауымы түзеуге тырысып, бала­мен жеке жұмыс жүргізсе,  олқы­лықтардың орнын толтыруға болады деп ойлаймын. Бұл ретте ұстаз ата-анамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, балаға қатысты мәселені бірлесіп шеш­кені жөн. Баланың да пікірімен санасқан орынды. Сонда тәрбие жұмысы өз деңгейінде жүреді деп білемін.

Анаркүл Қабылбекова,

Панфилов атындағы орта мектептің мұғалімі.

Кербұлақ ауданы.