Жақсының жақсылығын айт

Уақыты: 09.08.2016
Оқылды: 1532
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Хасенов  Елтай Хамзаұлы  1936 жылы тамыздың    27-і күні Қостанай облысы Меңдіқара ауданындағы Бесағаш деген ауылда дүниеге келген.

 

Мектеп бітіргеннен кейін Қостанай қаласындагы Ақсу орта мектебінде зертханашы және бастауыш сыныптарда мұғалім болып істеді. Бір жылдан кейін Алматыға келіп АЗТМ-де фрезеровщик ма­ман­дығын меңгерді.

– Кішкентайымнан агро­ном болуды армандаушы едім, сол арманым орындалып,  Қа­зақ­тың ауылшаруашылығы институтының агрономия фа­куль­тетіне түсіп, ойдағыдай бітіріп шықтым, – дейді   Ел­тай Хамзаұлы.

Институтты бітіргеннен кейін Қарабалық ауыл­шар­уашылық тәжірибе стан­сы­сында кіші, аға ғылыми қыз­меткер, кейіннен мал азығын дайындау бөлімінің мең­геру­шісі болып қызмет істейді.

– Менің ғылыми жұмыс­пен тыңғылықты шұ­ғыл­да­нуы­ма себепші болған Ауыл­шаруашылығы министр­лігі­нің ғылыми басқарма­сы­ның сол кездегі төрағасы Шав­кет Чултуров болды, – дейді Ел­тай Хамзаұлы. – Қа­ра­балық тәжірибе стансы­сының есеп беру жиналысы біткеннен кейін мені Шавкет Мах­му­тович шақырып: «Жа­са­ған баяндамаң маған ұна­ды», – деді. Ғылыми жұ­мыс­ты әрі қарай жалғастыру тура­лы ақы­лын айтып, кеңес бер­ді.

Елтай Хамзаұлының өмі­ріндегі ең бір елеулі кезең оның Қазақтың егіншілік ғы­лы­ми-зерттеу институтының аспирантурасына түсіп, 1973 жылы «Жүгерінің, бұршақ­тың және олардың қоспа­ла­ры­ның суару режимі» деген тақырыпта кандидаттық дис­сертациясын ойдағыдай қор­ғап шығуы болды.

1988 жылы оған «Селек­ция және тұқым шаруа­шы­лығы» мамандығы бо­йын­ша аға ғылыми қызметкер (доцент) деген ғылыми дәреже берілді. Оның баспадан 120-дан астам зерттеулері мен ғылыми мақа­лалары жарық көрді. Елтай Хам­за­­ұлының 5 авторлық куә­лігі және күздік пен жаздық бидайға берілген 1-патенті бар. Оның жетекшілігімен 2 аспи­рант кандидаттық диссер­тация­ла­рын  ойдағыдай қорғады. Елтай Хамзаұлы1963–1980 жыл­­­дары аға ғылыми қыз­мет­кер,  институттың ғылыми хат­шысы, аспирантура бөлімінің, кіші көлемді техника  зертха­насы­ның, Панфилов тірек пунктінің меңгерушісі болып істеген кез­дерінде де білікті маман екен­дігін көрсете білді. 1980-2013 жылдары ол «Селек­ция  және тұқым шаруашы­лы­ғы» бө­лімі­нің аға ғылыми қыз­меткері, кейіннен бөлім мең­геруші бол­ды. Міне, осы жыл­дары ол тын­бай еңбек етіп, жаңа  баста­малары мен идеяларын өнді­ріске енгізумен  шұғыл­данды.

Бүгінде 80 жасқа толып, тор­қалы тойын атап өтіп отыр­ған  Елтай Хамзаұлы зейнетке шық­қанына  қарамастан әлі де   жұ­мыс­тан  қол үзген жоқ. Спорт­­­пен шұғылдануының нәти­жесінде ол әлі сергек көрі­неді.

Оның есімі шаруа қожалық­тарының ортасында кеңінен танымал, өйткені ол ұдайы тұ­қым өсірумен шұғылданатын мамандармен кездесіп,  семинар өткізіп,  кеңес беріп тұрады.

Елтай Хамзаұлының тіке­лей қатысуымен  Алматы облы­сының 10 ауданында егінші­ліктің тұрақтылығын арттырып, ауылшаруашылығы дақыл­дары­ның өнімділігін көбейту туралы шаралар жасалып,  өндіріске ұсыныстар берілді.

2003 жылы Ауылшаруа­шы­лығы министрлігінің тапсыр­масымен «Тұқым туралы»    Заң­­­ды дайындауға қатысты. Сарқан ауданы басшыларының өтініші бойынша  «Погранич­ник» сов­хо­зының егістік алқа­бында бұ­рын аудандастырыл­маған күздік бидайдың «Бо­гар­ная – 56» деген жаңа сортын Елтай Хамзаұлы бірінші рет өндіріске енгізіп, нәтижесінде совхоз әр гектардан   жоспардан тыс жоғары өнім алды. Осы көр­сеткіштердің ар­қа­сында сов­хоз элиталық тұқым шаруа­шылығы деген статусқа ие бол­ды.

Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты шығарған күздік бидайдың «Стек­лови­дная 24», «Наз», «Казах­стан­ская 10», жаздық арпаның «Сәу­ле» және «Жұлдыз» деген сорттарын «Красный Октябр» сов­хозы­ның егістік даласында сынақ­тан өткізіп,  өндіріске енгізуге атсалысты. Кеген ауда­нының шаруашылықтарында қара сұ­лы­ның егістік алқапта қаптап кетуінен астықтың өні­мі төмен болды. Аудан басшы­ла­рының өтініші бойынша осы мәсе­лемен Елтай Хамзаұлы  шұғыл­данып,  қара сұлымен күресудің шараларын жаса­уының арқасында өнім екі есе көбейіп,  аудан жоғары көрсет­кішке қол жеткізді.

Елтай Хамзаұлы  өзінің негізгі жұмыстарымен қатар әртүрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Осымен қатар 10 жыл институттың партия ұйымының бюро мү­шесі, Алматы облыстық ғылы­ми-техникалық ұйымының (НТО) мүшесі, 1984–1990 жыл­­дары  ВАСХНИЛ-дың үй­лес­тіру кеңе­сінің  мүшесі бол­ды.

Ел  құрметіне бөленген Елтай Хамзаұлы 2014 жылы көпшілік жиналыста бір­ауыз­дан ауылымыздың ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сай­лан­ды. «Дәуір» баспасынан шығатын «Қазақ жерінің зия­лы азаматтары» ғұмырна­ма­лық жинақтар сериясының  20-сериясында оның өмір жолы толығымен берілген.

Елтай Хамзаұлының же­міс­ті еңбектері жоғары баға­ланып, ол көптеген Құрмет  грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталған.

Білімділік пен мәдениет­тілік, ұстамдылық пен төзім­ділік және адамгершілік пен жауапкершілік сияқты жеке қасиеттері оны әр кезде сый- құрметке бөлеп тұрады. 

Нұрғали Әлдеков,

Қазақ егіншілік және өсім­дік шаруашылығы ғылыми-зерттеу

институтының  жетек­ші ғылыми қызметкері, ауыл­шаруашылығы ғылымдарының докторы, 

ҚР АШҒА құрметті академигі.