Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

Бизнеске баулитын білім ордасы

Уақыты: 11.08.2016
Оқылды: 1277

Қоғамға  пайдасы зор кәсіптің керегесін ке­ңейтіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалын ны­ғайтуға баса көңіл бөліп отырған Күләнда Батыр­бекованың тынымсыз ізденісі таңдай қақтырады. Қызығынан қиындығы басым түсіп жататын бизнестің өрісін ұлғайтып, сапасын жақсарту, бәсекеге қабілеттілік таныту – басты ұстанымы. Осы жолда бар қажыр-қайратын жұ­мыл­дырып отырған кәсіп иесі бизнестің көзін «Еркем-ай» бала­бақ­ша­сын ашумен баста­са, бірер жыл бұрын оқы­тудың озық техноло­гиясына негізделген     «Да­на» жекеменшік мек­тебін іске қосып, ағарту саласына жаңашылдық енгізген бо­латын.

 

Өткен оқу жылында жаңа мектеп табалдырығын аттаған 135 оқушының 23-і бастауыш сыныпты аяқтады. Жоғары бі­лім сапасын көрсетіп, мектепті үздік бітірген 47 баланың 25-інің ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына орай Астана қаласына барып, оның ғажайыптарын тамашалап қайтуына мүмкіндік жасаған. Сондай-ақ, мектеп жанынан ұйымдастырылған ла­герьде балаларды тіл үйренуге баулу жұмыстары жүргізілуде. Ондағы мақсат – тіл үйрене отырып, интеллектуалдық ой-өрісін дамыту мен ортаға бейім­деу. Балалар туризмін, шығарма­шылығын дамыту сынды топ­тық лагерьде жұмыс жасауда.

– Бала – жаңа отырғызылған гүл секілді, үнемі күтім жа­саумен қатар, сана-сезімін, ой-өрісін өсіруге шығармашылық тұрғыда ізденіспен еңбек сіңіру қажет. Сонда ғана еңбектің же­місін көріп, жетістіктің шыңына шығуға болады. Бала күннен патриотизмге баулуда эколо­гиялық туризмді дамытудың маңызы зор. Ол баланың таби­ғатты танып, түсінуіне, қорша­ған ортаға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады, – дейді бізбен ой бөліскен «Дана» мектебінің директоры Күләнда Батыр­бе­кова.

Бүгінгі күнде адамдардың бизнеспен айналысуына жар­қын жол ашылуда. Кәсіпкер      4-сыныпты бітірген баланы кә­сіби түрде бизнеске баулуға бола­тындығын айтады.

Осы мақсатта оқу орны        4-сы­нып оқушыларын шай шы­ға­ратын зауытқа, сұлулық сало­нына, жылыжайға, автосалонға, сондай-ақ, робот құрастырушы сынды 11 кәсіпорынға алып ба­рып, өндіріс жұмыстарымен таныс­тырған.

Мұнда экономика сабағы факультатив ретінде өтеді. Оқу­шылар аз уақыттың ішінде элек­трониканы бағындырды. Шаш қию, машина жасау, шай өндіру үшін де білім алып, еңбек ете­тін­дігін көңіліне тоқиды. Қы­зығу­шылықтары зор. Нарықтық жүйенің сырына қанық. Ата-аналар балаларының үнем­шіл­дікке үйреніп, әр заттың өзіндік құны барын ұғынғандықтарына риза. Баланы бизнеске мектеп жасынан үйрету керектігін ор­таға салған қаржыгер:

«Мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренуге деген өзге ұлт өкілдерінің құлшынысы өте жоғары. Келешектің кілті – қа­зақ тілінде екендіктерін айрық­ша сезінеді. Сондықтан болар, жазғы маусымда балалардың тіл үйренуге, соның ішінде қазақ тіліне деген ынта-ықыластары басым. Осыны ескеріп, әр сы­ныпта өз деңгейіндегі сөздік­терді құрастырып, жасадық. Нәтижесінде білім сапасы жоға­рылады, – дейді.

Оқу жасындағы баланың білім алуымен қатар, оның ден­сау­лығына да баса көңіл бөлуді алдыңғы орынға қойған мектеп басшылығы педиатр, хирург, аллерголог сынды дәрігер ма­ман­дардың қатысуымен оқушы­ларға медициналық бақылау жүргізеді. Оның да өзіндік се­бебі жоқ емес. Мектепке «дені сау» деген анықтамамен келген балалардың дімкәс болуы күмән тудырады. Медициналық тек­серуден кейін оқушылардың арасынан омыртқаның қисаюы, аллергиялық және семіздік пен салмақтың жетіспеушілігі сын­ды кемшіліктер анықталған. Мұның басты себебі – дұрыс тамақтанбаудан туындайтын­дығы белгілі.

Балаларды тәрбиелеу мен оқытуды кәсіп еткен Күләнда Батырбекова бұған бейжай қа­рай алмайды. Аналық ақ пейіл, кең жүрегімен оқушыларының сауығуына күш салады. Алды­мен дұрыс тамақтануын қадаға­лайды. Қимыл-қозғалысты арт­ты­рып, спортпен шұғылда­нуы­на көңіл бөледі. Ата-анамен ортақ шешім тапқан жұмыс нәтижесінде бақылауға алынған балалардың денсаулығы әлде­қайда жақсарып, оқуға деген ынта-ықыластарының артқан­дығын айтады. «Деннің саулығы – дұрыс тамақтанудан» екенді­гін ескеріп, өткен жылдың қара­ша айынан бастап арнайы ау­мақ­қа жылыжай жасап, онда табиғи таза өнім – қызанақ пен қияр, көксөк өнімдерін өсірумен айналысуды бастаған. Білек түре кіріскен еселі еңбектің арқасында ерте көктемнен бас­тап өз өнімін алып, балабақша мен мектеп асханасын табиғи таза өнімдермен қамтамасыз етудің оңтайлы жолын тапқан­дығын атап айтуға болады. Бұл Күләнда Уәлиханқызының жан-жақтылығы мен ізденісін тағы бір қырынан айқындай түссе керек. Қазақта: «Жақсының жақ­сылығын айт,  нұры тасы­сын», – деген даналық бар емес пе?!

Жасыратыны жоқ, нарық­тың сан тарау жолында атағын-атын дардай қылып іс бастап, соңына келе құмға сіңген судай сұйылып кететіндер де кез­деспей қоймайды. Ал нар тә­уекелмен үлкен істің көзін тауып, оны аяғынан тұрғызуда табандылық таныту үшін шын мәнінде темірдей төзімділік, еңбекқорлық қажет-ақ. Осы тұрғыдан келгенде тыным тауып отырғаннан гөрі, төккен терден ләззат алатын Күләнда Уәли­ханқызы өзі іргесін қала­ған сәулетті де еңселі мектеп­тің маңайын ұлттық нақышта бе­зен­дендіруге күш салады. Сол себепті, көктемгі ағаш отыр­ғызу науқанында бас­та­уыш сынып түлектерінің қат­ы­суы­мен оқушылар бағын отыр­ғызады. Оның жанынан сән-салтанаты жарасқан қазақ үй тігіп қойған. Мектепалды даяр­лық тобының балалары үшін Африка жыртқыштарының, үй жануарларының бұрышын ұйым­дастырып, мүсіндерін орналастыруы бала қиялын ұштап, танымдық көкжиегін кеңейтуде. Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз тойының осы алаң­да өтуі 13 ұлттың өкілі еңбек ететін ұжымға керемет көңіл-күй сыйлапты.

Бұл күнде «Еркем-ай» ба­ла­бақшасы мен «Дана» жеке­меншік мектебінде 156 адам жұмыс істейді. Ұстаздар ұжы­мында филиппиндік екі мұ­ғалім бар, олар оқушыларға математика мен ағылшын тілін меңгертуде еуропалық озық әдіс-тәсілдерді қолданады.

Сөз соңында, биыл өткен аудандық байқауда 456 баланы тәрбиелеп отырған «Еркем-ай» балабақшасы гран-при жеңіп алып, облыстық байқауға жол­дама алғандығын сүйіншілей жеткізбекпіз. Ағарту саласына ұлан-асыр еңбек сіңіріп отыр­ған ұжымның беделі мен ме­рейі артып келеді.

 

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы.