Салттық қызметтер цифрланады

Уақыты: 15.10.2024
Оқылды: 319
Бөлім: ТҮПСАНА

Өмір бар жерде қаза бар. Ондайды қазақ бірлесе атқарып, марқұмды бақи өмірге аттандыруды парыз санайды. Осындай өмірлік маңызды мәселелер орталығы Талдықорған қаласында өткен «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының жұмысын цифрландыруға арналған семинарда жан-жақты талқыланды.

Жиынға қатысқан Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Рсымов, «Шарапат Дижитал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Еркін Тойжанов, Жетісу облысының бас имамы Керімбек Сәрсембайұлы, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Жаңабай, Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нариман Естібайұлы, Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары, Еркін және Еңбек ауылдары әкімдерінің орынбасарлары, «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының облыстық филиалының жұмысына жауапты мамандары, аудан-қалалардың бас имамдары, ұстаз-молдалар «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, зират басындағы рәсімдерді цифрландыру шаралары жайлы мағлұмат алды. Сондай-ақ, зират және зиярат, ас беру мәдениетін ел ішінде қалыптастырудың, салттық қызметтерді бірізділікке түсірудің тиімділігі туралы пікірлер мен ұсыныстар ортаға салынды.

Семинар қала маңындағы зиратқа зиярат етумен жалғасты. Онда зират басында Құран бағышталып, цифрландыру жұмыстарының алғашқы тәжірибелік жұмыстары көрсетілді.

Осыған орай «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Рсымов облыстық «Жетісу» телеарнасының бағдарламасына қатысып, көрермендер жолдаған сұрақтарға жауап берді.

«Жетісу-Ақпарат»