Тіл қатады тарихым балбал таста

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 3431
Бөлім: ТҮПСАНА

Әулиелі Маңғыстаудан кейін тарихы терең, қазақтың ұлы тұлғаларының тұрағы болған Атырауға келдік. Қазақ хандығының астанасы атанып, батыр бабаларымыздың ізі қалған Сарайшықты көрдік. Аумағының жартысын Жайық өзені шайып кетсе де жарым бөлігі сақталған қалашық мемлекет қорғауына еніп, аспанасты мұражайына айналыпты. Мұражай төбесі жабылып, өзен жағасы биіктетіліпті. Бүгінде мұражайда Сарайшықтан табылған 4242 жәдігер сақтаулы. Жалпы қаланың ұзындығы 10, ені 8 шақырымға дейін созылған. Қала Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының орталығы болған қалаға әр жылдары К. Арзютов,  Ә. Марғұлан, З. Самашев зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сөйтіп, Сарайшықтан шыққан керуен Индер ауданына жол тартты. Индербор ауылынан 40 шақырым жерде қазақтың ұлы ақыны Махамбет Өтемісұлының кесенесіне тағзым жасадық. Ұлы шайырдың кесенесін бір көріп, басына барып Құран бағыштау әр қазақтың арманы екені анық. Мұндай бақыт бізге бұйырды, алыстан отты өлеңдерімен менмұндалап тұрған ақынның кесенесі бүкіл қазақ тарихының қасіретті жылдарын айшықтап тұрғандай. Өзінің қайсарлығымен қасқайып тұрған батыр һәм ақынға біз де дұғамызды жасап, бет сипадық.

Атыраудан ат арылтып  Оралға тоқтадық. Қасиетті Бөкей Ордасын бауырына басқан Орал бізді құшақ жая қарсы ала қоймады. Атыраудан Махамбеттің жырымен қуаттанған көңіліміз су сепкендей басылды. Ежелгі Бөкей ордасын көрсетеміз деген Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары уәделерінен тайқып, тіпті, жөн сілтеуге жарамады. Әрине, жұмыстарына салғырт қарайтын мамандардың ісіне бола бүтін бір облыс халқын жамандаудан аулақпыз және жұмысымызды тоқтатып қоя алмадық. Ақыры өзіміз білетін жерлерді аралауға бел будық. Таң сәрімен қала ортасына қарай бет алдық. Расымен де, Орал қаласы ескіні көз алдыңа әкеліп, көне ғимараттар адамның жүрегін елжіретіп, тарихтан сыр шертердей. Сол кездегі ағаштан оюланып істелген зәулім үйлердің сыры кетсе де сыны кете қоймаған. Тіпті, біразының маңдайшасына тақтайшалар ілініп, сол кезде ғимараттың қандай қызмет атқарғанына дейін жазып қойғандары бар. ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың бас кездеріндегі ғимараттар әлі күнге дейін халыққа қызмет көрсетіп келеді. Осылай қаланың әсем жерлерін аралап жүріп, орталықта орын тепкен өлкетану музейіне де келдік. Рұқсат сұрап ішіне кіргенімізбен басшылығын орыннан таба алмадық. Есесіне Надия есімді елгезек қыз жайдары мінезімен қонақжайлық танытып, музей жайлы бір күн бойы кеңінен ақпарат беретіндігін жеткізді. Ол үшін ертесіне келуімізді өтінді. Осылайша  музей қызметкерімен келісіп ары қарай жолымызды жалғадық. Ендігі бағытымыз Орал қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан Алтын Орда дәуіріне жатқызатын көне Жайық қалашығы болды. Әрине, естігеніміз болмаса қалашықтың қай жақта орналасқанын білмейтініміз анық. Тұрғылықты адамдардан сұрастырып көріп едік, олар да мардымды жауап қайтара алмады. Сұрастыра жүріп жалдаған көлік жүргізушілеріміз аталған жерді іздеп тапты. Күрежолдың бойына орналасқан қалашыққа белгі орнатылыпты. Қалашыққа дейін екі-үш шақырымдай жерге арнайы баған қойылып, оған қалашық мемлекет қорғауында деп жазып қойыпты. Дегенмен, біз барған қалашықтың орнынан ешқандай қорғауда еместігін байқадық. Құнды дүниемізді жаңғырту жұмыстарын жүргізгенімен жергілікті билік өкілдері Жайық қалашығын ұмыт қалдырғанға ұқсайды. Ешқандай күтімсіз, қазба жұмыстарынан кейін қараусыз қалдырған. Қаланың қақ ортасына тұрмыс қалдықтарын төккен. Әрине, ескінің аты ескі. Толық сақталмаса да, азғантай құндылықты қоршап, маңайына тазалық жұмыстарын жүргізіп қойса деген көңілімізде ой қалды.


Ақпарат жеткіліксіз болғасын ертесіне Орал қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне бардық. Шаһар ортасына орналасқан музей ғимаратының іргетасы 1879 жылы қаланыпты. Алғашқы салынған кезде орыс-қазақ қолөнер мектебі болып жұмыс істеген. Әр жылдарда түрлі мекемелерге қызмет еткен ғимарат 1980 жылдан бастап тарихи-өлкетану музейі болып жұмыс істеп келеді. Еліміздегі ең көне музейлердің бірі саналатын мұражайда 130 мыңнан астам тарихи құнды жәдігер сақтаулы. Музей экспозициясы сегіз залдан тұрады. Мұнда ең құнды және көне жәдігердің бірі – 2002 жылы Теректі ауданынан табылған  «Алтын ханшайымның» реконструкциясы. Сармат дәуіріне жататын алтын әшекейлер түпнұсқа күйінде қойылған. Ал біз барған Жайық қалашығынан табылған көптеген жәдігер осы музейден орын алыпты. Сондай-ақ, Қазақ хандығы мен Бөкей орда тарихы аралығындағы жәдігерлермен де таныстық. ХVІІІ-ХХ ғасыр аралығындағы күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, әскери қару-жарақ және тұрмыстық заттарды да көрдік. Осындай тарихи маңызы бар құндылықтардың арасынан қазақтың әйгілі суретшісі, жерлесіміз Әбілхан Қастеевтің де туындысын көзіміз шалды. 1941 жылы салынған «Қыз Жібек пен Төлегеннің кездесуі» деп аталатын картина осы музейде тұр. Екінші қабатта ХХ ғасырдан тәуелсіздікке дейінгі аралықты қамтитын экспонаттар орналастырылған. Осы жерде біздің аяғымыз жетпеген Бөкей ордасының макеті қойылыпты. Надия Жастілектің айтуынша, Бөкей ордасы көп адамның қызыға баратын орны. Ол жерде сол кездегі Жәңгір ханның салғызған қыздар училищесі, ең алғашқы қаржы банкі, монша, хан ордасы, дәріхана және мешіт әлі күнге дейін сақталған. Өркениетке жол бастаған ұлы тұлғаларымыздың ордасы сырт келбетімен бір қызықтырса, тереңге үңіліп, зерттеймін деген ғалым үшін де таптырмас тың тақырып саналады.


Орал қаласынан кейін құтты мекен Ақтөбеге келіп ат басын тіредік. Жер жаннаты Жетісудан тілшілер келеді дегенді естіген ақтөбеліктер жарғақ құлақтары жастыққа тимей асыға күткенге ұқсайды. Пойыздан түскен бетте құшақ жая қарсы алып, облыс әкімдігіне алып барды. Ежелден қонақжай елдің ұрпағы емеспіз бе, мұнда Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің қабылдауында болдық. Ербол Жолдасбекұлы келген мақсатымыз жайлы біліп, іссапарымыздың маңызы зор екенін айтып, бұл тұрғыда Алматы облысының басшылығына ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, өзге өңірдің тілшілері киелі Ақтөбе өлкесіне келіп жатқандығы бізді таңғалдырады және  бізге де осындай жобаны іске асыруға ой салып отыр деп ағынан жарылды.
– Бұл – нағыз Рухани жаңғыру. Бір ғана өңірмен шектелмей, бүтін қазақ елін аралап шығу ұлттық құндылықтарымыздың жаңғыруына септігін тигізеді,– деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары. Кездесу барысында барлығымызбен жекелей танысып, өңір жайлы біраз ақпарат беріп өтті. Мұнан соң ішкі саясат басқармасына тапсырма жүктеді. Бізге осындай жобаны іске асырып, еліміздің басқа өңірлеріне сапар шегіп жүргенімізге алғыс айтып, әріптестік байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді. Сөз соңында келген қонақтарға сыйлықтар табыстап, жолға шығарып салды.


Облыс әкімдігінен шыққан экспедиция мүшелері Ақтөбе облысы, Алаға ауданы, Бестамақ ауылына жол тартты. Мұнда Есет батыр Көкіұлының кесенесіне бардық. Есет – қазақ тарихында «тархан» шеніне ие болған үш батырдың бірі. Жоңғар шапқыншылығында асқан ерлігімен көзге түсіп, Әбілхайыр ханның сенімді серігі болған.  Жетірудың Тамасынан тараған батыр 1667 жылы еліміздің батыс өңірінде дүниеге келген. Ол 1749 жылы 82 жасында дүниеден өтеді. Өткен жылы 300 жылдығын тойлаған батырдың кесенесі Маңғыстаудан әкелінген ұлутаспен тұрғызылып, сыртын ақ плиткалармен қаптаған. Қасында арнайы қонақүй, құдайы тамақ беретін асханасы бар. Батырдың кесенесіне зиярат етіп келушілердің қатары көп. Есет батырдан кейін Мұғалжар ауданы, Ақкемер ауылдық округіне қарасты Көктөбе деген жерде орналасқан Көтібар Бәсенұлы батырдың жатқан жеріне бардық. Көтібар батыр 1757-1823 жылы өмір сүрген. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы кезінде Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан батырдың бірі. Батырдың ескерткіші 2000 жылы Әбдіғани Баяндинның нұсқауымен салынған. Сыртқы пішіні батырдың дулығасына келеді. Төрт бұрышына сандық тастар қойылып, үш жүздің таңбасы белгіленген. Сонымен қатар, арнайы тақтайшаларға жазылған Көтібар батырдың үзеңгілес достарының да есімдері жазылып қойылыпты. Батырдың дүниеге келгені де қызықты мәлімет. Жарық дүние есігін ашқан кішкентай шарана бір уысына қан алып туады және оң жақ жауырынында үлкен мең болады. Үлкендер есімін қоярда қандай бала туды дегенде көті бар бала дүниеге келді деп айтады. Сол кезде онда мұның есімі Көтібар болсын деп атайды. Бұл – ел аузындағы аңыздың бірі. Әр аңыздың түбінде бір ақиқаттың бары белгілі.

Одан кейінгі көргеніміз – Темір ауданындағы Темір мешіті. Ескі ғибадатхана 1905 жылы орынборлық көпес Мәжит Батқалұлының қаржылық көмегімен тұрғызылған. Онда Насыр Ахмет Халфе қызмет атқарған. Бүгінге дейін жергілікті тұрғындарға мешіт қызметін атқарып келеді. Кеңес кезінде мешітке солақай саясаттың ұшқыны да тиген. Сырт келбетімен көз тартатын көне мешіттен кейін Шұбарқұдық ауылынан бес шақырым жерде орналасқан Досжан ишан мешітіне қарай бет бұрдық. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасырдың бас жағында бой көтерген мешітің тек жарты бөлігі ғана қалыпты. Мемлекет қарауына алып, қоршап қойған көненің көзі әлі де зерттеуді қажет етеді. Досжан ишан 1815-1890 жылдар аралығында өмір сүрген. Діни сауатты адам болған.  Ислам дінін насихаттауда өлшеусіз үлес қосып, балаларды діни сауаттылыққа баулыған бірегей тұлға. Ол өзінің алғашқы мешітін Доңызтаудағы Тасастау-Қайнар алқабына салғызған. Өзі осы мешіттің қасына жерленген. Мешіттің маңайында біршама қорымдар бар. Есімдері белгісіз болғанымен барлығы да тегін адам еместігі анық.
Жолшыбай Шәймерден Әбжанұлының (Шәкен ишан) да мешітін көрдік. Сыртқы құрылысы Темір мешітімен өте ұқсас. Сол кездегі бір типтес архитектура десе де болады. Сыртқы қабырғалары тұрғанымен ішкі жақтары құлап қалған. Бүгінде мемлекет қорғауындағы көне жәдігердің бірі болып сақталып тұр.

Біздің бағытымыз Қобда ауданы, Жиренқопа ауылына қарай бұрылды. Мұнда сонау бала кезден көзіміз қанық, жадымызға батырлар жыры арқылы мықтап сіңген Қобыланды батырдың кесенесі орын тепкен. Қазақ халқының азаттығына өлшеусіз үлес қосқан батыр кесенесінің күмбезі алыстан жарқырайды. Бұл жер жай ғана батырдың кесенесі емес, үлкен мемориалдық кешен. Мұнда төбесінен қарағанда садақ тәріздес болып салынған батырдың музейі бар. Қобыланды батырдың кесенесін дулыға тәріздес етіп тұрғызыпты. Ішінде қақ ортасында батырдың сүйегі жерленсе, қасында тағы да үш адамның сүйегі бар. Батырға қатысы бар-жоғы белгісіз, бірақ сол жерде қазба жұмыстары кезінде табылған. Қасында үлкен батырдың қылышы тиген тас қойылыпты. Сонымен қатар, үш жүздің басы біріккен деген мазмұнда ұштары түйіскен үш найза шаншулы. Кесененің айналасы шыныдан жасалған бағаналар. Мұның да өзіндік маңызы бар. Ол батырдың үзеңгілес серіктері, яғни, батырлар деп түсіндіріледі. Бұл бағандар түнде жарқырап, күзет қалқанында тұрғандай көрінеді. Қасынан қонақтарға арналған үлкен демалыс үйі де бой көтеруде. Одан кейін Қобда ауданы, Талдысай ауылынан 12 шақырымда орналасқан Абат-Байтақтың кесенесіне бардық. Ел аузындағы әңгімеде ХV ғасырда өмір сүрген адам. Желмаяға отырып, «Жерұйықты» іздеп өткен Асан Қайғының ұлы Абат батыр. Аңыз бойынша әкесінің тапсырмасымен шөбі шүйгін, мал жайылымына қолайлы жерді іздеп түйесінен құлап өліпті дейді. Екінші бір әңгімеде осы Бесқопаға келіп қоныстанғанда қарақұрт шаққаннан өліпті деген аңыз бар. Жалпы Абат-Байтақ өте жомарт адам болған. Кедей-кепшікке қол ұшын созып, жомарттығымен елдің ықыласына бөленген жан. Оның Байтақ аталуы да осыдан болар, кең,  шексіз деген ұғымды білдіреді дейді жергілікті тұрғындар. Кесененің биіктігі – 16 метр. Қазір 14,5 метрі сақталып тұр. Бұл кесененің маңайында да көптеген қорым бар. Әсіресе, үлкен балбал тастар көп. Санау бойынша 250 балбал тас тізіліп тұр. Олардың ұсағы қаншама?! Зерттеушілердің айтуынша, ер адамның басына қойылған балбал тастың басы дөңгеленіп келсе, әйел адамдікі басы үшкір келеді. Жазулары әлі күнге дейін келбетін жоғалтпаған. Ескі шағатай тілімен жазылған. Осы тұста шағатай тілін білетін арнайы мамандар барып, әр тасты оқып шықса, біраз құндылықтарымыздың есімі жарыққа шығайын деп тұр. Барлығы да мемлекет қорғауында. Осымен біздің батысқа жасаған сапарымыз Абат-Байтақ кесенесімен аяқталды.

Сонау көне заманға түсіп кетпесек те көп дүниені көңілімізге түйіп қайттық. Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған бұл шара көптің қызығушылығын тудырады деген ойдамыз. Біз он бес күннің ішінде баға жетпес мол рухани азыққа кенелдік. Кейінгі ұрпаққа айта жүретін асыл жақұтты қоржынымызға толтырып қайттық. Бабалардың басына барып, зиярат етуіміз кешегі ерліктеріне деген алғысымыз деп ұққайсыздар. Сол тұлғалардың ұлы көші бізді өркениет жолына бастап бара жатқандай. Бұл – менің бабалар басына барғандағы ойыма түйген пайымым.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ