Бекзат

Уақыты: 10.09.2016
Оқылды: 1945
Бөлім: ТҮПСАНА

Күйкі тірліктен серпіле алмай жүрген жанның күре­тамырына күш бітіретін күмбір күйдің құдіреті бір бөлек. Ал, әлемді әдемі әуезімен тер­беп, көңілді көкжиекпен астастыра түсетін әннің қасиетін бірауыз сөзбен беру қиын іс. Қарымды қаламгер, жалынды жазушы болсаң да оймақтай оймен Алаш жұртының ән өнерін тиянақтай алмассың. Өйткені бұл қабылан жүрек­ті қазақ жаратылғалы бері жасасып келе жатқан бекзат өнер. Сондықтан да болар, тауанды тарихтан сыр тартқың келіп, асыл текті бабалардың өміріне арқау болған, әр шаңырақтың түндігінде байыпты да баяу айты­­лып келген саз тұңғиы­ғына бойлай беруге тал­пы­насың. Сол қанға біткен қасиет, бойын­дағы бұла қазынаңның өшпес отын өзіндік лебімен үрлей түскен, мазда­та білген бүгінгілер жайлы шалқып та шамыр­қанып, мақтана да марқая баян еткің келеді-ақ.

Қоңыр қаздың қанатынан саз естіген, қоштасу әнін тере білген кемеңгер ел таланттарға кенде емес. Кешегі Мәди, Ақан серілерді тудырған, бергісі Дәнеш, Нұр­ғисаларды өмірге алып келген жұрт­тың арасынан үздіксіз, үзі­ліс­сіз дарыны дара жандар шығуда. Саз өнерінің саң­лақтар сапы дәуір тезінде толыспаса, кеміген емес. Мұны Тәңірдің ұлы халық­тың маңдайына жазып берген берекесі деп білеміз. Міне, осы қатардан табылар жанның бірі де бірегейі – Қайрат Бисем­баев.

Негізінде, Қайрат Әші­рәлі­ұлы­ның шығармашылығымен таны­сып шық­қа­ныма көп уақыт бола қой­ма­ды. Киелі қазақ бас­пас­өзі­нің майталман қаламгері, Алаш­тың арқалы да арда ақыны «мына бейнетаспаны тыңдап көр», – деп қолы­ма Қайрат Бисембаевтің «Әкені аңсау» атты ән жинағын ұсынған болатын. «Күтумен өткен ғұмыр» дегендей, жазу­мен өтіп жатқан күндеріміздің бос уақы­тында әкемдей ардақты, арқа тұтар тұлғаның аманаты еске түсіп, бейне­дискті тыңдауға кірі­семін. Кірісемін де кіршіксіз сезімнен туындаған, қос тас­падан тұра­тын бейнебаян мен ән жи­нақ­тың атына арқау болған «Әкені аңсау» әнін және басқа туын­дыларды тамсана тың­дай­мын. Ақыры тамсаныс пен таң­да­ныс қолға қалам ұстатты.

Әлқиссада айтып өткендей, ән өнерін немесе бір сазгер жайлы айту үшін тарих қойнауына сүң­гі­гің келетіні ақиқат. Өйткені ке­ше­гілердің келісті сөзі, кестелі ойын бы­лай қойғанда, дара да­ры­нын аңсаумен келеміз. Теңіздің дә­мін там­шысынан тұшына біле­тін се­зімтал ха­лық­тың арасынан шыққан сол бір тұл­ғалардың терең сезім­мен өрнектеген ән­дерінің қадірі сезілмей жатқан жоқ. Дегенмен де, шын талантты шың басына шығар­маса, шыңы­рауға тастамайтын жұрттың бүгін­гі ән әлемінде жеңіл ырғаққа сүйеніп ырысын шал­қытқысы келетіндер бой көрсетіп қалады. Сон­дықтан да кіл қас­қа­лардың қамқаға оралған қасиетті мұғжи­засындай қалыбы бұзылмас туын­дыларының көптеп бүр­шік жар­уын аңсаймыз. Сол бір аңсар­лық­тың өтеуіне өр бітімді, өрт кеу­делі жандар арамыздан табы­лып жатқанына да шүкірлік.

Кешегі күнге көз жүгіртсек, басына ноқта түссе де мұңнан нота термеген, сіңірін шідері қажаса да қарабастың қамын халқымның қайғысы деп біліп, жыламсыраған әндерді өмірге алып келмеген қайсар жандарды көптен тани­мыз. Ұлы хандар жор­туылда жүріп жол өткеріп, аймағын атырапқа ұлғайтқан ұлан-ғайыр даладан сол себепті де асқақ әндер бір үзілмей, әуелей түсетін. Ал бекзат өнердің өкілдері өзі әнші, өзі ақын бол­ғанын да қат-қат қаланған тари­хымыздан аңға­ра­мыз. Бүгінгі таңда ондай жандар күзгі дала­дағы алтын астықтай си­реп, сел­діреп қалған. Міне, қа­та­ры кеміп бара жатқан нағыз та­лантты өнер өкілдерінің сапынан табы­ла­тын жанның бірі де бірегейі Қай­рат Бисембаев деп білемін.

Ақын, композитордың негізгі шы­ғармашылығы қазақтың дәс­түрлі әнімен сабақтасып жатыр. Саз жағынан емес. Мазмұны мен мәніне бойлай алсақ, осы ойды талай мәрте топшылар едік. Өйт­кені жан дүниесін қозғап, жүрегін жарып шыққан туын­ды­лардың басым көпшілігі тұр­мыс­тық тақы­рыпты қамтыған. Оған «Әкені аңсау», «Менің анам», «Асыл жа­рым», «Ұлға тілек», «Қызға тілек», «Не­мерем» атты әндері мысал бола алады. Қазақ тұрмысы мен дәстүрін бөліп-жарып қарас­тыр­ма­ған халық. Сол себеп­ті де Қайрат қақтырған ән қанаты әрқа­шанда қазақпен бірге биік­теп, Мәңгілік елмен жасаса бере­тін туындылар.

Адам баласы өмірінің негізі, қайнар бұлағы – әке мен ана. Діннен тартсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) жақсылықты ата-анаға жасау керектігін хадис етіп қалдырғанын білеміз. Бұл жағынан кемеңгер ел еш кемшілік жібе­ріп көрген емес. Тіпті, Мек­кеге үш ар­қалап барсаңда қары­зыңды өтей алмай­тыныңды дана­лық­пен пайымдап кеткен. Ал қазақтың салт-дәстүрін бойына дары­тып, сүйегіне сіңіре білген Қайрат ақын бұл жағынан көпке үлгі болар­лық­тай. Әу баста айт­қан жылаңқы ән­дерді тудыру­шылар «сүйдім-күй­­дім» деуден аспай жатқанда, ас­қа­ралы әкесін аңсаған құлын жү­ре­гімен, жұлын-жүй­кесімен өмірге алып келген әнімен мәң­гілік ес­керткіш қал­дыр­ғанына риза бол­мас­қа ша­ра жоқ. Бұл тектінің төлі екенін білдіретін туын­ды. Өмірлік қолтаңба.

Қайрат әкесі Әшірәліге деген аңсар­лық­тың, сағы­ныштың шегі мен шеті жоқ екенін сұлу саздың келісті ырғағымен, шымыр ұйқасты шы­рай­лы сөз­де­рімен терең жеткі­зе білген.

Өзің әке аласармас ақ

аспан,

Даналығың мейіріммен

жарасқан.

Биік арман, ояу сана,

кеңпейіл,

Арқасында болдым көп­

тен бағы асқан,

деп жырлап, ән қалыбына салудың өзі осыны аңғар­тады. Рас, әр перзент өз әкесін аспан, таудан ары асыра биік тұтпаса, төмен санамайды. Ақын алғашқы тар­мақтан-ақ осыны терең пайымдай біліпті. Ал екінші тармақтағы мен­мұн­далап тұрған ұғымды тара­тып айтпаса да түсінікті емес пе? «Ағаш жемісті көп берген сайын иілгіш келеді» немесе «Адамның білімі толысқан сайын кіші­пейіл ке­леді» деген тәмсілдерді алға тарт­сақ, даналардың мейірімді бола­тыны сөзсіз. Ал әкенің балаға деген махаббаты тіптен ерекше. Осыны сезініп жырлаған ақынның ән мәті­нін­дегі қос тармақтан кейін бүгінгі поэзия жайлы аз-кем тоқ­та­лып өткенді жөн көрдік.

Қазіргі таңда эстрадалық және интел­лектуалдық поэзия жар­шы­лары пайда болғаны көзі қа­рақ­ты оқырманға белгілі жайт. Бұны жасампаздық деп шала­бү­лініп жүргендер де бар. Ал дәті бе­рік кейбі­реу­лер бұл сүрлеуді Қа­дыр ақын салып кет­кен деп бө­седі-ай келіп. Нағыз ақынға күйе жағудың шегі бұнымен шектеліп қалып жат­қан жоқ-ты. Қарапайым оқыр­ман­ның көкейіне эстрадалық және интел­лектуалдық поэзия деген не, ол қандай жырлар деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бұған да түсінік бере кетелік. Мұн­дай жыр­лар­дың дені жасам­паз­дық­тың туын­дылары деп сана­лады. Яғни, өлең­нің алғашқы екі тармақтары ұйқас үшін жазылады да, соңғы қос тар­мақ фило­со­фия­лық ойлармен не­месе тапқыр, бейнелі теңеулермен түйінделіп оты­рады. Ондай туын­дылар ғұ­мыр­лық болып са­нал­­май­ды деп кесіп айта аламыз. Жаңа толқын кел­генде сонымен шайылып ке­те­тін екінші бір толқынға ұқсас туын­дылар секілді. Міне, ақын-сазгер Қай­рат Бисем­баев осындай кем­шіліктен ада. Керісінше, қалыпты да ғажап, әр тармағы ой салатын, жасампаздықтан таза туын­ды­лар­дың иесі. Сондықтан да «Әкені аңсау» әнінің алғашқы шумағын талдап беруге ты­рыс­тық. Ал «Биік ар­ман, ояу сана, кеңпейіл, ар­қа­сында болдым көптен бағы асқан», – деуінің де жөні бар. Өйткені Қайрат тек қана ақын, сазгер емес. Ол кешегі Қазақ хан­ды­ғы­ның тұғы­ры беки түсу үшін Тәуе­кел хан мен Ораз-Мұхаммедтің кеңесшісі ретін­де билікке ара­ласып, алты Алаштың қамы үшін түн жастанбай ойға батқан кемең­гер Қадырғали бидің асыл нәсілі көп шоғырланған бір аймақтың басшысы. Ай-Шешек бегімнің көз жасындай тарам­далып аққан қа­сиетті өзеннің атымен аталатын Қаратал ауданының әкімі. Бұл жағынан келгенде де кешегі күнге ой жіберіп, даналарымыздың ізін қуған, маңдайымызға біткен абзал азамат екенін асқақ көңілмен атап бере аламыз. Мәсе­лен, пай­ғам­бар­лардың ішінде хакім атан­ған, Лұқмандай биікке көтерілген дана Абай да жыр жазып, қара сөздер түзілте қа­лам тербей жүріп, болыс болған жан еді. Өнер мен өңір тынысын қатар ойла­ған Қайрат Бисембаевті сол себепті де ке­ше­­гі­лердің сарқыты деп білеміз.

Сыршыл өлеңдерін әнге айнал­дыр­ған Қайрат өміріндегі баға жетпес жан болып саналатын әке-шеше, жары мен бала­ларына, неме­реге деген махаббатын өне­рімен танытқан. Сондықтан да тұрмыстық әндері қазақ эст­ра­дасының жарық жұл­дыз­дары атан­ған бірқатар әншілердің орын­дауында әуелеп келеді. Атап айт­сақ, «Әкені аңсау», «Қызға тілек» ән­дері Саят Ме­деуовтің, «Менің анам» Айгүл Иман­баеваның, «Ұлға тілек» Досымжан Таңа­таровтың орындауында. Жаһан­дану дәуі­рінде ұял­ма­ған­дық­тан әнші атанып жүр­ген кей жас­тар­дың емес, хал­қы­ның жүре­гін қоңыр даусымен, тал­ғамды әнімен жаулап алған аталмыш әншілерге туын­дыларын орындатудың, олар­дың ән қор­жынына өзінің жақұт шығар­ма­ларын қосып берудің өзі Қ. Би­сем­баевтің үлкен жетістігі десек, ар­тық айтқандық болмас.

«Сен еккен баққа, мен осы шақ­та, не­ме­реммен барамын», – деп толғанған Қай­раттың жүрегінен шық­­қан әндердің әр­қай­сысына жеке-жеке тоқталуға, тап­қыр те­ңеу­лерін тарқатып бе­руге болады. Алай­да әкесіне деген са­ғы­нышын неме­ресінің еркелігіне қарап арт­тыра түскен ақынның балаға деген ма­хаб­батын әсем әндерін қайта-қайта тыңдаған сайын аңға­ра түс­кен­дейміз. Әсіресе, иран бақ­та жайқалған қыз­ғалдақтай қырмызы қызы­на арнап жазған «Қызға тілек» атты әні ақын­ды өз жұртының салт-дәстүрі мен оның мәдениетінің жетік екен­дігін таны­тып, қызға қырық үйден тыйым көрсет­кен­дігі­мізді тереңнен ұға біл­гендігін пайым­­дай­мыз. Сол арқылы ел қалау­лы­сы­ның білімі мен білгірлігі, өнерге деген өл­шем­­­сіз те­рең­дігі еріксіз там­сан­дыра тү­се­ді.

Қыздың жолы жіңішке қарағым-ау,

Сан құбылған заманға қара мынау.

Шүберекке жанымды түйіп бақтым,

Түспесін деп еш кірбің қаба­ғыңа-ау, – деп келетін аталмыш ән мәтінінің өзі талай нәрсені аңғар­тады. Әрқашанда ақын жүрегі қызға деген аярлық сезім мен шынайы тілектен тұрады-ау деп те ой­лай­сың. Кешегі мұзарт таудың мұзбалақ ақы­ны Мұқағали да «Қым­бат-ау, қыздың ар-мұңы» деп нәзік жандыларға деген жүрек-жарды тілегін жырмен жеткізген еді. Сондықтан да бұның өзін ке­ш­е­гілермен үндесіп жатқан Қай­рат­тың шығар­машы­лық һәм ру­хани са­бақ­тастығы деп атап ке­ту бізге парыз.

Ән бірнеше адамның бірігуі ар­қылы, жұмыла күш жұмсауынан туын­дайтын жалпылама өнер емес. Ол Алланың наза­ры түскен ба­қытты адамның басына қонар жалқы өнер. Дара қасиет. Сайын даланы сазға бөлеген ком­по­зи­торларды, әнші­лер­ді жұлдызындай биікке шығарған ке­меңгер ха­лық­тың ғасырдан- ғасырға талмай же­тетін үні. Жүрегінің соғысы. Жыр алыбы Жамбылдың «Ән – халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі», – деген даналығы айтар ойға айғақ. Осын­дай бекзат өнер­ді бек ұс­танған жандардың дара болмысын саралап берудің өзі қым­тырылып қысылар, ертеңге ысы­рар дүние емес. Сол себепті де, ел бас­қарумен ғана емес, халықтың қазы­налы мұрасына өзін­дік жақұтын қосуға күш жұм­сап жүрген жанды ретімен әс­пет­теуге борыш­тармыз.

Адам бойында алапат күш бо­ла­ды. Игілікті іске жұмсаса жұмыр бас­ты пен­денің қадірлісі болмақ. Ал оң мен солын білмей іс қылса, тұзының сор, еңбегінің еш кеткені. Ондай адамдар қанша тыраш­тан­са да тауға шыға алмас. Руханият үшін ұлы күрес басталған қо­ғам­да ширыққан шырайлы шығар­ма­ларды тудырған Қай­рат Әшір­әлі­ұлы сынды ақын, сазгерлер бізге керек-ақ.

Кешегі қазақ өлеңінің алыбы Қабан жыраудың табаны тиген топырақ көз сүртуге жарайды. Әулиелердің мекені, пәрменді Пы­шандай ақындардың туған жерінде ел ризашылығына ке­не­ліп, биік билік пен қасиетті өнер­дің қос тізгінін қатар ұстаған жан­ға деген алғыстың легі шек­теу­сіз. Негізі, жақсымен жанассаң жұл­ды­зыңның жарық болатынын пайым­дай білген халықтың дана­лығына сүйен­сек, киелі топырақта, қазақтың қас­қалары өмірге кел­ген өңірді бас­қар­ғандықтан да өне­рі өрісті бол­ды-ау деп те ой­лай­ты­ны­мыз жасы­рын емес. Не десек те, Қай­рат Би­сембаевтің түн жастанып жыр құ­ра­ған ақын­дығымен, саз әлеміне сана же­те­ле­тер сазгерлігімен таң­дан­ды­ра­ры хақ.

Өткен мен бүгінді салыстырып, ұш­тастырып ой толғағанға не жетсін, шір­кін?! Кешегі Біржан сал, Жаяу Мұса, Пы­шан­дар тойда сал­ған әнін ойға жет­кізген, тұтас Тұран даласына жайған керемет ән­ші­лік өнердің иесі еді. Өздері ақын, саз­гер, орындаушы болғаны да әдебиет әле­міне бас сұққан жанға таңсық емес. Міне, сол қасиетті қанына сіңіре білген Қай­раттың да орындаушылық ше­берлігі жеке дара. Тұла бойын иді­ріп, игілік бо­лып жет­кен өнер­дің арқасында өзі жазған «Не­ме­­рем» әнін тамыл­жыта шыр­қа­ға­нын, ән­шілік қабі­летінің де жоғары екенін бей­не­дискті талмай тыңдау бары­сында әбден бай­қадық.

Ет жүректі шымырлатып, алпыс екі тамырды идіріп, сезім қылын қозғағанды ғана ән деп айта аламыз. Оның құдіреті жалқыны жалпыға ортақ жан, жарлыны жібекпен көмкерілген бай-ма­нап­тай сезіндіретіні бар. Тасырқаған аттай то­сыр­қап, томаға тұйық күйде жүргенде бір желпіндіріп, сер­пілтетін күшке ие. Өзінің кір­пияздығымен, сөз өнеріне деген кір­шіксіз көңілімен аз жазса да саз жазған Ғабит Мүсірепов «Тіл жеткізбесті ән жеткізері бар» де­ген еді. Жалынды жазу­шының осы сөзінен-ақ музыка өнерінің адам жанымен егіз екенін аң­ға­рамыз. Талантымен табындырған Қайрат Би­сембаев та ән әлемінде талай жүректерге жол тауып, мұңға батқан ғашықтармен саз арқылы сырласып, Мәңгілік Ел болуға талпынған жұрттың әр шаңы­рағында әуелеп қала бер­мек...

Ұлы Отан соғысында қолға түскен елді басындағы ауырт­палықтан ада етіп, құлдыққа тез бейімдеу үшін жеңіл ыр­ғақты әндерді тыңдата беру керек деп Гитлердің жарлық шашқаны жай­лы де­рек­­тер бар. Мақсатының жолында майып болып, Кеңес әскерінен тас-тал­қаны шыққан сол мықтыңыздың арманы аспан­дай қоймады. Осыдан-ақ адам бала­сын ойсыздық пен қам­сыздық дертіне шал­дық­тыратын аурудың бірі жеңіл ырғақты ән екенін пайымдай беруге болады. Бүгін­гі таңда әуезі әсерсіз, сөзі сөлсіз, шырын­сыз әндер айтылып жат­қаны, оны қарша­дай кей жас­та­рымыз жатқа соғып жүргені бел­гілі жайт. Бұл да бір қатер де­сем артық айтқандық болмас. Тіпті, батыстың таң­сы­ғын қаңсық етіп, «рэп» жанрында жа­нын салып жүргендер де бар. Олардың орын­дауындағы даң­ғырлақ әуен, дәйек­сіз сөз алды-артын танымас кей жастардың ұранына айнал­ғанымен, дана қазақтың жыр-әні болмасы анық. Осындай кірме өнердің өрістеп бара жатқанына шамыр­қанып жүргенде, қаза­қы­лық қа­сиетке қаныққан Қай­рат­тай өнерлі де өрелі жан­дардың «Сын» атты терме, «Бала дос», «Бір­лесім», «Ақ тілек», «Бота-Бота», «Сағыныш» сынды маз­мұнды әндерді жазуы­ның өзі тектілікті танытса, тың­дарманның қазақы қанын қуа­ныштан тасытпай қой­мас. Сон­дықтан да ақындық деген ақық өнерде, музыка деген киелі әлем­де бабаларға қарап бой түзеп, да­налардай ой толғап жүрген Қай­рат Бисем­баевтің әндері халық ішінде көптен орындалады, өс­келең ұр­пағы өнерімен, игілікті ісімен мақтанады деп білеміз.

 

СЫН (терме)

Бір басым көпті көреді,

Фәниге тірі келгесін.

Тыңдап көр, халқым, ұлыңның,

Өмірден жазған термесін.

Егемен болып соңынан,

Елдердің үлкен ергесін.

Қиындық кетіп басыңнан,

Жамандық халқым көрмесін.

Қалың елі аш болса,

Ел басқарған ерге сын.

Еріне жүгін артып сап,

Отырса қарап елге сын.

Еңбегін елдің өтемей,

Бермесе дәнін жерге сын.

Сусырап жатса қара жер,

Жауынсыз келген желге сын.

Аш болып жатып жан-жағы,

Жалғыз тоқ болса барға сын.

Көтермей жүгін елінің,

Сандалып кетсе нарға сын.

Үйленіп алып, үй болмай,

Береке кетсе жарға сын.

Адам боп келіп өмірге,

Арам боп кетсең арға сын.

Біреудің түгі қалмасын,

Біреудің оты жанбасын,

Деп жаман дұға оқыған

Дуагер болған жанға сын.

Ренжу, өкпе болады,

Өмірде тірі болғасын.

Адамды адам түсініп,

Қиянат жасау болмасын.

Билігін әділ айтпаса,

Отырған билер таққа сын.

Бәтуасыз сөз айтса,

Талмай бір қойған жаққа сын.

Жазықсыз жанды ап жатса,

Жаңылыс тиген оққа сын.

Жазықсыз жанды айыптап,

Үкімін жазса сотқа сын.

Үйдегі соңғы дәніңді,

Тышқанға берсе қапқа сын.

Жігітті төмен қаратып,

Байласа қолын жоққа сын.

Біреудің торып есігін,

Біреудің қағып қақпасын,

Сұраған қайыр заманнан

Жігітті Құдай сақтасын.        

***

Біреудің торып есігін,

Біреудің қағып қақпасын.

Сұраған қайыр заманнан,

Халқымды Құдай сақтасын!

Ойдым-ойдым ой айтса, омырт­қаны опырардай зілмен тәмсілдеп, тамағын кенесе қоғалы көлді шалқытар Ескелді, Балпық билер­дің, шашақты найзасын ұмсынса жаудың ұртын қанға тол­тырар Орақ батырдың киелі мекені мәр­тебелі де мерейлі. Сүйінбай баба­ша көсілсек, аш­паған бетін пер­деден сұлулары бар, тағы бір қайырылсақ кешегі Ай-Шешек бегімнің қара­шы­ғының нұрындай тұнып аққан Қаратал өзені Жеті­судың күретамыры іспетті. Елі мен жерінің қасиеті бөлек осын­дай ауданға басшылық етіп, ұла­ғатты ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық өнер отауы­ның ошағын ерекше маз­датып жүрген бекзат Қайрат Би­сем­баев жайлы көп айтып, көсемси беруіме әлі де болады. Алайда, жалқы тәмсілден тарау-тарау сыр ұғатын кемеңгер жұр­тым дара басшы, талант иесі жайлы айтылар сөздің ау-жайын осының өзінен-ақ аңдады деп білеміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ