МУЗЕЙІ БАР ҚАРИЯ

Уақыты: 12.10.2018
Оқылды: 1379
Бөлім: ТҮПСАНА

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында облыстық М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Талдықорған қаласының тұрғыны, жеке коллекционер Марат Қасеновтің қатысуымен «Жақсы жандар жанымызда әрқашан» атты кездесу кешін ұйымдастырды.

Шараның мақсаты Жетісу өлкесінің тарихына қатысты тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау арқылы ұлттық рухты нығайтып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру. Қарт қазынамыздың бірі, отбасының тірегі әрі ұйытқысы, балаларының ақылшысы, немерелерінің қорғанышы болып жүрген, жекеменшік шағын музейі бар коллекционер Марат Қасеновтің өмір жолдары мен түйгені жайындағы әңгімесін тыңдау әсерлі болды.

Аталмыш шарада № 4 мектептің 7 «А» сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Л.Тоқшылықова өздері дайындаған мерекелік өлеңдерін оқып, ән шашуларын төгілтті. Шара барысында оқушылар, коллекциямен мектеп қабырғасында жүріп, «марка» жинаудан бастаған, жастайынан еңбек еткен М. Қасеновке өздерін қызықтыратын түрлі сұрақтарын қоя отырып, көптеген керекті мәліметтер мен басынан өткен қайталанбас оқиғаларын тыңдады. Шара соңында музей қызметкерлері М. Қасеновке сыйлық ұсынды. Коллекционер қария құрмет көрсеткен барша қонаққа ризашылығын айтып, өзінің жеке меншік 3000 мыңнан аса жәдігері бар музейіне экскурсиялық саяхат жүргізді. Зейнеткер атамыздың жинаған көптеген қызықты жәдігерін көріп, олардың тарихын тыңдау арқылы оқушылардың көне заттарға деген қызығушылығы оянды. «Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз» демекші, оқушылардың қызықты жәдігерлерге назар аударғандары соншалық, шараның қалай өз мәресіне жеткенін білмей қалды.

                            Жазира ТӘУЕТОВА,

                            М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі