ТЕРМИНДЕРДІ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ИКЕМДЕУ КЕРЕК

Уақыты: 12.10.2018
Оқылды: 1368
Бөлім: ТҮПСАНА

Оқушылар сарайында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі: ізденіс, даярлық» деген тақырыпта семинар-тренинг өтті. Оған А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары мен ұстаздар қауымы қатысты.

Шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев ашып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында  қазақ тілін латын графикасына негізделген әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру мәселесі жан-жақты қарастырылып, 2025 жылға дейін толықтай көшіру жоспарланғанын атап өтті. Оған ізденіс пен даярлық қажеттігін алға тартып, латынға көшу жоспарын, түсіндіріп, пікір алмасу мақсатында аталмыш шара ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.

Жиында А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Айдарбек сөз алып, латын әліпбиіне көшудің маңызын ортаға салды.

– Латын әліпбиіне көшуде емле-ереженің жобасы дайын. Ол жан-жақты талқыланды. Ендігі үлкен мәселе – терминдерге қатысты. Терминдерді біз сол қалпында пайдалана бермей, өзіміздің ана тілімізге икемдеуіміз керек. Демек, оның аудармасын немесе баламасын табуымыз қажет. Бізде лексикалық бай қор бар. Академик Әбдуәли Қайдаров та: «Біз өз лексикалық байлығымызды терминология саласында сарқа пайдалануымыз керек», – деген болатын. Егер оған мүмкіндік болмаған жағдайда, оны өзімізге жақын түркі тілдерінен іздеуіміз керек. Олай етпесек, тіл тазалығын сақтай алмаймыз. Бұған қатысты бір мысал келтірер болсақ, бізден бір ғасыр бұрын латын әліпбиіне көшкен түрік халқы ағылшын тіліндегі терминдерді қолданысқа енгізген, ал енді оларда кері үдеріс жүріп жатыр. Ағылшын тілді терминдердің түрік тіліндегі баламасын іздеп, аударуда. Өйткені, ағылшын тіліндегі терминдерді қолдану тілдің бұзылуына әкеліп отыр. Байқап отырсақ,  өзге елдегі қандастарымыз, қытай, моңғол қазақтарының сөздерінде бірде-бір халықаралық термин кездеспейді. Егер түркі тілдес халықтарда бізге лайық балама табылмай жатса, онда өзіміздің ана тіліміздің морфологиялық ерекшеліктеріне қарай икемдеп алуымыз керек. Ал кезінде неге бұлай ете алмадық десек, біз қолданып отырған кирилл әліппесінде ю, я, ч, щ сынды барлық әріп бар. Сондықтан сол күйінде қабылдадық.  Латын әліпбиіне көшуде А. Байтұрсыновтың ұстанымдарын басшылыққа алудамыз. Ол бойынша өзге тілден енген сөздерді қазақ тіліне бағындыруымыз керек. Мысалы, «филолог» деп емес, «филолык» деп жазуымыз қажет. «Съезд» деген сөз «сыйез» болып жазылады. Яғни, қалай естиміз солай жазамыз. Қазақ тілінің заңдылығы солай. Бірақ ғалымдар тарапынан: «Сауатсыздыққа ұрынамыз ба?» – деген қарсылық бар. А. Байтұрсыновтың кезінде «нотариус» демеген, «натарыс» деген. «Самаурын», «бәтіңке» дейміз. Ал, шофердің орнына «шопыр» деп айтсақ, сауатсыз қазақтың сөзі болып қала ма? Мәселе, осында. Бүгінде ағылшын тіліндегі сөздерді қолданысқа енгізіп, мобайл, брифинг, паркинг деп сөйлеп жүрміз. Неге «паркинг» деген сөзге құмар боламыз? Өзіміздің тұрақ деген жап-жақсы сөзіміз бар. Бұрынғы қателігімізді қайта қайталайтын болсақ, біз тіл тазалығын сақтай алмаймыз. Тілді жоғалтпау үшін біз ағылшынан енген сөздерді өз тілімізге икемдеуіміз керек. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Ботагөз Сүйерқұл да сөз алып, латын қарпіне көшу үлкен тарихи мәні бар мәселе екендігін айта келіп, жаңа әліпбидің дұрыс қалануына  ұстаздар қауымы да атсалысып, өз ойларын бұқаралық ақпарат құралдарында білдіріп, үн қосулары қажеттігін атап өтті.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Бауыржан Жонкешев ешбір елде халықаралық термин деген түсінік жоқ, ол Кеңес өкіметінің құрамындағы 17 мемлекетте ғана болғандығын алға тартып, оны өткен ғасырдың басындағы Алаш зиялылары «еуропа сөздері, жат сөздер, қотыр терминдер, бөгде сөздер» деп атағанын, сол себепті халықаралық терминдер деген сөзді алып тастап, қазақ тілінде баламасы жоқ сөздер немесе бейбалама терминдер деген атауды ұсынып отырғанын жеткізді.

Шара барысында облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов тілдің қоғамдағы орны, мәртебесі туралы тебіреністі сөз сөйледі.

 – Тіл тағдыры – ел тағдыры. Тілі жоқ халықтың, болашағы да бұлыңғыр. Туған тілін білмейтін адам солған ағаш секілді ешкімге пайдасы жоқ. Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттың ортақ тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тілді осындағы барша халық бір кісідей білсе, тілдің  мәртебесі бұдан да арта түспек. Осы елдің топырағын басып, суын ішіп жүрген соң әр адам шынайы патриот болуы керек. Сонда ғана тіліміз өркендеп, еліміз көркейе түспек. Латын қарпіне көшу арқылы да халықты ортақ тілге біріктіре аламыз, – деді ол.

Семинар барысында ұстаздар қауымы да институт мамандарына көкейдегі сауалдарын қойды. Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназияның директоры Самғат Долаев болашақта қазақ сыныптары латын қарпінде, орыс сыныптары кириллица бойынша оқитындықтан балаларын орыс сыныбына әкеліп жатқан ата-аналардың қатары көбейіп келе жатқандығына тоқталып, латын әліпбиіне көшуде кейбір мектептерді апробациядан өткізу қажеттігі туралы ұсыныс айтты.

Семинарды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев қорытындылап, латын әліпбиін енгізуге қатысты мәселеге басқарма мамандары ерекше атсалысып, өткен жылы түсіндіру жұмыстары бойынша көшпелі топ жұмыс істеп, облысымыздың 70 елдімекенінде халықпен кездесу өткізгендігін, ендігі мақсат емле-ережелерге қатысты мәселені жұртшылылыққа жете түсіндіру екендігін жеткізді. Осы орайда көтеріліп отырған мәселеге көп болып атсалысып, өз ой-пікірлерін баспасөз беттерінде, өтіп жатқан кездесу-жиындарда еркін білдіру қажеттігін алға тартты.

Алма ЕСЕНБАЕВА