Мен жырыммен мәңгімін

Уақыты: 26.09.2016
Оқылды: 2308
Бөлім: ТҮПСАНА

 

Кеудедегі бүлкілдеген жұдырықтай еттен шыққан сөз өз көрерменінің жүрегінен орын алса ақын үшін ол үлкен мәртебе. Сүбелі сөзі арқылы қоғамдағы түйіткілді қозғап, халықтың әл-ауқатын жырына арқау еткен ақындардың жібі біздің халық арасынан ешқашан үзілген емес. Айтыс деген ұлы өнер барда ол ешқашан да үзілмейді. Қасиетті қара домбыраның қос ішегі бірде қатты, бірде сәл-сәл кем бұралып, кө­мейден төгілген жыры арқылы халықтың серкесі мен еркесіне айналған айтыскер ақындар тым көп. Соның бірі – жер жаннаты Же­ті­­судың бау­райында дүниеге келіп, бүгін­де асқаралы алпыс жас­қа толып отырған, қазақтың маңдайына біт­кен қайсар, өжет, өрлі мінезді ақын Са­раның ақынның ізін жал­ғас­ты­ру­шы Қа­ныша Райысова.

 

Өнердегі ұстазымды сағынам

Әркімнің туған жері Мысыр шаһар демекші, біздің бүгінгі кейіп­керіміздің кіндік қаны тамған жер расымен де қасиетті де киелі. Бүгін­де қазақтың маң­дайына біткен ба­тыр­ларының бірі әрі бірегейі Қапал батыр­дың атымен аталған аймақтағы Қоңыр ауылының саф ауасын жұ­тып, мөп-мөлдір суын ішіп, самал же­лімен бірге тербеліп, тауы мен та­сы әр перзенттің жырына арқау болған мекенде дүниеге келген сәби бақытты ғой, шіркін?! Міне, осынау қа­сиет­ті қара топырақты жала­ң­аяқ басқан сәби бүгін елге сый­лы, ұр­пақ­қа үлгі, аяулы ана, асыл әже. Де­генмен, балдай тәт­ті естелікке толы өткен ғұмыр адам санасынан еш­қашан да өшпейді. Әдемі естеліктер өмі­рің­нің соңына дейін санаңда мәңгі жаңғырып тұратыны ақи­қат. Ақынның естелікке толы өткен ша­ғы өзінше бір әлем. Оның басты кейіпкері – үкілі дом­бырасымен ха­лық­тың жо­ғын жоқтап, мұңын мұң­да­ған Қа­ныша Райысова. 

Жусаны мен жуасы бұр­қыраған ауылдан түлеп ұшқан әрбір жас арманын Алматы қа­ласымен ұштас­тыратыны анық. Бұрымды қыз да арман қалаға келеді. Оқуын тамам­дап, жат жұрттыққа жаралған қыз бол­ған­­дықтан, өмірлік серігімен бір­ге қол ұстасып, шаңырақ кө­те­­­реді. Ел анасы, Еңбек Ері атан­ған Злиха Тамшыбаева отау құрған жас­тардың қуанышын көппен бөлісіп, ақжарма тілек айтып, батасын бер­ген. Өнегелі де текті әулеттің ина­бат­ты да ибалы келіні атанған Қа­ны­ша апай кішіге ізет, үлкенге құрмет көр­сете білді.

 Жас отбасының отағасы мен ота­насын жолдама арқылы Қапал ауданына жұмысқа жі­бе­реді. Олар бірден іске кірісіп, ел эконо­мика­сының дамуына ай­тар­лықтай үлес қосады. Бірде ау­дан көлемінде үлкен сабан той өтеді. Қаладан, облыстан беделді атқамінерлер келіп қа­ты­­сады. «Ол кезде әрбір жиын сайын айтыс дүрілдеп өтетін. Өңірдің түпкір-түпкірінен аузы дуалы ақын­дар жиналады. Сон­дай тойдың басы-қасында жүр­генімізде бас­шылардың бірі: «Сара ақын дүниеге келген киелі мекенде апасының жо­лын қуған сіңлісінің болмауы өкі­нішті-ақ. Біздің өлкеге тым ұят», – деп реніштерін білдірді. Әдетте ерді намыс, қоянды қамыс өлті­ретінін біздің құлақ жиі естіп өскен. Мұндай намыс әйел адамның бойын­да да бо­лады екен. Сол бір-ақ ауыз сөз ме­нің өңменімнен өтіп кетті де­сем де болады. Қолымдағы қағаз­дарымды тастай сала, киелі қара домбыраны қолға алып, ақ жау­лы­ғымды тағып, киелі сахна төріне шықтым. Жастықтың ыстық қаны ғой жүректі солай тулатқан», – деп жымиды. Міне, тәуекел түбі жел қайық деп киелі сахнаға та­бан тіре­ген Мұсабайдың қы­зы айтыс әле­мі­нен өз орнын ал­ды.

 

Өмірдің өзі новелла

Ең алғашқы айтыс сах­на­сын­да белгілі қаламгер, ақын Дәу­рен Қуат­пен айтысқан. Көп­ші­лік сонда: «Ауы­зы дуалы Таз­ша баладай бала келіпті. Сөзі мір­дің оғындай, оттың шо­ғын­дай екен», – деп шуласқан ха­лық­тың сөзі қолына енді дом­бы­ра алған жас ақынды біраз жігер­лен­дірген. Тегінде «сөз сүйектен өтеді» дегенді жас­тайы­мыздан естіп өстік. Қа­сиет­ті қара сөз арқылы адамды өсі­ріп те, өшіріп те жіберуге бо­ла­ды. Сөзден жеңілуді ұят көрген, қапал­дықтардың намысын қол­дан бермес үшін барын салған Қаныша ақын­ның алғашқы ай­ты­сына көпшілік жақсы баға бер­ген. Сол айтыста сөз бас­та­ған Дәурен Қуат:

Сіз жайлы біраз өлең

таратайын,

Жаныңызда сөзбенен

жара­сайын.

Алай-бұлай дұрыстап сөз

айтпасаң,

Мен сізді ағама айтып саба­та­йын, – деп жеңге мен қайын арасында та­маша айтыс жа­сай­ды. Кейін де елдің аузында «Таз­ша бала» атанған Дәу­рен ақын­ның шаңырақ көтерген тойын бірлесе атқарып, отбасылық туыс­­қан болып араласуына ай­тыс­­тың қосқан үлесі зор.

Негізі ақындық, жыраулық деге­німіз әкенің қанымен, ана­ның ақ сүтімен беріледі. Біздің кейіпкердің асқар таудай әкесі де өзінің туған жерін, сұлу та­би­ғатын, саф ауасын үнемі жы­ры­на қосқан. Бір ұл, үш қызды өмір­ге әкелген Мұсабай ақса­қал мен Аққайша ана әр баладан зор үміт күткен. Қайда барса да аты­на Қанышасын отырғызып алып: «Ме­нің атымды шығарса осы қызым шығарады. Ақын да болатын, ба­тыр да болатын осы қызым», – деп қасынан екі елі қалдырмай тәр­бие­леген. Соның нәтижесінде түрлі той-томалаққа барып, ауыз әде­би­еті­не деген қызығушылығы артқан. Оқыл­ған өлеңдер мен шыр­қал­ған әндерді лезде жаттап алып, көпшілік жи­налған жерде оқып берген қызының болашағынан зор үміт күткен. Ана­сы­нан ерте айырылатынын сезген­дей-ақ үй шаруасының бәрін алты жа­сын­да меңгеріп үлгергеніне өзі де таңғалады бұл күнде. Құрт жа­сау­ды, жүн сабауды, ою-ойып, кесте тігіп, құрақ көрпе құрау дегеніңіз бізге үлкен білімді қа­жет ететіндей кө­рінеді ғой. Ол кезде Қаныша апай мұның бәрін ойнап жүріп, үйреніп ал­ған. Кейіпкеріміз бір сөзінде: «Тұр­мысқа шыққанымда қайын жұр­тым мені келін емес қы­зындай көрді. Атам да ақын­жан­ды кісі болатын. Өнерді бір кісідей-ақ түсінетін енем мен айтысқа қатысарда ақ бата­сын беріп, жолға шығарып са­ла­тын. Бес баламды арқалап жү­ріп, өсірген де енем. Әйт­песе, бес баланың анасын қай ене елі­міздің түкпір-түкпірінде өте­тін шараға апталап жіберіп қояды дейсіз. Жоқ менің енем өнерді биікке көтеріп, бағалады. Сол жан­дардың арқасында мен айтыс әле­мінде еркін жүздім. Өмірлік сері­гім­нің бойында да өнерге деген зор ма­хаб­бат бол­ған. Мені әр айтысқа өзі дайын­дайтын. Менің ұстазым бол­ды. Бүгінде менің отбасымда құдай қосқан қосағымның орны ойсы­рап-ақ тұр. Жаныма бата­ты­ны да сол», – деп көзіне жас үйір­ген аяулы ана біраз үнсіз отырды. Ол үнсіздіктің соңында асыл жарына деген құрметі, аманатқа қалған бес баласы, небәрі қырық жасында жесір атанып, содан тартқан тау­қы­ме­ті айтпаса да тү­сі­нікті еді. Кеше көр­ген түстей өткен күн­нің бү­гін де тек сағынышқа толы сары естеліктері ғана қалды. Бұл –өмірдің бір сынағы. Амал қан­ша?!

Алланың бізге аманаттап берген денсаулығы – біздің бас­ты байлы­ғымыз. Сондықтан да, үлкендеріміз денсаулықты зор байлыққа теңеген. Осыдан бір­не­ше жыл бұрын кө­мейінен қы­лыштың жүзіндей өткір сөз төгілген ақынның жүрек тал­масы ұстап, аурухана төсегіне таңылады. Жығылғанға жұ­ды­рық болғандай тіл байланып, сөз­ге келмей қалғанына қи­нал­ған ақын қолына қалам алып: «Бәрінен ерте айырған, Жалғыз­дық­пен өшпін мен. Тірлігін тапқан тілі­мен, Қарлығаш күйін кештім мен» деп жыр жазады. Мұндағы қарлы­ға­шы бала күн­де көктем сайын қара шаңы­рақ­қа келіп үя салатын, жыл сайын бес балапан басып шығарып, шырылдап тілімен жемтік та­сып, балапандарын бағатын құ­сы еді. Сонда балалықпен қар­лы­ғашты үйге кіргізбей, ауызғы бөлменің есігін жауып ойнайды екен. Сонда көпті көрген анасы: «Ботақаным, құстың қарғысы жаман болады. Олай ойна­ма. Құс екеш құс та өз балалары үшін шырылдап жүр. Тілімен тірлік тап­қан қарлығашқа тиіс­пе», – деп талай мәрте ес­керт­кен. Дәл осы ауруға шал­дыққанда анасының сөз­дерін, қарлығаштың шырылын есіне түсіріп, өкініш өзегін өртейді. Әсі­ресе шыр-шыр етіп, ұясынан басын шығарған бес балапанды өзінің бес баласына теңейді. Міне, Жарату­шының жаратқан құбылысының ара­сындағы жіп­сіз байланысты осыдан-ақ аң­ға­ру­ға болады.

Ақ парақтай

ақ айтыс

Қазақ халқы ұрпағының тәр­бие­сіне аса мән берген. Баланың жаман әдетті бойына сіңірмей өсуіне, адал азамат болып ер­жетуіне ата-ана, ағайын-ту­ған­ды былай қойып, ауыл бо­лып атсалысқан. Қазақтың кез кел­ген баласы обал-сауапты жа­сы­нан тү­сінген. Қазақ баласы кіш­кен­­тайы­нан айналасына қол­ғабысын тигізіп, үл­кеннің сөзін екі етпеуге дағ­ды­лан­ған. Үлкен­нен өнеге көрмеген балада ұла­ғат болмайтынын ғасырлар бойы ұрпағына қалыптастырып кет­кен ата-бабаларымызға айтар алғысымыз да шексіз. Мұның бәрін неге айтады деп отырған шығарсыздар. Егер сәл ғана ойлансаңыз бұл сауалдың жауабын білесіз. Себебі, халық атынан билікке сөз айтатын Қаныша ақын ұлттық тәр­бие төңірегінде ой қозғағанды жа­ны сүйген. Жүрегінен шыққан түй­дек-түйдек ойлары, әсіресе, ерлік, ба­тырлық тақырыбы, рух шақыру сөз­де­рі оңтайына дәл ке­летін тұс. Арғы-бер­гі эпостық жыр­ларды жетік бі­ле­тін, ел қор­ғар намысты ерлердің ұлт­тық тәрбие дәстүрінен өнетінін кә­міл аңдаған Қаныша ақын қазақ әйелінің атынан сөйлегенде сөз ұғар қазақ тебіренбей, тол­ған­бай қала алмайды. Ақындық құ­дірет деген осы болса керек. Арнасынан кесек-кесек сөздер төгілгенде дуылдатып қол соға­тын халықтың ықыласынан-ақ ақынның қаншалықты елге жа­на­­шыр екенін білуге болады.

Сол кездегі ақындар ішін­де­гі ақ кимешек киіп сахна тө­ріне шыққан өнер адамын бүгінгі көрерменнен сұ­рай қалсаңыз бірден Қаныша Мұ­са­байқызын есіне түсіреді. Солақай сая­саттың бұғауын бұзып, қазақы бол­мысты көпшіліктің алдында на­си­­хаттауының астарында қа­за­қы тәр­биеге деген жана­шыр­лық тұр десек қате емес. Об­лыс­тың Құрметті аза­ма­ты Егеубек Дал­бағаев сол тұста ақынға бөрт­пе шәлі тағып шығуды ұсын­ған. Көпшіліктің көзіне жылы көрінгендіктен келесі ай­тыста анаға деген махаб­ба­ты­ның бір парасы болсын деген ниетпен өмір бойы кимешегін шешпеген анасына ұқсап ақ кимешек киіп, көптің есінде сақ­талды. Анасын сағынған бала жүрек бір­де: «Мақ­тауың­ды асырам кімге сенің, Бүгінде жалғыздықпен күй ке­шемін. Айтыста сенің аппақ арың­дай боп, Жеңіске жетеледі ки­ме­ше­гің», – деген жыр жолдарын тө­гілткен. Әлі күнге дейін аналар­дың ақ кимешегіне, ақ жау­лы­ғы­на қа­рыздармын деп есеп­тей­тін Қаны­ша ана кимешекті кей­у­а­на­лар са­ны­ның азайып бара жат­қанына қын­жы­лады. 

Сонау жылдары Са­мар­қан­да, Омбы, Орынборға барып, өз өнерін көрсеткен. Омбыдағы Шоқан Уәли­ха­нов оқыған кадет корпусында өт­кен айтыста іш­тей «ең бірінші неме­рем дүние­ге келсе есімін Шоқан қоя­мын» деп өзіне сөз берген. Айт­қа­нын Алла қабыл етіп, үлкен неме­ре­сінің есімін солай атайды. Қазір ол қа­ла­дағы Шоқан Уәлиханов атын­да­ғы мектепте білім алады. Апасы: «Сен қандай елде, қай қалада, қай мектепте білім алып жатқаныңды білуің керек. Сол үшін тарихты оқы», – деп жазғы демалыста тарих­тың алтын бет­те­рін парақтатқан. Соның нәти­же­сінде өркен жайып келе жат­қан көз қуанышы тарихтан те­рең сыр шертіп, үлкендерше ке­сек-кесек ой айтады. Ол да бол­са апа­сының ақылдылығы мен көре­ген­ді­гінің жемісі.

Кейіпкерімізге бүгінгі ай­тыс­қа қаншалықты көңіліңіз толады деген сауал тастадық: «Мен айтыстың ақ қағаздай кезінде келіп, ақ қағаздай кезінде кеткеніме қуанамын», – деп жауап берді. – Уақыт бір орын­да тұр­майды. Ол үнемі қоз­ға­лыс үстін­де болатыны заң­ды­лық. Сол секілді қазіргі ай­тыс­та да майталман айтыскерлер бар. Барлығының ба­ғы­ты ай­қын, бағдары анық. Бірақ көңіл­ге қонымсыз дүниелер де бар. Мәселен, қазір айтыс десе көп­ші­лігін мазалайтын ондағы жүлде. Кезінде біз бір жапырақ қағаз алу үшін аянбай тер тө­ге­тінбіз. Айтыс ақы­ны­ның ең үл­кен бәйгесі – ат пен ша­пан және халықтың ыстық ы­қы­ла­сы деп ойлаймын өз басым. Кез­ін­де Орынборда өткен айтыс­та ол кезде бүгінгідей зал, сахна дегеніңіз мүлде жоқ. Қазақтың кең даласында оты­рып-ақ ха­лық­­тың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтынбыз. Сонда бір үл­кен кісі қолыма алтын жүзігін, басыма ақ жаулығын салған еді. Мен үшін бұл сыйлық ең бағалы болған еді. Бүгінгі есепсіз, сан­сыз «темір тұлпарды» көргенде таңғаламын. Мүмкін, заманға қарай бұл да дұрыс шығар. Дегенмен, мұндай қаржыны бүгінгі қоғамдағы көптеген түйт­кіл­ді мәселені шешуге жіберсе деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім, – десе де осы оймақтай ойы өнерге де­­ген жанашырлығын, ақ көңілін бай­қатқандай.

 

ТҮЙІН:

Ғалым да, шахтер да бас иетін бір ғана жан бар. Ол – АНА! Ол ақын болсын, ұстаз болсын, тілші болсын, бәрібір АНА. Аяулы жанның жүрегі қашанда жақсылық үшін тоқтаусыз соғады. Біздің кейіпкеріміздің де дүрсілдеген жүрегі елінің тыныштығы, бала-шағасының амандығы жолында соғып келеді. Өмірдің қиыны мен қызығын қатар көрген батыр ана бес балапанын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай асырап-бақты, өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінгі таңда солардан сүйген, өмірінің жалғасына айналған немерелерінің ортасында бақытты. Қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған келіндерін өзі көрген енелік мектептен өткізуде. Айтары көп ақ самайлы ананың арманы – елінің тыныштығы.

Құрметті Қаныша Мұсабайқызы, айтыс өнеріне елеулі үлес қосып, Жетісу жерінің туын биікте көтергеніңіз үшін Сізге зор алғыс айтамыз. Ғасырға жуық ата басылым атынан асқаралы алпыс жасыңыз құтты болсын демекпіз.

 

ӨЗ АРАСЫНДА

– Ақын қандай болуы керек?

Халық сүйіп, тыңдайтын, сыйлайтын болғандықтан, ақынның жауап­кер­шілігі өте үлкен. Сол себепті де қандай ақын болмасын ойын жария етерде терең ойлануы керек. Ол жай адам емес, ақын. Айтқан сөзі ел арасына тарайды. Айтқан сөз атылған оқпен бірдей, оны кім қалай пайдаланды, мәселе осында. Мысалы, Мұхамеджан Тазабектің айтысы мақал-мәтелге тұнып тұр. Шәкірттеріме мен де қанатты сөздер, мақал-мәтелдер жаттатамын. Біздің облысқа ақындар келіп жатса, бірден кездесу ұйымдастыруға тырысамын.

– Сізді айтыстан көп көрмейтін болдық, неге шықпай кет­ті­ңіз?

Біреулер мені бір себептермен айтысқа шыққысы келмей жүр деп ойлауы да мүмкін. Бірақ жаңылысады. Ақын жүрегі өте нәзік келеді. Айтысқанда ақын жанын жеп айтысады. Әрине, мұның денсаулыққа әсері болады. Денсаулығым қатты сыр бергендіктен айтыстан алыстадым. Бірақ мен ізденісті тоқтатқан емеспін. Әдемі келген аламаннан әдемі кеткен де жөн. Өзім жүрген өнерде қарым-қабілетіме сай дәрежемді алдым. Баратын жеріме бардым. Мойындататын жерде мойындаттым. Ендігі кезек шәкірттерімде. Олар да қазір мықты ақындардың қатарында. Енді солармен жағаласып айтысып жүрсем, оның өзі орынсыз болмай ма? Айтпақшы, осы жерде айта кетейін, «Өнер» мектебіндегі шәкірттерім «Жыр алыбы Жамбыл» республикалық ақындар айтысында үнемі жүлдемен оралады. Менің қуанышым – осылар.

– Бүгінгі адамдардың бойынан қандай қасиетті көргіңіз келеді?

Мейірім. Қазіргі қоғамда біреуге қайдам өзіме қатты байқалатыны адам­дар қатқылданып бара жатқандай көрінеді. Бауырға деген мейірім жоғалып бара жат­қандай. Мейірім болмаған жерде татулық болмайды. Ал татулық жоқ жерде ел тәуелсіздігін ұстап тұру қиынның-қиыны.

Биыл еліміз үшін айтулы мерекеге толы жыл. Елге деген ай­тыс­кер ақынның тілегі болса.

– Бүкіл қазақ елін мерекелерімен құттықтаймын. Барлығының отбасында жақсылық, береке, ырыс, бақ-дәулет орнай берсін. Ешкімге бодан болмайықшы. Елдің туын әрқашанда биік ұстап, Елбасына қолдау көрсетіп, тыныштық орнауына ат салысса екен әрбір қазақстандық азамат. Тәуелсіздіктің қадірін түсініп, сол жолда тынбай еңбек ете берейік.

Еңлік Кенебаева