ӨЛКЕҢДІ ТАНЫ, ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚ!

Уақыты: 06.11.2018
Оқылды: 1556
Бөлім: ТҮПСАНА

Еңбекшіқазақ ауданындағы №1 Рахат орта мектебінде «Сакралды Қазақстан: Жетісудың киелі жерлері» атты республикалық форум өтті. Алқалы жиынды облыстық білім басқармасына қарасты оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Оған еліміздің әр аймағынан келген тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, білім бөлімінің басшылары, жоғары оқу орындары мен орта мектептердегі педагог мамандар қатысты.

Облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі  Алуа Қабдұлова форумды ашып, аталған шараның мәні мен мазмұнына кеңінен тоқталды. «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы жас ұрпақ арасындағы ұлттық танымның нығаюына өз үлесін қосуда. Туған жердің қойнауы шежіре мен сырға толы десек те, әр аймақтың өзіне тән ерекшеліктері аз емес. Оны біліп өскен ұрпақтың санасына ұлттық тәрбиенің тереңдеп сіңетіні анық. Шыққан тегін білу – руын ғана білу емес, аймағы мен өңірдің тарихын білу екені белгілі. Міне, осындай факторлардың бәрі өзара тұтаса келіп, ой мен бойға тектіліктің даруын қамтамасыз етеді. Өлкетануға мән беру Рухани жаңғырудың бір өзегіне айналуға тиіс екені сондықтан. Жоғарыда аталған жоба жұмысы осы мақсаттарды одан әрі нақтылай түсуге арналған.
– Туған өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттемей, ұлттық кодты сақтау мүмкін емес. Бұл – өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізі. Облысымыздың білім беру ұйымдарында осы бағыттағы ауқымды жұмыстар ойдағыдай жүргізіліп келеді. Сіздер бүгінгі форумда «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасын жүзеге асырудағы нақты қадамдарды айқындауға атсалысады деген сенімдемін. Бірлескен іс қашанда нәтижелі болады, – деді Алуа Жанатайқызы.
Бұдан кейін форумға қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Ұсыныс-пікірлерін алға тартты. Тәлімді тәжірибелерімен бөлісті.
– Облыста бес бағыт бойынша 100-ден астам ескерткіш пен киелі орындардың тізімі жасалып, соған байланысты деректер жинақталды. Қасиетті нысандардың картасы әзірленіп, экспедициялар ұйымдастырылды. «Өлкетану» деп аталған бұл шараларға 70 мыңнан астам оқушы қатысты. Сонымен қатар, жоба аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлері, облыстық білім басқармасы жанындағы оқу-әдістемелік орталығы әдіскерлерінен авторлық ұжым құрылып, 5-7-сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығы әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді облыстық білім басқармасының бас маманы Руслан Арсланов.
Жарыссөзге шыққан І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Еркін Тоқпанов, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қалалық білім бөлімінің әдіскері Төлеу Әбішев, М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Бауыржан Құрбан, Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған мектептің география пәні мұғалімі Әсел Қазимова аталған мәселеге жан-жақты тоқталды. Пленарлық отырыс пен секция жұмыстарында 50-ден астам баяндама тыңдалып, талқыланды. Қатысушыларға арнайы сертификаттар берілді.
Форумға келген қонақтар ауданның киелі жерлерімен де танысты. Түрген шатқалын, Есік көлін тамашалады. Ақши ауылындағы Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейін көрді. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде болды. 
Шара соңынан алғаш рет өткізіліп отырған республикалық форумның эстафеталық туы Шығыс Қазақстан облысынан келген әріптестерге табыс етілді.

Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы