ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ ҚАЗАҚТАРДЫ БІРІКТІРЕДІ

Уақыты: 06.12.2018
Оқылды: 1931
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ тілі графикасының латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Себебі, латын әліпбиіне көшу арқылы біз ұлттық санамызды орыс тіліне деген тәуелділіктен босатамыз, қайта жаңғыртамыз. Сондықтан мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуін қолдау қажет.

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», - деген болатын.  Бұл жолда латын әліпбиіне  көшу – тиімді әрекет. Ол біздің ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашады. Бұл мәселені көтеру – Президентіміздің көрегендігін көрсетеді.

Ал, енді латын әліпбиі туралы бірер сөз. Қазіргі таңда қолданыста жүрген жазу үлгілері аз емес. Солардың ішінде латын әліпбиін дүниежүзі елдерінің көбісі қолданатыны деректерден белгілі. Википедия сайтында: «Латын әліпбиі, әлемде кеңінен қолданылады. Б.з.б. 7 ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. 1 ғасырында қалыптасты. Жазу оңнан солға немесе солдан оңға қарай жазылып, бағыты әрдайым алмасып отырған. Б.з.б. 4 ғасырдан бастап жазу тек солдан оңға қарай жазылды, алғаш 20 әріп болды. Әліпбиге б.з.б. 230-жылдары G, Y және Z әріптері енген, соңғы екеуі грек тілінен кірген сөздер үшін алынған, ал J, U, W әріптерінің қолданылуы қайта өркендеу дәуіріне жатады. Орта ғасырда Латын әліпбиі Еуропаға тарады, Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар. Әлемдегі елдердің 80-нен астамы латын негізді әліпби пайдаланады», - деген деректер бар.

Енді «Не үшін латын әрпіне көшуіміз керек?» деген сауалға жауап іздер болсақ, латын жазуы қазаққа бұрыннан таныс. Қытай иероглифтері, араб жазуы сияқты қиындық туындатпайды. Қолданысқа оңай, жазуға қолайлы, игеруге ыңғайлы. Сонымен қатар, жаратылыстану ғылымдарында да оның қолданыста ыңғайлылығы тәжірибе жүзінде көрініс тауып отыр.  Бұл әліпби ақпараттық-технологиялар саласын да ары қарай дамытуға септігін тигізері сөзсіз.

Латын әліпбиін қолданудың тағы бір ұытымды тұсы - шетелде жүрген қандастарымыз латын әліпбиі жазу арқылы қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар болып, түсініп отырады. Себебі, шетелде тұратын қазақтардың басым бөлігі латын әліпбиі негізін пайдаланды. Латын әліпбиі озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады дегеннен бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді. Бұл бастама, шынымен, еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолына ашылар есік болар деп ойлаймын.

Латын әліпбиі - түркі халықтарына ортақ әліпби. Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан латынға көшіп кеткені белгілі. Осы жолды жалғай отырып, түркі халқына ортақ әліпбиді пайдаланымыз. Ол біздің түбі бір түркі тілінің тазалығын, байланысын сақтауға септігі тиеді. Сонымен қатар, әлемдік ғылым мен технологияны, экономиканы игеру үшін ағылшын тілін үйреніп келеміз. Латын әліппесі сол тілді игеруге негіз, тиімді алғышарт болары сөзсіз. Халықаралық терминологияны алыңыз, немесе медицина мен басқа ғылымдар тілі көбінесе латынша жазылады. Латынның бізге берерін қорыта айтар болсақ:

•    Қазақстан әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін болады;

•    Қазіргі әліпбидегі 42 әріп 32-ге қысқарады, меңгеру оңай болады;

•    Түркі әлемімен Қазақстанның байланысы күшейеді;

•    Қазақ диаспораларымен байланыс артады;

•    Кірме әріптерден арылып, кірме сөздер қазақ тілінің әуезіне икемделіп жазылады;

•  Қазіргі қазақ тілінің қосамжар орфографиясы мен орфоэпиясының проблемасын шешіп, ұлттық сипаттағы жазу жүйесін қалыптастырамыз.

Енді, латын әліпбиіне ауысқан кездегі алғашқы кезде болатын теңсіздіктердің бірі - ақпараттар теңсіздігі. Екі графикадағы деректердің көлемі тұрғысынан әртүрлі болуына байланысты. Кирилл әліпбиінде материал көп. Латыннегізді ақпараттың аздығы. латынмен жазу бір уақытта бола қалмайды. Бірінші кезекте ең маңызды кітаптар латынмен беріледі.

Төменде кирилл графикасында берілген мәтінді ұсынып отырмын. «Әдебиет.кз» сайтынан: «М.Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқының, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан жан-жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы Абай образын, шығармалық және қайраткерлік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралықпен сомдаған. «Абай жолы» роман-эпопеясына шетелдік қаламгерлер Луи Арагон, Н.Тихонов, Б.Матип т.б.жоғары баға береді», - деген мәтінді алайық. Енді осы мәтінде латын графикасымен беріп көрелік. «M. Áýezovtiń álemge áıgili roman-epopeıasy. «Abaı joly» – qazaqtyń kórkem prozasyn joǵary deńgeıge kóterip, álem ádebıetine bıik estetıkalyq talǵam, kórkemdik qýat ákelgen úzdik týyndy. Áýezov óziniń roman-epopeıasynda qazaq halqynyń, onyń ulttyq dástúrin barlyq qyrynan jan-jaqty ashyp kórsetken. Qazaqtyń dana uly Abaı obrazyn, shyǵarmalyq jáne qaıratkerlik tulǵasyn sóz ónerinde ózgeshe daralyqpen somdaǵan. «Abaı joly» roman-epopeıasyna sheteldik qalamgerler Lýı Aragon, N.Tıhonov, B.Matıp t.b.joǵary baǵa beredi».

Бір қараған адамға қиын көрінері анық. Өзін сауатты санаған әрбір адам қателік жіберіп қоямын ба деп аз да болса қобалжиды. Бірақ осының бәрі де уақытша ғана болатын қиындықтар. Адамның психологиялық тұрғыдан қабылдауы мен көзшалымға үйреншікті болған соң, бәрі де тез қабылданып кетеді.

Ал енді екінші мәтін жеңіл формада берілді. М.Мақатаевтың «Мен таулықпын» өлеңінен үзінді.

 «Мен — таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Тау деген Ана туған дара тұлғам

…Тауға барып

Көкке ұшып кетсем бе екен

Ұстап алып қыранның қанатынан»

Латын графикасымен берілген кездегі мәтін былай болады.

«Men — taýlyqpyn!

Taýdan men jaratylǵam.

Taý degen Ana týǵan dara tulǵam

…Taýǵa baryp

Kókke ushyp ketsem be eken

Ustap alyp qyrannyń qanatynan»

Осы жерде байқалатын құбылыс жеңіл формадағы поэтикалық мәтін, ғылыми мәтіннен әлдеқайда жеңіл, жылдам оқылады. Осы тұрғыдан алғанда, латынға көшуді 1-сыныптан бастау да тегін емес. Себебі, алдымен әріп, буын, сөз, сөз тіркесі, сөйлем түрінде болып келетін үйрету формасы жақсы қабылданады. Қазақ тілінің әріптері тез үйретіліп, көзге қабылдау жеңіл, жазуға ыңғайлы болады. Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу - қажеттілік. Тіліміздің рухани жаңғыруына негіз болары сөзсіз. Үлкен жетістікке жету жолында кездесетін аз ғана қиындықты оңай жеңеміз деп білемін.

Дана ПАШАН