СИВЕРС АЛМАСЫНЫҢ ОТАНЫ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 2943
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Н. Назарбаев: «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», - дей отырып: «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады» деп тұжырымдаған.

Алма дақылы бұдан мыңдаған ғасыр бұрын Жоңғар Алатауы бөктерінде өсетін жабайы алмадан бастау алғанын есімі әлемге әйгілі болған академик А. Жанғалиев ағамыз бүкіл дүние жүзіне мойындатты. Жабайы алмалардың ішінде Сиверс алмасының алатын орны ерекше. Бұл алманың ерекшелігі, тамыр жүйесі күшті дамыған, аурулар мен зиянкестерге өте төзімді. Сиверс алмасын телітуші ретінде пайдаланып алынған алманың мәдени сорттарының Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарының қолайсыз жағдайларына төзімділігі күшті болатындығы Есік мемлекеттік дендрологиялық саябағы ғалымдарының зерттеулерімен дәлелденді. Дендробақта кезінде 8 гектар жерге академик А. Жанғалиев салып кеткен Сиверс алмасының 21 сорт-клондарының елімізде жалғыз коллекциясы сақталған. Жылда осы бақтан Сиверс алмасының тұқымдары жиналып, тұқымдық телітушілер питомнигі егіледі. Оған Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында пайдалануға рұқсат етілген алма сорттары ұластырылып, жылына 30-40 мың алма көшеттері өсіріліп, сатылады. 
Көпжылдық зерттеулер нәтижесі мен өндірістік тәжірибеге сүйене отырып Сиверс алмасының табиғи әлеуетін пайдаланып, бақ шаруашылығын тау бөктерлерінде орналасқан жайылымға ғана жарайды деген алқаптарда заманауи технологияларды пайдаланып «неге дамытпасқа» деген тұжырымға келіп, ғылыми жобамыздың бірінші бағыты ретінде қабылдадық. Өйткені ғылыми әдебиеттердегі, бұқаралық ақпарат деректеріне сараптама жасасақ Сиверс алмасының табиғи, негізгі өсу ортасы таулы, тау бөктерінің аймақтары. Оған қандай мүмкіншіліктер бар?
Мысалы, Алматы облысына қарасты 22 358 422 гектар жер алқабының 16 363 210 гектар ауылшаруашылығында пайдаланылатын жерлер санатына жатады. Ал оның тек 1 094 246 гектарында егістік дақылдар өсіріледі. Қалған 14,7 миллион гектары жайылым болып саналады. Осы жерлердің ішіндегі жер бедері тегіс емес төбелі, сайлы тау бөктерінде орналасқан алқаптардың 10 пайызын қолданысқа енгізсе қанша жер игеріледі, қосымша қанша жеміс өнімдерін жинауға болар еді. Бұған Жамбыл, Түркістан облыстарындағы мүмкіншіліктерді қоссақ, нәтиже еселене түсетіндігінде еш күмән жоқ. Бұл жерлерге арпа, бидай, жүгері сияқты егістік дақылдарын егуге келмейді. Тіпті, тамыр жүйесі жерге таяз бойлайтын интенсивтік бақтарға арналған жеміс ағаштары да жел өтіне, еңіс беткейлердің жылжымалылығына және басқа да қолайсыз жағдайларға төтеп бере алмайды. Осындай жер телімдерін иеленіп, бірақ қолданысқа енгізе алмай отырған шаруа қожалықтары Сиверс алмасының табиғи әлеуетін пайдаланып бақ шаруашылығын дамытуға толық мүмкіндіктері бар. 
Жалпы заманауи дүниежүзілік бақ шаруашылығында, оның ішінде Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында суармай, тыңайтқыштар мен зиянкестер және ауруларға қарсы кешенді шаралар қолданбай бақ шаруашылығын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екендігі дәлел қажет етпейтін аксиома. Ал, жер бедері тегіс емес сайлы, төбелі жерлерде дәстүрлі тәсілдерді қолданып суару, топырақты тыңайту, өсімдік қорғау шараларын іске асыру, жалпы тетіктерді қолдану мүмкін емес. 
Сондықтан, жобамыздың негізгі екінші бағыты ретінде баптау шараларын іске асыруда ауылшарушылығы ғылымдарының жетістіктерін тиімді пайдалануды басты міндеттердің бірі деп санап, органикалық-минералды тыңайтқыштар, биологиялық белсенді заттар кешенін осындай жерлерге оңтайландырылған тамшылатып суару жүйесі арқылы беру технологиясын зерттеп жасадық. Өсімдік қорғау жүйесінде қолданылатын препараттарды суару жүйесі арқылы қолданудың тиімділігі өте төмен. Өйткені зиянды организмдердің көбі ағаштардың жер бетіндегі мүшелерін зақымдайды. Сондықтан біз оларды ұшқышсыз ұшатын дрон аппараттарын қолдана отырып іске асырамыз. 
Қазір біздің елде немесе шетелде болсын көптеген бағбан жемісін жинауға қолайлы ергежейлі, жартылай ергежейлі жеміс ағаштарын пайдалануға тырысады. Ал Сиверс алмасының тұқымдық телітушілерінің негізінде алынған жеміс ағаштары биік ағаштар санатына жатады. Өндіріске ұсынылып отырған жобаның тағы бір ерекшелігі, жеміс ағашының биіктеп өсуін тежейтін, бөрікбасының жайылып өсуін және ювенильдік кезеңнен жылдам өтіп, 3-4-ші жылы жеміс беруді қамтамасыз ететін технологияларды қолдануымызда. Бұл технологиялар жоба орындаушысы, ғылым докторы, профессор     С. Олейченконың патенттерімен қорғалған.
Осы зерттеулер нәтижесін негізге ала отырып Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында, әсіресе тау бөктерлерінде ауылшаруашылығында қолдануға қолайсыз деп танылып отырған миллиондаған гектар жерлерде бақ шаруашылығын дамытуға мүмкіндіктің толық бар екенін дәлелдеп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ гранттық қаржыландыруымен осы шара 2017 жылдан бастап іске асуда. 
«Ғылым қоры» АҚ қаржыларының есебінен тамшылатып суару жүйесіне, жер өңдеуге қажет көптеген техниканы сатып алып пайдаланудамыз. Сонымен қатар, оңтүстік кореялық жылыжай, биотехнологиялық әдіспен алма көшеттерін көбейтуге қажет биотехнология зертханасының құрал-жабдықтарын, реактивтерін, көшеттер, кәлемшелер, тұқымдар сақтауға арналған өндірістік тоңазытқыш, жеміс сақтайтын заманауи қойма құрал-жабдықтарын, ал өсімдік қорғау шараларын тиімді қолдану үшін ұшқышсыз ұшатын 2 дрон аппараттарын сатып алып іске қостық. 
Жобаны іске асыру аясында Еңбекшіқазақ ауданы, «Хижков» шаруа қожалығы жағдайында жер бедері егістік дақылдар өсіруге қолайсыз 20 гектар алқапқа Сиверс алмасының тұқымдық телітушісінің негізінде алынған ерте, орташа, кеш пісетін алма сорттарының эксперименталды бағы отырғызылды. Бұл технологияның келешегі мол екендігіне көзі жеткен «Хижков» шаруа қожалығының жетекшісі Иван Хижков өз қаражатымен тағы 30 гектар алқапқа алма бағын отырғызды. 
Отырғызуға дайындау, отырғызылғаннан кейінгі баптау шараларын толық іске асырудың нәтижесінде жер бедерінің қолайсыздығына қарамастан 50 гектар бақта отырғызылған көшеттердің 100 пайызы сақталып, бірінші жылдың вегетациясын сәтті аяқтады. 
Бұқаралық ақпарат жүйелерінде, ғылыми басылымдарда қызу талқыға түсіп жүрген мәселе жеміс ағаштарының «Бактериалдық күйік» ауруына шалдығуы. Өкінішке орай, қазіргі кезде бұл ауруды толық жеңетін бірде- бір дәрі-дәрмек жоқ. Біздің ұсынатынымыз, аурудың алдын алу шараларын іске асыру. Аурудың алдын алу үшін оны нақтылы анықтау керек. Көптеген тәжірибелі мамандардың өзі бұл ауруды анықтауда қиналады. Өйткені «Бактериалдық күйік» деп диагноз қойса, ол бақтағы ағаштарды қопарып алып өртеу керек. Бағбандарға мұндай ұсыныс жасау оңай емес. Есік дендробағында «Бактериалдық күйік» ауруын ДНҚ-тестілеу әдістемесімен анықтау үшін құрал-жабдықтар да, машықтанған мамандар да бар. Есік дендробағында өсірілген көшеттер осындай сараптамадан өтеді де, аурулардан таза күйінде сатылады. Екіншіден, Сиверс алмасының тұқымдық телітушілері негізінде алынған көшеттер «Бактериалдық күйік» сияқты алма дақылының ауруларына табиғи төзімді келеді. 
Қазіргі кезде Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан дендробақ Қазақстанда Сиверс алмасының тұқымдық телітушілері негізінде алма көшеттерін өсіретін жалғыз мекеме, ал «Хижков» шаруа қожалығы мұндай технологияны толыққанды іске асырып отырған елдегі бірінші шаруашылық. 
Жалпы, алма шаруашылығымен айналысудың келешегі өте зор. Әртүрлі дереккөздеріне сәйкес Қазақстанда 2016–2017 жылдары жылына 140,0 мың тонна шамасында алма жемісі өндірілген. Ал 130-160 мың тонна шет- елдерден әкеліп сатылған, былайша айтқанда ел бағбандары алма жемісіне сұраныстың      40-50 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. 
Елбасының  алманың апорт сорты, жабайы Сиверс алмасы туралы айтқан пікірлеріне байланысты соңғы кезде қолдарында өздері өсірген бір көшеті жоқ, бірақ Сиверс алмасының маңызы туралы конференциялар өткізіп, мақала жазғыштар көбейіп барады. Ал Есік дендробағы және «Хижков» шаруа қожалығы Сиверс алмасымен нақтылы жұмыс істеуде. 
Жобаны орындау тобы елде бақ шаруашылығын дамыту, игерілген технологияны кеңінен насихаттап, қолданысқа енгізу  мақсатында Есік дендробағы және «Хижков» шаруа қожалығы базасында 2019 жылдың көктемінен бастап көшет шаруашылығы мамандарына және бағбандарға арналған жүйелі және жоспарлы түрде жұмыс істейтін семинар ұйымдастырады.  
Біздің басты мақсатымыз – іс жүзінде бақ шаруашылығымен айналысамын деген мамандарға озық технологияларды игеріп, қолданысқа енгізуге жағдай жасау және өзекті мәселелерді шешу жолдарын көрсету. Әріптестерімізге ұран тастаудан гөрі озық технологияларды, Елбасы айтқандай, «Алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасы» сияқты өсімдіктердің табиғи әлеуеттерін, қолымызда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып елдің әлеуметтік жағдайын көтеріп, нақтылы іс-әрекетке көшейік демекпін. 

Амангелді АПУШЕВ,
Есік мемлекеттік дендрологиялық саябағы ғылыми жобаларының жетекшісі,
ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор