ШАЛҚАР ШЕЖІРЕМІЗДІҢ МҰҚАБАСЫ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 1223
Бөлім: ТҮПСАНА
Замана қойнауында қалыс қалып бара жатқан құндылықтарымыздың тамырына қан жүгірткен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы шалқар шежіреміздің мұқабасы іспетті. Үңіле қалсаң, алтын күмбезді тарихтың көне сілемдерінде қалған сайраған іздермен, самсаған ескерткіштер менмұндалайды. Сондай мейірімді, сондай ізгі қалыпта. Арда Алаштың асқақ рухын оятқан аруана мекеннің топырағынан ақуыз нұр шалқиды. Атажұртын аңсаған халықтың аңсары да аңқып тұрады. Бұл дегеніңіз кемеңгер елдің көшпелі ғұрпы мен көсемсөздің киесі тоғысқан бағаналы орданың басты бағыты емес пе?!
 
Бұл ойға бізді жетелеген өңірдегі салық саласының қызметкерлерімен болған кездесудегі әсерлі әңгіме. Қоғамның қазанында қайнаған Ұлт Көшбасшысының жүрек жазбасы көпшіліктің көкейіндегі күдікті сейілткені даусыз. Себебі мұндағы ізгілік тұнған рухты тіркестер – көзіміздің қарашығындай көретін баба мұрасының ешбір геометриялық бірлікпен бағаланбайтын өлшеміндей шексіз. Оны облыс бойынша мемлекеттік кірістер департамент басшысы Еркін Нұрланбаевтың арнайы шақыртуымен келген ақын, публицист, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре ӘРІН мен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ астарлап жеткізді.
Елбасының аузынан шыққан сөздің самалы – байырғы асыл аналардың кие тұнған толғауларымен, жұпарлы даланың жансусар құндылығымен пара-пар. Оған шүбә бар ма? Жиында ең алдымен сөздің дәмдісі Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналды. Сөз басында Әміре Әрін әрбір азамат Мемлекет басшысына алғыс айтуы керектігін алға тартты. Сонау бір жылдары Түркияда 30-дан астам елдің басы қосылғанда бәрі бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі әлемінің көшбасшысы деп танығанын, мұның өзі біздерге мақтаныш сезімін ұялататынын жеткізді. Кеш қонағы Мемлекет басшысының мерейі, ел мерейі екенін түсіндіріп, қызметкерлерді өз елінің патриоты болуға шақырды. 
– Бізді құрметпен қарсы алғандарыңызға мың рахмет! Осындай келелі кездесу өтеді дегенде, қуана құп алдым. Өйткені, салық саласы халықпен тығыз жұмыс жасайтын мәуелі мекеме. Шындап келгенде, салық төлемейтін адам жоқ. Тіпті Елбасы да, етікші де төлейді. Демек сіздер нағыз көптің қамын күйттейтін, Елбасының сөзін жеткізетін патриот қауымның өкілдерісіздер, – деді кеш қонағы осы салада жүрген жайдарман жандарға ризашылығын білдіріп.  Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы бүкіл қазақтың көптен күткен әңгімесі. Бабамыздан қалған мынандай сүйекті сөз бар: «Бидің сөзін құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген. Иә, құлдың үстіне алтын шапан жапсаңда құл, күміспен аптасаңда солай. Ол қанша жерден әрлі әңгіме айтқанымен, статусы да, табиғаты да келмейді. Ал мына арада патша айтып отыр. Күллі түркі әлемінің көшбасшысы Нұрсұлтан ағамыз айтқаннан кейін, бұл мәйекті мақала үлкен дүниелерге бастары анық. Оны түйсіне оқыған адам өзінің қазақ болғанына, осы дәуірде ғұмыр кешкеніне беймарал қуанады. Елбасымыз: «Ата тарихын білетін, оны бойына сіңірген елдің болашағы зор. Мына Еуразия кіндігін біздің бабаларымыз әлденеше рет өзгерткен. Өзгертіп қана қоймай өркениет таратқан» дейді ашық түрде. Бұл түркі жұртының тамырының тереңде жатқанын аңғартады.
Кездесу барысында Әміре Әрін өзінің алтын мұнаралы тарихты терең зерделегенін барынша көрсете білді. Салық саласының саңлақтарына саясаттан да хабардар болуы керектігін тілге тиек етті.
– 1993 жылы Қазақстанға Американың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер келді. Ол сол кезеңнің өте мықты саясаткері болған тұлға. Біздің әлі денемізден Кеңес өкіметінің  иісі шығып тұрған сәт. Сонда ол дарқан даламыздың жұпар ауасымен тыныстап тұрып: «Қазақстан – әлем өркениетінің алтын бесігі» деп ағынан жарыла сөйлеген еді. Мен, осы тұста үлкен бір жаңалықтың шетін шығарайын.
Ботай қонысы қазіргі Астананың ежелгі аты. Онда алып қала бой көтеріп, Ұлы Жібек жолының орталығы саналған. Сонда осыдан 6 мың жыл бұрын бабаларымыздың жабайы жылқыларды қолға үйреткені тарихтан аян. Ал, дала тағысына ауыздық салу деген бүгінгі көзқараспен қарағанда ғарышқа ұшқанмен бірдей. Біздің бабаларымыз тұлпар мініп, темір балқытып, қолына қару ұстағаннан кейін Солтүстік Африкаға дейін жаулап алған. Ол уақытта Америка деген құрлық атымен жоқ. Көрдіңіздер ме? Кімнің күші көп, білегі мықты соның үстемдігі жүреді әрқашанда. Несін жасырамыз, бүкіл әлемде түркизм басым. Түркизм – протоқазақ тілінің сөздері. Орыс тілінің 40 пайызы түркінікі. Оны халық ақыны Олжас Сүлейменов дәлелдеп шықты, – дейді қаламгер.
Ақынның айтуынша тарих қайталанатыны күмәнсіз. Бүгінде әлемдік политологтар болашақ түркілердің дәргейінде екенін айтуда. Америкалықтар табиғи катаклизм кесірінен жүнжіп бара жатса, арабтар дінін саудалап, бір-біріне оқ жаудыруда. Орыстың ойшылдарының өзі Алтын орданың ұрпақтары екенін жасырмайды. Ал, Алтын орда – Шыңғысхан құрған түркі қағанатының жалғасы. Әлқисса, орыстың кінәздары Алтын ордаға барып, билікке бекіп, салық төлеген. 
Кеш қонағы қоғамдық сананы жаңғырту керектігін ерекше ескертті. 
– Асты кеніш, үсті пейіш жақұтты жерімізге көзалартқандардан сақтануымыз қажет. Себебі, бабамыз қасық қаны қалғанша күрескен ұлан-байтақ жеріміздің бір уыс топырағы да құнды. Осыны ұмытпаңыздар, – деп сөзін түйіндеді.
Одан кейін Ермек Әбілмәжінұлы сөз алып, осынша құнды ақпаратқа қанықтырған Әміре Әрінге алғысын айта келіп, Тәуелсіздік жайлы толғамды пікірді ортаға салды.
– «Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық»  деді Елбасы өз сөзінде.  1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне 27 жыл да өте шықты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн. Өз басым сол қасіретті заманның буыны болған соң, Егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі. Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің болашақ буынның бағыты болуы тиіс, – деді ол.
Жиын барысында түсіндіру жұмысы басқармасының бас маманы Әуелхан Әлішеров пен камералық бақылау басқармасының бас маманы Октябрина Кәрібаева Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының салық саласының қызметкерлеріне берер пайдасы туралы хабарлама жасады. 
Шара соңында облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Құмарбекұлы: «Алдымызда тұрған міндет – Елбасы анықтап берген сол басымдылықтарды іске асыруға қоғам болып жұмылу. Бұл ауқымды жұмысқа бір кісідей ат салысып, өз үлесімізді қоссақ, көздеген мақсатқа қол жеткізу жеңілдейтіні анық. Ел дамуы мен тарихымызды танудың жаңа кезеңі жолында әрқайсымыздың аянбай еңбек еткеніміз абзал» – дей келе келген қонақтарға ыстық ілтипатын жеткізіп, жиынды түйіндеді.
 
Мұхтар  КҮМІСБЕК