Амандық БАТАЛОВ: "ЕКІ ТІЛДЕ ӨЛЕҢ ЖАЗАМЫН"

Уақыты: 14.01.2019
Оқылды: 1569
Бөлім: ТҮПСАНА

Мағжан сенім артқан, Елбасы әр сөзінен тастамайтын жастардың - бүгінгі буынның болашаққа беталысы қандай? Алтынның ерітіндісіндей сырғыған ұлы уақытты ел ертеңі үшін жұмсап жүрген жалынды жандар бар ма? Бар болса, олардың ерен еңбегінің жемісін туған жұрты қашан көрмек? Осындай сан сауалдың жауабын Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығында Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВПЕН болған жүздесуде тапқандай күйге бөлендік.

Өңір басшысымен өткен жүздесуге аудандық, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшілері, «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел», «Жастар практикасы», мемлекеттік бағдарламаларының қатысушылары, «Көшбасшы» сыйлығының, «Жас отау» байқауының жеңімпаздары, ғылым, спорт саласының белсенді жастары және жас депутаттар қатысты.

Жастар жылы шеңберінде өткен жүздесудің алғашқы сөзін облыс әкімі Амандық Баталов алып, жүрекжарды құттықтауын арнады.

– Еліміздің ертеңі жастардың қолында екені баршаға аян. Сіздер тәуелсіз елдің тарланысыздар. Сондықтан, сіздерге артылар сенім жүгі ауыр. Елбасы атап өткендей, биыл – Жастар жылы. Осыған орай сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын! – деген өңір басшысы одан ары өткен жылғы өңір жетістігіне тоқталды. Сан сала бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткен облысымыздың жарқын жетістіктерін санамалап өтті. Сонымен қатар, биыл атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталып, жоспарларымен бөлісті. «Үздік қала» деп танылған Талдықорған шаһарының сәулетіне сән қосар олимпиадалық стандартқа сай «Жүзу бассейні» кешенінің құрылысы басталатынын айрықша атап өтті. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, Елбасының "Ұлы Даланың жеті қыры" мақаласы, Рухани жаңғыру аясында атқарылған жоспарлар да сөз болды.

Өңір басшысының ақеділ лебізінен кейін жастар слайд арқылы жылдық жоспарын, жобаларын таныстырса, белсенділер қызықтырған сауалдарын қойды. Сонымен қатар, ұсыныстарын білдірді. Мәселен, өткен жылы Сарқан аудандық жастар ресурстық орталығы 5 гектар жерге қант қызылшасын өсіріп, оның өніміне өздеріне қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Кездесу барысында саялы аймақтың белсенділері осы бір игі істің жалғасын табуына ықыласты екенін жеткізсе, облыс орталығындағы жастар Мұқыры асуына «Талдықорған» деген атауды жазып қойса деген ұсынысын білдірді. Бұл атау алыстан менмұндалайтын Голливуд  қаласының атауы секілді тау басынан тұғыр сайламақ. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген белсенділер осындай қызықты ұсыныстарын лек-легімен ортаға салып, облыс басшысынан әр ауданда жастарға қызмет көрсету орталғының ғимаратын салып беруін сұрады. Жауабында әкім салмақты ұсыныстарға өз қолдауын білдіретінін жеткізді.

Өз кезегінде облыс басшысы жастардың белсенділігіне алғыс білдіріп, әрбір тың жоспар келешекте көрер игілікке айналуын атап өтті. Жан жадыратып, көңіл тасытқан, тың жобалар ортаға тасталған жүздесуде Амандық Ғаббасұлы өзінің өлең жазатынын айтып, жүректен шыққан қазақ және орыс тілдерінде тың туындысын төгілте оқып берді. Облыс басшысы: "Мен өлеңнің құрылымын толық білмесем де, көңілдегі кейбір ойларды қағазға орысша-қазақша түсіріп отырамын", - деп әдебиеттен алыс емес екендігін де білдірді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ