Сайын даланың Сайыны

Уақыты: 10.10.2016
Оқылды: 5419
Бөлім: ТҮПСАНА

Қаламгерлердің бар өмірі жазумен байланысты. Ойындағысын, көргенін, білгенін өмірмен байланыстыра өріп, сәтті деген оқиғаларды сабақтастырады да «үһ» деп демалады. Бары сол ғана. Шіркін, мен де ақ қағазға қалам жүгірткен, табиғатты асқан шеберлікпен суреттеген, адам өмірінің күйініш пен қуанышты сәттерін жүрек пернесін дөп басатындай етіп таңбалаған, сол арқылы қалың оқырманның ойында жүрген тұлғалардың сапынан табылсам ғой деп  армандаған жанның көңіл терезесіне жазушы тағдырының сәулелі күндері ғана шуақтаған дер едік. Армандаудың жөні бар. Алайда қаламгердің көзімен қарап, көңілімен әр нәрсені пайымдай білуден ауыр дүние жоқ. Алла нәсіп еткен өренің кеңдігінен олардың тартар мехнаты мен машақаты да жетерлік. Қаламынан төгілген жауһар жазулар мен өміршең шығармалар арқылы есімін елге танытқан тағдырлы жазушының бірі – Сайын Мұратбеков. 

Қазақ зиялыларының арасында «Сайын даланың Сайыны» атанған жазушының өзіне тән қолтаңбасы, сайлап кеткен тұғыры бар. Ғасыр сырғыса да, жылдар жылжыса да ол тұғырдың аласармасы анық. Керісінше жасында ойын ойнауды емес, ел жайын ойлауды машық еткен сұлу келбетті, сиқыр сезімнің иесі арамыздан алыстаған сайын асқақтай түсуде. Әрине, қазақ әдебиетін өркендетуге өзіндік үлесі тиген талантты жандардың қарасы мол. Алайда, далаға сай дарқандықтың иесі екенін мойындатып, зиялылардың сапында кеңдігімен кермиық, кербез жазушы болып қалған жан санаулы. Солардың бірі көшелі көштің қара нарындай тұлғаланған, бүгінде көзі тірі болса сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойын алты Алашпен бірге тойлайтын Сайын Мұратбеков еді.
Тәңірдің берген жасын сүріп, мәңгілік сапарға осыдан 9 жыл бұрын  аттанған арда жанды «Жабайы алма» повесін оқыған күннен терең тани түстім. Сұрапыл соғыс кезіндегі азып-тозған ауылдың тіршілігін баяндайтын шығарманың шырайлылығы мен шыншылдығы әр бөлімнен-ақ менмұндалап тұрады. Алақандай ауылдағы адамдардың наным-сенімі, олардың қилы өмірі, жас балалардың ауыр жұмыстан қалжыраған көрінісі оқырманды еріксіз тебірентіп, сонау күнгі қасіретті жылдарға сапар шектіретін ғажайып шығарма. Аталмыш туынды жазушының әлеуетін танытатын, қазақ прозасының хас шебері екендігін көрсететін төлқұжаты секілді. Әрине, ең алғашқы «Менің қарындасым» сынды туындыларын атамаған болсақ. Жалпы оның «Ауыл оты», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Қалың қар», «Өліара», «Отау үй» сынды прозалық кітаптарының барлығы да қазақ әдебиетіне қосылған алтын қазына. Бұлардың әрқайсысын оқырман санасына жеткізуді мақсат тұта білген жан жазушының жалыны мен қарымы, дарынын бір ғана шығармасы арқылы тарқатып айтып, айшықтап бере алады. 
Мәселен, қанды ғасырдағы ең үлкен нәубет болып саналатын, бірнеше миллион адамды жалмаған соғыстың салдарын, салмағын ауыл адамдары арқылы берген «Жабайы алмасы» алғаш кітап болып шыққан кезінен-ақ қолдан-қолға өтіп, ең көп оқылған жауһар жәдігері, асыл мұрасы. Шығарма желісіндегі көркем ойлар мен оқиғалар сәтті сабақтасып қана қоймай, сұрқай замандағы балалар мен бүгінгі жастардың, үлкендердің тұрмыс-тіршілігіндегі ұқсастықтар повестің шырайын кіргізіп-ақ тұр. Мұның өзі жазушылық қабілетінің өзге қаламгерлерден ерекше екендігін айғақтайды.
Иә, көзі қарақты оқырман үшін аталмыш туындыдағы әрбір кейіпкер фантастикалық ойдан немесе шығарманы шарықтату үшін қосалқы, жанама адам ретінде орайластырылмағаны ұғынықты. Олардың талайлы тағдыры да, өздері де нағыз ақиқаттан сомдалған жағымды һәм жағымсыз кейіпкерлер. Бұл прозаның әлқиссасы «Көкінай» бөлімімен басталады. Көкінай деген адамның ныспысы емес, алып жабайы алманың түбін саялаған қарақаншық ит. Шығармадағы ері майданға аттанған ауылдың бар баласы жиналып келіп жабайы алманың тәтті жемісін талқажау ететіні, алайда қарақаншықтың кесірінен алмаға ауыз сала алмай, ақырында қазақтың «киесі атады» деген ырымы жайына қалып, жеткіншектер балалықпен қарақаншықтың күшіктерін тірідей көметіндігі, соның салдарынан Бүбітай кемпірдің қолына қараған жалғыз немересінің алма ағашынан құлап өлетіндігі, осындай қым-қиғаш оқиғалармен басталған шығарма оқырманды бірден баурап, кітап әлеміне еріксіз саяхат жасатады. Одан кейінгі сәт-сәтімен жалғасқан ауыр тағдырдың барлығы да туындының тіні, өзегі болып өрілген. Тіпті, сыни көзбен: «Мына бөлімі шығарманың мазмұнынан тысқары, көлемін арттыру үшін қосылған-қолданған жанама эпизоды мынау», – деп айта алмайсың. Ол аз болса, Ғабит Мүсірепов айтқан аз жазу мен саз жазуды  қағида еткендей, Сайынның осы қолтаңбасынан артық ауыз сөздің өзін табу қиын. Бұл қаламгердің әдебиетке деген ерекше махаббатын, сөз өнеріне кірпияздықпен, терең талғаммен қарайтындығын айқындап тұр. 
Жазушы аталмыш шығармасында тек қана соғыс уақытындағы құты қашқан ауылдың тіршілігін баяндап қоймай, ұлттық наным-сенім мен халық танымын, психологиясын шебер тілмен өрнектей білген. Оған «Қыдырман Тойтық», «Байдалы бастық» немесе «Тұржан – атқарушы» бөлімдеріндегі адамды бірде күлдіріп, бірде ашындыра, жылататын оқиғалар мен ауылнаймын деп әкіреңдегенге бас шұлғи беретін халықтың көмпіс мінезі дәлел болмақ. Ал шығарманың шарықтау шегі мен ең бейнелі де өзекті тұсы қайсы десек, «Жабайы алма» басынан қорытындысына дейін  бұтарлауға келмейтін соқталдай дүние. Жалғызының көзі болған немересінен айырылған Бүбітайдың жынданып кетуінің өзі оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Ал қаралы хаттың ақжолтайы болып майдан даласынан аман-есен оралған Ырысбектің ылаңын айтудың өзі ауыр. Ауылдағы балалардың басын қарға тығып қинап, шылым шегу сынды жаман әдеттерге үйір қылуын айтпаймыз. «Соғыс көріп, қаным бұзылып келді», – деген желеумен ері кеткен үйдің қызына қырғидай тиіп, бірін алып, екіншісін шығарып салатын әйелқұмарлығы жанға батады. Кемпір-шалды зар еңіретіп қырмызы қызын қорлауы жазушының асқан шеберлігінің арқасында тарихта қалатын трагедиялық оқиға. Әйтпесе, соғыс тақырыбына арналған талай романдардың толғақты тақырыптары басқа ауанда баяндалатыны көзі қарақты оқырмандарға белгілі жайт. Сол Ырысбектің тағы бір өнері алған қатындары жайлы ән шырқауы еді. Оны жазушы:
«Кей күні Ырысбек біздің біреумізді жұмсап, хат жазып жіберіп, Зибашты немесе Эмманы шақыртып алады, үй сыпыртып, кір киімдерін жуғызып, тамағын жасатады. Кейде екі-үш күнге дейін үйінен жібермей де қояды. Зибашты шақырғанда:
Зибаш-ай, 
Байыңды, қалқам, сыйлашы-ай... – 
деп әндетсе, Эмманы шақырғанда:
Адам тумас Эммадай,
Қол-аяғы балғадай, – деп әндетеді». Осының өзінен әумесерге әй дейтін еркек кіндіктінің табылмағанынан әйелдерді ойыншық көріп, қорлауы аңғарылып-ақ тұр. Санаулы күндердің ішінде көңілі жерісе, екінші біреуді үйіне кіргізіп алатыны, Ырысбектің бұл қылығынан келіншектердің жылап кете баратыны, бәрі-бәрі сұм соғыстың адам баласына, ауыл тұрғындарының басына салған ауыр да мазақ тірліктің көрінісі. Мұны жаңа қырынан ашқан жазушы шеберлігінің арқасында әр эпизод айшықталып, шынайылығымен жүрекке жетіп-ақ тұр. 
«Стиль – адам. Ал адамның жаратушысы Құдай. Бұлардың бәрі пенденің санасынан тыс бірінен-бірі өткен құпия. Сол себепті де өнері баяғыда-ақ Үшқараның басына ұя салған Сайын Мұратбеков әдебиет жайлы 40 жыл әңгіме шертсе де, өз шығармаларына тән сөз сиқырын, яғни сөз өнерінің мәйегін ашып бере алыпты. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, талант иесінің маңдайына жазылған сый – Тәңір берген суреткерлік тылсым өнерпаздың қолындағы, ырқындағы құбылыс еді», – деген ақжарма тілегін, көшелі пікірін көрнекті жазушы Смағұл Елубай айтқан еді. Осы бір нысанаға дөп тиетін ойдың өзі Сайынның салған сүрлеуі мен суреткерлігіне айқын дәлел болмақ. 
Сайын Мұратбековтың қаламынан жаралған жақсы шығармалардың барлығын шолып шығуға жол ашқан «Жабайы алма» повесі болғанымен ерекше әсер еткені «Жусан иісі». Бұл туындыда да сұрапыл соғыс кезеңіндегі ауыл адамдарының тағдыры баяндалған. Басты кейіпкері Аянның талайлы өмірі арқылы сол замандағы барша ауыртпалықты салмақтап, саралап берген жазушының айтар ойы ұғынықты. Өзінің де өскелең кезі қанды қасаппен тұспа-тұс келгендіктен де шығармадағы балалар психологиясын жақсы ашқан. Тіпті, шебер өрнектеген. 
«Жусан иісі» повесінің әлқиссасы «Ойымнан: жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген арық ақсақ қара бала бір кетпейді», – деген лирикалық шегініспен басталады. Ол ауылға қарт әжесімен көшіп келген жетім бала – Аян. Шығарманың бас кейіпкерін ауыл балалары үйірсектеп, мықтылығы мен тазалығына тәнті болып, бәрі де дос тұтып кетеді. Сол достықтың жібін үзбеген олар мектепке барып, қара тануға ынтығатын жерінің өзі жазушының суреткерлігімен ғажайып көрініс береді. Бәрінің мақсаты – әріп танып, сөз құрауды үйреніп, майдандағы әкесі мен ағаларына хат жазу. Иманжановтың дәрісін алған өрендердің арасында алғырлығымен майдан даласына ең алғаш хат аттандырып, жауап алған да Аян еді.  Алайда, жасындай жарқыраған баланың тағдыры жалғыз әжесі қайтыс болған күннен бастап күреңітіп, тұмандана бастайды. Жетімдіктің тақсыретін тартқызбаймын деген жамағайыны үйіне көшіріп алғанымен де, қыңыр кемпірінің сойылдай сөздері жас жүректі жаралайтынын жазушы ашып жазбаса да оқырманға  ұғынықты. Әжесінің тірі кезінде қасқа бұзауын үйретемін деп секіріп мінгені, семіз төлдің мөңкуімен жығылып қалып тобығын тайдырып алуы шығарманың қорытындысына дейінгі бала тағдырының кеселі ретінде берілген аянышты жайт, жағымды қоспа. Тобығы ойнамалы болған Аян құрбыларымен ойынға араласа алмай, ақыры «Баяғыда бір жетім бала болыпты...» деп басталатын ертегілерді ойдан құрауы арқылы олардың басын біріктіруге тырысқанының өзі шығарманың шырайын келтіретін эпизодтар. 
Повестің шарықтау шегі бойынша қысқы түнде шөп жиналған қора төбесінде бас қосып, ертегі тыңдап, шылым шегетін жастар ақырында қораны өртеп тынады. Қашамын деп қорадан секіріп түскенде Аянның ойнамалы тобығы қайтадан тайып, құлаған жерінде қалады да, басқа балалар жан сауғалап үлгереді. Төбедегі тілсіз жаудың нарттай болғанын көрген шолақ қол бригадир Тұржан ауыл адамдарының арқасында өртенген шөпті сөндіреді. Алайда, «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас»  дегеннің керімен қолында билікті пайдаланып, қора артында төрт бүктетіліп жатқан Аянды ойбайы мен айғайына қарамай өлімші етіп тепкілеп кететін жері кімді де болса бейжай қалдырмасы анық. Бұл жайлы жазушы: «Аян есік жақтағы темір пештің түбіне төселген құрым кигіздің үстінде, кір-кір жұқа құрақ көрпе жамылып жатыр екен. Бір жамбастаған күйде қозғала алар емес. Қамшы мен тепкі тиген денесі көкпеңбек боп күлкілдеп ісіп кетіпті. Домбыға ісіген ернін жалап қояды», – деп сипаттайды. Мұның өзі қорғаны жоқ жетімді басынған адамның айуандығын танытатын көрініс. Іштей кек сақтаған Аян ағасының жусан иісі сіңген күртешесін құшырлана иіскеп қойып: «Ағам майданнан оралғанда кегімді қайтарады», – деп тістенуінің өзі жанға батады. Онсыз да қанаты сынған құстай болып, аяғының азабын тартқан жетімнің күні шығарманың аяғында одан әрмен тұмандана түскен. Майдандағы ағасын пана тұтып жүрген Аянның жетімдігі жегіқұрт боп өзегін өртейді. Ағасынан қаралы хат келеді. Өлмелі күнін көріп жүрген қарттарға масыл болмауды ойлап, балалар үйіне аттанады. Ал жазушы повесті «Біздерге ертегі айтып беретін Аян шынында қайда екен? Ол тірі болса Жусантөбеге бір келіп кетпеуі, жусан иісін сағынбауы мүмкін емес», – деп қорытындылайды. Осындай аянышты өмірді шығармасына арқау еткен Сайын Мұратбеков бұл повесі арқылы сонау күндердегі ел басына түскен ауыртпалықты ғана суреттеп қоймаған. Ол бұл жазбасы арқылы өзінің де жастық шағынан үзік-үзік естеліктер айтып, балғын кезін балбалтасқа қашап кеткендей.
«Жусан иісі» Сайын Мұратбековтың творчествосындағы үздік жетістіктерінің бірі болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыртпалықты суреттейтін шығарма да, бала кейіпкер де мол. Бірақ бұл туынды олардың ешқайсысына ұқсамайды. Оқиғаның өрбуі мен құрылымын да, логикалық ақыл-ойдың дара сабақтаса дамуы да, лирикалық шығарманың ішкі жан дүниесі де оқшау. Көз алдыңнан қара жолдың шаңын аспанға шығара жарысып бара жатқан балалардың соңында аяғын сылтып басып, жете алмасын білгенде: «Әй, тоқтаңдаршы, бір қызық ертегі айтайын», – деп соқпақ шетіне отыра кететін Аянның бейнесі кетпейді». Бұл – белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың аталмыш шығарма жайлы көшелі пікірі. Ғалымның айтқан ойы жүйелі, салмақты болғандығын ескерсек Сайын Мұратбековтың бұл шығармасы қаламгерлік қабілетін танытатын, қуатын көрсететін туынды. Жалпы, майталман жазушылардың да естелігінде көп айтылатын шығарма «Жусан иісі» екені көзі қарақты оқырманға белгілі. Осыдан-ақ Сайын салған соқпақтың ең жарқыны мен алтыны осы туынды екенін пайымдай беруге болатындай.
Негізінде Сайын Мұратбеков роман жазбады. Қаламының қуаты ірі шығармаларды туындатуға, өресі қазақ трагедиясына том-том кітап арнауға жетсе де повеспен шектелді. Неге?!  Бүгінгі таңдағы оқырмандардың саны азайғанына байланысты: «Жалпы көркем әдебиетке деген сұраныстың күрт төмендеп кететінін көрегендікпен болжаған-ау, шамасы», – дейтіндер де бой көрсетіп жүр. Алайда жазушының роман жазбаудағы өзіндік пікірі ішінде кетті. Сондықтан да бұл жұмбақтың жауабын шешкісі келіп өзінше пәлсапа соғу мен сәуегейлікке салынудың керегі жоқ секілді. Ол роман жазбаса да шағын әңгіменің шебері атанды. Ірі шығармаларға арқау болатын тағдырларды, дәлелді дүниелерді қысқа жазу арқылы да оқырмандарының жүрегіне ұялата білді. Қазақ әдебиетіндегі шағын әңгіме жанрын шыңға шығарған Бейімбет  Майлин екені күллі жұртқа белгілі. Ал Бейімбеттің сүрлеуін кеңейтіп соқпаққа айналдырған қаламгердің Сайын екені даусыз. Сондықтан да қазақ әдебиетінің қайталанбас тұлғаларының сапында оқшауланып, тұғырланып тұратыны заңдылық.
Сайын салған соқпақтың көбі лирикалық шегіністен басталатын бір топ әңгімелер. Ол да Бейімбетше еңбектеніп, қоғамды жырлауда шалқымай, болған дүниелерді әсірелемей әдемі қиюластыру арқылы мұра етіп кетті. Мәселен, «Менің қарындасым», «Қыран құс көк жүзін шарлап кетті», «Үскірік» сынды көптеген әңгімесі мөлдір сезімнен құралған, ақиқатпен астасқан туындылар. Аталған-аталмаған шығармалардың қай-қайсысын алып қарастырсақ та жазушының шыншылдығын, жел сөзге бой ұрмайтын кербез мінезін байқаймыз. Тіпті, қаламгерлердің Сайын туралы айтатын «Жұмсақ жан еді» деген естеліктерінің өзі шығармасынан қырда аңқыған қызғалдақтың иісіндей білініп тұрады. 
Сол туындыларының арасында адамды алуан күйге түсіріп, тебірентетіні «Ананың арманы» атты әңгімесі. Аталмыш жазбасы арқылы өлмелі әженің тірлігін жазушы асқан шеберлікпен аша білген. Басы жерге жетіп тұрса да ұрпағының болашағына уайымдап, өзара дүрдараз болып төбелесіп жататын немерелерінің күйігін тартып, келінінің қас-қабағын бағып отыратын тілеуқор әже бүгін де бар. Алайда Сайын сомдаған ана портреті мәңгілік өшпес дүние. Қарапайым отбасының қазынасына айналған әженің келбетін, сөйлеу мәнерін, оның қуанғандағы, күйінгендегі көрінісін айнытпай беру арқылы да қаламгер өз талантына табындырып қояды. Оған әңгімедегі жеке үй болған қызы Мәржәпияның сұғанақтық танытып, көйлек тігемін деп келіні сандықта жасырып жүрген шытты алып кеткен эпизоды мысал бола алады. Әңгіме желісіне жүгінсек, кішкентай қыздың айтуымен көйлек тігер шытты Мәржәпияның алып кеткені белгілі болады. Сол-ақ екен сұғанақ қайын сіңлісінің қылығына долданып, сыртынан ғайбаттай жөнеледі. Ақылшы ана «тек» дегенде оны күйінген келін біз тілімен шабақтап өтеді. Келіннің кейісінен кішірейген ананың дәл сол сәттегі көрінісін қаламгер ерекше кескіндеген. Одан кейінгі сәт-сәтімен сабақтасқан көріністердің барлығы да әженің қамқорлығын, дарқан көңілін көрсету, мейірімділігін таныту үшін берілген эпизодтар. Шағын әңгіменің де шарықтау шегі болатынын ескерсек, «Ананың арманында» адам санасына төңкеріс жасайтындай оқиға баян етілген. Ол хәл үстінде жатқан әженің сақинасына таласқан мына бір тұс: – «Аулақ әрі, әпкел шешемнің жүзігін, өзім алам, – деді. – Ей, қыз-ау, жәйің-ңе отырсаң-шоу, – деп жылай сөйлеген күйінде Әсембайдың әйелі әжемнің қолына тағы еңкейді. Мәржәпия оны қағып жіберді. Ұмтылып кеп әжемнің қолына өзі жармасты. Бұл тағы да еңкейіп, әжемнің саусағын тілімен жалап, жүзікті ары тартты, бері тартты, бірақ шығара алмады. Мына екеуінің қылығы бәрінен де қатты батты. Әжем болса ықылық атып ақтық демін алып жатыр. Дереу ұшып бардым да егеу алып келдім. Әуре болып жатқан Мәржәпияны да ұрысқанына қарамастан итеріп тастап, жүзіктің бір шетін ептеп егей бастадым. Жіңішке жүзік біраз егеген соң қиылып кетті. Майыстырып әжемнің қолынан шығарып алдым да әйелдердің: – Маған бер, маған бер!.. – дегеніне қарамастан ашық терезеден сыртқа лақтырып жібердім. Біреу желкемнен нұқып қалды. Әкем екен. – Ақымақ, ол алтын жүзік, неге лақтырасың, – деп зекіді». Рас, зерделі  оқырман үшін бұдан асқан бассыздық болмас. Ананың өлімін күтпестен дүниеқоңыздыққа салынып, Мәржәпияның теберік алмақшы болған көрші әйелмен таласқа түсуіне не себеп болды? Ал қамқор ананың соңғы демін алып жатқанын сезе тұра «ол алтын жүзік» деген ұлының күйі ше? Осындай аянышты сәтте пенденің дүниеге деген махаббаты күшті болып кеткенін көрсетудегі жазушының мақсаты неде? Осындай сансыз сауалдарды оқырманның жүрегінде тірілткен, санасында оята білген қаламгердің кереметтілігі демеске шара жоқ. Ал осы бір эпизодтағы кейіптеу мен бейнелеудің шеберлігі тіптен таңдандырады. 
Жалпы, сөз зергері, шағын әңгіме шебері атанған Сайын Мұратбековтың әр шығармасындағы көркемдік бояу, шынайылық, мөлдір қоспа, табиғилық пен әсерлі оқиғаларды атап өтуге үлкен табандылық пен күш керек. Сондықтан да қалың оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алған «Қылау», «Қысқы кеш», «Махаббат», «Таңғы шық», «Райгүл» сынды көптеген туындыларын қалың оқырманмен қайта таныстырып жатудың қажеті шамалы.  Дегенмен де дарынын даралайтын тұстарын атап кету біздерге парыз. Сондықтан да қарымды қаламгердің өзі салған соқпақтарға зер салып, зерделі оқырманға өзіндік таным көкжиегінен сыр шертіп көрдік. 
Сайын Мұратбеков жер жаннаты Жетісудың Қапал өңірі, Қоңыр тауының баурайында 1936 жылы қазан айының 15-інде өмірге келген. Қазақтың біртуар тұлғасына айналған бала Сайынды жастайынан атасы Мұратбек бауырына салып тәрбиелеген. Ал қаламгердің әкесі Сапарғали жер әлемді тітіркенткен Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Осыдан-ақ жазушының балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгенін, қаламынан соғыс тақырыбындағы қуатты шығармалардың туындағанын заңдылық деп пайымдай беруімізге болады.  Майданға астық жөнелту, ерсіз ауылдың езгіліктен есі ауа бастаған тірлігін бала жүрегіне түйіп өскен Сайын ХХ ғасырдың    60-шы жылдарында қазақ әдебиетіне келген шоқ жұлдыздардың бірегейі, ең сәулелісі. Алғашқы әңгімелерінің бірі «Менің қарындасым» басылып, байтақ даланың түкпір-түкпіріне жеткенде-ақ  күллі ел болмаса да дүйім қаламгердің санасы селк еткізгені белгілі. Сол зиялылардың ішінде алғашқылардың бірі болып қазақтың көрнекті жазушысы Тахауи Ахтанов: «Бізде шағын жанр-әңгімені жаңа форма, тың тақырыппен байыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің ізгі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтың «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөлдірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасалған психологизм ұшқындары бар», – деп баға береді. Бұл жас жазушының алдыңғы толқыннан алған алғашқы баталарының бірі еді. 
Әр дүниенге аса талғампаздықпен қарап, жел сөзге бой ұрмаған Сайын осылайша қазақ зиялыларының ықыласына кенеліп, халықтың рухани қазынасына жақұт жазбаларын құя білді. Өзіндік қолтаңбасымен қазақ прозасына құбылыс алып келді. Сонымен қатар, қоғам қайраткерi ретiнде де абыройлы еңбек ете білді. Жауапты қызметтер атқарды. Кейіннен «Жазушы» баспасының директоры, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы бола жүрiп, халық қалаулысы болып сайланды. Осындай жауапты қызмет атқарып, ауыр жүкті мойнына арта жүріп талай-талай дүниеге қалам сілтеп, соқталдай-соқталдай сырлы шығармалар жазып тастады. 

Жібек мінезді жазушының адамгершілік қасиеті, шарапаты айналасындағыларға үлкен әсер етті. Ол жас қаламгерлерге қамқорлық көрсетiп, ұстаздық ету жолында да бойындағысының бәрін сарыққан жан. Ал достық қасиетінің өзі бір төбе. Бұл жайлы Қалихан Ысқақов, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаров сынды қаламгер жолдастарының естелік-жазбаларынан асырып айта алмаспыз. Әдеби ортада осы жолдастарымен «Бес тапал» атанған екен. Бұл туралы Сәбит Досанов: «Олардың бойлары аласа болғанымен армандары биік, ойлары терең. Сол екеуінің – Рамазан мен Сайынның өмірден ерте кетіп, терең теңіздердің ерте тартылғаны өзекті өртейтін өкініш», – деп жып-жылы естелік айтып, күйінішін жеткізеді. Алайда, олар, Сәбит айтқандай, тартылып қалған жоқ. Керісінше, алыстаған таудың асқақтай түсетініндей, шалқыған теңіз болса мұхиттай жиегін кеңейтіп бара жатыр. Айдынданып, ел жүрегінде тұмса туындыларымен толқындай тербетіліп келеді. Амал қанша, Сайын Мұратбеков Алланың қалауымен мәңгілік сапарға бет түзеді. Қалың елді күңірентті. Қаламынан нәр алған алты Алашы аза тұтып ардақтады. Шын мәнінде өзі кетсе де сөзін санасында сақтады, келбетін көңілден өшірген жоқ. Өйткені,  қара сөздің хас шеберінің әр шығармасы бұқарамен бірге мәңгі жасай берер құдіретке ие. 

Асыл Сұлтанғазы

ПЕРЗЕНТ ҮНІ

КЕЙІПКЕРЛЕРІМЕН
 КЕЗДЕСЕТІНБІЗ

Әкем Сайын Мұратбековты еске алған сайын қазақтың: «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ»  деген даналығына қайран қаламын. Себебі, әкеміздің жақсы қасиеттері көп болатын. Соның ішінде ең үлкені – балаларына ұрыспайтын, ешкімге ауыр сөз айтпайтын. Біздің бетімізден қақпай өсірді. Бірақ қанша еркелетсе де асқан шолжаң болмадық. Өйткені, бәрін түсіндіріп, ақылын айтып: «Балам, мынау былай болуы керек», – деп ұғындыратын. Тіпті қатты ренжіп, ашуланғанның өзінде айтатын ең ауыр тіркесі: «Оңбайсың!» деген жалғыз ауыз сөз еді. Соның өзінен ренжітіп алғанымызды білетінбіз. Бізбен, әсіресе менімен тең сөйлесіп, ақыл сұрайтын. Таудан үй салғанда менің де пікірімді біліп, кеңесіп отырушы еді. Соның бәрін осы күні сағынамын.
Өмірлік таңдау жасағанның өзінде: «Балам, қандай мамандықты меңгергің келеді?», – деп негізгі қадамды өзіме қалдырды.
– Білмеймін! – деп едім:
– Ойланып көр, асықпа! – деді. Ақыры әбден ойлана келе бірінші сыныптан оқи бастаған шет тілін таңдадым. Себебі, шет тілдерін тереңдетіп оқытатын №45 арнайы мектепті бітіргенмін. Ойланып отырып:
– Шет тілдері институтына түссем қайтеді?! – деп едім:
– Өзің біл. Қандай мамандықты таңдасаң да жүрегіңнің үніне құлақ ас. Жүрегіңнің айтқанымен жүрсең адаспайсың. Дұрыс, таңдауыңды қолдаймын! – деді. Сөйтіп, өзім таңдаған мамандық – ағылшын тілінің мұғалімі болып шықтым. Әкем ешқашан да өз пікірін бізге таңбайтын. Соның арқасында көптеген салаларда, дипломатиялық корпуста, Сыртқы істер министрлігінде абыройлы қызмет атқарып, тынымсыз еңбек еттім. Әкем ауырған соң Астанадан Алматыға қайтып оралып, өле-өлгенше қасында болдым. Қазір, құдайға шүкір, жоғары оқу орындарында келісімшартпен жұмыс істеп жатқан жайым бар.
Бала күнімізде әкеміз партиялық қызметтер атқарып, Орталық комитетте жұмыс істеді. Ол кездегі қызыл саясат ықпалының күштілігі сондай, партиялық қызметкер баласын қазақ мектебіне бере алмайтын. Оның үстіне Алматыда жалғыз қазақ мектебі бар. Сөйтіп, орыс мектебінің табалдырығын аттап, барлық сабақты орыс тілінде оқыдым. Бірақ үйде тегіс қазақша сөйлесетінбіз. Сондай тәрбиенің арқасында ана тілімізді де ұмытпадық, өзге тілдерді де меңгердік. Қазақ тілінің байлығы өзге тілдерден озық екендігін ұғынып өстік.
Әкемнің шығармаларымен толық таныспын. Ондағы кейіпкерлерін өзі бізге таныстырды. Бірде: «Жинал, балам, кеттік ауылға!» – деді де Қапалға жолға шықтық. «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Кәментоғай» секілді шығармаларында суреттелген бейнелермен танысып, сипатталған жерлерді аралап көрдік. Байдалы бригадирді, Рысбекті көрсетіп: «Міне, мыналар менің кейіпкерлерім», – деп таныстырды. Ол кезде бәрі де егде тартқан, ақсақалды қарияға айналған кісілер. Сол жолы бәрімен қауқылдай амандасып, мәре-сәре болды, қатты қуанды. Сондай таныстырудың арқасында атақонысымызбен байланысымыз нығая түсті. Қазір Қапалдың тауларын сағынғанда Қоңыр ауылына тартып кетемін.


Әлім Сайынұлы.