САЛБУРЫН-2019: АҚСУДАҒЫ АҢШЫЛАР АЛАМАНЫ

Уақыты: 30.01.2019
Оқылды: 2406
Бөлім: ТҮПСАНА

«Ахау, жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, Жігіттің бұған құмар өнерпазы», – деп ән орындала қалса, делебең қозып, сонау бағзы заманның сал-серілері көз алдыңа келіп, шіркін, біздің саятшылар осылай күй кешкен екен ғой деп тамсанасың. Расында да, тамаша емес пе? Кешқұрым қолындағы қыранмен, жетегіне ерткен тазысымен, саятшылықтан алған олжасын қанжығасынан шешіп, киіз үйдің босағасына байлап, аңшылықтан оралып жатқан нағыз ер жігіттерді бүгінде кезіктіру қиын шығар. Мұндай көріністер бұрынырақта болған. Біздер бүгін мұндай әңгімені тек, ән, аңыз, том-том болып тарих бетінде қалған жазбалардан ғана кезіктіреміз. Бірақ бұл жолы осындай әсерлі көріністі мен көзіммен көріп қайттым. Өткен шаққа түсіп кетті демесеңіз де, барып келгендей күй кештім. Ендеше, мен көрген шынайы саятшылықты басынан бастап баяндайын.

Бұрынғыдан өзгерек

Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында Қазақстан Республикасы «Қыран» федерациясы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Салбурын – 2019» құсбегілер сайысы өтті. Жарыстың ашылу салтанатында Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, Ақсу аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Сауғанбаев, Қызылағаш ауылының әкімі Сәуле Мәжитқызы қатысты. Қадірменді қонақтар Елбасының мақаласы жайлы ой қозғап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жалпы сайысқа жиырма бестен аса құсбегі жиылды. Олар бес бес командаға бөлініп, бақ сынады. «Жетісу», «Алтай», «Арқа», «Еренқабырға», «Тарбағатай» болып додаға түсті.

Қонақтардың салтанатты шарасынан кейін жарыс басталды. Бұл жарыс бұрынғы сыннан өзгерек. Бұған дейінгі өткен додаларда тау үстінде тұрған бүркітшілер етекте қолдан босатып жіберген аңға бүркітін жіберіп, ұпай жинаса, бұл жолы нағыз шынайы аңшылыққа шығып, алған аң-құстарымен ұпай жинайды. Осылайша саятшылар аңшылыққа аттанды.

  Таға тұяқты сақтайды

Қаракүнген тауынан күн жаңа көтерілген кез. Қаңтардың соңғы бір аптасы қалған. Биылғы жылдың саятшылығының да аяқталу кезіне бар жоғы он күндей ғана қалды. Осыны жоспарлаған бүркітшілер келер маусымға дейін естен кетпес сейілді осы соңғы үш күнде өткізіп қалмақшы. Абыр-сабыр, бірін-бірі қалжыңмен түйреп, өз тірліктерін атқарып жатыр. Бірі тазысының аяғын тазалап, екіншісі бүркітінің томағасын нығыздап, биялайын бір тексеріп, аяқ бауын тартып көрді. Ал сонау шетте тұрған Бұрымбет ақсақал елден бұрын сақадай-сай. Күн шықпай тек аттануды ғана тосып тұрғандай. Қолындағы тастүлегін қомдап қояды. Жас қыран талай рет иесінің қанжығасын майлағанға ұқсайды, иесінің мейірлене сипап, ерекше көңіл аударғанына қарағанда. Ал Бүркітбай ақсақал болса жастарға ақыл айтып, аң аулайтын жерді түсіндіріп жүр. Бес бөлікке бөлінген саятшылар өздерінің ісін тындырып біткенше екі жігіт бес аттың тұяғын тағалап бітті.

Ат тағалаудың да өзіндік сыры бар. Бұл жігіттер тауды бетке алмақшы. Осыдан біраз күн бұрын күннің райы жылынып, таудағы қар еріп, сай-салаға қарай аққан еді. Қазір таудың күнгей тұсы болмаса, қия беттері тайғақ болуы әбден мүмкін. Осыны ойлаған жігіттер аттарының аяқтарына бүршік таға қағып, қомдап қойды. Оны Бүркітбай ақсақал тексеріп өтті. Барлығы да дұрыс, еш кемшілігі жоқ. Таға тұяқты сақтайды демекші, тағаланған атқа жігіттер мінді. Бұл уақытта күн таудан арқан бойы көтерілген еді. Жігіттермен бірге Бүркітбай ақсақал мен Бұрынбет ата да атқа қонды. Жасы сексенді алқымдап қалды демесеңіз Бұрымбет ақсақал жас жігіттерден де ширақ. Атқа еркін мініп, еркін түседі. Тіпті, қолындағы бүркітін көтергенде де еш қиналыссыз, бір қолымен ердің қасынан ұстап қарғып мінгенде, сырттан қарап таңдай қағасың. Көпті көрген көне көз емес пе, саятшылық десе ішкен асын жерге қойып, жастармен қатар сейілге кетіп барады. Аңшылық жас талғамайды. Бойыңда күш-қуатың болса болды, ежелгі дәстүріңнен қол үзуің екі талай. Сонымен, талай жыл бүркітін қолына алып, Алтайдың тауы мен тасын кезіп, атағы шыққан бүркітші Мұрат ақсақалдан бата алды. Ұлы дәстүрді жаңғыртуға аттанып бара жатқан саятшыларға атамыз ақ батасын арнап, жолға аттандырды. Қандай керемет, саятшылыққа да жай кетіп бара жатқан жоқ. Орталарында әнші сал-серілері бар. Бір бүркітшінің қасында бір-бір қағушы ерген. Сонымен, төрт топ жазыққа қарай жол тартты. Ал Бүркітбай шал қасына ұлы Жасұланды ертіп, қағушысымен тауға бет алды. Біз де соңынан ілестік. Тау қиясы өте қауіпті. Күнгей етінің қары еріп бітіпті. Қардың жоқтығы аңшыларға да қиындық туғызып келеді. Із шалу мүмкін емес. Қиядан өрлеп, таудың биік шыңына қарай бет алдық. Бос жүрмей Бүркітбай ақсақалды да әңгімеге тартып келеміз. Ақсақал жастайынан бүркітшілікті кәсіп еткен кісі екен. Атакәсіппен айналысып, бабалар мұрасын жалғаушы атамыздың бірі. Өзі Текелінің тұрғыны. Ол жақ та таулы. Сол таудың әр шұңқырын біледі. Мына жақ бейтаныс болғасын аңшылықтың тәжірибесімен жобалап, қасындағыларды бағыттап отыр. Жасұланды да осы кәсіпке әбден баулыпты. Ұлының қолында тірнек, өзі тастүлекті алған. Ұлы ұстаған бүркіт әлі жас. Қолдан ұядан бастырған екен. Әкесінің қолындағы бүркіттің балапаны дейді Жасұлан. Ол да осы күнге дейін талай мәрте қанжығасы майланып, тау-тастың қызыл түлкісін қоймаған әккі аңшы. Бүркітінің жағдайын сұрап біз жүрміз. Жасұлан: «Бұл балапан болғанымен ұшқан құс пен жүгірген аңын жібермейді. Тек үлкен елік, арқар, тау ешкіге ғана түскен жоқ. Оған әлі ертерек. Шамасы жетпей қалуы мүмкін. Өзім де ірі аңға салған жоқпын, мертіктіріп алам ба деп. Оның үстіне екі жылдай аңға түспей қойды. Шошытып алдық», – деді.

Ой, сұмдық ай, бүркіттің де шошитын кезі бола ма? Біздің бұл сауалға ол: «Әрине, бірде жолдастарым келіп, аң аулауға шықтық, қыстың қызығы осы емес пе?! Күн де тамаша ыңғайлы болып тұрған. Тауға жеткенше қырдың қызыл түлкісі қаша жөнелгені. Томағасын сыпырып, қыранымды мен де ұшырдым. Барған бетте бұлаң қаққан түлкіні шеңгеліне буды. Оған біз де қиқулап жүгіріп келеміз. Сол сәтте артымыздағы көлікке мінген бір жолдасым үлкен көлігімен тіке тартып, тура түлкіні басып отырған бүркітке тақалып тоқтады. Сол сәтте гүрілдеген мәшиненің дауысынан шошып қалған бүркітім, екі жылдай аңға түспей қойды. Еріксіз бір жылдай ақ жемге отырғызып, кейін ақырындап, қолға шақырып, шырғаға қондырып жүріп, әзер жазып алдым», – деп жауап берді. Дәл осы сәтте қағушылардың бірі елік кетті, елік деп айғай салды. Әп, бәрекелді! Қанжығамыз майланады деп біз де іштей тілеп келеміз. Бүркітбай ақсақал таудың табанына қарай сайға түсіп кеткен еді. Ол кісі де қырағы емес пе, дереу өрге қарай атын тебініп, екпіндеп келеді. Елік те тау-тасын сатырлатып, өрге қарай зулап кеп қаша жөнелді. Тым биікке өрледі. Сол сәтте үлгермесін білген Бүркітбай ақсақал қолындағы қыранның томағасын сыпырып ұшырды. Биікке алыстап кеткен елікке шүйілгенімен шеңгеліне бүре алмады. Ал Жасұланның балапаны мүлде жетпеді. Осылайша алдыдан қашқан елікті қанжығамызға байлай алмадық. Ақыры кеш батқанша тау-тасты кезіп, олжасыз қосқа оралдық.

Кеш қарайып, күн ұясына батар тұста, шығыс жақ беттен қауқылдасқан бүркітшілердің дауысы естілді. Тіпті, жарқын-жарқын шығып, бір-біріне сөз берер емес. Көңілдері көтеріңкі. Осы сәтте ақсақал: «Ә, бұл жігіттердің көңілі тоқ. Қанжығалары майланған екен. Саятшылықтан бүркітің аңға түсіп, олжалы болсаң осылай ораласың. Ал бос қайтсаң ұнжырғаң түсіп, шаршап қайтасың», – деді. Сөйтіп тұрғанда қырға кеткен аңшылар келді. Әндетіп, шуылдап келе жатқан «Жетісу» мен «Арқа» тобы екен. «Арқаның» олжасы – 1 түлкі, 1 қоян. «Жетісу» 3 қоян, 3 қырғауыл ұстапты. Келген бетте қос жанында жүрген жастар жүгіріп, бүркітшілердің қолтығынан демеп, аттарынан түсірді. Қазақтың ежелден келе жатқан салты бойынша аттарын кермеге байлап, үлкен құрмет көрсетті. Ал аңшылар қолдарындағы олжаларын үлкендердің алдына  «үйірімен үш тоғыз» деп жерге үш ұрып, қанжығаларына байлады. Пах, шіркін, қандай керемет. Мұндай сый мен кең пейілділік біздің ғана ұлтта бар-ау. Кешегі аталар дәстүрін қайта жалғаған жігіттердің ерлігіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Үлкендер жағы да батасын беріп, белдеріне ақтық байлады.

Шаттық шалқыған түн

Арқа-жарқа болған саятшылар киіз үйде бас қосты. Ортаға малдың басы әкелініп, үлкендерден бата алынды. Ертедегі дәстүрге сай ауылына саятшылар келіп, сейілге шыққандарды қанша күткен Түсей Әбдікерімұлы ақтарылып түсті. Бір малын сойып, бар байлығын дастарқанға үйіп-төкті. Қыстың қымызын құйып, соғымның да сыбағасы тартылды. Астан алып отырып, аңшылардың әңгімесі қыза түсті. Аңшылардың әдеті емес пе, қиыннан қиыстырып, әңгімесін әсірелеп жіберетін. Бір-бірін әзілмен түйреп, күлкіге қарық болып жатты. Бірі бүркітін мақтады, ал екіншісі тазысын әсірелеп, әйтеуір қызыл кеңірдек. Садақпен қоян атқан Дидар Бөдес те өзінің қалай ерлік жасағанын ортаға салып, үлкендерден мақтау алуда. Ал сонау дастарқанның жоғары жағында отырған Әзен Шаймардан ғана үнсіз. Әредік езу тартқанымен көңілі тым пәс. Мұның сыры неде? Саятшылықта жолы болмаған аңшының кейпі емес. Қанша жолы болмаса да мұндайға аса ұнжырға түсіре қоятын қазақ емес едік. Бұған не болды деген сауал санамыздан кетпеді. Сол екі арада Түсей ақсақал, Әзен аға, көңіліңіз түспесін. Бүркітіңіз табылады. Тіпті табылмай жатқан болса, менің бүркітімді алыңыз», – деп саңқ етті. Ә, осы екен ғой, ақсақалдың көңілін түсіріп отырған деп бізде ой түйдік. Саятшылықта қашқан еліктің артынан ұшып кеткен бүркіті тау асып, қайта оралмапты. Түздің бүркіті, қолға енді-енді үйренісіп келе жатыр еді. Кім біледі, ертең табылып қалар деп сенімсіздеу жауап қатты. Қайран, дархан қазағым-ай, үйіне келген қонағының көңілін жықпай, астына ат, үстіне шапан жауып, бар қиындығын ұмыттырып жіберетін. Нағыз бүркітшіге лайық іс емес пе, бүркітін жоғалтқан Әзен ақсақалға өзінің қыранын ұсынып, жомарттық танытып жатқаны. Өстіп отырғанда Бердібек Төлепбайұлы қолына домбырасын алып, әуелетіп ән салды. Аңшының әнін тамылжыта орындап, артын төкпелетіп термемен жалғап отырды. Қиқулап жастар жағы әншінің делебесін қоздырып, қолдау көрсетіп, отырыстың шырайын кіргізіп жіберді.

Осылайша әндетіп, думандатып түннің бір уағына дейін отырдық. Жаңағы Түсей ақсақалдың ұсынысы ма, жоқ әншілердің әні ме бүркіті жоғалған Әзен ақсақал жадырап, әңгімеге араласып, көңілін көтере бастады. «Айналайын деген бірауыз сөз, тон болып, тәніңді жылытпағанмен, жаныңды жылытады», – деген осы болар. Бұл бір шаттық шалқыған түн болды.

Оралу

Саятшылықтың екінші күні. Бүркітшілер күн шықпай жиналды. Алғашқыдай емес, жер ыңғайын біліп те алды. Күн шықпай тау жағалап, етекке түскен аң-құсқа бірінші жету керек. Осы сәтте бір кішкене бала келіп: «Әзен ақсақал, бүркітіңіз келіпті. Пәленбайдың қорасына қоныпты, сол жерде тұр», – деді. Әп, бәрекелді! Жақсы хабар жеткізген баланың арқасынан қағып, алғысын білдірді. Ел аңшылыққа аттанғанда Әзен ақсақал бүркітіне қарай кетті. Бұл күні де аңшылар үшін сәтті болды. Әсіресе, тазы ерткен азаматтардың қызығы мол. Ернар Мүптекеевтің тазылары қоян қуып әбден қызыққа батты. Төрт тазы оқша зулап, сұр қоянға жете бергенде қамыс арасына зытып кірді. Иттен құтылсын ба, қамыстың ішін тасырлатып, қуа жөнелді. Жан ұшырған қоян да айлалы екен. Қазулы тұрған інге кіріп жан сақтады. Артынан ентіге басып келген аңшылар іннен қоянды алып шықпаққа бел буды. Іннің аузын қазып, ұзын істік тықты. Тым тереңге қазылған ін болса керек, істік бойламады. Ақыры, тазының бірін жіберіп көріп еді, онысы бекерге түсті. Осылайша әбігерге түсіп жатқанда саятшылардың бірі іннің екінші аузын тауып алды. Айлакер қоян тазыларды да, ін қазған саятшыларды да сан соқтырып кетті. Кеше қанжығасы майланған бұл команда екінші күні көп жерді шарлады. Ақыры дегендеріне жетіп, тазылары бір қоянды қағып түсірді.

Жастардан артық түспесе, кем түспеген Бұрымбет ата отыз шақырымдай жер жүріп тастады. Қарт адамға оңай жер емес. Саятшылықтың қызығына түсіп, шалғай жерге кетіп қалды деуге де болады. Әйтсе де, бүгін ақсақалдың жолы болмады. Қыранының томағасы сыпырылмады, балдаққа сүйенген күйі қосқа оралды. Осылайша кеш қарайғанға дейін «Арқа» командасы 2 қоян, «Жетісу» 1 қоян және «Алтай» командасы бір түлкіні олжалап, көңілдері марқайып қайтты. Кешкілік аулаған аң-құстарының етінен тағам жасап, кешті ән мен күйге көмкерді.

Марапат

Салбурынның соңғы күні саятшылар әндетіп, сал-серіліктің дәстүрін қайта жалғап, қосқа жиналды. Жарысты ұйымдастырушылар қорытындысын шығарғанша жігіттер ән айтып, араларындағы ақындар суырып салып, жыр төкті. Үлкендердің көңілін көтеріп, той-думанға айналдырды. Ал Түсей ақсақалдың бәйбішесі үйіне келген құсбегілерге қазақтың салты бойынша қанжығаларың майланып жүрсін деген ниетпен барлығына ақтық байлап, құрмет көрсетті.

Бұдан кейін «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы жеңімпаздарды анықтап, жүлде табыс етті. Қашанда атам қазақ үлкенін сыйлап, қарттарға құрмет көрсеткен емес пе?! Салбурынға келіп, жастарға ақыл-кеңесімен бөліскен сыралғы бүркітшілер Мағазыл Мәжікен, Мұрат Ұзақов, Түсей Әбдікерімге шапан жауып ілтипат танытты. Одан кейін «Жетісу» командасы жеңімпаз деп танылып, кубок табысталды. Кубок пен медалдармен Ақсу ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Сауғанбаев марапаттады. Екінші орын «Арқа» командасы жеңіп алды. Күміс жүлдеге қол жеткізген команданы ауыл әкімі Сәуле Мәжитқызы марапаттап, алғысын білдірді. Үздік үштікті «Алтай» командасы түйіндеді. Салбурынға қатысқан барлық саятшылар жүлдесіз қалмады. Салтанатты шараның соңында аудандық Мәдениет үйінің әншілері ән айтып, той-думанға ұластырса, бүркітшілер құстарын келер жылғы салбурынға дейін тұғырға қондырып, биылдың саятшылық маусымын жапты.

Үй иесі Түсей ақсақал келер жылға дейін аман-саулық айтып, жігіттерге көкпар берді. Жігіттердің ендігі қызығы көкпар болып, Қаракүнген тауының етегін дүбірге бөледі. Көксеркені тақымға қысқан көкпаршылар ауылға қарай бет алды. Ал, біз, үш күн бойы шынайы саятшылықты тамашалап, сонау бағзы заманға барып қайтқандай күй кешіп, ата дәстүрімізге қанық болып, рухани күш пен байлық жинап, үйге қарай бет түзедік.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Фото - Гүлім АСХАТҚЫЗЫ

Ақсу ауданы

Алматы облысы