ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ АМАНДАСҚАН?

Уақыты: 01.02.2019
Оқылды: 3608
Бөлім: ТҮПСАНА

Қара түннен қара мысық іздеп жүргендейміз. Көзіміз соқыр ма, жоқ, көңіліміз көр ма, әйтеуір бүгінгі қоғамның кеспірі жадау. Дастарқаны қоңырқай деп сөкпейміз, пейілінің тарлығына налимыз да! Бұл қазаққа қашан ес кіреді деудің өзі ендігі жерде ұят. Жанға бататыны да, жүректі уататыны да сол. Күнәсін бетіне бассаң екі беті қызарудың орнына, екі қолын ала жүгіреді. Шындықтың суатына жетектесең, сона шаққан жабыдай шоршып түсетінін қайтесің! Ақылы артында, ашуы алдында. Сәлемінің мәнері өзгерген. Үлкенді үлгі тұтудың орнына үзеңгісіне жармасады. Кішісін бауырына басуға оқталсаң бақшаңды таптауға әзір. Бұл кербаққандардың әрекеті қайда апарары белгісіз. Өңшең ниеті бұзылғандар. Қайтпек керек?! Айналайын-ау, сәлем – сөздің анасы емес пе?

Әкемнің осындай әңгімеге баруына не түрткі болды екен? Көңілі су сепкендай басылған. Келіншайдан ерте қайтқанына қарағанда, біреу-міреу ренжіткен сыңайлы. Кеудесінде қыз-қыз қайнаған шердің сабасы төгілгелі тұр. Бір орнында тұрып, байыз таба алар емес. Анам сабасына түсіруге оқталып бағуда. «Жас қой әлі, уақыт өте оңалар» дейді жұбатпақ ниетте. Біз аң-таңбыз. Не болғанын түсінсек бұйырмасын. Әйтеуір қатулы қабағына қарасақ, жақсылықтың нышаны көрінбейді. Бір кесірдің болғаны анық. Үйдің ішін қалың ызғар билегендей, біздің де көңіліміз суып сала берді. Адам бостан-бос өкпелеуші ме еді?! Жағдайды сұрауға жүрегіміз дауалар емес. Өзіміз ұрыс естіп қалатындай, ашуының басылғанын күттік. Сөйтсек, жамағайынымыздың қуанышына кеткен екеудің елден бұрын оралуының себебі мынандай екен:

Қонақ күткен шаңырақтың жас келіні үйдің үлкендеріне сәлем салмапты. Ол бер жағы, әрқайсысын атымен атап, түсін түстеп көрсетсе керек. Сәлемі сатулы, қабағы қатулы жастың қарекетіне шыдамаған әкем, ет келмей есіктен шығуды жөн көріпті. Босағаға құт болып орнады деген келіннің қылығына күйіп-пісіп отыр енді. Пәлені біреуден көру, қазақтың сүйекке сіңген салты ғой. Бірақ, мұны естіп келінді емес, сондай жанды тәрбиелеген қоғамға жанымыз ашыды. Жалпақ сөзбен жазғырдық та. Кегей теректей қисық біткен мұндайлардың мекерлігіне мән бермеуге болатын да еді, әйтсе де ата-бабамыздың әдебінен асқанды жөн көрмедік. Қала баласы деп қашанғы маңдайынан сипай береміз. Мұнда мәдениетіміз бен дәстүріміздің дәрменсіздігі жатыр. Әрі оны бойына сіңірмеген мұңсыз жастардың жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай қаулап келе жатқандығын көрсетеді. Анығы сол.

Бұл мақаламыздың жазылуына сеп болған осы жағдай ғана емес. Бірде дос баламыздың доп ойнап жүріп, бір кісіні қағып кеткенін байқап қалдық. Егде тартқан адам екен, таяғына сүріне-қабына, етпетінен құлады. Шамасы зейнетке шыққан, тегі бейнетті көп көрген жан-ау деймін, үсті-басын қағып балаға амандаспақ ниетте еді. Әлгі әумесер «көзіңе қарамайсың ба?» деп зекіп салмасы бар ма?! Қарап тұрып, өзіміз ыңғайсызданып қалдық. Оныкінің дұрыс еместігін жеткізбек едік, жұдырығын меңзеді. Жүгенсіздің орнына жүгіріп барып, өзіміз кешірім сұрадық қарттан. Көпті көрген-ау шамасы, көңілімізді қайтармады.

Білместікпен білек түріп жауласу бізге парыз. Амандасуды арзанға балайтын адамнан аулақ болған ләзім. Әйтсе де, саулық сұрау әлімсақтан келе жатқан ғұрып қой. Одан аттап кету арсыздың ісі. Әрбірден соң баба аманатына нұқсан келтірген кез келген адам ұлттың жауы. Осыны ұмытпаған жөн. Бала күнімізде әжеміз «сәлем беру – ата-дініміздің ұстыны» деп айтып отыратын. Сол оқшау ой санамызға сіңіп, жүрегімізде жатталып қалыпты. Енді, міне, еріксіз есіме түсіп отырғаны.

– Дана халқымыз  амандық сұрауға, сәлем беруге ерекше мән берген. Сол себептен ата-ана  баланы жасынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулыған. Қазақтар бір-бірімен жолыққанда  «мал-жан аман ба?» – деп жөн сұрасқан. Мал аман ба? – деп сұрауы ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс өзегі төрт түлікпен тікелей байланысты болуынан. Оған қалыптасқан дағдылы жауап: «Құдайға шүкір, жақсы, өзіңіздің мал-жаныңыз аман ба?». Қазақ «Жақсы сөз, жарым ырыс», деп ырымдап, әрқашанда «жақсы» деген. Ерлер арасында мұндай амандасу сөздер әйелдерге қатысты қолданылмайды, оларға тек «Сәлеметсіз бе?» деу жарасымды, – деген әжеміздің әңгімесі амандасудың өзіндік формуласы бар екендігін аңғартатындай.

Шынында, амандасудың, астарында адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы мен құрметі жатыр. Әр сөзді сәлемдесуден бастайтын халқымыздың осы бір жақсы қасиеті көпшілікті татулыққа, мәдениеттілік пен парасаттылыққа үндейді. Құран Кәрімде: “Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар” делінген. Бұдан асырып тағы не айтуға болады. Осы орайда тағы бір оқиғаны мысалға келтірейін. Демалыс күндері ауылға бара қалсақ, әке-шешеміз алдымен үлкен атамызға амандасып келуге жіберетін. Ондайда шайға қарамай, үлкен үйге шаба жөнелеміз. Атамыз бізді көріп бір марқайып қалады. Сәлемімізді ықтиярмен алып, содан соң қалтамызды тәттіге толтырып жібереді. Артымыздан ақ лебізін жаудырып та жатады. Бұл да қазақ салтында бар дүние. Ертеде жастардың ақсақалды аталар мен ақ самайлы әжелерге әдейі іздеп барып сәлем беруі ерекше құрмет саналған. Мұндайда қариялар еңсесі көтеріліп, бір жасап қалады әрі сәлем бергелі келген жасқа бата-ықыласын жаудырады қуанып. Одан жаман болған баланы көрген жоқпыз.

Ал бүгінде сәлемдесуге аса мән бермейтін ұрпақ қалыптасты. Олар бір-біріне шынайы тілек тілеуден гөрі, жауапсыз сұрақ қойғандай әсерде қалдырады. Мысалы, «сәлем» жауабы «сәлеметсіз?» немесе «қалайсың?» дегенге «қалай?» деп сауалмен жолдайды сәлемін кейбірі. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен “Ассалаумағалейкүм!” деп бірен-саран ақсақалдарымыз амандаспаса, кейінгі уақытта тіпті, оны естуден қалғандаймыз. Қырық-елуді алқымдаған кейбір ағаларымыз “Қал жағдайың қалай? Жұмысың орнынша ма?” деп саулық сұрасып жатса, жастар жағы “Қалай жағдай?” деп қол берісіп, шапалақты шарт еткізулері әдептілік емес. Қол берісу кезінде бір-бірінің қолын қысып, оны ауырту да әдетке айналып кеткен. Қазір жас жігіттердің үлкен адамдарға бір қолын ұсынуы да көңілге кір келтіретіні рас. Тіпті, жастар шетелдің киноларын көріп, соған еліктеушіліктен бе, әйтеуір бір-бірімен “Привет” деп бет сүюді шығарды. Ол аз десеңіз, еріндерінен сүйіп амандасатыны тағы бар.

Қазақ халқындағы амандасу үлгісі нағыз мұсылманша болған, лайым болып қала бермек. Кездескен кезде оң қолын жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкум!» деп дауыстап сәлем берген. Оң қолын беріп, қос қолдап амандасқан. Жасы үлкенге, жалқы адам жалпы көпшілікке бірінші болып сәлем берген. Ал, әйел кісілермен «Есенсіз бе?» деп хал сұрасқан. Осылай сәлемдесу әдебін балаларына да үйреткен. Сол тәрбие арқылы шынайы мұсылманшылық болмысын сақтай алған. Оған Бұқар жыраудың мынадай үлгілі нақыл сөзі дәйек:

Өзек қуа ағады,

Өзен судың сағасы.

Алыстан сәлем береді,

Әдепті елдің баласы.

«Ассалаумағалейкум» арабша «Ассаламу алейкум» – «сізге Құдайдың тыныштығы болсын» деген мағынаны білдіреді. Демек, мұсылманшылықта сәлем берудің негізі – тілек, екі мүмін кездескен жерден бір-біріне Тәңірінің тыныштығын тілеп, дұға етеді. Мұсылмандардың сәлемдесу формуласы Құран аяттарымен және Пайғамбар (с.а.у.) хадистерімен бекітілген.

Біз осы жөнінде ата дәстүріміздің жанашыры, белгілі ақын Қасымхан Бегмановтан кеңес сұраған болатынбыз. Ағамыз «құдайы қонақ» хақында баба өсиетінің шетін шығарды.

– Қазақ – дәстүрге кенен, дінге берік халық. Жалпы жаман ырым болып саналғандықтан, ауылға алыстан атпен шауып келуге болмайды. Ауылға қонақ келгенде міндетті түрде аяңдап келіп, үй сыртына жақындағанда «сөйлес» деп дауыстайды. Үш қайталаудан кейін жауап болмауы қонақты қабыл алмағандығын білдіреді. Үй иесі немесе үй иесінің әйеліне қонақ «құдайы қонақ» деп жауап береді. Бұдан кейін үй иесінің шақыруымен үйге кіреді және келген қонақ әйел болса үйдің сол жағына, еркек болса оң жағына отырады. Үй иесінің өз қонағынан жасы үлкен болса да, бірінші болып: «Амансыз ба?» деп сәлемдеседі, қонақ сұрағына жауап беріп, үй иесінен «Мал-жаныңыз аман ба?» деп сұрайды. Содан соң қонақүйде отырғандардың барлығын аралап шығады. Ал әйел адамдарға жұмсағырақ: «Есенсіз бе?» – дейді, бұл «Деніңіз сау ма?» – дегенді білдіреді. Ал қыздарға айтқанда; «Қарағым», «шырағым»  деген сөздерді қосады, – дейді ақын ағамыз. Көңілге түйер келелі дүние. Әнеки, мәдениетіміздің бастауы қайда жатыр. Енді артқа шегініп көр.

P/S: Мектеп қабырғасында жүргенде алдымыздан жолыққан адамның кез келгеніне қол беріп амандасушы едік. Тіпті, оны ерінбей есептейтінбіз. Кейін қалаға оқуға түскен соң, әлгі әдетіміз жайына қалды. Мұнда бейтаныс жанға басыңды изесең екі көзі бадырайып шыға келеді. Ол қылығына өзің де ыңғайсызданып қаласың кейде. Жә, айтпағымыз ол емес. Сәлем беру – халық мәдениетінің ең аяулы құндылығы, татулықтың таптырмас құралы. Сондықтан баба мұратына барынша адал һәм қамқор болғанымыз жөн. Адамдықтың басы амандасудан басталады. Одан жаңылуға да, жалығуға да хақымыз жоқ!

Мұхтар КҮМІСБЕК,

"Жетісу"