ЖАНЫ ДА, ЖЫРЫ ДА НӘЗІК

Уақыты: 08.02.2019
Оқылды: 1693
Бөлім: ТҮПСАНА

Қапшағай қаласының мектеп-гимназиясында ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Мақпал МЫСАНЫҢ «Шоған абыз» кітабының тұсаукесер кеші өткізілді. Оған республикаға белгілі ақын, дүниежүзілік Түрік ақындар фестивалінің лауреаты, республикалық «Үркер» әдеби журналы бас редакторының орынбасары Жарас Сәрсек, ақын, сазгер Жангелді Немеребаев, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасарлары Ақтанберді Нарматұлы, Сағдат Шатанұлы және басқа да жырсүйер қауым қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мәдени шара барысында ақын қыздың шығармашылығы мен бүгінгі күнге дейінгі туындылары кеңінен таныстырылды. Алматы облысының, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген, «Алақандағы бақыт», «Мен керекпін», «Аспантаудың көктемі» жыр жинақтары авторының өлеңдері қырғыз, татар, орыс, түрік, әзірбайжан, испан сынды әлемнің бірнеше тілінде аударылып, оқырмандарына жол тартқан. Дарын иесінің жаны қандай нәзік болса, өлеңдері де сондай нәзік. Әр адамды болмысы айшықтап тұратын болса керек, оның жазу стилі де басқаға ұқсамайды. Мақпалдың туындылары жас ерекшелігін таңдамайды. Кез келген оқырманын бірден баурап алатын, көкейге қонымды, жүрекке жағымды өлеңдер.

Лирик ақынның жырларын көбінде жастар таласа оқиды. Бес шығарманың авторына арналған кеште аталған жаңа кітаптың лентасын Сағдат Нұрғазиев пен Жангелді Немеребаев қиып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін  білдірді.  Кеште қала басшысы Талғат Қанатұлының құттықтауы оқылып, сыйлығы табысталды. Сол секілді қуанышына ортақтасуға келген зиялы қауымның баршасы ақ тілектерін айтып, ақын қызға шығармашылық биік белестер тіледі.

Кеште жыр оқылып, әнен шашу шашылды. Қойылым ұсынылып, қатысушылардың көңілдері шалқып, мерейлері өсе түсті. Осы орайда Мақпалдың өлеңмен бірге балалар әдебиетіне қосқан үлесі де бар. 15-ке тарта өзге тілдегі балаларға арналған танымдық энциклопедия мен туындысын, Уолт Дисней ертегілерін аударып, редакторлық еткен. Осындай жемісті еңбектің арқасында Мақпал Мыса Ақсу ауданының және Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдықтарына арналған республикалық байқаулардың жүлдегері, одан басқа, Молықбай қобызшы, Майра Уәлиқызы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы сыйлықтардың иегері, сонымен бірге, Ресей Жазушылар Одағының шешімімен білікті аударма үшін балқарлық ақын Керім Отаров атындағы алтын медальмен марапатталып, жақында «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» кірген.

Қарлығаш Оразалинова,
Қапшағай қалалық
кітапханасының қызметкері