Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҰЛТ ҚАҺАРМАНДАРЫН ҮЛГІ ТҰТАЙЫҚ

Уақыты: 11.02.2019
Оқылды: 306

Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында ұлт тариxының бастаулары мен мәдениетіміз туралы айтылған. Сонымен қатар, түркілердің әлемдік тариxта алатын орнын айшықтап берген маңызды тақырыптар мен оларды жүзеге асырудың да нақты жолдары көрсетілген. Мемлекет басшысы төл тарихымызды жаңаша көзқараспен ой елегінен өткзіп, терең зерделеуді ұсынып отыр.

Осыған орай Елбасы мақаласын түсіндіру мен насихаттау мақсатында "Елбасы – ел мақтанышы" тақырыбында мектеп ұжымымен жиын өткізіліп, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының маңыздылығы талқыланды. Кездесу кешіне "Нұр Отан" партиясы Талдықорған қалалық филиалының кеңесшісі, партиялық бақылау комиссиясының жауапты хатшысы Ғазиз Аманжолұлы келіп, мектеп ұжымы мен оқушыларға мақалаға қатысты ойымен бөлісіп, ыстық лебізін білдірді. Шарада мектеп оқушылары Елбасының мақаласы туралы өз ой-пікірлерін ортаға салып талдады. Ел тарихының дүниежүзі тарихының құрамдас бөлігі екендігі, ұлтымыздың тарихындағы әлем мойындаған тарихи жәдігерлер туралы пікірлер айтылды.

Иә, төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады. Тек сонда ғана мемлекет пен халық барған сайын тереңдеп бара жатқан жаһандану үдерістерінде өзінің ұлттық ерекшеліктерін, мәдени танымалдығын сақтап қалады. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, тарихымыз бен мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды.

Ұлы Даланың жеті қырын айқындап берген  мақаланың  «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталатын алғашқы бөлімінде жеті қазынаның бірі - жылқы өсірудің ерекшелігі туралы айтылған. Бүкіл әлемге жаңалық болған алтын адам мен сақ заманы мәдениетінің озық үлгісі аң стилі туралы да тұщымды ойлар айтылған. Түркі әлемінің  бесігі болған Қазақстанды, сонымен қатар, алма мен қызғалдақтың Отаны деп оның табиғатының ерекшелігін айқындаған. Қаншама елдердің мәдениеті мен халықаралық қатынастарын дамытуға негіз болған Ұлы Жібек жолының Қазақстан арқылы өтуі де қазақ елінің дамуына өз үлесін қосқандығын тарихтан білеміз.

"Тарихи сананы жаңғырту" бөлімінде алты бағыт бойынша өзекті мәселелер қозғалады. «Архив-2025 жетіжылдық бағдарламасы» отандық және шетелдік ірі архивтерінде іздеу-зерттеу жұмыстарын ықпалдаса жүргізіп әрі қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажеттігін айқындап отыр.

«Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды, тарихи тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды; «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру арқылы тұлғаларымызды тек елімізде ғана емес, сондай-ақ, шетелдегілер де білетін болады деп атап көрсетті. «Түркі әлемінің генезисі» деп аталған бағытында түркі  халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашудың маңыздылығы айтылған. «Ұлы Дала»  атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға, сонымен қатар «Ұлы Даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын ұйымдастыру қазақ халқының тарихын әлемге таныту үшін керемет мүмкіндік деп айта аламыз.

Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы жобасы  аясында  Ұлы Даламыздың ғасырлар бойғы құнды еңбектері мен музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі жаһандану заманы тұсында өте қажет деп түсінеміз. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі қазіргі заманда халықтардың  тарихи таным-түйсігінде  ерекше орын алады. «Ел болам десең – бесігіңді түзе», демекші, ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін  қалыптастыруға жол ашатын сапалы толықметражды көркем картиналарды, балалар фильмдері мен мультфильмдерді жарыққа шығаруда, өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару уақыт талабы деп білеміз. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар деп санаймыз. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі.

Гулжанар ЕСПАНОВА,
№28 ІТ мектеп-лицейінің директоры

Талдықорған қаласы