ҚЫТАЙ АРХИВІНЕ ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕМІЗ?

Уақыты: 01.03.2019
Оқылды: 1865
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматы облыстық мемлекеттік архиві мен Сүлейман Демирел университеті бірлесіп, «Тарих және архив: жаңа деректер мен мәселелер» тақырыбында конференция өткізді.

Конференция Сулейман Демирел университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Гаипов Давранжон құттықтау сөзімен ашылды. Облыстық мемлекеттік архивтің құжаттарды мемлекеттік есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ардақ Каипжанова «Жетісу тарихын жаңғырту: 2019-2025» бағдарламасын іске асырудың нақты мүмкіндігі және деректерді зерделеудің қажеттілігі» туралы баяндамасын оқыды. Баяндамада айтылғандай, 2006 жылдың қараша айында облыстық архивтің мамандары Өзбекстан Орталық Мемлекеттік архивінен Қазақ тарихына қатысты 1880 – 1928 жылдар аралығын қамтитын 500 құжаттың көшірмесін алып қайтқан. Қазіргі уақытта бұл құжаттар археография және деректану Ұлттық орталығының дерекқорына енгізіліпті. Алдағы уақытта Өзбекстан Орталық Мемлекеттік архивімен қатар, Өзбекстанның қалалық және облыстық архивтері, Қырғызстан, Ресейдің Москва, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор қалалары мемлекеттік архивтеріндегі құжаттарды анықтау жұмысы жоспарланған. Экспедицияның мақсаты – Жетісу тарихына қатысты ұлттық тарихи-мәдени құндылығы бар құжаттарды анықтау, жинақтау және оларды мемлекеттік сақтауға қабылдау, архив қорына қосу.

Біздің тарихымыздың бастауы, тұтас баяны бүгінгі қазақ баласы иелік етіп отырған аумақпен шектелмейді. Кешегі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақ, найман, керей, жалайыр, түрік, түркеш, қарахан, қарлұқ, Алтын Орда, Көк Орда, Қазақ хандығы сияқты сан дәуірді бастан өткерген бабаларымыздың табаны әлемнің әр түкпіріне тиді. Сол жерде біздің ежелгі тарихымыздың ізі қалды. Осыған орай қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы, Алматы облыстық мемлекеттік архивінің бас директорының орынбасары Талғат Абылаев, профессор, тарих ғылымының кандидаты Талдыбек Нұрпейіс, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Әуезхан Шашаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Шәмек Тілеубаев, аға ғылыми қызметкер, PhD докторы Рашид Оразов,  «Жетісу» газетінің тілшісі, қаламгер Қажет Андас, Сулейман Демирел университеті, әлеуметтік ғылымдар кафедрасының PhD докторы Аслан Тұрлыбек баяндама оқып, «Архив – 2025» жобасының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, облыстың мемлекеттік архивінің ғылыми-анықтамалық ақпарат бөлімінің басшысы А.Жүнісова, мамандар А.Тәттібаев, А.Құбайысовтар да ой бөлісті. Осы барыста шараға қатысқан студенттер де көкейде жүрген сұрағын қойып, тұшымды жауап алды.

Елбасы мақаласындағы «Архив – 2025» жобасындағы тағы бір тапсырма шетелдегі архивтермен жұмыс жүргізіп, қазақ тариыхына қатысты дүниелерді жинақтауға бағытталды. Әрине, шетел архивтерін ақтару үшін төте жазуды оқи алатын, араб және қытай тілін білетін мамандар қажет. Мысалы, Қытайдағы архивтерді ақтаруда тек қытай тілін білу аздық етеді. Керісінше, көне қытай жазуын жетік білу керек. Мұндай мамандар қытайдың өзінде де тапшы. Десе де, осы сұраққа жауап берген Нәбижан Мұхаметханұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі тарих мамандығында оқитын студенттерге көне қытай тілі үйретіліп жатқанын айтса, Аслан Тұрлыбек С.Демирел университетінде студенттерге шағатай, араб, төте жазуды арнайы үйрететін пән енгізілгенін жеткізді. 

Шара аясында республикалық «Архив – 2025» орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали атынан Шәмек Тілеубаев облыстық мемлекеттік архивінің бас директоры Гүлжан Құлмұхамбетоваға Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығының құрметіне естелік медаль тапсырылып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Қ. ОМАРАҚЫН

Қарасай ауданы