ЖАҺАНДЫҚ АПАТ АЛЫП КЕЛГЕН ҚУҒЫН-СҮРГІН

Уақыты: 03.03.2019
Оқылды: 1080
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы ниеті дұрыс әрбір қазақстандықты мақтаныш сезіміне бөлеп, ел мен жердің өткені, тағдыры, келешегі жайлы қалың ойға жетеледі. Мұндағы: «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деген жолдар қоғамтанушы ғалымдарға аса жауапты міндет жүктегені ақиқат.

Ұлы Даланың қасиеті мен киесінің арқасында халқымыз жаһандық екі апаттан аман қалды, жоғалып кетпеді. Оның бірі – миллиондаған қазақтың өмірін жалмаған ашаршылық пен экологиялық дағдарыс. Ашаршылық жердің сәні, этножүйесінің қозғаушы күші, берекесі төрт түлік малды аяусыз қырумен келді. Халық құрамындағы қазақтың үлесі 29 пайызға дейін құлдырады. 
Жаһандық апаттың екіншісі – қуғын-сүргін тоталитаризмнің саясаты мен теориясынан туындады. Батыр бабаларымыз күндіз отырмастан, түнде ұйықтамастан қорғаған жер шекарадан әлденеше мың шақырымда жатқан Кремльдің ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалды. Соның кесірінен ономастикасы шұбарланды, миллиондаған басқа халықтар зорлықпен осында көшірілгендіктен демографиялық дамуымыз ғана бұзылған жоқ, ұлттық кодымыз әлсіреді, әсіресе ең ұлы байлық – тіліміз мүшкіл халге түсті. 
Сыртқы дүлей күш әкелген осыншама зұлматты, әділетсіздікті қара жер мен оның топырағынан жаралған қазақ халқы ғана көтерді. Өйткені адамзатқа жылқы мәдениетін, алма мен қызғалдақты, көне металлургия мен сына жазуды, мал шаруашылығындағы қалдықсыз технологияларды сыйлаған, ең бастысы, барша адамзатты бауырындай сүйген Ұлы Далада басқаша болуы мүмкін емес. 
Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ. Барша тарихымыз оптимизммен, гуманизммен, сеніммен көмкерілген. Ол дүниетанымдық, пәлсапалық, педагогикалық, әдеби-көркем ұстанымымызда тұр. Қазақ оптимизмінің негізінде жақсылықтан, ілгерілеуден үмітті үзбеу жатыр. Мақсатты іс-әрекетті бәрінен жоғары қояды, үмітсіздерді шайтанға теңейді. Қазақ – гуманист халық. Кісі ақысын жемеуді, обал-сауапты ұмытпауды, екі дүниенің сынағынан адал жандар ғана өте алатынын баланың құлағына жастай сіңіреді. Ауыз әдебиетіміз бен музыкалық фольклорымыз тұнып тұрған ізгілік, қайырылымдылық, қанағат, ынсап, бейбіт өмір идеясы. Оптимизм мен гуманизмнің қайнар көзі – сенім. Дәстүрлі қоғамдағы қазақ табиғатпен біте қайнасып кеткен халық болғандықтан жыл мезгілдері сөзсіз ауысатынына қалай сенсе, үлкендердің, ел ағаларының, қадірлі адамдардың айтқанына солай сенді. Әрине, сақтықта қорлық жоқ екенін білді. Дегенмен, түсі игіден түңілмей, тілінен бал тамызғандарға сеніммен қарағандары рас. Рухы, ақыл-ойы таза жандар сеніммен өмір сүреді, еңбек етеді, ұрпақ тәрбиелейді. Сана мен өмір салтында дарқан далаға, оның өсімдіктер мен жан-жануар әлеміне ұжымдық жауапкершілік басымдыққа ие болғандықтан адам мен табиғаттың, адамдар арасындағы қарым-қатынас сілкіністен, антагонизмнен бұрын тұрақтылықты, толеранттылықты талап етті. Бірдің кесірі мыңға тиетін ортада бас-басына би болу, сан ғасырлық дәстүрді, дәстүрге негізделген заңды – «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», «Жеті жарғыны» бұзу ауыр қылмыс саналды.
Ұлы Дала мен тұрғындарының ажырағысыз тұтастығы қоғамның бірлігі мен бірегейлігін қалыптастырумен қатар игі шарапатын жаһанға тигізді. Оны адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келе жатқанын мақтанышпен ауызға алған Ұлт көшбасшысы жеті құбылысқа ерекше тоқталды. Бұлар ғайыптан пайда бола қалған жоқ. Құдіретін тануға әлемдік ғылыми ақыл-ойдың алыптары жегілді. Дат ғалымы В. Томсонның Күлтегін жазуын алғаш оқығанына 130 жылға жуық уақыт өтіпті. «Аң стилі» термині Ресей ғылымында XX ғасыр басында орнықты. Түркілердің атты әскері, қазақ жеріндегі көне металлургия, алма мен қызғалдақ әлемдік тарихнамадан ғасырлар бойы түспей келеді. Әрине, бұдан Ұлы Даланың жеті қыры ғана бар деген пайым-тұжырым тумауы керек. Ол 37 немесе 77 де болуы мүмкін. Хронологиясы туралы да осыны айтуға болады. Археологиялық қазба жұмыстары алғашқы адамдардың мұнда 1 миллион жыл бұрын өмір сүргенін дәлелдеп отыр. Осының өзі оның айшықты қыры. Кейбір құрлықтар мен мемлекеттерде адамның пайда болғанына 100 мың жыл өткен жоқ. Жартастағы петроглифтер, қола дәуірінен жеткен домбыра, киіз үй Ұлы Даланың қайталанбас интеллектуалды қырының нышаны екендігін әлемнің білімпаз мамандары толық мойындады. Елбасы ұлықтаған қырлардың мерзімдік шегі неолит дәуірінен басталып, орта ғасырлармен аяқталады. Мәселен, Қазақстан аумағында қола дәуіріне дейін-ақ жылқы малы қолға үйретілсе, Ұлы Жібек жолы XIV ғасырға дейін жұмыс істеп тұрды. Содан кейінгі VІ-VІІ ғасырлар аясында Ұлы Дала жаһандық ілгерілеу мен өзгерістің бесігі болғаны сөзсіз. XV ғасырда француз, испан, ағылшын халықтарымен бір мезгілде ұлттық мемлекетіміз – Қазақ хандығын құрғанымыз төл тарихымыздағы жұлдызды сәт. 
Елбасының мақаласы, біріншіден, ғылыми ізденістің іргелі бағыт-бағдарын көрсетіп, шығармашылық еркіндікті кәдеге жаратудың тамаша үлгісін паш етті. Екіншіден, ұлт тарихын танудың кілті ұлттық методологияда екенін қысқа да нұсқа дәйектеді. Үшіншіден, тарихты зерттеу методологиясында жер мәселесін негізгі тіректердің бірі ретінде бағалады. Қысқасы, отандық қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар алдына қыруар міндет қойылды. Сол міндеттер үдесінен шығу үшін алты ірі жоба жүзеге асырылады. Оның біріншісі – «Архив – 2025». Екіншісі – Ұлы Даланың ұлы есімдері. Үшіншісі – Түркі әлемінің генезисі. Төртіншісі – Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі. Бесінші – дала фольклоры мен музыкасының мың жылы. Алтыншысы – тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі. Бұлардың бәрі өзекті әрі керекті жобалар. Бұл миссияны атқару барысында тарих ғылымы асыра сілтеусіз, әсіре бояусыз, әр затты өз атымен атағанда өткеніміздің бары мен жоғы, тапқаны мен жоғалтқаны түгенделмек. 
Тарихи ақиқатты табудың алғышарттары көп. Солардың ішінде зерттеудің методологиясын қапысыз түзудің маңызы ерекше. Бұл орайда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларының берері, әкелген серпіні мен ұсыныстары көңілден шығуда. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы жайын қозғағанда Елбасымыздың былай дегені бар: «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ». Сол айтқандай, ғалымдар төл тарихымызды зерттеудің методологиясын түзгенде ірі оқиғаларды, экономикалық, саяси жүйелердің ауысуын, халықаралық байланыстарды, әскери-соғыс факторын әспеттей бермей, басты ұстаным ретінде Ұлы Даламызды, яғни жерді тарихтың базисі, субстраты, іргетасы мәртебесімен кемел де кешенді дәйектей алуы міндетті. Сонда тіл мен мемлекеттің тарихи үдеріске тірек болғанын, ал халық, тұлға, билік оның қозғаушысы, жасампазы екенін ұғынуымыз қиынға соқпас. 
Жерді бәрінен жоғары қойып отырғанымыз кездейсоқтық емес. Түптеп келгенде, жер адамнан бұрын пайда болған. Адамның өмір салты, кәсібі, табиғатты тануы, азық-түлігі, барша болмыс-бітімі жерге тәуелділігімен қалыптасты. Жердің өмір сүру заңын – күнді айналуын, жыл мезгілдерінің ауысуын, басқа планеталарға алыс-жақын орналасуын адам қылаудай өзгерте алмайды. Тіпті жер бетіндегі өзен-көлдердің ағу бағытын бұру, топырақтың құрамын өзгерту, ол түгілі жеті қабат көкке әсер ету ауыр зардап әкелетінін мойындауымыз керек. Жер ешқашан адамға табынған емес, жер бар болса, адам да бар.
Қоғамдық сананы жаңғыртуда болжамды межеге тез арада, жылдам жетуге тырысу әрқашан өзін ақтай бермейді. Жеті рет өлшеп-пішіп, бір кескен ұтады. Асықпайық дегенге бөгеліп те қалмайық. Тарихи сананы жаңғырту жалпыға бірдей міндетті тарихи білім беру науқаны емес. Ұлттық методологияны түзудің нәтижесінде, біріншіден, отарлық және тоталитарлық дәуірлерден қордаланып қалған біліми, ғылыми, мәдени қарыздарды, құндылықтарды, өскелең аманатты иесіне – халыққа саф алтындай таза күйінде қайтаруға, екіншіден, ғасырлар мұрасының жасампаз әлеуетін тәуелсіздік мүддесіне әлемдік деңгейде кәдеге жаратуға, табыс көзіне айналдыруға, үшіншіден, әрбір қазақстандықтың қасиетті де киелі ортақ іске жұмылуына септігін тигізеді. Елбасымыз айтқандай: «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» дегеніміз осы.

Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеу орталығының жетекшісі, 
ҚР ҰҒА академигі