ЖАМБЫЛ БАБА ЖЕРІНДЕ

Уақыты: 05.03.2019
Оқылды: 1032
Бөлім: ТҮПСАНА

Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев Жастар жылына орай жас буын өкілдерімен кездесу өткізді. «Жастар. Жалын. Жаңғыру» тақырыбындағы емен-жарқын жүздесуде ашық пікір алысып, тың идеялар ортаға салынды.

Жаңашылдық сипатта ұйымдастырылған шара киіз үй пішіндес салтанатты сарайда өтуімен және оған әр саладағы белсенді жастардың көптеп қатысуымен ерекшеленді. Әкіммен сұхбат түріндегі кездесуді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Балжан Досалы жүргізді. Бағдат Байшалұлы ақыл-кеңесін айтып, жастарды алдағы уақытта халыққа сапалы қызмет етіп, еліміздің гүлденуіне біркісідей атсалысуға шақырды. Кезінде жастар ұйымын басқарған ол өткен күндер естеліктерімен  бөлісті. Аудан орталығын дамыту мақсатындағы ауқымды жобалармен таныстырып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақырды. Залдан қойылған халқымыздың болашағы, отаншылдық, ұлттық бренд, жастардың жағдайы туралы түрлі сауалға жауап берді. 
Әңгіме арасында аудан жастары туралы бейнебаяндар көрсетілді. Ауданда 41 мыңнан астам жас бар. Олардың 16 мыңға жуығының бүгінде түрлі салада қызмет істеп жүргені жайлы деректер келтірілді. Сөз алған жас мамандар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін елге тарыдай болса да септігін тигізбек ниетте құлшыныспен еңбек етіп жатқандарын жеткізді. Мемлекеттік қызметте, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдени салаларда жүргендер өздерінің ой-пікірлерін бүкпесіз білдірумен қатар көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Бұл орайда Абай атындағы мектеп-гимназиясының педагог-ұйымдастырушысы Төлеген Нәдірбеков, Ақсеңгір ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскері Құралай Малдыбаева, Ұзынағаш медициналық колледжінің студенті Мәдина Қожағұл, Жамбыл атындағы кәсіптік колледжінің студенті Василий Казарин, жас та болса жеті баланың анасы Дана Базарқұлова, жас отбасы иесі Бауыржан Асыр, аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің маманы Ақмарал Ержанқызы, Қарғалы ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Оралбек Дархан, ауылшаруашылығы еңбеккерлері Марат Ибраимов пен Нұрлан Қанаев, мүмкіндігі шектеулі жастар Ерлан Сағынов пен Ғазиза Жұмабай ой-пікірлерін ортаға салды. 
Шарада келешекте ауданнан Жастар сарайы салынса деген тілек айтылды. Сондай-ақ, сол сарайдың сызба жобасы да көрсетіледі. Жастар тарапынан айтылған тың ой, ұтымды ұсынысты аудан басшысы назарға алып, алдағы уақытта ескеретінін жеткізді. Кездесуге қатысушылар әкім мен жастар арасындағы осындай жарқын жүздесуді жүйелі түрде өткізіп тұруға сөз байласып тарқасты. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы