​МҰҚАҒАЛИ КҮНТІЗБЕСІ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 1265
Бөлім: ТҮПСАНА

Ұлан-ғайыр жерімізді, туған елімізді, Отанымызды жырлап өткен, халқымыздың сүйікті ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналып, Ұлыстың ұлы күнінен басталатын екі жылдық күнтізбе жарыққа шықты.

Күнтізбені құрастырудағы мақсат – Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас буын өкілдерін отаншылдық рухқа үндейтін, елімізді, туған жерімізді сүюге жетелейтін ақынның шоқтығы биік жырларын, қазақстандық қылқалам шеберлерінің жаңа туындыларын күнтізбе арқылы жалпы жұртшылыққа жеткізу.

Ақиық ақынның «Қазақ жері», «Үш бақытым», «Қазақстан», «Алтай-Атырау» секілді өлеңдері, поэмаларымен қатар белгілі суретшілер Ж.Қайрамбаев, Д.Қасымов, Б.Бүрдесбековтің «Абай», «Құрманғазы», «Жамбыл», «Мұқағали», «Тылсым сезім» сынды жаңа туындылары да бар. Сонымен қатар, кейіннен табылған, 1965 жылғы 13 тамызда «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған, Абайға арналған «Дала данышпаны» өлеңі де беріліп отыр.

Күнтізбені өнер, тіл жанашыры, Түркістан облысы, Отырар ауданының Құрметті азаматы Берік Желдікбаев пен «Дорстрой» ЖШБ басшысы Мұрат Тілеулиевтің бірлескен тобы шығарды. Оған Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кызметкерлері де атсалысты.

Жастарға үлгі болар, замандастарымызға ой салдырар іске бастамашы болған азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз.

Нұрлан ҚАЛҚА

Астана