Әміре ӘРІН: "ЕРГЕНЕҚОНМЕН ЕНШІЛЕС ТОЙ"

Уақыты: 21.03.2019
Оқылды: 1254
Бөлім: ТҮПСАНА

Үймелеген үнді, қаптаған қытай, құмбыл корей, жатақ жапондар дейсіз бе, бәрі дерлік апталатып, айлатып жыл басын тойлатып жатқаны. Ұлттық кейіптерін барынша айшықтап әлек. Түркітілдестердің де тұтастай белсенділік таныта наурызнама құндылықтары қадірін шынайы әспеттер  мезгілі әлдеқашан туған. Бұл ретте даңғазалықтан дәйектілік, сыртқы жылтырақтан ішкі мазмұн басым түсіп, сәулелі тіршілік пен өсiп-өркендеу қағидаттары мейрамның бұқаралық келбетімен үндесіп жатса, әлбетте, ұтқанымыз.

 

Бір ғажабы, Наурызда күн мен түн ғана теңеспейді, Сүмбiле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары сынды жұлдыздар бiр түзудiң бойына тiзiле қалады екен. Табиғат-ананың осы бір көрінісінен-ақ ғаламдық пәлсапа, өзгермес идеялардың берік діңіне ден қоясыз. Ел мен Жер, тіршілік атаулының кез келгенінің иесі мен киесі, барлығы, бәрінің де тылсым құдірет күшімен қажет шағында теңгеріліп, өзара тығыз байланыста, тәуелділікте тұратындығы түйсігіңізге түйінделеді. Асып, тасудың да, жасып, қашудың да шекті екендігіне құлай иланасыз.

Көңілді кенен көншітері, әз Наурызымыз адамзаттық құндылықтар қатарына жатқызылып, Біріккен Ұлттар Ұйымының ар­найы Қарарымeн рeсми түрдe жeр-жаһанда аталып отырса, Ұлы Дала­мыздан көк аспанды көктей ат­танар Қызыр бабамыз барша әлем­ге Татулық пен Тіршіліктің, жар­қын Өмір мен Жасампаздықтың, Ізгілік пен Достықтың дәнін егіп, Ұлыстың ұлы күнін ұлықтатып жатса – дәстүріміздің озғаны емес пе жарқырап?! 

Адамзаттық өркениеттің  алтын бесігіне айналған мынау Ұлы Дала иелерінің төл мерекесі – әз Наурыз! Ал енді Наурыз түрік­терге ирандықтар ықпалымен ен­ді деген пікірдің өзі жаңсақ ұғым. Біріншіден, жалпы парсы­лар­дың мәдениеті ғана емес, эко­номикалық, рухани келбеті де арғы түріктер өркениеті негізінде желі­сін тартқан. Мұның мысалы жетерлік. Қажет десеңіз, "наурыз" сөзінің өзі әлемде алғашқы әліпбиді өмірге әкелген байырғы түріктердің «жаңа ырыс» сөздерінен қалыптасқан. «Нау» – көне түрікше соны, жаңа деген ұғымды білдірсе, ырысымыз - кәдімгі құт-береке дегеніміз! Оның үстіне ирандықтарыңызда наурыз деген айдың аты мүлдем  жоқ.

Төл тарихымызға сусаған көңіл көзімізді өткен жылы парсы­лық түпнұсқадан ана тілімізге тікелей тәржімаланған Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты кітабы ашып отыр. Қазыналы көмбеге кезіктік. Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы шығарған осынау теңдессіз еңбекте көне түркілердің шежіресі, әсіресе Ұлы қаған Темірші-Шыңғыс кезеңі, одан бергі заманалар көш-керуені байтақ әрі әділ көрініс тапқан. Барша түр­кі әлеміне сүйіншілей жеткізер бас­ты жаңалық – бабаларымызға тән түпнұсқадағы «мұғұл» сөзінің шет­елдік аудармаларда «монгол» деп транскрипцияланып кеткендігі!!! Мың дәйектен бір дерек  – «Асылында, «Мұғұл» сөзі алғашында «Мұң ұл» деп аталған, яғни «мұңлы бейшара» әрі «ақкөңіл, ақжарқын, кішіпейіл» деген мағынаны аңғартады. (Рашид ад-Дин «Жамиғ ат-тауарих», Зәріпбай Оразбайдың аудармасы. «Алтын шаңы­рақ» баспасы, Екінші кітап, 2-том.143 б.).Осы бір қасақана жаңсақ  жеткізілген жалғыз сөздің қасіретін бұған дейін мұқым түркі әлемі, ең бастысы, адамзат ардағы атанған Шыңғыс қаған аруағы тартуындай-ақ тартып келді!

Жинақта Ұлы қаған қалайша дәріптеледі десеңізші! «Ол әлемді бір (мемлекет) етті, ал (тұрғындар) жүрегін бірдей пікірлес қылды. Мемлекет аймағын езіп-жаншушы жауыз озбырлар мен зұлым басқыншылардың арсыз жұмыртқасынан тазартып, ол оларды өзінің атақты әулеті мен ұлы мұрагерлеріне қалдырып кетті». (Сонда, 1-т.160 б.). 

Енді мәңгілік мұғұлдың түпкі мәніне ден қойыңыз! «Қазіргі кезде (іштей көп тармаққа бөлініп) «Мұғул» деген әйгілі атпен белгілі қауымдар, мысалы жалайыр, татар, ой­рат, меркіт пен басқа мұғулдар­ға ұқсаған, (тек) әрқайсысы өзі­нің мемлекетін иеленген кейбір халықтар: керейт, найман және оңғыт сияқты тайпалар, соларға ұқсас (басқа да тайпалар): байырғы замандардан қазіргі уақытқа дейін қоңырат, қоралас, икирас, елжиған, ұраңқай, келінғұт деген атпен белгілі және (осыларға ұқсас) басқа да тайпалар мұғул-дүрліккен деп аталады.

Сондай-ақ (мұғул-дүрліккенмен қатар) ерекше мұғулдар болып табылатын нируун қауымы (бар); ол қауым және олардың тармақтары жай­лы (төменде) толық баяндалатын болады. Бұл айтылған халықтар жайлы белгілісі – олар өз шығу тегін Ергенеқоңға кеткен екі кісіден алады. Мұғул сөзі олардың тегінің атауы болып қалыптасты. ...Ал мұғул (тайпасы) түркі қауымдарының бір буыны болып табылады». (Сонда, 1-т.172-178 бб.).

Аңғарып отырсыздар, бәрі де ақ бастауларын Ергенеқонға барған екі адам – Нүкүз бен Қияннан алады. Сол Ергенеқонды дүние жүзі ғалымдары небір озық үлгілі экспедиция құрамымен Мұғұл үстүрті және Алтай аймағынан ғасырға жуық уақыт бойына талмай, танбай іздесе де таппай қойды. Сірә, ол жақтан ешқашан табыла да қоймас. Өйткені түп бабаларымыздың байырғы мекендері  Қаратау мен Жетісу еді ғой! 

Моғол үстіртіне Бөртешене ұрпағы «талай-талай теңіз-көлдерді басып» тар жол, тайғақ кешу үстінде арып-ашып келгендігі аян.  Қазіргі таңда әлем тарихшылары бұл әулеттің батыстан шығысқа бет түзегендігіне еш күмәнданбайды. Хош делік. Ал енді осынау бөртешенеліктеріміздің бұған дейін, яки Ергенеқон аймағында  асқарлы тау, биік қыраттың аясында ғұмыр кешкендігі тағы да белгілі. Бұл қисынның шылбырынан ой түзсек, Каспий теңізі аумағынан әлгіндей таулы өлкені таба алмайсыз. Еріксіз назарыңыз ортада созылып жатқан Балқаш теңізіне ауады. Осы арада сол Моңғолиямыздың тарихшысы Ананд Амардың: «Қазақ өлкесінің солтүстік күнгейі Балқаш көлінің оңтүстігінде көптеген моңғол (мұғұл ред.) аймақтары қоныстанған. Солардың арасында Бөрте әулеті аталатын моғол аймағы болған. Олар да шатыр, киіз үйді паналап, мал бағып, өмір сүрген»,  – деген пікірі ойға оралады. (А.Амар, Көшпенділердің қысқа тарихы, Алматы, Атажұрт, 2011. 24 б.) Бұған енді Моңғолиядан түлеп шыққан тағы бір тарихшы Зардыхан Қинаятұлының: «Шыңғыс қаған шыққан Бөрте чино оғыз-түрік тегінен деген пікірде негіз бар», – деп ағынан жарылуын қосыңыз. (Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті, бірінші кітап, Арда, 2008, Алматы. 49 б.).

Осыдан кейін Темірші-Шыңғыс қаған дүние есігін ашқан дәуірдегі бабаларының құтты мекені Жетісу жері деген зерделі зерттеуші-ғалымдар тұжырымына иланбауға ләжіңіз де қалмас. Көне түркілердің көк Тәңірі атын асқақтата көк бөріше жортқан атажұрттарының негізгі бастау деректерде түп атамыз Абулжа (Яфес) ханның киелі мекені Алатау мен Қаратау қойнауындағы Талас пен Сайрамның аралығы деп жария жеткізілуі де қаршадайымыздан санамызға сіңбеді ме?! Енді бұған саяси ғылымдар докторы Ержан Исакулов пен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Зәріпбай Оразбайдың «Егемен Қазақстан» газетінде (08.01.2019 ж.) жарияланған «Тарих қателікті кешірмейді» атты мақаласындағы:  «Ғалымдардың бір бөлігі Ергенеқонды Алтайда, екіншілері Тувада, үшіншілері Еділ-Жайықта және басқа жақтарда деп санайды.  Сол Ергенеқон мен Берел деген алқаптың Iле мен Шу және Талас өзендерінің аралығында орналасқандығы туралы деректі біз 1789 жылы Нюрнберг қаласында шыққан Ф.Л.Гюссфельдің көне картасынан жақында ғана тауып алдық. Бұл дерек Шыңғыс хан мен оның ататегінің тарихына басқаша көзбен қарау керектігін дәлелдейді», – деген пәрменді пайымын телісеңіз алаңдарға алаңқай таппай қаларыңыз рас!

Жыл басы, жаңа жылымыз да осы Ергенеқоннан жөңкіліп шыққан күнімізбен етене еншілес! Иә, барша киіз туырлықтылар түтінінің түзу шығуын әу бастан-ақ басты мұратына айналдырған Шыңғыс қаған бабалардан атамұра жеткен басқа да этномәдени құндылықтармен бірге түркілік байтақ баяндарын паш етер елдік оқиға – Ергенеқоннан шығу күнін де айрықша қастер тұтқан. Өзінше түрленткен! «Ұлы жасақ» заңына ағынды суға зәр сыңдыру, көшкен жұртқа күл-қоқыс қалдыруға тыйым салуға қатысты арнайы бап ендіруінің өзі Табиғат-ананы көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа таза күйінде қалдыра білдірудің жарқын үлгісі! Бұл қисынымызды «Егемен Қазақстан» газеті басылымның басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің мына бір толғамы көріктендіре түссе керек: «Аңыз түбі – ақиқат. Ал әйгілі Әбілғазы бахадүр хан «Түрік шежіресі» деген еңбегінде бұл күнді Ергенеқонмен байланыстырады. Құздардың қуысына сыймаған Ел ханның ұрпақтары Отанына жету үшін от қойып, темірмен тауды балқытып, жол тауып шатқалдан шығады. Көк бөрінің жол көрсетуімен жаңа қонысқа жеткен жауынгер жұрт Ұлыстың ұлы күнін тойлапты. Осылайша бұл күнді жаңа күн ретінде тойлау салтқа айналып, түрік қағандары көрік басып, балға ұрып, төс соғатын ырымға айналыпты. Бұл дәстүрді Шыңғыс хан қайта жаңғыртқан. («Егемен Қазақстан», Самарқанның көк тасы жібіген күн, 24 наурыз 2017ж.). 

Байырғы далалықтар Тәңірдің, яғни құдайдың тұрағы көкте, алайда жылына бір мәрте аспаннан жерге оралып, үлкен таудың шыңына отырады, сөйтіп бүкіл тіршілікке билігін таратады деп түйсінген. Міне, осыған байланысты жаңа жылдың алғашқы күні, яки күн мен түн теңескен соң  ел-жұрт жиналып, сол маңдағы ұшар басы аспанмен таласқан биік шыңды тауға барған.Тәңірге, Жерге, ата-баба аруағына арнап құрбандық шалып, тәу еткен. Бұл шақта Құдай көктен түсіп, шыңның басында отыр деп ұққан ежелгі тұрандықтар енді қолдарын көкке емес, тау шыңына  қарата жайып жалбарынған. Мұның астарында жаңа жылға қатысты құт-береке тілектері, берілген баталардың қабылдануы жатыр. Өйткені халық сенімі бойынша, «Аруақ риза болмай,тірі байымайды».   

Ұлы қағанның игі бастамалары өмірден өзі озғаннан кейін де желісті өрісін тапқан екен. Соның бір айғағы былайша көмкеріледі. «Қағанның табытын тиеген Хассақ арба киелі Мона тауының бөктеріне келгенде сазға батып тұрып қалуын ырымдаған моңғолдар (мұғұл-түріктер ред.) сонда сегіз Ақ Орда үй тіктіріп, қағанның киген киімі мен үй жабдығының кейбірін сонда көміп, жерлеу рәсімін өткізіп, сегіз үй орданы Урианхай мыңдығына күзеттіріп кеткен. Сегіз үй орданы күзетушілер біз ұлы қағанның табытын күзетіп тұрмыз деп сенсе керек. ...Осыдан болар, «қағанның сүйегі» Мона тауында (қазіргі ҚХР территориясында) жерленген дейтін пікір пайда болған. ХІХ ғ. соңында бұл өлкеге барған Г.Н.Потанин өздерін Шыңғыс хан аруағының күзетшісі санайтын ордастықтар әлі күнге дейін жыл сайын шығыс жыл санауы бойынша ІІІ айдың 21 күні Шыңғыс ханның басына барып, жылқы сойып, құрбан шалуды әдетке айналдырғаны туралы жазады», –  дейді тарихшы  Зардыхан Қинаятұлы. (Сонда, 377 б.)

Әлқисса, өшпес жадымызға ден қоялық. Барлық тарихи бастаудеректер, Рашид ад-дин, Бичурин, Дулати, Жалайыри, Әбілғазы мен Шәкәрім қажы да, ата шежіреміз де жаңа жылдық мейрамымыздың айналымға ену дәстүрін түркі жұртының Ергенеқоннан шыққан 22 наурыз күніне тән аңызбен, яки күн мен түннің теңелуімен байланыстырады. Сол себепті де, ұлы тарихшы Рашид ад-Дин: «Шыңғыс хан әулетінде жаңа жыл басы боп есептелер түні көріктер, (темір балқыту) ошақтары мен көмірді дайындап, олар біраз темірді балқытады да, төске қойып балғамен ұрып созылдырады, сол арқылы шүкіршілік білдіреді», – деп түйіндеген. (Сонда, 2 т.145 б.).

Бұған дейін де бір айтқан едік. Ана жылы осы Талдықорған шаһарындағы қазақ-түрік лицейінің төл жаңа жылымызға тән қамдаған мерекелік шарасына қатысқанымыз бар. Әдеттегідей құттықтау лебізінен соң түркиялық қандас-ұстаздардың өздері бас бола дайындаған сахналық көріністі тамашаладық. Ортаға дәу қара тас қойылған.  Бір мезет айнала білектерін сыбанып тұрған шәкірттер қолдарындағы зілтабан балғаларымен әлгі тасты тұс-тұстан соққылап кеп берсін. «Бұларыңыз не, қара таста не кеткендеріңіз бар-ау?», – дейміз ғой, таңданысымызды жасыра алмай. «Заманында арғы даңқты бабаларымыз Ергенеқон мекенінен тауды жарып осы күні шыққан. Елдігіміздің сол бір негізгі ақ бастауын ұрпақтар жүрегіне ұялату үшін жылма-жыл тарихты осылай жаңғыртуды әдетке айналдырғанбыз», – дейді әлгі ұстаздар жүздері жайнап!  «О-оу, – дейміз біз, бұл біздің де Ергенеқон ғой! Біздің де түп негіз, тұғырымыз емес пе! Біздің де ата-бабаларымыздың сол таудан шыққандығы тарихи шежіремізде қатталып қалған!».

Сол жолы қызыл империя құрсауы салдарынан өзіміз адасып қалған бабалар жолын түркиялық бауырлардың ұмытпай, әспеттеп жүргендіктеріне шүкіршілік еттік, орны толған өкініштің оқасы жоқ дестік. Енді осынау ақиқатты аян етер Шәкәрім Құдайбердіұлының  «Хан шежіресі» атты еңбегінен бір үзікке ден қоялық: «Моғол ханның баласы – Қарахан, Өзхан, Көзхан, Көрхан дегендер. Моғолдың орнына Қарахан болды. Ұлытау, Кішітауды жайлап, Қарақұрым, Сырдарияны қыстап жүрді. Мұның хан болғанын мұсылманша шежіре кітапта да «біздің пайғамбарлардан 3400 жыл бұрын» дейді. Бұл Оғуз хан мықты хан болды, жер жүзінің талай жерін алған хан империя еді. Оғуз хан деген атақты хан болғанын барша шежіренің бәрі айтады. Бұрынғы заманда Тоғыз Оғуз, Тоғыз Ұйғыр деп аталған халық соның нәсілі дейді. Мұның алты баласы – Айхан, Күнхан, Жұлдызхан, Таухан, Көкхан, Деңізхан. Оғуз хан өлген соң Күнхан болды, одан соң Айхан болды, одан соң Жұлдызхан болды, оның орнына баласы Меңліхан болды, одан соң Деңізхан болды, одан соң баласы Елхан болды. Осының уақытында  татар ханы Сүйінішпенен соғысып, Сүйініш хан жеңіп, моғолды қырып, қалғанын құлданып, моғол атын біржола жоғалтты. Сол соғыста қолға түскен Елханның баласы Қиян мен інісі Нүгіз тұтқыннан қашып, қалған моғол менен малдарын жиып алып, бір қиын таудың ішіндегі айналасы жартас, кең дараға барып тығылды. Ол дараның атын Ергенеқон қойды. Мағынасы – «тіп-тік жартас» дегені. Себебі өздері келген жолдан басқа ешбір жолы жоқ, айналасы жартас еді. Келген жол да бек қиын, жаяулап азар келіп еді, тайып кеткен мал быт-шыт болушы еді.

Төрт жүз елу жылдай сол дарада өсіп-өніп, одан соң сыймайтұғын болған соң, ақылдасып, бір енсізірек жартасты отпен өртеп қиратып шықты. Өздері келген жолдың топырақты жерлерін су бұзып, көп жыл өткендіктен жол болмай қалып еді. Сол дарадан шыққан күнді Моғол жұрты қатты құрметтеп, «байлаудан босанған күн» деп айт қылды. Бұл күнде Ергенеқон ішінде тұрған кездегі хан аталарын ешкім білмейді. Бірақ шыққандағы хандары Қиян нәсілінен Бөртешене деген кісі еді. Бұлар келіп татарды шауып, ата жұртын қайта алды». Мінеки, көріп отырсыздар, жарты әлемді жаулаған Бумын қаған да (Ел хан), одан асып түскен Шыңғыс қаған да (Наурызды қайта жандандырған!) осы Ергенеқоннан елін бастап шыққан Бөртешененің тікелей ұрпақтары. 

Тарихи тұғыры әбден бедерленіп қалған Тұран елінің айбынды патшасы Алып Ер Тоңаға арналған әйгілі жырда бабаларымыздың көктем туа Ұлыстың ұлы күнін шаттана мерекелегендіктері айқын көрініс тапқан. Бұл шындықты Ахмет Байтұрсыновтың: «Наурыз – қазақша жыл басы. Наурыз қазақтардың ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді», – деген лебізімен пікірімізді шегелей түсеміз. 

Сонымен әлемге өркениет ұрығын таратқан арғы ата-бабаларымыздың арқасында Наурыз тойы қарт құрлыққа, Таяу Шығыс, көршілес елдердің бірқатарына кеңінен жерсінген. Сол Еуропаңыздың аспанында билік бишігін ұзақ мерзім үйірген Рим империясында да жыл басы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырының ортасына дейін наурызда аталып өткен. Кейін Юлий Цезарь бұл ретте діни мағынаға ден қойып, жыл басын Христостың туған күні құрметіне 1 қаңтарға ауыстырған. Мұқым христиандық әлем мұны құптаса керек. Солай болғанының өзінде де Наурыз он сегізінші ғасырға дейін Грекияда, Римде, Ұлыбританияда, Русьте ішінара мерекеленіп отырған. 

Тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз деп жылдары жануар аттары бойынша қойылған түркі-моғолдардың календары әр 12 жыл сайын қайталанып отырған. Орталық Азияда біздің дәуіріміздің басында қолданысқа енгізілген бұл өміршең жүйе көп іркілместен төрткүл дүниеге тез тарап,  Иран, Ауғаныстан, Қытай, Жапония, Үнді Қытайға сіңіріледі. Халық жадында 12 жыл – 12 мүшел түсінігі қалыптасқан. Бұл туралы дәйекті деректер VIII ғасырдағы Күлтегін ескерткіштері мен ХІ ғасырда ғұмыр кешкен қараханидтік ғалым Махмұт Қашқари мен әйгілі  шипагеріміз  Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбектерінде басыңқы бедерленген.

Көк пен Жерді бәрінен де жоға­ры әспеттеп, көк шыққанда жыл өтті деп, ай толғанда ай өтті деп тіршілік құрған арғы бабаларымыз құт-береке дарытар Қыдыр ата бейнесi арқылы қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заманда күй кешу ниетінен туған арман-мақсаттарын барынша үкілей білген. Қысқасы, бар жақсылық атаулы Жаңа күннің қарсаңында жария бүршік жарған. 

Ата-бабаларымыз бұл тұста келісті наурызнама жасап, ағайын-туыс,  замандас, сыйлас, тілектес жандар бір-бірінің ауылын аралаған. Ал енді бұл реттегі сый-сияпат дегеніңіз тіптен асып, төгілген. Келген қонақтардың ешқайсысы құрқол қайтпаған. Алды бір тоғыз – түйе бастаған мал же­телесе, соңы ат мініп, шапан киген. Дәл қазір де Ұлы мейрамға орайластырыла мемлекет тарапынан да, ел-жұрт, жекелеген демеушілер көмегімен де қаншама сый-сияпат жасалынуда. Сондай-ақ, биылғы наурыз қарсаңында да ел көлеміндегі толғақты әлеуметтік шаруалар, әсіресе, көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасыларының жай-күйі, жалақы сынды  мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталған өміршең бағдарламалардың қабылдануы сөзіміздің дәлелі! Міне, осы бір айшықтай айтылғандардың  бәрі дерлік Ұлыстың ұлы күні ерекше алға тартылып, басқаларға баса көрсететін  асыл құндылық, елді ертеңімізге үкілер ерен артықшылықтарымыз! 

Наурыз – мыңдаған жылдарғы түзілген әдет-ғұрпымыздың, жиған-терген інжу-маржанымыздың алтын көмбесі, сәулелі айшығы. Тіпті, жаһанға тарап кеткен көне түркі күнтізбесі де осы жаңа жылымыздан бастау алады. Тәубе, бүгінде әлемдік қауымдастыққа қазақ деген елдің ұлттық құндылықтары жан-жақтылы танысты­рылу үстінде. Ғаламның ең биік мінберлерінен ана тілімізде баяндама жасалынды, қазақи дәстүр-салт, өшпес өнеріміз паш етілді.  Кешегі балпаң-балпаң басатын, құралайды көзге ататын Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғындардың өнегесі спорт пен өнерде қайта тебіндеді. Айналайын, бір Димаш Құдайбергеннің өзі қазақ халқын адамзат көгіне қаншалықты көтеріп тастады десеңізші?! Атбегілік, құсбегілік, малшылық, егіншілік, қала құрылысы сынды өзге де арналы ерекшеліктеріміз өркештене көрініс тапты. Меншігінде мыңдап жылқы айдау дегеніңіз таңсық болмай қалды. Мыңдап кілең боз, құла,  қара, я болмаса өзге де түсті жылқы өсіретіндер ондап саналады!

Бақыт деген – басымыздағы барымыз, кір шалмаған арымыз, баянды Тәуелсіздігіміз, мынау бостан күйіміз дер едім. Ғасырлар бойына бодандықта жүргендегі  Тәңірден үздіге тілегеніміз де осы еді ғой! Ендеше, Рух көтере санамызды жаңғыртар  Жаңа жылымыз – Жыл басы  – Ергенеқоннан бастау алар Ұлыстың Ұлы күні әмәнда жарқын ғұмырымыздың ақжолтайы бола бергей!

Әміре ӘРІН,

Қазақстанның Құрметті журналисі