НАУРЫЗДА ӘУЛЕТІМІЗБЕН БАС ҚОСАМЫЗ

Уақыты: 27.03.2019
Оқылды: 1356
Бөлім: ТҮПСАНА

Жыл бастауы — Наурыз бүкіл Қазақстан халқының ортақ мерекесі. Әлем халықтары арасындағы жылдың жаңаруын алғаш әйгілеген ежелгі мереке де осы.

 

«Наурыз» сөзінің әлем бойынша таралу аумағына қарағанда, жыл бастауы саналатын мейрамның көптеген елге ортақ екендігін түсінесің. Міне, сондықтан бұл мерекенің біз үшін алар орны зор. Жыл сайынғы дәстүр бойынша біздің әулет тайлы-тұяғымыз қалмай биыл да бас қостық. Үмбетқұл, Ыбырайымқұл бабаларымыздың ұрпақтары немере, шөберелері бір дастарқан басында қуанышпен жиналдық.

Халқымыздың жыл басы деп есептелетін көктемнің шуақты күнімен келетін төл мейрамымызды Әбіжан немересі, Тоқтасын баласы Ержеңістің отбасында атап өттік. Әулетімізде осымен жиырмасыншы рет аталған мерекеде туған-туыс, жора-жолдас наурызкөже ішіп, бір-бірімен қауышып, жаңа жылымызды қарсы алдық. Сондай-ақ, Наурыз тойында спорттық ойындарды өткізуді ұмытпадық. Атап айтқанда, гір тасын көтеру, қолкүрес, арқантартыс, асық ату, ләңгі тебу ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ақшалай және бағалы сыйлықтар тарту еттік. Тойымыздың соңы әсем ән мен көңілді күйге ұласты. Келер Наурыз тойын өткізуді Рахымбай баласы Ержан өз қолына алатынын айтты.

Ең бастысы, еліміз аман, тыныш заман болсын. Наурыздан Наурызға аман-есен жете берейік деген тілек бар бізде.

Борамбай Ерқалым
Кішішыған ауылы, 
Панфилов ауданы