ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 01.04.2019
Оқылды: 1520
Бөлім: ТҮПСАНА

Қарасаз ауылдық кітапханасында «Латын қарпіне көшу – болашақтың бағдары» атты "дөңгелек үстел" ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары қатысқан жиында кітапхана оқырмандары өздерін толғандырған ойларды ортаға салып, мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуінің тиімділігін талқылады.

Латын қарпіне көшу мәселесі еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бері талқыланып келеді. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 2025 жылға дейін латын қарпіне көшу қажеттігін «Қазақстан – 2050» Стратегиясында мәлімдеген болатын. Яғни, 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтар мен құжаттарды латын әліпбиімен бастыру қажеттігін алға тартып, еліміз үшін маңызды қадам жасаудың кезеңі келгендігін ұғындырған еді.

Ең бастысы, латын қарпіне көшу қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етері анық. Себебі әлемдік тілдермен тең дәрежеде қолданылып, қолданылу аясы кеңейетін тіліміз алыс-жақын шет мемлекетте жүрген қандастарымызбен қарым-қатынас жасауда аса тиімді болмақ. Латын таңбасын ертеден пайдаланатын әлемнің 100-ден астам мемлекеті барлық деңгейдегі құжаттар мен іс-қағаздарына осы әліпбимен жазады.

Түркі халықтарының ішінде Түркия мемлекеті 1929 жылы алғашқы болып латын әліпбиін қолданысқа енгізген. Ал, ТМД кеңістігіндегі туысқан Әзірбайжан 1992 жылы, Өзбекстан мен Түрікменстан елдері 1993 жылы латын жазуына көшкен-ді. Қазақстан 1929-1940 жылдар аралығында латын жазуын пайдаланғаны тарихтан мәлім. Бірақ Кеңес одағының идеологиялық ұстанымына орай, күшпен кирилл қарпіне көшірілген Қазақстан халқы өткен ХХ ғасырда үш рет әліпби ауыстырды. Атап айтқанда, орта ғасырлардан бастап 1929 жылға дейін қолданылған араб графикасы саяси жүйенің әсерімен латын қарпіне ауыстырылады. 1929 жылдан 1940 жылға дейін ұлт руханиятына үлес қосқан латын әліпбиінің орнына кирилл әрпі келіп, бүгінгі күнге дейін қолданылып келді.

Интернет желісіндегі деректерге сүйенсек, бүгінде әлем елдерінің 70 пайызы латын жазуы арқылы білімді меңгеріп, ғылыми зерттеумен айналысуда. Бұл – оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт, қорғаныс салаларына қатысты жазбаша ақпараттың барлығы латын әліпбиімен жазылады, қоғамдық өмірдегі жаңалық атаулы осы графикамен таралады деген сөз.

Мөлдір САТЫМҚҰЛОВА,
Қарасаз ауылдық кітапханасының қызметкері
Райымбек ауданы