БАЯНЖҮРЕК: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Уақыты: 03.04.2019
Оқылды: 2669
Бөлім: ТҮПСАНА

Қолда бар деректерді сапырып көргенде, еуропалықтардың арасынан алғашқыларының бірі болып П.Семенов-Тянь-Шанский Жетісу жеріндегі тасқа қашалып салынған белгі суреттер жөнінде ғылыми дерек жазыпты. Географ «Сибирский вестник» журналында жартастардың күнгей бетіне қашап салынған суреттердің, сол өлкені ғасырлар бойы мекендеген халықтың тұрмыс-салтының, мәдениетінің куәгері екендігін, бұл белгілердің қола заманына жататындығын қағазға түсіреді. Енисейдің бойымен Алтайды орап өтіп, Тарбағатай таулары мен Жетісу өлкесіне дейін осы мәдениеттің сыналап кіріп жатқанын дәлелдейді. Ал Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыз Жетісу өлкесін көргенде, желмаясының тізгінін тартып: «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», – деп шын сүйіспеншілікпен риза болыпты.

Дала табиғатының жауһарын жиған Жетісу даласының мызғымас, асқар, айбынды, көрген жанды табындыратын беймәлім тылсым күші болса, адамдары да соған сай зерделі, жайсаң. Әрине, бұл жайлы теріп жаза берсең жалғасып кете береді. Көңіл көкжиегіңді кеңітетін кемел ойлар да кеңістігіңді ұзартады. Осы тұста бала күнімде әкемнен естіген ғажап аңыз есіме түсіп кетті. Осыдан елу жылдың алдында естіген сол аңыз жасөспірім жүрегіме ғаламат әсер қалдырған еді. Сол әсерден күні бүгінге дейін арыла алмай келемін. Енді соны оқырменмен бөліскім келді.

–  Баяғы өткен заманда, Қапал деген бай-шонжар болыпты. Ордасы Тамшыбұлақтың төрінде, қыстауы Қопа маңындағы кұмда, көктеуі Бүйен өзенінің бойы мен Қаракүнгейдің қой қоздатуға жайлы күнгейлі сай-қыраттары, жайлауы Жоңғар Алатауының көк шалғын бөктерінде екен. Сол Қапалдың Баян атты жалғыз қызы болыпты. Баян бала кезінен аттың құлағында ойнаған, садақ пен қылышты бозбалалардан артық меңгерген өжет, ақылына көркі сай бойжеткен болып өседі. Оның даңқын естіген алыс-жақын елдерден Қапалмен құда болып, Баянмен тағдыр қосуды армандамаған бай-мырза, бектер кемде-кем екен. Алайда бала кезінен жылқының жүйрігіне құмар Баян әкесінің жылқышысы Сайынбөлекпен бірге талай асауды құрықтап, жұлдызды түндерде жылқы жайып бірге өскендіктен бір-бірін ұнатып қалады. Сайынбөлек қыран көзді, көкжал жанды, батыр тұлғалы, парасат-пайымы кең жігіттің сұлтаны еді.

Екі жастың арасындағы сезім оты жалғасып, тереңдеп, махаббатқа ұласады. Екі жастың ортасында пәк сүйіспеншілікті Қапал байға басқаша қырымен жеткізетіндер көбейеді. Бай болса да, байлығымен мақтанбаған, бірақ атадан балаға жалғасқан намыс туын жығып көрмеген Қапал бай Баянды тезірек атастырып, ертеңгі күні ұятқа жолдас етер қателіктің алдын алуды ойластырады. Бірақ бүкіл бір өлкені ашса алқанында, жұмса жұдырығында ұстайтын әкесі өзін Сайын-Бөлекке үйлендірмейтінін де белгілі еді. Бұл әкенің қаталдығы емес, «Бай байға құятын» сол дәуірдегі ұлттық ұстанымның да себебі еді. Сүйгенімен қосылу үшін екеуі бұл елден қашып құтылып, басқа бір әлемге барып, тыныш өмір сүргісі келеді. Баян шұғыл  шешіміне Сайынбөлек те: «Өлсем жаным өзіңмен бірге», – деп батылдық танытады.

Сөйтіп, екі жас қысы-жазы басын қар басып, мұз қурсаулап жататын Алтын шаңырақ шыңының ар жағын мекендеген нағашы жұртына қашуды ойластырады. Ол үшін жолы күдір, қожыр тасы аттылы адамға әзер жол беретін Демікпенің асуынан өтуі керек. Сонымен Қапал байдың ең таңдаулы, алыс жолға жарамды сәйгүліктерін ерттеп мініп, таң бозында қос ғашық жолға шығады. Суыт жүріп отырып Күреңбел ойысының  оң қапталыңдағы бытқыл-бытқыл сайларымен көтеріліп, биік төбеге шығып, ат суытады. Қызарып батып бара жатқан күннен шапағат тілеп, көңілдері толқып қанағат тілеп, қан-қызыл нұрға күрсіне қарап, тағдырдан күтпей еш қиянат, көздерін алыстан мұнартқан қарлы шындарға салады. Осы тау бұқпанды екен, бүгін осында түнеп, таң атқанда көсіліп жатқан Күреңбелді кесіп өтейік одан Бүйенді өрлеп Бесслаға бір жетсек, ар жағы Тесік тас бізге қорған болар, көз көрімнен Демікпе де, арманның елесіндей қол бұлғар деп келіседі.

Қайран өзімшіл, өршіл, лапылдаған жастық-ай десеңші?! Бұл істен хабар тапқан Қапал бай олардың соңынан құғыншы жібереді. Әлгі нөкерлер, қанға сіңген жол кеспек әдетпенен қос ғашықтың үстінен түседі. Өліспей беріспеуге бел буған Баян мен Сайын-Бөлек құғыншылармен жанкештілікпен айқасады. Алайда көптің аты көп, қаптаған нөкер жігітті мерт қылып, қансыраған Баянды атқа отырғызып, ауылға алып жүреді. Сайынынан айырылған Баян қайтар жолдағы оқшау тұрған соңғы таудың басына жеткенде:

 – Мені жалғыз қалдырыңдар, аулағырақ барып күтіңдер. Сайынбөлекпен бақұлдасып алайын, – деп сұранады. Қанша дегенмен байдың қызы болғасын жігіттерде оның тілегін қабылдамауға дәттері бармай рұқсат етеді.

Биіктен сүйгенінің өлі денесі қалған қыраттарға қарап отырып, жан жүрегі езілген Баян тізерлеп үзақ отырып, биік шыңнан өзін лақтырады.  Сол таудың сұлбасы жүрекке ұқсай береді. Содаң былай ел бұл жерді  Баянжүрек атап кетеді. Оның  арғы жағындағы Қаражырақтың сауырында Сайын деп аталатын жер бар. Еліктің лағындай сүйкімді, ақылды да мейірбан жалғыз қызынан айырылған Қапал бай өз шешімінің қате болғанын кеш аңғарады. Өкініш пен қайғыдан іштей шерменде болып, күрсінумен күні өтеді. Бүйеннің бойына үй тіккізіп, көз көрімдегі Баяны өлген тауға қарап, жаны жаншылып, көзінен аққан жасы, саздағы мүкке тама береді. Кейіннен сол жердің батпағы сор (рапа), суы арасанға айналады. Қазіргі  бұл жерге «Қапал-Арасан» емдеу-сауықтыру кешені салынып, жұрттың жанына шипа беруде.

Қайғы-дерті меңдеген байға бақсы-балгерлер ажалың қарақұрттан болатынын айтады. Осыдан соң Шажа жайлауынан өтіп, Қораның басындағы түнгі суығы өңменнен өтетін, қар-бұршақтан көз ашпайтын Мұздыбұлақтың етегіне үй тіккізіп, кейінгі өмірін сонда өткізбек болады. «Жазмыштан, озмыш жоқ» дегендей, құмдағы қыстаудан туырлықпен бірге келген қарақұрт, маздап жанған аршаның томарының шоғының қызуымен тіріліп, оны шағып өлтіреді. Қазіргі, қораның басындағы ел аяғы бармайтың суығы соғып тұратын, аю мен маралдың мекені «Қоңтажы» биігі сол болса керек.

Әр рет жолым түсіп, Күреңбел жаққа бара қалсам, әкем айтқан осы аңыз есіме оралады. Өзімше тімтініп, қос ғашықтың ізін іздеймін. Бірақ сол баяғы қалпымен бар сырын бауырына бүккен сайын дала көп нәрсені білдірмейді. Қазақ әдебиетінің дүлдүлі Ілияс Жансүгіров өзінің «Жетісу суреттері» атты өлеңінде:

Аршалы, Амантекше, Қарасырақ,

Қараүңгір, Қалмақ асу, Қаражырық.

Сауыры Салқынбел мен Сайынбөлек,

Суығы соғып тұрад аласұрып.

Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,

«Бәйгіге» қосад өзін таң асырып.

Шоқысын Бүркіттінің Үшбүйенге,

Қойыпты сәукеледей жарастырып.

Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей,

Құр жатпас Қора мұзбен жүгенделмей,

Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа,

Шамқой шал қабақ жаба түнергендей,

Талақтай таураған Баянжүрек,

Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей», – деп Күреңбел ойысына орналасқан қазақтың құтты қонысын Ілияс Жансүгірұлы жұп-жұмыр қалпымен көз алдымызға келтіре қояды. Жоғарыда айтылған аңыздағы кейіпкерлердің сырын, мінез-болмысын, жер аттарымен салыстырып, астарын ашып, көркем тілмен шебер жеткізеді. Өкінішке қарай, өзінің ғұмыры да тым қысқа болған қазақтың асыл перзенті жазар дүниесін жалғастыра алмай кетті. Есесіне, әкем айтқан осы аңыз бен Ілекеңнің ұлы өлеңі ел арасында өткеннен сыр шертіп, байтақ болашаққа бағдар нұсқап тұр. Бүгін сол аманатты ұрпаққа жеткізгенімді мақтаныш етемін.

Фаруза БАЙЫСОВА,

Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, тарихшы, өлкетанушы