Аққуға аспандағы үн қосқандай

Уақыты: 25.10.2016
Оқылды: 1610
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматының орталығы Бөгенбай батыр көшесінің бойындағы еңселі үйді білмейтіндер кемде-кем. Бәрі күні кешегідей болып көзге елестейді. Үшінші қабаттан себездеп әдемі әуен естілетін. Ары-бері өткен  жұрт қалт тұра қалып тыңдаушы еді. «Е, Нұрағаң жұмыс үстінде екен ғой» деп сүйінетін. Сол суреттер замандастарының жадында.

Бұл үй бұдан екі-үш жыл бұрын Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейіне айналды. Композиторға қатысты құнды жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтаған Дариға Тіленді келіні үлкен жұмысқа үлес қосты. Содан бері музейде мазмұнды шаралар тынбай өтіп келеді.
Өткен сенбіде бір топ өнер қайраткерлері дарынды композитор, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевті еске алды. Тарлан таланттың сан қыры туралы әріптестері тебірене әңгімеледі. «Аққумен аспандағы үн қосқандай» атты бұл кешке қала тұрғындары және студент жастар да қатысты. 
Бүгінгі басқосудың өзіндік себебі бар. 1998 жылы 15 қазанда Нұрғиса Тілендиев дүниеден озды. Сондағы қаралы көш «Құстар қайтып барады» әнімен тербеліп Ұзынағашқа бет алған. Дәл осы күннен бастап композитордың екінші өмірі халқымен біте қайнасып, аңыз болып өрілді.
Еске алу кеші «Отырар сазының» орындауындағы «Ататолғауымен» басталды. Өзі құрған өнер ұжымы қазір академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрі. Ұлтымыздың рухани құндылықтарын әлемге танытты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиева. Ол әке мұрасының шырақшысы атанып жүр.
– Мен Нұрғиса ағамен 49 жыл бірге қызмет істедім. Соның ішінде алғашқы танысқанымыз есімде ерекше қалыпты, – деп бастады әңгімесін Қазақстанның халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов. – Ол кезде консерваторияның студентімін. Ауылдан келген жас баланың үлкен ортамен араласуы оңай емес. Әсіресе, атақты адамдармен.
Бір күні аудиторияда Нұрағаның «Алматы кеші» әнінің нотасын қолыма алып дайындалып жаттым. Саусақтарым – пианинода, көзім – нотада. Өзіммен өзім болып, ән әлеміне еніп кетсем керек. Қасыма жақындаған адамды байқамаппын. Жалт қарадым. Маған қарап күлімсіреп Нұрғиса Тілендиев тұр. Дауысымды ұнатқаны жүзінен білінеді. Қысылма дегендей арқамнан қақты. Менің әншілік жолымның бірінші соқпағы осы бір қас-қағым сәттен басталады. Ағаны жолықтырған тағдырыма әлі күнге дейін ризамын.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Бағдат Сәмединованың әңгімесі де тыңдаушыларды тәнті етті. 
– Сол оқиға есіме түссе қазір жадырап күлемін. Ал, ол кезде күлу қайда, жүрегім дүрсілдеп, енді не болады деп абыржығаным есімде.
«Отырар сазының» құрамында қызмет істейтінмін. Бір күні гастрольдік сапармен Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына бармақ болдық. Қас қылғанда, кенет пойыздан кешігіп қалғаным. Вокзалға жүгіріп жеткенімді қайтейін, бәрібір үлгермедім. Дереу көлік тоқтатып, келесі бекет – Отарға бет алдым. Тағы да жете алмадым. Жүргізуші одан әрі бармайтынын айтты. Сондағы халімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. Сөйтіп Мойынқұмға әрең жеттім. Мына қызықты қараңыз, кіріп келгенде байқағаным – үлкен залда көрермен өте мол екен. Дереу киімімді ауыстырып, оркестрдің қасына мен де жеттім. Құдай оңдағанда, орындаған әнім әсерлі шықты. Нұраға мені кінәлаған жоқ. Ләм демеді. Себебі, жамбылдықтар менің жерлестерім. Жерлестерімнің алдында мерейі үстем болсын дегені екен ғой. Осындай кеңдігімен бас идіретін, – деді Бағдат Сәмединова.
Бұдан кейін сөз алған «Отырар сазы» оркестрінің әртісі Сағат Картенбаевтың әңгімесі де естеліктер мазмұнын одан әрі толықтыра түсті.
Дариға Тілендікеліні де:
– Қазақ «сегіз қырлы, бір сырлы» деп ерекше адамдарды айтқан ғой. Осындай теңеуге Нұрағаң да лайықты. Осынау жылдар ішінде біз қанша әңгімелесек те, талант бойындағы биіктік пен тереңдікті, парасат пен кеңдікті түгендеп болған жоқпыз. Бүгіннен басталған сөз келешекке ұласады, – деді. 
Аталған кеш «Отырар сазы» орындаған шығарманың әсем әуенімен түйінделді. Нұрағаң өнерді сүйген барша қауымды үйіне шақырып, оларға қошемет көрсетіп жатқандай. Жиналғандардың осындай сезімге бөленгендері анық.

Болат Мәжит
Алматы қаласы.