АҚШАНЫҢ ЕМЕС, АРДЫҢ ҚҰНСЫЗДАНҒАНЫ ЖҮРЕГІМЕ АУЫР ТИЕДІ

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 2424
Бөлім: ТҮПСАНА

АҚШАНЫҢ ЕМЕС,  АРДЫҢ ҚҰНСЫЗДАНҒАНЫ

ЖҮРЕГІМЕ АУЫР ТИЕДІ

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары:

Мынау маңғаз даланы манадан бері біресе сынаптай сырғып ғайыпқа айнала­тын, біресе жібектей сусып көз ұшын көмкеретін алдамшы сағым кезіп жүр. Алыстан аптаптағы айдынды көлдей амалсыз аңсар аудырып, ай қабақты арудай әп-сәтте арбап алатын осы бір ойнақ­шыған сәуле арагідік Сарыар­қаның ықылымнан серттескен серігіндей сезіледі. Бұл маң көкке ұмсын­ған ұшар шыңдарымен яки жасыл желек жапқан ну орманымен әйгілі емес. Қайта қу медиенде тырбанып өскен сексеуілімен өзінше өңді. Сағым басқан сусыз сайын даласы­мен ерекше сұлу. Жусан аңқыған жапан түзімен  өзгеше тар­тым­ды. Бетпақ­дала бесігінде тербелген бір топ балалар тек тұлпардың тұя­ғына ғана құлақ түретін. Ол ағаш атта асыр салмай-ақ, небәрі он жасында аламан бәйгеде көсілте шапты. Қаршадайынан құрық ұстап, жылқы баққан жеткіншектің аламанда ауыл абыройын алғаш асқақтатқаны күні кешегідей ап-айқын есінде. Ақ жөргегін жуған анасы егіле жылап тұрып еді сол сәт. Алтын құрсақты анатайы атқа мінуге жараған кішкентай Ғалымын көргенде кіршіксіз көңіл шіркіннің толқулы тиегі аяқасты ағытылып кеткен. Арқа төсін­дегі қалың аттың дүбіріне ана жүрегінің лүпілі қосыл­ғанда бар әлем мың сан толқынмен бірге солқылдай жөнелді. Ат жалын тар­тып мінген қара сирақ аламанның әр айна­лы­мында жанары жасқа толып, тебірене көз тастап тұрған шешесіне арқа­ланып қарап қоятын. Тіршіліктің қамытын әлі іліп үлгермеген риясыз балалық қой, қайтсін енді.

Ақ қағаз бен құдіретті қаламды бәйгеге шапқан сол балалық шағынан серік етіп, өмірді жырмен жылытып келе жатқан лирик ақын, халықаралық «Алаш», «Абай» ұлт сыйлықтарының, С. Есенин атын­дағы Алтын медальдің және «Құрмет» орде­нінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы төраға­сының бірінші орынбасары Ғалым ЖАЙЛЫ­БАЙ­ДЫҢ тебіреніске толы балдырған шағы бұл. Қалам ұстаған қайраткер бүгінде балалық шағының бел­гісіндей болып алыста қалған ақбөкендерді, құлын-тайдай тебісіп ойнаған адал көңілді достарын, ру­ханият әлемінде күннен-күнге азайып бара жатқан ақиқатты сағынады.

Әлі есінде, алыстан ат терлетіп келе жатқан салт кісі ауыл адамдарына сонау 20-30 шақырым қашық­тықтан көзге шалынатын. Маңайында шошайған тө­бешік я қыраттың қарасы да жоқ аядай Жеңіс ауылы тақтайдай теп-тегіс Бетпақдаланың қойнауында орналасқан. Қысы қатал, жазы аптап аймақтың адам­дары әлгі жүргінші жақындағанша дегбірі қалмай күтетін. Бүгінгідей ұстағанын іліп кететін ұры, яки қастандығын жасырған қанішер деп күмәндана көз салатын арамзалық ол уақытта атымен жоқ. Ауыл іргесіне әлі таяп үлгермеген мейманды әр түтін іштей әбігерленіп, бізге түссе екен деп таласатын-ды. ¤йткені, қонақпен бірге құт келетінін бұл ауылдың әрбір ақсақалы жас буынның құлағына құйып отырушы еді.

Ғалым бастаған балаларға әлгі бейсауат кісі тұтас өркениетті арқалап келе жатқандай әсер қал­ды­рады. ¤йткені ауызы дуалы үлкендер құтты қо­нақты киіз үйдің төріне шығарып, көп шуылдақты тізелеріне алып, алқа-қотан жайғаса кететін. Ақын солардың өнегелі әңгімесін, ақсақалдардың аңыз-әфсаналарын, ерте дәуірден жалғасқан жыр-дастан­дарды тыңдап өсті. Біздің ақынмен екеуара әңгімеміз де дәл осы балалықтан басталды. Сезімнің нәзік пернелерін дөп басатын лирик он екі жасынан қолына қалам алыпты.

– Қырынан киігі түспейтін, сайын даласының са­ғымы бітпейтін керемет ұлан-ғайыр кеңістікте өмірге келдім. Сылдырап аққан өзені, ит тұмсығы өтпейтін орман-тоғайы, асқақтаған таулары жоқ даланың ешкім түсіне алмайтын өзгеше болмысы бар, – деді Ғалым Жайлыбай алыста қалған ауылын ес­ке түсіріп. – Жылқышылардың отбасында дүниеге келдім. Он бір баланың ортасында ержеттім. Ме­нің алғашқы шығармашылық қиялым сол қаймағы бұ­зылмаған дария кеуделі ақсақалдардың тізесінде, жосылта шапқан қалың жылқының ішінде қалып­тасты. Келістіріп айтқан сөзіне бір ауыл тоқтаған абыз қариялардың, шылауышын басынан таста­ма­ған салиқалы бәйбішелердің соңғы сарқын­шақ­тарын көр­дік. Жеңіс – рудан емес, рухтан жаратылған ауыл еді.

Ақынның айтуынша, жылқымен дос болу қазақ­пен дос болуды дәлелдейді. Қазақтың жаны да, қа­наты да, рухы да, намысы да төрт аяғын тең басқан тұл­пармен таразыланады. Алаштың ақыны жапан түзде жылқы баққан жылдарын еш ұмытпайды. Ауылдағы үлкендер берген тәрбие өмір мектебі ретінде санасында мәңгілік қалыптасты. Ата мен әженің қайталанбас тағылым институты есейе келе жылқы жарықтықтың тектілігімен жалғасты. Туған жердің әрбір түйір тасы, әрбір сексеуілі, әрбір түп жу­саны Ғалым Жайлыбай үшін керемет ыстық. Се­бебі, жастайынан жылқышы жігіт атанған арда аза­матқа қазақ даласының қойнауы етене таныс. Ақын қазір қараса балалықпен жылқы бағуды терең түсін­бепті. Сөйтсе, мұның астарында ұлттық тәрбиенің өзегі жатқан көрінеді. Қайраткер балалық шағын­дағы көз алдынан кетпейтін әсерлі көріністерді тізбектей берді.

– Бала кезімде аттың жалынан түспейтінмін. Қан­шалықты атқа көп отырсаң, соншалықты қа­зақты тани түседі екенсің. Ол уақытта мұндай нәрсені білмейміз. Бірақ біздің бесік тұлпарлардың дүбірімен тербетілді. Еңбектеп жүріп ес жиғаннан Арқа даласын жосылта шапқан ақбөкендерді көр­дік. Мына жақта бөрілер ұлып, түздің сұлу киік­терін аңдып жүреді. Ал мына жақта қорғансыз ақ­бө­кендер адамнан араша сұрайтындай кейіпте ауыл маңынан мыңдап шауып өтетін. Біз шегінуді біл­мей­тін қасқырлар мен нәзік те әдемі киіктермен есей­­дік қой. Аламанда алғаш шапқан кезім есімнен кетпейді. Бәйгенің ұзындығы 32 шақырым шығады. Ауылымның атын айтып, мәре сызығын қиғаны­мыз­ға мәзбіз. Қалың елдің ортасында ауыл атын айтып шабу далалық дарқан мінезімді, перзенттік болмы­сымды оятты. Сонда анам жанары жасқа толып менің шабысымды қызықтап тұрды. Сол сурет көз алдымда мәңгілікке қалып қойды, – дейді ақын ба­ла­лық шағына ойша оралған қалпы. Жүзінен сәби ке­зіндегі сүйкімділік менмұндалап тұрды. Бейнебір қаламгер сол тәтті қылықтарына қайта оралған сияқты.

Ғалым Жайлыбайды қаршадайынан Сары­ар­қа­ның қалың елі тани бастады. Жылда ат жарысына қатысатын момақан баланы кім білмесін? Тіпті, жаз­ғы демалыста шетел асып, Қырымға демалуға кете­тін жауапты қызметкерлер қайтарында міндетті түр­де атқа шабатын атақты балаға базарлық ала келетін. Ақын Арқа даласы туралы сөйлеген сайын арқа­ланды. Ыстық мекені әңгімесіне жаңаша дем сыйлағандай. Шығармашылық дарын иесі құла түздің сұлулары – киіктерге ғашық секілді. Бала сезіміне әсер еткен аяулы ақбөкендерді талай рет шығармашылығына арқау етті. Алыста қалған ақбөкендерді ойлап сан мәрте шабыт шақырды. Осыған байланысты «Киік қашқан» деген поэма жазды.

Қаламгер асқар тауына айрықша қарыздар. Қай жұмыр басты болмасын өзін өмірге әкелген ата-анасына борыштар емес пе? Ғалым Жайлыбай да әкесі мен анасы дегенде шығарға жаны басқа. Әсіресе, әкесінің үйге кітап таситын әдетін қалай ұмытсын?! Білімі болмаса да білігі жоғары әкесі отаршыл биліктің ортақшыл ауылын басқарды. Жылқы фермасында меңгерушілік қызмет атқарды. «Қазіргі қоғам рухани тұрғыда үлкен өзгеріске ұшырады. Бүгін бір-екі баланы оқытудың өзі ата-ана үшін дертке айналды. Ал бұрын әр отбасынан он шақты ұл-қыз өсіп шығып, ел қатарлы білім алатын», – дейді жазушы. Қараса, әкесі мен шешесі төрт қыз бен жеті ұлды жетілдіріпті. Қатарынан қалдырмапты.

– Біз үйде кітап жинаумен әуестендік. Әкемнің үйге кітап арқалап кіретіні әлі есімде. Кешке қарай қазіргідей жарқыраған электр жарығы жоқ. Батыр­лардың ерлігін баяндайтын эпостарды үлкендер біздерге оқытып қояды. Жарысып оқуға құштармыз. Шүпірлеген балалар асығып-аптығып кезек күтіп отырамыз. Жаңылсақ, ежіктеп қалсақ ұяттан жерге кіріп кете жаздаймыз. Әкемнің арқа тұсында кезе­гімді күтіп, мүдірмей дастандарды дауыстап оқып бе­руге дайындаламын. Осылардың бәрі мені әде­биет­ке, қиялымды ұштауға, ақындыққа жетеледі.

Лирик туғаннан қара жұмысты игеріп көрмеген, тек қалам ұстаған ақ саусақ емес. ¤мір өткелдері оны талай тезге салды. Ауылдың жұмысын да ар­қа­лады. Таяқ ұстап, талай жыл қой қайырды. үйір-үйір жылқыларды қарады. Шіліңгір шілдеде Бетпақтың ыстығына ысылды. Бет қаратпайтын үскірікте жыл­қы соңында домбықты. Бір сөзбен айтқанда, Ғалым Жайлыбай ел құрметтеген ақындық жолына қара­пайым еңбекпен түсті. ¤леңге алғаш қадам басқан уақыты да сол шабандоз болып жүрген жылдарымен байланысты. Ауылдағы қазақ әдебиетін тауысқан бозбала біртіндеп орыс классиктеріне ойысты. Кітап миллиондаған данамен жарық көрсе де, оқырманға жетпей жататын жарқын жылдардың бірі еді ол кез. Кітапқа деген құштарлық ерекше. Сол екпінмен мектепті енді бітірген түлек өлең әлемінде құлашын кеңге жайды. «Жұлдыз» журналы республика көле­мінде қанатқақты туындыларын жарқ еткізіп басты. Шопандардың қонышынан табылатын әдеби басы­лым арқылы Ғалым Жайлыбайдың өлеңі Қазақ­стан­ның бұрыш-бұрышына тарады.

Ақынның өмір жолы қарапайым. Алайда арқала­ған жүгі адамзатқа ортақ. Ғалым қадірсіз ақсақал­дар­дың қатары көбейіп бара жатқанын тілге тиек етіп, өзі өскен Сарыарқа төсіндегі ұлттық тәрбиені аңса­ды. Жалғыз Арқа ғана емес, қазақтың ұлан-ғайыр да­ла­сының әр бұрышында осы алтын арқау үзілмей жал­ғасты. Бір асым етті бөліп жеген ағайынның та­ту­лығы, қызды ұлттың анасы етіп тәрбиелеген әже­лер­дің тектілігі, әзілі жарасқан бір қауым елдің бір­лі­гі туралы әңгіме өрбітті. Кешегінің кешкен ғұ­мырын бү­гінгімен салыстырып көрді. Ақынның айтуынша, қа­зақты осынау ХХІ ғасырға шашау шы­ғармай, дін аман жеткізген – ізгілік, әлі бұзыл­маған, әлі дақ түс­пеген  кеңпейіл, сосын абыздар айтқан ақ тілек пен бата.

Ол момақан сөйлейді. Оның қарапайым мінезі, асқақтамайтын көңілі маңындағы адамды еріксіз мейірім шуағына бөлеп, еркін әңгімелесуге жол ашып тұрады. Біз де әңгіме барысында жазушының мінезін­дегі сол нұрға шомылып қайттық. Аяқасты асып-тасқанын, кеуде керіп семіз сөз айтқанын байқамадық. Қызмет пен құзыретті қолдың кірі санайды. Ең бас­тысы, әдебиетке жасаған қадамына кір жұқтырып ал­маса болғаны. ¤йткені, әдебиет – ардың ісі. Ар мен ұят адамның ең таза сезімі, ең кіршіксіз ниеті іспетті. Әдебиет екіжүзділікті, азғындықты, адамгершіліктен аттаған теріс қылықты ешқашан кешірмейді. Ғалым Жайлыбай қалам алдындағы адалдықты осылай түсіндірді.

– ¤леңге келгенде өзгеше ұстанымым бар, – дейді нәзік лиризм пернелерімен миллиондаған оқырман­ның жүрегін жаулап алған ақын. – Қалам ұстаған адам алдымен ізгі қасиеттер турасында үйлестіре жазуды білгені жөн. Кез келген қазақтың ақыны немесе қаламгері өзінің артында қалың елі, айрандай ұйыған Алашы тұрғанын түсінуі тиіс. Біздің ұлт темірқазығы саналатын Абай шығармашылық бірың­ғай «сыңғырлаған келісімнен» құралу керектігін, жыр­дың «жүрекке жылы тигенін» әлдеқашан ше­гелеп айтып кетті емес пе? Мен қазақ поэзия­сын­дағы «стиль» деген сөзге түбегейлі қарсымын. Біздегі поэзияның анасы – қара өлең. Кәдімгі он бір буыннан тұратын, төрт тармақтан құралған шумақ. Одан асқан форма бізде жоқ. Әр өлеңнен, әр әңгімеден, әр шығармадан қазақтың болмысы, қазақтың мінезі сезіліп тұрмаса бос әурешілік. Бұл – адам қалам алдындағы міндетін өтемеді деген сөз. Ел ішінде атағы дардай университеттердің филологиясы мен журналистикасын тамамдап, өздерін ақын санап жүргендер жеткілікті. Бірнеше кітапты оқып алып әдебиетшімін деу – әбестік.

Ақын қазақ әдебиетіндегі көз жұмып қарауға кел­мейтін рухани кембағалдықты атады. Қағаз бетіндегі данышпандықты, үстел үстіндегі шығарма­шылықты сынады. Әсіресе, өмір мен өлеңді теңдей сезініп, іс-әрекетке үңіле білетін ақындардың аздығын айтты. Тағдырдың ащы мен тұщысын татпай тұрып өмір туралы толғанатын, сөзі мірдің оғындай, алайда ісі өлеңінен алшақ шайырларды мысалға келтіріп, әдеби процесті кірлеткен қоғамдық детальдарды көрсетті. Ақын үшін жай ғана отырған ананы жырға қосу үшін де үлкен дайындық керек. Ойдың жүйріктігімен, қиялдың шеберлігімен кез келген адам шумақ құрай салуға әзір. Ал сол ананы бетпе-бет өз көзімен көріп, тілдесу арқылы жан сарайын анықтауға ешкім құлық­сыз. Егер өмірге үңіліп, бар мен жоқты сезінсе, сол болмысты жүрегіне көшіре білсе, кемеңгерлік сол.

– Тау басындағы бұлақтың сыңғырын, кең далада көсілте шапқан тұлпардың дүбірін шын жүрегімен сезінбеген адамның қалам ұстауға ешқандай құқығы жоқ. Түн жамылып жұлдыз санай алмаған, қазақтың ұлттық қасиетін, ақсақалдардың қадірін білмеген жанға шығармашылықпен шұғылдануға жол жабық, – деді Ғалым Жайлыбай әр сөзін шегелеп.

Әдебиеттің оқылмай жатқан себебі де осы секілді. Жа­зушы ақын мен ардың ісі төңірегінде ағытылған әң­гімесінде кеңседе, яки асүйде ақылгөйлік танытып жа­затын солқылдақ өлеңдердің ғұмыры ұзақ болмай­ты­нын меңзеді. Қаламгер бүгінгі заманның адами құн­дылықтары құбылып бара жатқанын қынжылыс­пен жеткізді. Бүгінде қала мен ауылдың да айырмасы азай­ды. Қалада да, ауылда да сол бұйығы тіршілік. Бая­ғыдағыдай мейманды көз ұшынан күтіп тұратын із­гі салт ізім-қайым. Нарықтың талабы ауылдың да, қа­­­ланың да тұрғынын күнкөріс пен тіршілік қамы­тына бейімдеп алды.

Ақын қазіргі таңда қаламгердің жауапкершілігі бұрынғыдан әлдеқайда артқанын айтты. Поэзияның тұтқасын ұстағандарға өзіндік жаңа шарттарын ұсынды. «ұйқас – поэзияның бір ғана шарты, – деді ол шығармашылық тәжірибесінен сыр суыртпақтап. – Ал оның көзге көрінбейтін мың түрлі қыл пернелері болады. ¤леңнің әр сөзінен, әр тармағынан құйма- құлаққа әуен естіліп тұрады. Мұң мен тағдыр көрініс табуы керек. Сонда ғана ол өлең деген қасиетті есімді арқалап жүреді. ұйқасқанның бәрін өлең деу – білімсіздік».

Ғалым Жайлыбай өз сөзінде жастардың тағдырлы өлең жазуға келгенде тосылып қалатынын, сезім пернелерін дөп басуда ақсап жататынын жеткізді. Әсіресе, ақын десе шашы қолапайсыз өскендерді, Есе­ниннің өлеңдерін бұрыш-бұрышта жатқа соғып тұратын топтарды елестетудің күні өткенін айтты. Ке­шегі отаршыл биліктің заманында дәл осы кейіптегі қаңғыбастарды қоғам ақын деп қабылдады. Ғалым­ның пікірінше, бұл дұрыс емес. Абай десек, Мағжан десек, Сәкен десек, кеше ғана сексенге толған Олжас десек, адамзаттың еңселі сұлулары елестемей ме? Ендеше, неге әдебиеттің ең таза жанрын арқалаған ақын лас жүруі керек?! Қай кезде де ақын болудан бұрын азамат болу – ең басты құндылық. Шығар­ма­шылық ақындығы басым, азаматтығы сын көтер­мей­тін рухани кембағал жанда тумайды. Көңілдің таза­лығы бар жерде ғана өлең жазылады. Қызғаныш оты тұ­танған адам әдебиет әлемімен қош айтысқаны аб­зал. Болмаса, ондай екіжүзділерді поэзия өзі орта­сынан аластайды.

Бір ойды бір ой қозғайды. Кенет ақын әдебиет әлемінде кемшін түсіп жатқан тағы бір сала туралы сөй­леп кетті. Ол – сын. Кәдімгі қазіргі әдебиетті да­мытуға үлес қосып жатқан қаламгерлердің шығар­маларын таразыға салу, идеясы мен мазмұнын, пішіні мен композициясын саралау, сонымен бірге, әлем әдебиетіндегі жетістіктермен салыстыру. Ғалым Жай­лы­бай кеңсесінің оң қапталында иін тірескен кітап­тарға көз тігіп, ұзағырақ ойланып отырды да, сын жайында сөз қозғады.

– Сынның ең бірінші сипаты – шыншылдық. Жаңа жазылған шығарманы талқылаудың талабы жо­ғары. Оған сол туындыға сай өз деңгейінде өре болу керек. ¤кініштісі, мұндай өре, мұндай әдеби бі­лім екінің-бірінде жоқ. Бұрын қалай еді? Дастарқан ба­сында тату-тәтті, өмірде емен-жарқын сырлас­қан достар әдебиеттің болашағы үшін бір-біріне орын­ды сын айтып жататын. Алайда олар бет жыртысқан емес. Сол достығы сақталып қала береді. Бүгінгі таңда сын қабылдамайтын қаламгер­лер қалыптасты. Кейбір жазушылар өзінен өзгенің бәрі кейінгі орында тұратын сұрқия ойдың жете­гін­де кете бастады. Ілдәлап сын жазған адамды ата жауынан кем көрмейтін тоғышарлық пайда болғаны өкінішті. Ескертіп жатсаң есіретін есерсоқ қалам­гер­лер қарсы шабуылдап, сыншының тырнағынан кір іздейтін деңгейге түсті. Бұл тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлемде белең алып барады. ¤кініштісі, топан судай қаптаған қалың кітапты басып шығару ісін тежей алмай қалдық. Оның механизмі әлі жоқ. Қалтаң қалың болса, ақынсың. Тіпті, қызметтен қолы босамай, зейнеткерлік жасқа шыққаннан кейін өлең жазуға кірісетін кісілер бар. Олар әдебиеттің қадірін қашырғандарына емес, ақындыққа бет бұр­ғандарына сенімді. Оқымаған тобыр үшін Абай да ақын, зейнеткерлікке шыққан өзгелер де ақын. Біз үшін бұл – үлкен қасірет.

Шығармашылыққа сын сөз айтатын адамнан жан-жақ­ты зерделеу және терең білім алу талабы керек. Мұнсыз жазылған сын не жекебасқа тіл тигізіп ты­нады не көпірте мақтаудың сипатына ілігеді. Әрине, жас­тардың кейбірі сын қаруын алып, өз деңгейінде шығармаларды талдау үстінде. Сынға өзек болатын, үлкен әдеби талдауға мүмкіндік беретін қазақ шы­ғар­малары өте көп. Әдеби сынның бәрі ұлттық бағытта өр­бігені жөн. Сыншы оқырманның тек сыртқы келбетін ғана қабылдайтынын, ішкі әлемін ашу өзінің айнымас міндеті екенін білу қажет. Ғалым Жайлыбай сын турасындағы шын ойын осы сарында түйіндеді.

Сіз білесіз бе, бұрын Қазақстан Жазушылар ода­ғының атынан ат үркетін. Жарлылардың билігі мыз­ғымас идеология жүргізу үшін қаламның қуатын мық­тап пайдаланды. Бүгін осы қастерлі үйдің құзыреті тарылып қалған сияқты. Біз бұл мәселенің де мәнісін сұ­рап, әңгіме арнасын жазушылардың рухани және материалдық қабілет-қарымына қарай бұрдық.

– Жазушылар одағы бұрын идеологияның ең үлкен ор­дасы ретінде қабылданатын. Отаршыл билік те қа­ламақының көлемін еш шектеусіз арттырып, бар жағ­­дайды жасап  берді, – деді  Ғалым  Жайлыбай.  – Жа­зушылық сол кездің өзінде ең табысы көп қыз­мет­­тің қатарына жатқызылды. Жасыратыны жоқ, қазір қоғамдық ұйым деңгейіне түсіп қалды. Бұл – бюджеттен қаржы қарастырылмайды деген сөз. ¤з күніңді өзің көр деген осы. Кәдімгі зағиптар қоғамы яки гүл өсірушілер қоғамы сияқты біз де қатардағы құ­зыретсіз ұйымға айналдық. Десе де, аруақты жер­ден ат үркеді емес пе?! Бұрынғы Жазушылар одағын көрген, арыстарды көрген қазақтың зиялы қауымы бізге үлкен үмітпен қарайды. Рас, Жазушылар ода­ғына артылатын мін де, айтылатын сын да көп. Алайда жағдайға ден қою аз бәрімізде. Мен жиі алыс-жақын шетелге іссапарға шығып тұрамын. Мә­селен, Ресейде Жазушылар одағы беске бөлініп кет­кен. Іргеміздегі Түркіменстанда болдым. Олар Жа­зушылар одағын мүлде жауып, министрліктің ішінен шығармашылық бөлім деп екі адам отырғызып қой­ған. Олардың қызметі – өлген жазушыларға көңіл айту беру. Қырғыз елі екі бөлмелі шағын үйде отыр. Бұрынғы одақтас елдердің бізден басқасының бәрінде Жазушылар одағы тарап кеткен.

Ақын кенет шабыт тұлпарына да мінді бір сәт. Сөз арасында ол Қазақстан Жазушылар одағы шын мә­нін­де руханиятқа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқанын, шығармашылық адамдарының кештерін өткізуге бар жағдай жасалатынын атап көрсетті. Асқақ дауыспен кеңсе ішін кернеп өлең оқыды.

ұлтым қайғы кешкенде, жұртым қайғы,

Сары уайым сағаты сыртылдайды.

Ақындары алақан жайған елдің

Қатындары қол бастар ұл тумайды, – деді Ға­лым Жайлыбай. ¤лең оқығанда жанары от шашып, бар болмысымен шабыттанып сала береді екен. Тү­сінген адамға бір ғана шумақтың ішіне көп дүниені ас­тарлап сыйғыза жіберді. Алла ақындарымызға ала­қан жайдырмай-ақ қойса екен дейсіз еріксіз мұн­дайда. Ақын қол бастар ұл туу үшін ұлттың идео­логиясы мықты болу керектігін меңзеп тұрғандай.

– Шын мәнінде қаламгер қауымға түсіністікпен қа­рау керек, – деп жалғады әңгімесін ол. – Бұлардың әр­қайсысы жеке тұлға. Әрқайсысы Жазушылар одағы. Көп жағдайда көңіліміз жеткенмен қолымыз күрмеу болатын дүние аз емес. Дегенмен, Қазақ­станда бірнеше одақ бар. Соның ішінде ең көп жұ­мыс істейтін де, ең көп сын еститін де Қазақ­стан Жазушылар одағы. Елдің көп іздейтіні де осылар.

Ақын жазушылықты ғайып дүниеге жатқызады. Шынайы шығармашылықтың адамы алдына не жазамын деп мақсат қоя алмайды. Стихиялы түрде түйдек-түйдек тіркестер, төбе құйқаңды шымыр­лататын, жүрекке жететін ұтымды теңеулер төгіледі. Қаламгер шын өлең келген кезде адам стильді ұмытады деп есептейді. Бірақ оның шеңбері ізгілікті насихаттаудан, парасатты көрсетуден танбауы тиіс. Ғалым Жайлыбайдың пікірінше, адамның жүрегіне жақсылық сыйлайтын, асқақ рух дарытатын, имани гүлдің дәнегін себетін өлеңдер ғана өміршең және сауапты.

Тәуелсіздік таңы атқанда жазушылар қауымына ерекше рухани жауапкершілік артылды. Алайда бүгінгінің бүтін сөзін айтатын шебер туынды келе қойған жоқ. Әсіресе, проза саласында қалам сілтейтіндер сирек. Қаламгер қауымға қашанда ел сенім артып келген. Келешекте де сенімдеріне сызат түспейді. Халық жазушының ауызы дуалы, сөзі өтімді деп ойлайды. Бұл рас сөз. Қарсы алдымда отырған Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары өз ойын осылай өрді.

Біле білсек, қаламның ұшымен ұшан-теңіз ең­бек сіңіруге болады. Қалам ұстаған қауым ұлттың бо­лашағын жарқын ету үшін өзінше күрес жүргізіп жатыр. Қоғамда біреу тіл үшін көшеге шығып, ай­қайлап митинг өткізсе жүрегінің түгі бар қай­рат­кер деп танитындар көп. ¤з басым елдің іргесін сө­гіп, шаңырағын шайқалтатын айқайшыл адамды ұлт қайраткері демес едім. Бір өлең жазса да, бір шағын әңгіме жазса да қаламгер қарлығаштың қа­на­тымен су сепкендей ұлтқа бағытталуы тиіс, – деді ақын ұзақ ойға беріліп.

Қаламды шынайы серік еткен қай ердің де ішін езетін, жүрегін сыздататын дерт қосақтасып жүреді. Жүрегі таза жан ол дертпен күресудің сан түрлі жо­лын шарқ ұрып іздейді. Тың идеямен, тың пішінмен оқырманға ой салуға ұмтылады. Ғалым Жайлыбай да солай. Әңгіме барысында ол жүрегін сыздатқан рухани кеселді, ел ішінде белең алып бара жатқан азғындықты жайып салды. Дәл сол қауіптердің қоғамда жұқпалы ауру секілді тез тарайтынынан қорқады қаламгер. Ары мен тәнін саудалаған қазақ қыздарының тағдыры ақынның жүрегін ауыртады екен. ¤ткен ғасырға дейін жесірін қаңғытпаған қа­зақ­тың бүгінгі күйі қалам ұстаған қайраткерді қатты күңірентеді.

Есіңізде ме, Еуропа мен орыс әдебиетінде де жезөкшелік деген жегіқұрт талай-талай шығарма­ның алтын арқауы болды емес пе? Эдгар По, Ги де Мопассан және Лев Толстой. Бұлар тәнін сатқан нәзік жандылардың жүрегіне үңіліп, қоғамда үлкен аяушылық сезімін тудырды. Сол аяушылық арқылы оларға Құдайын танытып, түзу жолға түсіргісі келді. Ірі классиктердің қай-қайсысы да арсыздықтың астарын зерттеп көрген. Ғалым Жайлыбайдың да жүрегін сол тексіздік жиі мазалайды. Оның жан са­райын тұрмыс тапшылығы, экономикалық дағда­рыс емес, дәл осы азғындық қинайды. Мұндай жағ­дай­мен қалам арқылы күресуден өзге қайран жоқтығын Ғалым Жайлыбай жақсы біледі.

– Қарындастарымыздың арсыз жолға түсіп кетуіне ерлер кінәлі, – деді терең күрсінген ақын.      – ұлдары арақ-шараптың жолына түскен, қыздары жеңіл жүріске ілінген ұлттың болашағы жоқ. Дү­ние­де талай ұлт дәл осы азғындықтың кесірінен жойы­лып кетті. Менің жаныма қымбаттап бара жат­қан азық-түліктен гөрі қазақ қыздарының тағдыры жаныма қатты батады. Маған ақшаның құнсызданғаны емес, ардың құнсызданғаны ауыр тиеді.

Қаламгер бір сәт үнсіз қалды тағы да. Жанарын бір нүктеден айырмай ұзақ қарады. Кенет қайтадан тіл бітіп, шешіле сөйлей жөнелді. ¤зінің мектеп бі­тіргенде ақын, жазушы болғысы келген асқақ ар­манын айтты. Сондағы мақсаты не еді? Кітабын шы­ғарып, абырой жинау ма? Бойындағы ақындық қа­сиетін міндетсіну ме? Жоқ, ол мұндай тоғы­шар­лық­тың бірін де ойлап көрмепті. Керісінше, қоғам­дағы ру­хани мүгедектікпен, ұлттық танымның та­рылуы­мен күресіп, халықты ізгі мұратқа бастайтын жа­лын­ды жырлар жазуды мақсат тұтты емес пе? Бірде ақын кешкілік уақытта теледидардан жаңа­лықтар көріп отырады да, қорғансыз қалған жүзі таныс қартқа көзі түседі. Дереу ертеңіне әлгі Қарттар үйіне барады. Сөйтсе, кезінде министр болған таныс кісі қарт­тар үйін паналап қалыпты. Ғалым Жайлы­бай­дың тап-таза ұғымында қазақтың қариясы дәл мұн­дай қасіретке лайық емес еді. Бірақ өмірдің сын­дарлы өткелдері қарияның да көз жасын көрсетті.

– Мына өмірде алдамшы қу аяқтардың тасы өрге домалап тұрғандай сезіледі маған. Бірақ бұның бәрі уақытша емес пе? Алдап соққан алыпсатарлар мен жылпос саудагерлердің дәурені бәрібір бола­шақта тоқтайды. Әділетті, адал қоғам орнайды. Сол кезде ізгілік, мейірім, рақым ғана салтанат құ­рады, – дейді ақын ақтарылып. Жүзінен әлде күйін­геннен, әлде ызаға булыққаннан әнтек ашу белгісі білінгендей.

Ақын осындайда отбасында берілетін ана тәр­биесіне алғыс жаудырады. Бұлардың кезінде үлкен­нің алдын кесіп өту тексіздіктің тексіздігі саналатын. Анасы Ақторсық тәй-тәй басқаннан балаларын бі­реудің ала жібін аттамауға тәрбиелепті. Ал әкесі жас­­тайынан жетімдіктің қасіретін тартты. Бар бол­ғаны ұрпағын өнегелі етіп өсіруге тырысты. Жақ­сылық жасағанға Жаратқан өзі көмектеседі. Асқар таудай әкесі мен алтын құрсақты анасының жиі ай­татын өсиеті осылар еді. Ақын тағы да өлең оқыды.

Алатаудан Арқаға ана келді,

Бір тойлайын жиып ап тамам елді.

Мендей ақын табылар іздегенге,

Сіздей ана табылмас маған енді, – деді тебі­ре­ніп. Манадан бергі мұң әп-сәтте сейіліп кеткен.          – ¤лең деген шырпының жанып-сөнгені секілді дү­ние. Кейде аяқасты жаза саламын. Күй талға­май­мын. Ақын сонысымен ақын. Кешке дейін батпандап жа­зып отыру ақындыққа сын. Жазғандарыңды тү­зеу де алғашқы шабыттың толқындарын жойып жі­беретін нәрсе. Мәселен, «Қара орамал» деген поэ­мам жарық көрді. Бүгінге дейін 13 тілге аударыл­ды. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ауыр тағдыры баяндалады. Соны жазу үшін мен қалай дайын­дал­дым десеңізші. Шынымды айтсам, жай ғана дайын­дыққа үш жылымды сарп еттім.

Ақын жазғандарын еш түзеген емес. Алайда өлең шумақтары қағазға түскенге дейінгі процесс өте күрделі жүреді. Әйгілі «Қара орамал» поэмасын ақын ұзақ жылдық дайындықтан кейін небәрі бір ап­тада жазып тастаған. Бір қызығы, киіз туырлықты үй­дің баласы әлі күнге жерге көрпе төсеп, етпеттеп жа­тып жазады. Ақынның айтуынша, кез келген шы­ғарманың кілтін табу қиын. Егер кілті қолыңа түс­песе тәуекел етудің де керегі жоқ. Мұндайда жазған-сыз­ғандарың сұйық болып шығуы ғажап емес. Қуа­нарлығы, бүгінде ақын ұзын саны 17 кітапты қам­тыған туындылардың кілтін тауыпты.

Сағыныш! Жүрекке жылы тиетін, еріксіз елең еткізетін сөз. Сағыныш сезімін ғаламтор әлеміне еніп кеткен қазіргі жастардың бастан өткере алмайтыны өкінішті, әрине. ¤йткені, онлайн-өмірдегі жалған қарым-қатынас адам бойын сағынудан айырып тастайды. Қарасақ, ғаламтор бетіндегі арзан әңгіме адамзатты аздыра бастапты. Ал біз әңгіме арқауы еткен ақынның тұла бойы түгел сағы­нышқа толы. Ол сәбилік шақтағы адалдықты сағынады. Риясыз ақ пейілмен асыр салып ойнаған бала күнгі достарын жиі іздейді. Бейнебір бар шындықты, бар ізгілікті, бар адалдықты алыстағы – Арқа төсіндегі достары құшағына сыйдырып, жасырып әкеткендей. Ғалым Жайлыбай үшін жазу алдындағы жауапкершілік дәл осы адалдықтан өріледі.

Қуаныш Тұнғатар