БОЛАШАҚ БАҒДАРЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1075
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы екі жылдың ішінде әрбір қазақстандықтың көңілінде жатқан көптеген сұрақтың шешімінің табылуына септігін тигізе бастады. Деңгейі биік рухани байлық орын алған қоғамда құндылықтар әлемі шынайы бейнесінде көрініс тауып, нақты болмысын көрсетеді және адамға қызмет етіп, бұл өмірде бақытқа жеткізеді.

«Дәстүр» және «жаңашылдық» философияда маңызды мәселелердің бірі. Ол қазақ халқының ұлттық философиясында үлкен даналықпен шешімін тапқан. Оған дәлел ретінде: «Әдеттің озығы бар, тозығы бар» деген қанатты сөзді алайық. Заман ағымына сай осы мақалды «дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» деп өзгертуге болады. Яғни дәстүрдің «озығы» – оның ең киелі, қасиетті жерлері, ішкі тылсым ұлттық идеяны білдіріп тұрған, соны іске асыруға бейімделу барысында туған асыл мұралар жинағы. Былайша айтқанда, ұлттық рухтың мәні, қаймағы, жүрегі, ділі. Ал «тозығы» – жабысқан жат мінез, жағымсыз әдет, қисынсыз бейне, дәл осы бір тарихи кезеңде маңызы шамалы ұлттық кемшілік, мінез-құлық, әдет-ғұрып кіреді. Сондықтан қазіргі заманның өркениетті бағдары, нанотехнологияға бетбұрған постиндустриялдық дамуы дәстүрлі қоғамның рухани байлығын тұтастай жоққа шығармауы тиіс, оны қажетті жерде бейімдеп пайдаланған жөн.
Қазақ халқының белгілі бір жағдайға байланысты тоқыраған философиялық және тарихи құндылығын терең зерттеу, ішкі мәнін айқындау, жалпыадамзаттық өркениет аясындағы даму бағытын зерделеу – қоғамдық ғылымдардың алдында тұрған басты мәселенің бірі.
Рухани тәуелсіздіктің философиялық мәнін адамның дүниетанымынан іздеу қажет. Біздің рухшылдығымыздың бастауы ежелгі қытай философы Конфуцийден, орта ғасырдағы әл-Фарабиден, кейінгі Абай мен Шәкәрім идеяларынан нәр алды. Олардың негізгі ойлары антропоцентризм философиясының – әлемнің тірегі адам деген тұжырымға негізделеді. Адам жаратылысының мәнін, оның тіршіліктегі қызметін, алатын орнын анықтау арқылы шынайы рухани дамудың дұрыс жолын табуға болады. «Өзіңді таны және өзгерт» ұғымы даналықтың үлгісі, халқымыздың ойлау жүйесінің негізгі тіні іспетті. Өзін-өзі шыңдау, жасампаздық – адамның рухани дамуының толассыз үдерісі. Жанды таза ұстау, адамгершілікті жоғары бағалау, ар-ұжданды биік қою халқымыздың: «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті», «Көңілі адалдың көзі тайқымайды» сынды нақыл сөздерінен анық көрінеді. Яғни бұл теңеудің бәрі өзара қарым-қатынастың таза, кіршіксіз адамдыққа негізделуі керектігін білдіреді.
Халқымыз өз тарихында трансформацияның, яғни жаңарудың бірнеше дәуірін басынан өткерді. Негізінен ол белгілі екі үлкен белестен, күрделі өзгерістерге толы кезеңнен тұрады. Оның біріншісі – Ислам дінінің таралуына, орта ғасырда араб-мұсылман әлеміне енуге, әлемдік монотеизм дәстүрін игеруге байланысты болса, екіншісі – ХІХ-ХХІ ғасырлардағы еуропалық мәдениетпен араласудан басталып, бүгінге дейін жалғасқан әлемдік өркениеттен өз орнын табуға ұласуда.
Жалпы осы тарихи даму, ұлттық жаңаруға байланысты бір нәрсені дұрыс түсіну керек. Ол – әртүрлі идентификация барысында ұлттардың бір-бірін жоққа шығармай, үйлесуі дер едім. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық интеграция мен жалпықазақстандық, еуразиялық, әлемдік жаһандануды бір стратегия ішінде қарауы, бірегейленудің екі деңгейі азаматтық-саяси және қазақтық-ұлттық дамуды көрсетуі, вестернизация өрісіндегі қазақстандық төлтума мәдениетті қорғау мәселесін ұсынуы өте орынды әрі мерзімінде айтылды. Елімізде жүріп жатқан саяси-экономикалық, мәдени жаңғырулар жүйесінің қадамы мен қиындықтары ұлттық ахуалға тікелей қатысты. Ондағы жаңа қоғамдық қатынастар халқымызға тиісті рухани-психологиялық құндылықтарды қалыптастыруда. Соған орай қолға алынған рухани жаңғыру бастамасы тамыры тереңнен басталған құбылыс екендігі білінеді.
Ұлттық мәдениеттің түрлену кезеңдеріне қысқаша тоқталсақ, орта ғасырда әлемдік дінді қабылдауға байланысты дүниетанымның ізгілікке өзгеруі жағымды әсер тудырды және халықтың этнопсихикасына қайшылыққа келмеді. Оған көшпелі түркілер мен мұсылман халықтардың әлеумет-экономикалық деңгейі арасында үлкен айырмашылықтың болмауы, араб, парсылар мен түркілердің этнопсихологиясында белгілі бір үйлесім табуы, ең бастысы – ислам өркениетінің рухани сипат алуы, этикаға негізделуі себеп болды. Сондықтан Ислам дінін қабылдау арқылы прогресс, ілгері басу анық байқалды, шапағат келді. Философия, мистицизм, ғылым, өнер, білім жедел қарқынмен дамып, түркілер «мұсылман ренессансына» терезесі тең жұрт ретінде атсалысты. Бірақ, дінге қатысты дәстүрдің жаңаруы мүлде қайшылықсыз өтті деу қиын. Ол үшін әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің дінмен байланысының ерекшелігін жүйелеп алуымыз қажет. Мысалы, «айға қарап қолыңды шошайтпа», «отқа түкірме», «отты аттама» деген сияқты тыйымдардың алдымен діни жағы басым екендігі анық. Демек, сол діннің немесе діни сенімнің салт-дәстүрдің қалыптасуына ықпалы тиген. Діни құндылықтардың ерекшелігін, олардың ғылыми, этникалық дүниетанымға тигізген ықпалын жаңаша сараптау керек. Осы жолда еліміздің мұсылман қауымы атқаратын істер өте ауқымды және ғалымдардың көмегінсіз оны атқару өте қиын.
Еуропалық мәдениетпен араласу кезеңінің ХІХ-ХХ ғасырларда қалыптасқан кезінде Абай бастаған реформашылар, «Зар заман» тақырыбын жырлаған исламшыл ақындар өмір сүрді. Олардың шығармалары қазақ ұлттық мәдениетінің ХІХ-ХХ ғасырлардың бас кезінде үлкен дағдарыста, ізденуде, қайшылыққа толы болғанын көрсетеді. Ұлттың рухани көсемдері мен жанашырлары халықты бір жағынан сынады, екінші жағынан, дерттің дауасын табуға тырысты, ұлт санасы, өмір салты белгілі мағынада өзгеру керектігін түсініп, жол көрсетті, тіпті, бағдарлама жасады. Сол кездегі мұсылман халықтарына тән бұл ізденіс «жәдидизм» – «жаңашылдық» деп аталды. Қазақ зиялылары да осы бағытты ұстанды. «Жаңа қазақ» – ұлттық трансформация жемісі.
Рухани кеңістікті құрайтын элемент көп. Соның ішінде оның мәнін терең де ауқымды анықтайтыны – ұлттық философия мен әдебиет, мәдениет пен оның түрлері. Рухани қазынаның басқа элементтері осы екі үлкен тұғырдың айналасында өрбіп, дамып, жетіледі. Олардың даму деңгейі, қоғамдық өмірге тигізетін әсері және қоғамдық сананы белгілеудегі алар орны ерекше. Дамыған елдердің тәжірибесі осы ойды айғақтап отырғандығына мысал көп.
Қазір көптеген ғылыми және адами мәселелерге түбегейлі әрі жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік туғаны белгілі. Қоғамның рухани өміріндегі құндылықтардың өзіндік келбеті мен сипаты көп өзгерді. Бұл құбылысты қоғамдық тарихи үдерістегі әртүрлі көріністен, көрнекті тұлғалардың іс-әрекетімен байланыстырмай түсіндіру мүмкін емес. Руханилық – адамзат қоғамымен бірге жасасып келе жатқан, жаңарып отыратын іргелі және ауқымды құбылыс. Сондықтан, Елбасы ұсынған рухани жаңғыру саясаты да осындай ауқымды мәселелер кеңістігін қамтиды.

Күлпан АЛИКЕНОВА,
философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты
«Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының аға ғылыми қызметкері